Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Теңге қалай ауысты?

1955
Теңге қалай ауысты? - e-history.kz
NDH порталы ұлттық валютаның 25 жылдығына арналған материалдарды жариялауын жалғастырады. Осы процестің республикамыздың түкпір-түкпірінде қалай жүргенінен ескі газеттер сыр шертеді

1993 жылдың 12 қарашасы, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдау жариялаған күні Алматыны қалың тұман басып тұрған еді. Сенбінің таңы әжептәуір суық болып басталды. Сағат сегізге таман азық-түлік дүкендерінің жанында кезекке тұрған адамдар саны көбейе бастаған. Ірі дүкендерде қиынырақ болды.

«Рауан» акционерлік қоғамының Маркс пен Шевченко көшелерінің бұрышында орналасқан Киім үйі «құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне байланысты» жабылып қалған, алайда ешбір жөндеу жұмыстары көрінбейді. Шевченко мен Фурманов көшелерінің қиылысындағы өндірістік тауарлар дүкеніне де қара құлып салынған. Құрманғазы мен Фурманов көшелерінің қиылысындағы «Пионер» дүкені есігін тарс жауып алған, одан сәл әріректе, Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысындағы азық-түлік дүкенінде келісі 6520 рубль тұратын шұжықты талап алып жатты.

Ал Ақмоланың қалалық базарында сенбінің таңы қызу басталды. 40 килограмнан асатын сиырдың сан еті үшін сатып алушылар 320 мың рубль беріпті. Сатушылар көп емес, керісінше, сатып алушылардан аяқ алып жүре алмайсың, бәрі де рубльден құтылуға асық. Жексенбіге қарай сиыр еті 8 мың рубльден 15 рубльге дейін қымбаттаған! Бұған назар аударып жатқан ешкім жоқ. Киім-кешек базарында керісінше, сұраныстан ұсыныс көп, алайда, тауарды тек қана валютаға немесе Ресей рубліне ғана сатып жатты.

Ақмоладағы коммерциялық дүкендердің көпшілігі жабылып қалған.  «Солнечный» дүкенінде нан мен сүт бөлімдері ғана жұмыс істеп тұрған. 14 қараша сағат төртке таман дүкен ревизияға жабылған. Түстен кейін нан-тоқаш өнімдерін, қаймақ, жұмыртқа, сүт алу мүмкін болмады. Сатып алушылар шырын мен жарма өнімдерін талап ала бастады. арпа жармасы мен тарыға дейін талап алынды.

14 қараша Оралдағы мемлекеттік сауда сатып алушыларға жарма, вермишель ұсынған. Барлық тауар сол сәтте сатылып кеткен. Ұннан жасалған өнімдерден басқа сөрелерде қайың шырыны ғана болды. Нан мен сүт алуға ұзын-ырғай кезек. Облыстық сүт комбинатының фирмалық дүкенінде майлы айран ғана саудада болды, оның өзі де тек бос құтыға айырбасқа ғана беріліп жатты. Қалалық базарда жарты литр қаймақ 10 мың рубльге, тауықтың тұтас еті 65-70 мың рубль, алма 10 мыңнан 15 мыңға дейін, картоптың бір данасы 150 рубльге сатылып жатты. Бал 50 мың рубльге дейін қымбаттаса, бір шөлмек арақ үшін 30 мың рубль тұрды. Осылардың ішіндегі сөзсіз көшбасы кір сабын болды, бір кесек кір сабын 3 мың рубльге дейін қымбаттап кеткен.

Өскемен халқы да демалыс күндері рубльден арылуға жанталасты. Сенбі-жексенбі күндері өскемендік базардағы дүңгіршектерде бір қорап жүгері ұлпасы үшін 25 мың рубль сұраған. Келісі 30 мың рубльге дейін өскен сиыр еті сатып алушыларын біршама үркітті десе де болады.

Адамдар ақылға келіп, жаңа ақшаны күтуді шешеді. Дүкен сөрелері қаңырап бос қалған. Нан зауыттары өнім пісіруді ұлғайтқанымен ол жылдам сатылып кетіп, адамдар қайта кезекке тұрып жатты. Нормаға сәйкес бір адамға екі бөлке нан ғана сатылған.

Ақша айырбасталар алдындағы күні Шымкентегі жай-күй де мәз емес еді. Бұнда да сөрелер бос тұрды. Базаршылардың тұңғыш рет саудаға құлқы болмады. Коммерциялық дүкендер «Жөндеуге», «Есепке» жабылып жатты. Нан дүкендерінде ғана сауда қызып тұрды. Бір қалалықтың жолы болып, қолындағы соңғы 2,5 миллион рубліне бес қой сатып алған.

Жамбылдағы №39 пошта бөлімшесінде дүйсенбілік жұмыс күні сағат 6.30-да басталды. Ведомосттар шығарылып, қарындаштар ұшталып, үйлеріне барып қызмет көрсетілетін мүгедектердің, науқастардың тізімдері де дайын тұрды. Таңғы төрттен бастап, жаңбырға қарамастан жүздеген қария айырбастың қашан басталатынын күтіп тұрды. Бірақ, банк ақшаны кешіктіріп жатты.

Жезқазғанда ақша айырбастау ұйымдасқан түрде өтті. Белгіленген уақытта пошта бөлімдері мен сақтау кассалары ашылып, зейнеткерлер үйреншікті кезектеріне тұрды. Көлік пен бензин жетіспеушілігінен жаңа ақша кеш жеткізілген. Кәсіпорындарда да бұл жұмыс ұйымдасқан түрде өтті. Түске қарай көпшілік дүкендерде сауданы жаңа ақшамен жасап жатты.

Осылайша қарашаның ортасында Қазақстанның барлық қалаларына ұлттық валюта – теңге келді!  

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?