Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

БҰРЫНҒЫ ҚАЗАҚТЫҢ ТҮРІ ҚАНДАЙ БОЛҒАН?

3517
БҰРЫНҒЫ ҚАЗАҚТЫҢ ТҮРІ ҚАНДАЙ БОЛҒАН? - e-history.kz
Енді бірер күнде "Томирис" фильмі кинотетарларға жол тартады. Сосын... Сосын қазақ қоғамы екіге бөлінеді. Бұрынғы қазақтың түрі мынадай болған, жоқ анадай болған деп таласып кетті

Бұрын - көк көзді, сары шашты болғанбыз,-дейтіндердің қарасы әдетте көп болады. Қазір неге сығыр көз, қара шашпыз? Себебі - моңғолдар жаулап ап, түрімізді бұзған,- деп жауап береді. Яғни, қазіргі моңғолоид кейпімізге қорланамыз, ұяламыз. Өз түрімізді қор санау әсіресе тарихи тұлғаларды бейнелегенде қатты көрінеді. Хандар мен батыр, билердің портреттерін қараңызшы. Бет-келбеттері қазақтан гөрі парсы немесе кавказдық кейіпке көбірек келіңкірейді. 

СТОП! Шынымен, Қазақтарға моңғолоидтық бет-пішінді әкелген Шыңғыс хан ба?!

ШЫҢҒЫС ХАНДЫ КІНӘЛАУ!

Иә, Шыңғыс ханның көзі сығыр болатын. Соңынан ерген жауынгерлерінің де түр-келбеті де сол шамалас еді. Бір қызығы, «сығыр көздер» армиясы, Орта Азияға келгенде, оларды жергілікті сығыр көздер қарсы алды. Сөйлесіп көрді. Сөйтсе, аудармашысыз-ақ түсінісе алады екен. Бір тілде сөйлейді. Мұншама ұқсастықтың себебі – ханмен ере келгендер де, қарсы алғандар да түрік еді.

Тек, түрлі себеппен, бір халық Алтайдың екі жағында қап қойған, араласа алмаған. Ал, Шыңғысхан - ТҮРІК қағанаты құлағаннан кейін, әлемге тарыдай шашылып кеткен, тілі бір, түрі бір халықты біріктірмек болды. Орта Азияға осы миссиямен келді!

Бірді айтып, бірге кетіп жатырмыз. Айтпағымыз, қазақтың сығыр көздігіне Шыңғысхан кінәлі емес. "Моңғол" шапқыншылығына дейін де шашымыз бұйра-қара, жанарымыз барынша «жинақы» болған деседі кәрі тарих.

Сөзімізге дәлел болсын. Мысырға құл ретінде барып, патша болған Бейбарыс сұлтанның кескін-келбеті қазіргі қазаққа ұқсайды: Оны араб тарихшылары былай суреттейді: «Сұлтан Бейбарыс. Дешт-Қыпшақ өлкесінің тумасы. Көзі сығырайыңқы келген. Араб-парсылар секілді бет-аузын түгел түк баспаған. Шоқша сақалды, беті жалпақ, кең иықты».

Бұл дерек аз боп жатса, онда Бейбарыс бабамыздан да бұрынғы Еділ патшаны алайық. Егер ұмытпасаңыз, бұл кісі Шыңғысханнан 9 ғасыр бұрын өмір сүрген. Енді осы Еділ туралы Рұм деректері не дейді?! Мысалы, тарихшы Иордан оны өз еңбегінде былай сипаттайды:

«Ол орта бойлы келген. Бет-пішіні сопақтау. Сығыр көзі сондай өткір. Жалт қараған кезде, жанарына тіке қарап тұруға адам баласының батылы бармайды.»

Сонымен, қазақтың бұрынғы түрі еуропалық келбетте болған деген райдан қайттыңыз ба? Қайтпасаңыз Шыңғысты басы бүтін моңғол-мәнжүр жұртына береміз. Мақұл. Ал, Аттиланы қайтеміз? Бейбарысты ше?!

ҚАЗАҚ НЕГЕ ӨЗ ТҮРІНЕН ӨЗІ ҚОРЛАНАДЫ?

Қазақтың өткір көздерінің сызық болып бітуіне Шыңғыс ханның еш кінәсі жоқ екен. Ендеше, кілтипан - ішкі сенімсіздікке кеп тіреледі. Мұны Ресейдің боданы болған көлеңкелі кезеңдерде қалыптасқан кембағал сана дейміз бе, әлде, еуропалықтарды адамзаттың озық үлгісі ретінде санамызға сіңірген еуроцентристік киносы, кітаптарының әсері ме, әйтеуір бір кілтипан бары анық.

