1922 жылы бұрынғы алашордашылар жоғары мемлекеттік органдарға қызметке жіберілмеген. Кеңестік органдарға әлеуметтік жағдайына байланысты, көбінесе жұмысшылар мен кедей шаруаларын алу, зиялыларды жан-жақты тексеріп қана алу, ал бұрынғы алашордашыларды және олармен байланысы барларды мүлде жібермеу белгіленді[1,99 б.]. Бұл жылдары алаш зиялыларын біртіндеп қудалау басталды.
1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің 69-санында Файзулла Ишанов 1922 жылы Қазақстан территориясында аштық апатына ұшыраған халыққа жәрдем көрсету ісіне белсене қатысқан алаш зиялысы Жүсіпбек Аймауытовты қаралап мақала жариялайды. Аймауытов оған былайша жауап береді: «...мен Файзулланың газетке басқанымен қараланып, әлеумет көзінде азаматтығым жойылды деп ойламаймын. Кімнің кім екенін бар болсақ, уақыт көрсетер. Жалғыз қынжылатын нәрсе: ауыр қызмет, ақ ниет зая кеткен сықылды «Еңбегің еш, тұзың сор» деген мақалдың тап болуы, не жақсылыққа жамандық қайту табиғат заңы, болмаса өмір көрсетер. Тыныш жатып біреуді мінеуден, сөгуден оңай қызмет жоқ» [2]. Осыдан кейін, Қазақ АКСР-інің Халық Ағарту Комиссариатында және Семей губерниялық атқару комитетінде басшылық қызметтер атқарған Жүсіпбек Аймауытов 1922 жылдың соңынан – 1923 жылдардың қазан айына дейін Семей губерниясына қарасты Қарқаралы уезіндегі №2 бір сатылы кеңестік мектептің меңгерушісі қызметін атқарады. Сонымен бірге, ол бұл кезде Семейде шыққан «Қазақ тілі» газетінің редакция алқасының мүшесі болады.
Ж. Аймауытов 1923 жылы Орынбор қаласындағы Халыққа білім беру Қазақ институтында қызмет еткен. Институт І-сатыдағы мектептерге ұлт мұғалімдері кадрларын даярлайтын және мұнда сабақ қазақ тілінде жүргізіледі. Алайда, Жүсіпбек Аймауытов бұл институтта көп істемеген. Сондықтан оның мұндағы қызметін жан-жақты ашып көрсететін деректерді кездестіре алмадық.
Қазақтың тұңғыш жоғары оқу орны – Қазақ ағарту институты 1917 жылдан жұмыс істеген қазақ педагогикалық училищесінің негізінде 1920 жылы 1 қазанда Ташкент қаласында ашылады. Бұл институттың ашылу мақсаты – қазақ халқының мәдени-ағарту мұқтаждығына қызмет ету, мектепке дейінгі тәрбие қызметкерлерін даярлау, мектеп және мектептен тыс білім беру, жергілікті орындарда мәдени шаралар ұйымдастыру болды. Сонымен бірге, ағарту қызметкерлерін даярлау үшін институт алдымен, бір жылдық мектепке дейінгі тәрбие курсын, бір жылдық емле курсын, семинария бітірген мұғалімдерге арналған нұсқаушылар курсын, мектептен тыс білім беру курсын және бір сатылы мектептер үшін мұғалімдер даярлайтын курстар ашуды жоспарлайды[3]. Қазақ Ағарту институты қазақ халқының бас көтерер азаматтары тоғысқан білім ордасына айналады. 1924 жылы Халық Ағарту Комиссариаты Жүсіпбек Аймауытовты Ташкентке шақыртып алады. Осы арада айта кететін бір жай, Ж. Аймауытов мұнда Павлодар уезінің Баянауыл ауданынан (туған жері) шақыртылған. Бұл 1922 жылдың соңы мен 1923 жылдары Ж. Аймауытов орнықты қызмет істемегенін байқатады.
