Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ноғай неге қазаққа жақын?

4188
Ноғай неге қазаққа жақын? - e-history.kz
Қазақ жалпы ноғай туралы айтқанда «ноғай» этнонимін шатастырады. Түркі халықтарының ішіндегі қазақтарға ең жақын, ең туыс халық – ноғайлар

Қазан татарларын, кейде басқа да татарларды қазақтар мүмкін білместікпен, мүмкін бұрынғы ноғайды ұмыта алмай, ноғай деп атай береді. Шын мәнінде ноғай – біреу-ақ. Ноғайларды тағы бір түркі халқы – Ресейдің Орал өңірінде тұратын ноғайбақтармен ешқандай да шатастыруға болмайды.

Кейбір ғалымдар ноғай сөзін моңғолдың «нохай», яғни «ит» деген сөзімен байланыстарады. Оған дәлел ретінде итке қатысты «сарт» деген сөзді, яғни «сары ит» деген сөзді алға тартады, ал шынтуайтқа келгенде ноғай этносының атауы Алтын Орда дәуіріндегі Ноғайдың атымен байланысты деп ойлаймыз.

Ноғайлардың қазіргі мекені Солтүстік Кавказда. Ресей мен ТМД елдерінде жалпы саны шамамен 100 мыңды құрайды. Ноғайлардың негізгі орналасқан жері – Ноғай даласы. Қазіргі күні Ноғай даласы әкімшілік-аумақтық бөлінісі жағынан Ресей құрамындағы Дағыстанның, Шешенстанның және Ставрополь өлкесінің, Қарашай-Шеркес автономиясының құрамында. Дағыстанда ноғайлар Ноғай, Бабажұрт, Тарум және Қызлар аудандарында жиі қоныстанған. Сулак кентінде, сондай-ақ, Мақашқала мен Хасавжұрт қалаларында да жиі тұрады. Ноғайлар Ресейде сонымен бірге Астрахань (Аштархан) облысында да тұрады. Ноғайлардың ірі диаспорасы Мәскеу мен Санкт-Петербургте де шоғырланған. Түркия, Румыния және т.б.елдер ноғай диаспорасының жиі қоныстанған елдері болып келеді. Түркияның 4-5 миллион шамасындағы халқы өзінің тегі жалпы ноғай, татар, қырым татар болғанын әлі де біледі. Түркияда әлі де таза 9 ноғай ауылы бар. Ал Румынияда олар Добруджа өлкесінде де тұрады (қазіргі күні Добруджадағы татарлар мен түріктердің саны 45 мың төңірегінде, тек татар деп айтуымыздың себебі, ноғайлар онда жеке ұлт ретінде танылмайды).

Ноғайлар оңтүстік Сібір (Тұран) өтпелі нәсіліне жатады. Ал антропологиялық жағынан моңғолоидтық та, европоидтық та белгілері бар. Ноғай тілі алтай тілдері семьясының ішіндегі түркі халықтарының қыпшақ тобына жатады, яғни қазақ және қарақалпақ, қырым татарлары, қарашай, құмық, балқар, қарайым, татар, башқұрт тілдеріне өте жақын.

Ғылымда қыпшақ-ноғай тілдері деген де ұғым бар. Оған қазақ, қарақалпақ, қырым татар (оның ноғай диалектісі), ноғай, өзбек тілінің қыпшақ диалектілері жатады. Ноғай тілі Дағыстанның әдеби тілдерінің бірі болып саналады. Жалпы ноғай тілі тағы бір түркі тілі – құмық тілімен бірге Дағыстанның негізгі тілі болған, болды деп айтуымыздың да себебі бар. Қазіргі Дағыстанның басты тілдері: авар және дарғын тілдері. Дағыстан атауының өзі тау (дағ) жұрты әуелден түркі елінің бірі екенін білдіріп тұр.

Ноғай тілінің екі диалектісі бар. Олар – қараноғай және құбан, сондай-ақ ноғай говоры да бар. Ноғайлардың 90 пайызы өз ана тілім деп ноғай тілін таниды.