Айтпақшы, ең бірінші бұл дертті қоздырған өзіміздің тарихшылар. Ойбай, сақтар ақ сары келген, көздері олардың үлкен болған,- деді емес пе?! Иә, Жетісу мен Қаратау өңіріндегі сақтардың көздері дәу болса, дәу болған шығар? Қазір де, сол оңтүстік маңда отырған қазақтардың арасында жанары алақандай жандар бар, табылады. Бірақ, негізгі түріміз - жалпақ бет, сығыр көз. Тура сол сияқты, Сақтардың басым көпшілігі - сығыр болған. Арқада археологиялық зерттеу жасаған ғалымдар мұны дәлелдеп бере алады. 
Көрдіңіз бе? Сақтардың өзі – түгел дердік еуропоид болмапты. Онда неге, бұрынғы түрімізден көк көз, сары шаш іздеп әуреленіп жүрміз?

Себебі, ұяламыз. Не үшін? Себебі, Орыс империясы одан кейінгі КСРО кезінде, азиаттық түрді сорақылық, қорлық деп, тықпалады. Сол заманның әдебиеттерін қарап шығыңызшы! Барлық басқару жүйесі, «урәдник» пен «нашандіктен» бастап, кәдімгі техниканың құлағына ұстаған мамандардың есім-сойы Иван-Олег болатын. Ал қазақтар етті қолмен жейтін дарақы, бейпілауыз, қорқақ-сатқын һәм сұмырай арызқой ретінде танытылды, сіңірілді. Бір ғана «Қан мен Терді» алыңыз. Ең бай, билігі бар адам - Федоров. Ең епті саудагері, "көзі ашық" татар байы Темірке. Ең қорқақ адам - Судыр Ахмет. Ең арызқой тілмаш - Торшолақ бала. Олардың осы озбыр қасиеттерін суреттегенде, автор міндетті түрде; – Сығыр көзін жұмып-ашып, домалақ басын дыр-дыр қасып,-деп баяндайды. Автоматты түрде, анау кітапты оқып отырып, азиаттық түрді қорқақ, сұмырай санайтын стереотип сіңіресіз. Осыдан кейін ғой, көп қазақ қазіргі түрін мойындамай, бұрынғы "жоқ" түрін армандап жүр.

ДА, СКИФЫ - МЫ! ДА, АЗИАТЫ - МЫ, С РАСКОСЫМИ И ЖАДНЫМИ ОЧАМИ!

ХХ ғасырға дейін, біз осы сығыр көзімізді бренд санаушы ек. Өзге жұрт, біздің жанарға қарап, сықси болмағанына іштей ренжуші еді. Көзі көкпеңбек Блоктың өзі - от жанған, өткір сығыр көзге қызықты емес пе?! Да, скифы - мы! да, азиаты - мы, с раскосыми и жадными очами!-деп үлкен поэма жазды. Ол заманда, біздің ақындарда, жинақы жанарды мақтан көріпті. Мағжанның мынау бір өлеңін оқып көріңізші: 
Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам.
Жүзiмдi де, қысық қара көзiмдi,
Туа сала жалынменен мен жуғам.

Қайта оқыңызшы! Мынау өлеңінен кейін, сығыр көз,-десе – жауынгер, батыр образы келе қалады. Әне, адамзат баласы неге сығыр көздерді құрмет тұтқаны, дірілдеп, безгек қаққаны түсінікті болған шығар?! Негізі, күні кешеге дейін – сығыр көз, қара шаш,- десе, әлем жұрты қорыққаннан қалтырап қоя беретін еді. Христиан іліміндегі Гог-Магог, Ислам дініндегі Яжүж-Мәжүз туралы хадистер естеріңізде болар?! Мысалы үшін, Гог Магогтың сипаттамасы «Көзі сығыр, шашы қара. Орта бойлы. Бұл халыққа қарсы ешкім төтеп бере алмайды. Бүкіл жаратылыстың түбіне осылар жетеді» деп келеді. Айтпақшы, Яжүж-Мәжүж туралы хадистерді жаттап өскен араб жұрты Шыңғыс ханның әскерін хадистегі кейіпкерлерге балап, ашық шайқастан қатты жүрексінген екен. Кейбірі соғыссыз берілген деген де деректер бар.

Сан ғасырлар бойына, батырлықтың нышаны болған сығыр көз, қара шаш айналдырған бірер жылдарда қалай ғана қорқақ, ұсқынсыздықтың сипатына айналғанына қайран боласыз. Қорытынды орнына айтарым: Өз түрімізден жерінбейік.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?