Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ батырларының тағдыры. Есет Көкіұлы

2695
Қазақ батырларының тағдыры. Есет Көкіұлы - e-history.kz
Есет батыр заманында ханнан кейін сөйлеген үлкен беделдің иесі болған. Және Шақшақ Жәнібектен кейінгі екінші тархан атағын иеленді

Қазақтың әйгілі батыры Есет Көкіұлы туралы тарихи деректер Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағатында, Санкт-Петербургтегі Орталық мемлекеттік мұрағатта, Мәскеудегі орталық мемлекеттік әскери мұрағатында, Алматыдағы және ташкенттегі орталық мемлекеттік мұрағаттарында сақталған. Орыс елші-офицерлері Тевкелеевтің күнделіктерінде, Неплюевтің жазбаларында, сонымен қатар ауыз әдебиеті мен фольклордық нұсқаларда батыр есімі кездеседі. 

786f8135c3a2fe21078b56b66f8e0862.jpg

Есет Көкіұлы 1667 жылы дүниеге келген. Шежіреде оның тама руының Атамшал – Торым аталығынан шыққандығы анық көрсетілген. Аташалдан Торым, одан Базарқұл, одан Көкі. Осы әкесі көкінің кей деректерде Көге деп аталуы кездеседі, мәселен алаш арысы Халел Досмұхамедовтің атақты «Аламанында» тама руынан шыққан Көге есімді адамның заманында атақты болғанын жазылады. Әрі батыр, әрі аузы дұғалы Көкі өз ұлдарының болашағы жайлы: «Өзімнен өргеннің бір буыны тең болар, қалғаны қара болар» деген екен. Ал батырдың нағашы жұрты Әжібай би деп танылады. 

Сол заманғы ұғым-түсінік бойынша батыр атанған адам алдымен өз аталығын, руын басқарып барып, үлкен деңгейге жетеді. Есет осылардың бәрінен өтіп, тархан дәрежесін алған, деңгейі биік, дәрежесі жоғары адам болған. Есет батырдың 17-18 жасында қолына найза алып, атқа қонғаны кіші жүз жеріне Еділ қалмақтары мен Жайық казактары төндірген қауіп-қатерлердің көбейіп кетуі кезіне сәйкес келген. Бұл кезеңді ұлы ғұлама Шоқан Уәлиханов былай сипаттайды: «...қазақ халқының өміріндегі қияметті кезең болды. Жоңғарлар, Еділ қалмақтары, Жайық казактары мен башқұрттар жан-жақтан килігіп, олардың ұлыстарын талқандап, малдарын айдап, адамдарын тұтас отбасымен тұтқындап алып кетті». 

Есет батыр өмірін зерттеуші ғалым, тарихшы Зәкіратдин Байдосұлы Орынбор орталық мемлекеттік мұрағатында сақталған батыр өміріне қатысты деректерді саралап, онда «1690 жылы Есет батырдың 23 жасында Тама ішіндегі Торым аталығының жетекшілігінде болғандығын» көрсетеді. Ғалымдар Есет батыр Көкіұлының бүкіл саналы ғұмырын екі кезеңге бөліп қарастырады: Алғашқысы – 1690-1710 жылдар аралығындағы уақыт. Бұл кезеңде батыр аюке бастаған Еділ қалмақтарының әскерімен шайқасып, қазақ жері үшін төнген қауіптермен күрес үстінде жүреді. Алғашында аталығының, кейін руының намысын қозғап атқа қонған бабаның Кіші жүзге аты шығатын тұсы осы. «Бөкенбай батыр, Арал батыр, Баймұрат батыр, Есет батырлар Аюке сияқты ханға күресу үшін үкіл Кіші жүз әскерін біріктіре бастайды. Енді Есет аташалдық, яғни рулық деңгейден кішіжүздік деңгейге көтеріледі», – деп жазады тарих ғылымдарының кандидаты Өтеген Есмырзаұлы. 

1710 жылдан бастап Есет батырдың өмірінің екінші кезеңі басталады. Мұнда ол бүкілқазақтық, жалпыұлттық мәселелерге араласып, жиындарға қатысады. Соның бірі – әйгілі Қарақұм құрылтайы. Мұқым қазақ баласы бас қосқан ұлы жиында екі мәселе қаралады: біріншісі – жоңғарларға тойтарыс беріп, жерден қуу, екіншісі – кіші жүзге хан сайлау. 

Бірінші мәселе бойынша екіұдай тартыс туындап, күн ұзаққа созылады. Сондағы табын Бөкенбай батырдың іс-әрекеттері барша батырлардың басын біріктіреді делінеді. Осы құрылтайда кіші жүздің ханы етіп Әбілқайыр сұлтанды тағайындайды және осы 1710 жылдан 1748 жылға дейін Есет батырдың есімі хан Әбілқайырмен бірге аталады. 