1924 жылдың 11 қазанынан бастап Жүсіпбек Аймауытов Қазақ Халық Ағарту институтына ана тілі пәні мұғалімі болып қызметке алынады[4]. Аймауытов мұнда Халел Досмұхамедов, Сұлтанбек Қожанов, Мағжан Жұмабаев, Мұхамеджан Тынышбаев сияқты қазақ зиялыларымен бірге қызметтес болып, қазақ халқының ағарту саласын өркендету ісіне белсене араласады. Бұл уақытта (1924) институт директоры кезінде Шымкент уезінде қазақ мұғалімдік – педагогикалық даярлау курстарын алғаш ұйымдастырушы және Шымкент педтехникумын ашуға белсене қатысқан Сегізбай Айзунов болды[5].
Жүсіпбек Аймауытов Қазақ Ағарту институтында дәріс бере жүріп, студенттермен ғылыми ізденушілік жұмыстарын ұйымдастыру, мектептердің оқу ісін тексеру жұмыстарына қатысады және институттың педагогикалық Кеңесінің мүшесі болады[6]. 1924 жылдың 24 қазанында институт сахнасында студенттердің орындауымен Ж. Аймауытовтың бір перделі «Рәбиға» пьесасы қойылады[7]. Бұл пьесаның тақырыбы - әйел теңсіздігі. Пьесаның оқиға желісі Рәбиғаның теңдікке ұмтылу жолындағы күресінің негізінде құрылған. Пьеса 1926 жылы жеке кітапша болып шығады. Осы кезде Жүсіпбек Аймауытов қазақ әйелдері жаңа жағдайда «қара танымауы салдарынан әлеумет жұмысына» қатыса алмай отырғанын айтып, әйелдерді мектепке алу және әйел мектептерін молайту мәселесін көтереді[8]. Ал 1925 жылы «Ақ жол» газетінің 530-санында «Ел қыздары» деп қол қойған «Жүсіпбектен үлгі алыңдар!» атты мақала жарық көреді. Бұл мақалада Жүсіпбек Аймауытов «...жас жұртшылықтың тәрбиешісі әйелдерді» аяқ асты етіп, бірін алып, бірін тастап» деп айыпталады. Мұндай әңгіме шығудың мәнісі мынада еді: 1921 жылы Ж. Аймауытов зайыбы Волкова Вера Николаевна қайтыс болған соң, Сермұхамедова Евгения Кирилловнаға үйленеді. Мақалада, сондай-ақ, Ж. Аймауытовтың Бағира деген қазақ әйелі болды деп берілген. Мақала авторлары мұны Ж. Аймауытовтың аз өмір ішінде үш әйел «жаңартқанын» айқын көрсету үшін ойдан шығарған. Алайда, мақаланың жазылу мақсаты тек мұнда ғана емес еді. Негізінде, мақала авторлары мұнда Ж. Аймауытовтың бұрын «Алаш Орданың кісісі болып, «Арғы атам ер түрікті» жазғанын, саяси тұрақсыздығын» [9] баса айтады. Осы мақаладан соң, Жүсіпбек Аймауытов пен институт студенттері арасында келеңсіз жай орын алған. Сондықтан осы айтыс-тартысқа байланысты Ж. Аймауытов институттағы қызметінен кетуге мәжбүр болады[10]. Тек біраз уақыттан кейін ғана ол республиканың Өлкелік Комитетінің төрағасы Сұлтанбек Қожанов пен Орта Азиядағы Қазақ өкілеттілігінің араласуымен қызметке қайта алынады.