Ноғайлардың этникалық негізін қазақ халқының да құрамына кірген мына тайпалар құрайды: үйсіндер, наймандар, керейіттер, қыпшақтар, қаңлылар, маңғыттар және т.б. Олардан басқа қазіргі Батыс Моңғолия, Орта Азия мен Солтүстік Кавказ және Қырым мен Еділ бойы, Сібір жерлерін мекендеген халықтар да ноғай ұлтының қалыптасуына өз еңбегін сіңірді. Басқа да түркі халықтарының, оның ішінде ноғайлардың да халық болып қалыптасуына Дәшті Қыпшақтың да рөлі ерекше.

Ноғайлардың басым көпшілігі ханафит мәзхабына жатады, яғни сүнниттік бағытты ұстанады. Ислам діні ноғайлардың арасына Х-ХІ ғасырларда терең ене бастады. Ал ноғайлардың толық мұсылмандануы 1312 жылы Алтын Орда мемлекетінің ханы Өзбек ханның өз елінде исламды мемлекеттік дін деп жариялауымен байланысты болды. Ноғайлардың ауыз әдебиеті Баба Түкті Шашты Әзіздің ислам дінінің таралуына сіңірген еңбегін зор бағалайды. Ал XV ғасырда ноғайлардың халық болып ұюы кезінде ислам олардың рухани мәдениетіне үлкен әсер етті. Қазақтар арасында Йассауи ілімі қалай кең таралса, ноғайлар арасында да соншалықты кең таралды. Нақшбандия ілімі де жиі таралған болатын.

Өткен ғасырдағы 20-30-жылдары ноғай молдарының барлығы асып-атылды немесе Итжеккенге жер аударылды. 90-жылдары Ноғай даласында тек 2-3 қана молда қалған еді. Қазіргі күні Ислам діні өркендеу үстінде. Егер XIX ғасырдың аяғында – XX ғасырдың басында біртұтас Ноғай қадияты болған болса, қазіргі күні ноғайлардың тұрған жерлеріне байланысты тиісті аумақтық мүфтияттықтарға бағынады, яғни, Қарашай-Шеркесия ноғайлары бір мүфтиятқа, Шешенстан ноғайлары екінші мүфтиятқа, Дағыстан мен Ставрополь өлкесіндегі ноғайлар сондағы мүфтияттықтарға бағынады. Ноғайлар арасындағы ең ірі мүфтият Дағыстанның Ноғай ауданындағы Дін басқармасы Ноғай даласының мұсылман қауымдарын біріктіруге тырысуда. Дағыстан мен Шешенстанда тұратын ноғайлар шафий мәзхабының мұсылмандарымен қатар қоныстанғандықтан (тиісінше Бабажұрт және Шелковский аудандары) кейбіреулері шафий мәзхабына да өткен. 

Ноғай халқының қалыптасуында 3 кезеңді атап өтуге болады: Ноғай Ордасының құрылуы және ыдырауы (XV ғасыр-XVII ғасырдың бірінші жартысы), бөліну кезеңі (XVII ғасырдың екінші жартысы-XVIII ғасырдың бірінші жартысы) және соңғысы – ноғай ордаларының Ресей империясының құрамына кіруі (XVIII ғасырдың екінші жартысы).

Өз дәуірінде Еуразия құрлығында ноғайлардың рөлі зор болатын. Ноғайлар Қырым хандығында, Днестр мен Днепрдің төменгі сағаларында (орыс тарихында «Дикое поле» деген атпен белгілі, қазіргі Украина жерлері), Валахия мен Добруджада, оңтүстік Молдовада, Еділ бойы, Орал бойы мен Сібірде және бүкіл Солтүстік Кавказда (көбіне Дон мен Құбан арасы) тұрған болатын.

ХVІІ ғасырда ноғайлар арасында болған белгілі түрік саяхатшысы Челеби олардың көптеген қалаларын тізбектеп санап береді: мысалы, Шобан, Наурыз қырман, Таман, Қызылтас, Аққырман (қазіргі Белгород, ал қырман атауы қала деген мағына береді), Азау (қазіргі Азов қаласы).