5c17fa879dba2a670c09470455ddc2d4.jpg

1722 жылдан бастап Жетірудің аға биі болып сайланған Есет батыр хақында ғылыми зерттеулер жазып, тарихи дәлдікті анықтаған ғалым Өтеген Исенов батырдың «Қалмаққырылған» шайқасына қатысқанын алға тартады. «Осы шайқаста Есеттің бірнеше жерден басы жарылып жараланады. Жұрт оның басының мылжа-мылжасы шыққан шығар деп ойлайды. Шайқас аяқталып басын таңып жатқан батырды көргенде «Есеттің басы қатты ма, Алланың тасы қатты ма?» деген сөз ел арасында қанатты сөз ретінде тарап кеткен» дейді. 

Ал арада екі жыл өткенде Аңырақай маңында Әбілқайыр хан бастаған қазақ жасақтары жоңғарлардың қалың қолын талқандайды. Бұл ұрыста Есет батыр Кіші жүз құрамының туын көтерген атойшы болған деген деректер кездеседі. 1724 жылы Аюке хан өлгеннен кейін Әбілқайыр ханның жоспарымен Жем бойындағы қарақалпақтармен одақтасып, қалмақтарға қарсы шабуыл ұйымдастырады. Наурыз айында Әбілқайыр хан 13 мың сарбазбен Доржы Назаровтың иелігіндегі мекендерді шауып, 50 қалмақты, 500 түйені, 8000 қойды олжалайды. Ал осының құрамындағы Есет батыр бастаған 757 адамдық жасақ Лобжи ұлысына басып кіріп шабуыл жасайды. 

1730 жылдардан бастап қазақ жерінің солтүстік батыс өлкесіндегі қазақ-башқұрт, қазақ-қалмақ байланыстары шиеленіп, тіпті асқынып кетеді. Бұл мәселені шешу үшін Кіші жүз ордасына башқұрт көсемі Алдар Есенгелдінің келуіне орай жиын ұйымдастырылып, оған орданың бек-билері, батырлары жиылып, мәселені талқыға салады. Әбілқайыр бастаған орда билеушілерінің шешімімен Ресей империясының атына хат жазылып, онда бодандық емес, бітімгершілік мазмұны баяндалады. Есет батырдың да осы топта болғаны айқын еді. 

Ресей патша үкіметі тарапынан 1742 жылдың 30 тамызында тархан атағын Шақшақ Жәнібек батыр бірінші болып алады. Ал екінші рет тархан шені 1743 жылы 3 шілдеде тама Есет Көкіұлына берілгені тарихи факт. Батырға тархан атағын беру туралы себептерін тарихшы З. Байдосұлы: «Біріншіден, қазақтың қалың қауымы арасында екеуінің, Жәнібек пен Есеттің кіршіксіз абырой иесі екендігіне мән беріп, олардың елге ықпалының шексіз екендігін еске алып, осы бір екі алыптың қолдары арқылы отарлау саясатының шоғын көсегісі келді; екіншіден, осылайша қызғаныш тобына қақталатын қалған сұлтандардың, старшиналар мен билердің тархандық дәрежеге арманын қоздыру; сөйтп оларды патша әкімшілігінің дегенін істеп, айдағанына көнетін құлақкесті құлына айналдыру; үшіншіден, Жәнібек пен Есет батырға шен бере қолпаштай отырып, олар арқылы бүкіл қазақ жамағатын Ресейге, патша тағына бас идіріп ұстау, төртіншіден, Жәнібек пен Есетті өз үйірлеріне тарту арқылы соңғы кезеңдерде патша өкіметінің саясатына қайшы келіп отырған Әбілқайыр ханды ең шынайы ортасынан айыру, сөйтіп халық арасындағы желісін сетінету...» –  деп тәптіштеп түсіндіреді. Орынбор комиссиясының бастығы И. Неплюевтің Сенатқа жолдаған хатында ел арасындағы беделді адамдарды жіктеп, халықтың бірлігіне іріткі салу туралы мақсатын жазған. 

67d86e4de7cd50e673d4ee9737fe9cb6.jpg

Көптеген әдебиеттерде, әсіресе ғылыми энциклопедиялық еңбектерде Есет Көкіұлының қайтыс болған жылдары 1749 жылы деп жаңсақ көрсетіліп келді. Алайда кейінгі тарихи зерттеулер негізінде кіші жүзі түгілі, күллі қазаққа белгілі болған ұлы батырдың кісі қолынан 1757 жылы қаза тапқанын айғақтап отыр.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?