1921-1922 жылдардағы аштық кезінде Ж. Аймауытов Торғай аштарына жәрдем беру ісіне қатысады. Нақтырақ айтқанда, Жүсіпбек Аймауытовтың басшылық жасауымен 1921 жылдың қыркүйек айында Семей губерниясынан аштар үшін жиналған 7000 бас малдың алғашқы партиясы (4249 бас) Торғай уезіне жеткізіледі және оның төрағалығымен бұл мал уезд аштарына таратылады. Артынша, 1922 жылдың қараша айында бұл малды үлестіру жұмысын тексеру үшін жоғары жақтан арнайы комиссия құрылып, малдың басым көпшілігі уездің «байлары мен кулактарына» берілді деген шешім шығарады[11]. Осыдан бастап Торғай аштарына жәрдем көрсетуге қатысқан барлық азаматтарды айыптау, қуғындау ісі басталады. Ол 12 томнан тұратын «Торғай ісі» атты сот процесі еді. Алдымен 1923 жылы Облыстық партия комитеті мен Орталық Комитеттің ұйымдастыруымен Торғай уезінің қызметкерлері: Ахмедсапа Жүсіпов, Шайқы Құлжанов, Ілияс Бәйменов, Қазгелді Қарпықов, Рүстем Әбдіғапаровтар қуғындалады[12]. Ал 1924 жылдың маусым айының 13-інде РКФСР Жоғарғы Сотының Қазақ бөлімі оларды қылмысты деп табады[13]. 1925 жылы 6 тамызда республикадағы Әділет Халық Комиссариатының маңызды істер жөніндегі тергеушісі Сейдалин А. Жүсіпов, Ш. Құлжанов, Р. Әбдіғапаров, І. Бәйменов, Қ. Қарпықов, Ж. Аймауытовты қызметтерінде жасалған қылмыстары бойынша айыптау ісін қарастыра келе, мал үлестіру ісінде ешқандай қолхат алынбағанын, малдың көбі «кулактардың» қолында кеткенін, Ж. Аймауытов бұйрығымен Торғай қаласының белгілі қызметкерлеріне 130 бас мал (Ш. Құлжановаға - 3 бас, Н. Құлжановқа – 3 бас, Қ. Қарпықовқа - 1 бас, І. Бәйменовке – 2 бас, Қ. Тюкинге – 1 бас, А. Байтұрсыновқа – 5 бас, А. Қасымовқа – 6 бас және т.б.) берілді деп тауып және Қылмыстық Процессуалдық Кодексінің 128, 129 баптарын басшылыққа ала отырып, Торғай қызметкерлерімен бірге Ж. Аймауытовты Қылмыстық Кодекстің 110 бабы бойынша айыпты санап, жауапқа тарту туралы шешім шығарады[14]. Осы шешімнен соң қайраткер айыпкер ретінде Ташкенттен тергеуге шақыртылады.
1925 жылдың қыркүйек айынан Ж. Аймауытов Орынбордағы Қазақ Орталық Атқару Комитеті атындағы сегізінші Біріккен Әскери мектебіне қызметке ауысқан. Мұнан да бірнеше қайтара жауап беруге шақыртылады[14, 74-83 пп.]. 3 қазанда Ж. Аймауытовқа қатысты жүргізілген тергеу ісі аяқталады да, қайраткер онымен танысып шығу үшін Қызылордаға келген кезінде тағы да қосымша жауап береді: «Бұрынғы берген жауабыма менің қосарым жоқ. Мені айыптайтын жері: 1. Мал үлестіретін комиссияда болуым. 2. Кейбір оқыған азаматтарға деп мал беруім екен» [14,58 п.]. Ол одан әрі қарай осы екі мәселеге қатысты нақты дәлелдер келтіре отырып, берген жауабында алдымен мал үлестіру мәселесіне тоқталады. Мұнда қайраткер мал айдауға жалданған бақташыларға жағдай жасау қиынға соққан соң, мал таратуды тездеткенін, сондай-ақ, уезд қызметкерлерінің арасында ру ара жігі болуына байланысты, бұған дейін бұл уезге бөлінген жәрдем халыққа әділ үлестірілмей келгенін, осы себепті бұл жолы торғайлықтар өз азаматтарына сенімсіздік танытқан соң, мал үлестіру ісіне басшылық жасауды солардың өтініштері бойынша атқарғанын баяндайды. Ал енді әрбір оқыған азаматтарға мал берілді деген айыпқа келгенде, Жүсіпбек Аймауытов:
«1. Мен Торғайдың кейбірін – оқығандарын ғана білемін, көбін білмеймін. Сондықтан оқығандардың бәріне мен мал бере алмасам керек.