Ноғайлардың өте күшейген кезі ХV ғасырдың соңы мен ХVІІ ғасырдың бірінші жарты жылдығы еді. Мәселен, Қырымда тұратын ноғайлар Қырым ханынан тәуелсіз бола отырып, сол кездегі Ресейдің оңтүстік шекаралас аумақтарына жиі шабуылдар жасап тұрды. Орыс үкіметі 1550 жылы ноғайлардан қорғану үшін «Засечная черта» деген қорғаныс желісін салды. 1580-1590 жылдары осы желі бойында тірек пункттері мынадай қалалар салына бастады: Воронеж, Елец, Ливны, Оскол, Валуйки және т.б. Бұл қамалдарды салудан кейін орыстар енді өз әскерлерін Ока өзенінің бойынан неғұрлым оңтүстікке қарай жылжытып, Мценск, Орел және Новосел қалаларының төңірегіне шоғырландыра бастайды. Келесі кезекте Чугуев маңында ноғай қоныстарына жақындап, одан кейінгі желіні де сала бастайды (Қазақ Даласында да осы әдіс қолданылған еді, мысалы, Горькая линия).    

ХV ғасырдың екінші жартысында ноғайлар екіге бөлінді: Үлкен және Кіші ордаға ыдырап кетті. ХVІІ ғасырда қалмақтардың қатты қысымынан кейін (қазақ тарихында «Ала тайдай бүліну» деген атпен белгілі) ноғайлар бұрынғы мекендерін тастап, тек Солтүстік Кавказ бен Қара теңіздің солтүстік жағалауы бойында ғана қалды. Ал, ХVІІІ ғасырда ноғайлар Осман сұлтандығы мен Ресей империясының арасындағы ойыншыққа айналды, бұрынғы тәуелсіздігінен толық айырылды. Орыс әскер басшысы А.Суворовтың көптеген жорықтарынан кейін жүздеген мың ноғайлар бала-шағасымен қоса өлтірілді, жүздеген мың ноғайлар ата-мекенін тастап Осман империясының аумағына қашуға мәжбүр болды (сыртқа кеткен ноғайлардың саны 1 миллионның төңірегінде болатын). Мектеп қабырғасынан бері оқып келген, мақтағанда атын жер көкке сыйғызбайтын Суворов нағыз қанішер болған еді (Суворовтың өзі орыстанып кеткен тегі түркі жұртынан шыққан). Ноғайдың жас балаларын, қыз-келіншектерін қойша бауыздап, бір күнде әскерлерінің бірнеше мың ноғайды өлтіргенін орыс тарихшылары мақтанышпен жазады, сол кездегі Петербург жұрты сондай жиіркенішпен қатыгез Суворовтың істерін еске алады. Суворов қазақ пен ноғай жұрты үшін тарихта қаныпезер деген атпен қалды.

ХVІІІ ғасырда жұртта қалған аз ноғай төрт приставтыққа бөлініп Ставрополь губерниясының құрамына қосылды, патша үкіметінің отарлау саясатына шыдамаған ноғайлардың екінші толқыны шетел аса берді. «Мұхаджирлердің» ең үлкен толқыны ХІХ ғасырдың екінші жартысына келеді. Дәл осы кезеңде 1858-1866 жылдары қазіргі Түркияға ондаған мың ноғай қоныс аударуға мәжбүр болды. Бол қалған Қалауыс-Сабылы, Бестау-Құм, Қалауыс-Жембойлы приставтықтары таратылды. Ал, 1888 жылы Қараноғай приставтығы Қызлар уезімен бірге Терск облысына берілді. Осы уақыттан бері Ноғай даласы 1920 жылға дейін Терск облысының құрамында болды. Одан кейін Ноғай даласы Дағыстанның құрамына кірді. 1938 жылы ноғайлар қоныстанған жерлер Қызлар аумағымен бірге Орджоникидзе өлкесінің (Ставрополь өлкесі ол кезде солай аталатын) құрамына берілді.