2. Ол азаматтардың кейбірі Орынборда, кейбірі басқа жерлерде қызметте болса, олар малды алуы мүмкін емес.
3. Малды сол адамдардың аш ағайындары алды», [14,58 п.] - деп нақты жауап берген.
1925 жылы билік басына Ф. И. Голощекин келген соң, Қазақстанда бұрынғы Алаш қозғалысы қайраткерлерін саяси қудалау біртіндеп басталғаны аян. Міне, Ж. Аймауытов өзіне қарсы ұйымдастырылған тергеу ісі түп-тамырында осы қудалаудан туындап отырғанын жақсы түсінді. Мұны Ж. Аймауытовтың тергеушіге берген мына жауабынан айқын көре аламыз: «Еңбегім салауат, ниетім арам, жүрегім қара, қазаққа зиянды азамат болып табылсам, бұ да бір уақыт шығар, жазаға мойнымды ұсынамын, аштық үшін мен-ақ құрбан болайын. Елімнің заңына көнемін» [14,59 п.]. Осы арада мынадай мәселеге тоқтала кету қажет. Маңызды істер жөніндегі тергеуші Сейдалин тергеу жұмысын жүргізу барысында 1922 жылы Торғай аштарына Жүсіпбек Аймауытов бастаған бір топ қазақ зиялыларының қатысуымен үлестірілген мал келісімді шартпен жасалынған несие ретінде саналды ма, осыны анықтау үшін Жер жөніндегі Халық Комиссариатына сұрау салады14, 196 п.]. Өйткені, 1922 жылы 26 тамызда республиканың Еңбек және Қорғаныс Кеңесінің республика аштарына берілген жылу мал қазақ шаруашылығы түзетілген соң қайтарылуы тиіс және ол мемлекеттік қорға айналсын, бұл қорды республикада аштыққа ұшыраған губерниялардағы малға мұқтаж қазақ шаруашылықтарына, мүмкіндігінше артельдік негізде пайдалануға берілсін деген қаулысы шығарылған болатын[14,212 п.]. Сотқа Жерхалкомынан жауап ретінде осы қаулының көшірмесі жіберіледі. Шын мәнінде, 1922 жылы ашыққан халыққа берілген мал одан кейінгі жылдары Қазақстан шаруашылығында бірнеше түп-тамырлы өзгерістердің болуына байланысты үкіметке қайтарылмағаны мәлім.
«Кеңес үкіметі орнады. Разберске, продналог, көлік, адам салығы түсті. Елді мелитсе, агент, инспектор, отряд қаптады. Ел не күйге түсті? Қазақ жұтқа, ашаршылыққа ұшырады. Оның ауыртпалығы, өлімі, шығыны, қайғысы, зардабы қандайлық болды? Жылу кемесиелері құрылды. Олар не істеді? Еркін сауда, қызыл саудагер қалай тиді?» [15] деген сауалдар қоя отырып, Ж. Аймауытов сол жылдардағы Қазақстанда жүргізілген Кеңес үкіметінің экономикалық реформаларының жайын ашып көрсетеді. Бұл арада Жүсіпбек Аймауытов Кеңес үкіметі іс жүзінде қазақ халқына не әкелді деген мәселені көтеріп отыр. Өйткені, Жүсіпбек Аймауытовтың түсінік-ойынша билік басындағы үкіметтің міндеті – халық мүддесін қорғау және оны сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдеуі керек.
Міне, осылайша «биліктегі большевиктер мен оппозициядағы алаштық интеллегенция арасындағы егес Кеңестік билік біржола орныққан кейінгі уақытта да жүріп жатты. Бұл егес 20-жылдардың соңы, 30-жылдардың басында алаш қозғалысы басшыларын түгелдей дерлік абақтыға жабумен аяқталды» [16, 43-48 бб.].
Ұлт зиялыларын саяси аренадан ысыру біртіндеп жүргізілді. 1926 жылы көктемде (13-23 наурыз аралығында) Қызылорда қаласында «Торғай ісі» атты сот процесі өтеді. Бұл сот процесінің «Торғай ісі» деп аталуының өзінде үлкен мән жатыр. 1921-1922 жылғы аштық кезінде Торғай уезінің халқы үшін Семей губерниясынан жиналған жылу малын уезд аштарына үлестіру ісіне қатысқан Жүсіпбек Аймауытов, Ахметсапа Жүсіпов, Шайқы Құлжанов, Қазгелді Қарпықов, Рүстем Әбдіғапаров, Ілияс Бәйменовтерге халыққа тек таптық тұрғыдан қарайтын үкімет «жылу малын талан-таражға салды, малдың басымын уездің «бай мен кулактарына» берді деген жалған айып тағады. Үш жыл бойғы жүргізілген тергеу ісінің нәтижесі болған бұл сот процесінің «Торғай ісі» аталуының мәнісі осында. Ж. Аймауытовқа наурыз айының басында-ақ айыптау қорытындысы шығарылып, оны қылмысты деп тауып, Орынбордан Қызылордаға алғызған болатын [14, 233-250-252 пп.]. Осы орайда көңіл аудара кететін бір жәйт бар. Сот процесі басталмас бұрын, 11 наурызда Қылмыстық Кодекстің 105-бабының 1-бөлімі, 106-бабының 1-бөлімі, 113-бабының 2-бөлімі бойынша қылмысты саналған Ж. Аймауытов, Ш. Құлжанов, Р. Әбдіғапаров, І. Бәйменов және Қ. Қарпықовтар РКФСР Жоғары Сотының Қазақ бөлімінің Қылмыстық Сот алқасына берілген өтініштерінде 13 наурызға белгіленген сот процесіне дейін жүргізілген тергеу жұмысы Қылмысты Процессуалдық Кодексінің ІІІ бабындағы талапқа қайшы, біржақты түрде өткенін, айыптаушы куәгерлердің оларға қатысты берген жала көрсетулерін жоққа шығара алатын куәгерлерді тергеуге шақырту туралы олардың қойған өтініш-сұраулары қанағаттандырылмағанын баяндай келе, Қылмыстық Кодекстің 24-бабы бойынша сот мәжілісінде қосымша жауап беретін өз куәгерлерін шақыртуды талап етеді. Жүсіпбек Аймауытов мәжіліске қатысуға өз куәгерлері ретінде: Нұрмақовты (Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы), Тоқжігітовті (Қазақ Мемлекеттік баспасы), Кенжинді (Сауда Халық Комиссариаты), Байтұрсыновты (Академиялық Орталық), Жангелдинді (Әлеуметтік істер жөніндегі Халық Комиссариаты, Лекеровты (Халық Ағарту Комиссариаты) атап көрсеткен [14, 258 п.].
Айыпталушы қазақ зиялыларының сот алдында мұндай талап қоюлары әбден заңды. Қазақ халқы қойдай қырылған 1921-1922 жылдардағы алапат аштық кезінде олар мал табу үшін емес, туған халқының алдында өздерінің азаматтық, адамшылық борыштарын өтеу үшін қызмет еткендері хақ. Осындай қазақ азаматтарын жалған айыптаған сот процесі 1926 жылы 13 наурызда басталады. Сол кездегі астана – Қызылордада өткен бұл сот процесі жайында халыққа «Еңбекші» қазақ газетінде «Астанадағы сотта» айдарымен хабар беріліп тұрады. Газет редакторы «С. Сәдуақасов сот процесінің негізінде саяси мүдделер қайшылығы жатқандығын, әрине, жақсы білді. Сотқа тартылған адамдардың бәрінің бірдей кінәлі еместігін де түсінді. Сот барысынан неғұрлым объективті және толық хабар беріп тұруды көздеуі де сондықтан еді» [17,90 б.]. Сот процесі болып жатқан кезде Мәскеуге іссапарға кеткен уақытында да Смағұл Сәдуақасов қайта оралар жолында, дәлірек айтсақ, 19 наурызда, Орынбордан Қызылордаға Тоқжігітов атына, егер, сот аяқталмаса, айыптаушылар Аймауытов пен басқаларына қатысты іске өзінде маңызды көрсетулер бар екенімен сот төрағасы Бекбатыровты хабардар етуді сұрап жеделхат жолдайды[18]. Жеделхат оның өтініші бойынша сотқа тапсырылады. Алайда, бұл өтініш еш нәтижесіз қалады.