1944 жылы Шешен-Ингуш АКСР таратылғаннан кейін Грозный облысы құрылып, оған Ноғай даласының аудандары қосылды. Шешендер мен ингуштарға Қазақстаннан өз ата-мекеніне қайтуға рұқсат берілгеннен кейін Ноғай, Қызлар және Тарум аудандары Дағыстанның, ал Шелковский ауданы Шешенстан-Ингушетияның құрамына берілді, ал Нефтекум ауданы Ставрополь өлкесінің құрамында қалды. Осылайша, ноғайлардың этникалық аумағы Ресей Федерациясының әртүрлі субъектілерінің құрамында бөлініп қалып, ноғайлардың қоғамдық-саяси өмірінде дағдарыс туды. Дағыстандағы Ноғай ауданын басқа жерлерде тұратын ноғайлар сол жерлерде азшылықты құрауының өзі де әсер етпей қоймады, бірақ 2005-2006 жылдары Қарашай-Шеркес автономиясындағы ноғайлар өз ауданын құра алды. Оны осы кезеңдегі басты жетістік деп те айтуға болады. Тек Дағыстанда тұратын ноғайлардың ғана ұлттық кадрлары, өз әкімшілігі, ұлттық мектептері бар. Қазіргі күні ноғай тілінде газеттер тек Ноғай ауданы (Дағыстан) мен Қарашай-Шеркесияда шығарылады. Қызлар қаласында ноғай тілінің мұғалімдерін даярлаған педагогикалық училище 1957 жылы жабылып қалды, ал 50 жылдардың соңында Ставрополь өлкесі мен Шешен-Ингуш Республикасындағы ноғай мектептері толықтай жабылып бітіп, ноғай тіліндегі газеттер шығарылуын тоқтатты. Міне, осындай қиын жағдайға душар болған ноғайлардың ұлттық сана-сезімі өткен ғасырдың 80 жылдарының аяғы мен 90 жылдарының басында қайта оянып, «Бірлік» деген өңірлік қоғамдық-саяси ұйымның төңірегіне топтаса бастады. 1994-1995 жылдары Дағыстан Республикасында Ноғай мемлекеттік халықтық аспаптар оркестрі ұйымдастырылды. Теректі Мектеп ауылында Хасавжұрт педагогикалық колледжінің филиалы ашылды. Онда ноғай тілінің мұғалімдері даярланады. Дәл осы Теректі Мектеп ауылында Ноғай мемлекеттік драма театры құрылды.

Жалпы, кейде ноғай мен қазақты тіл жағынан болсын, тұрмыс-салт жағынан болсын бір-бірінен айыру қиын. Бір ғана мысал, ноғай тілінде Едігеге байланысты «қазақтан шыққан Едіге» деген ұғым бар. Жыршы Қазақ пен «қазақ жырлары» деп аталатын жырлардың өзі неге тұрады? Ноғай халқының арасында «қазақтар» деген ру да бар, ал Қазақов деген – ең көп таралған фамилияның бірі. Қобыланды батыр, Доспамбет жырау – екі халыққа ортақ тұлға. Ал Қозы-Көрпеш пен Баян Сұлу ноғайларға да мәлім. Қазіргі Азов қаласының (Ноғайлы жұртының қаласы) бір аты да Қазақ қаласы болған. Тағы бір таңқаларлығы, қазақ халқының құрамындағы наймандарды ноғай наймандарымен салыстырып шығуымыздың өзі көп нәрсеге көз жеткізеді: ақмешіт найман, биік найман, күшік найман, қара найман, ашамайлы найман,  тарақты найман, қылыш найман, шелек найман, бағаналы найман. Аталған тайпалардың атаулары да таңбалары да сол күйінде ноғай арасында қазіргі күнге дейін кездеседі.

Шәкәрім өз шежіресінде «Әз Жәнібек қазақты алып ауарда, Ноғай аталған туысқандарымыздың жақсылары қазақтың жақсыларымен көрісіп, амандасып жылапты. Соны біздің қазақ домбырашылары ноғай-қазақ айырылғандағы жылау күй деп, домбырамен «Ел айырылған» атты зарлы күй тартады» дейді. Қазақ жыршылары:

Орманбет хан өлген күн,

он сан ноғай бүлген күн,

Қазақ пен Ноғай айырылды,

Қазақ сартқа қайырылды, – деп жырлайтын ноғай бауырларымыздың тарихы осындай.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?