Жүсіпбек Аймауытов ісі наурыздың 23-інде тыңдалады. Сотта қайраткер өзіне қойылған сұрақтарға еш бүгесіз тура жауап береді. Мәселен, «Сайланған (бұл арада үлестіру комиссиясына) өкілдер кедейлерден, аш елден сайланды ма?» деген сұраққа: «Тегіс кедейден сайланды деп айта алмаймын. Орта шаруадан, ақсақалдардан сайланғандар да болды», [19] - деп жауап береді. Бұл сұрақтың қойылу төркінінің өзі сот процесінің жүргізілу барысы большевиктердің таптық көзқарасының негізінде құрылғанын байқатады. Ал Жүсіпбек Аймауытовтың берген қысқа жауабынан, оның таптық мүдде үшін емес, ұлттық мүдде жолында қызмет еткенін көреміз. Бұл сот мәжілісінде Ж. Аймауытов қылмыстары дәлелсіз болғандықтан, ақталып шығады. Қайраткерге тағылған айыптар еш негізсіз еді. Мұны қайраткер ақтық сөзінде де дәлелдеп шығады. Мұнда Жүсіпбек Аймауытов мал үлестіруде Торғай халқының арасында наразылық жайын рулық жіктелуден және қазақ мінезіндегі кейбір теріс қылықтардан (алауыздық, бірікпеушілік) болды деп атап көрсеткен. Мал үлестіру комиссиясының құрамына кіру себебін «ала жаздай бейнеттеніп комиссияға кірмей, малдың қалай бөлінгенін білмей кетуді» «жаны ашымастың қасында басы ауырмас» [18,55 п.] деп түсінгендіктен келіскендігін айтады. Ал малды «байлар мен кулактарға» берді деген айыпқа келгенде, бұл жерде тап жігі сөз болып отырғанын бірден біліп, «ру тартысы бітіп, сонымен бірге «кедей табы мен бай табын, большевик пен алашты румен айыруға» болмайтынын ашық мәлімдейді.
Негізінен, Жүсіпбек Аймауытов бұл сот процесінің басталу мәнісінің өзі бар мәселені тек таптық тұрғыда өлшеген Кеңес үкіметінің соқыр нанымынан туындап отырғанын жақсы білді. Сондықтан ол: «Басқа табар елім жоқ. Өз елімнің ортасында құрбан болып кетсем арманым жоқ. Ел заңына бағынбауға болмайды. Егер халқымның заң-ғұрпы мені айыпты десе амалым не?» [14,57 п.] деп айтты.
Ж. Аймауытовпен бірге істі болған Торғай қызметкерлерінің тағдыры қалай шешілді? 1926 жылы 24 наурызда сот І. Бәйменов пен Қ. Қарпықовты 1 жыл 6 айға, А. Жүсіпов пен Ш. Құлжановты 2 жылға бас бостандықтарынан айырады. Алайда, Қазақ Орталық Атқару Комитетінің араласуымен оларға 26 сәуірде кешірім жасалынады[14,135 п.]. Республика көлемінде өткізілген «Торғай ісі» атты шулы сот процесінің соңы осылайша аяқталады.
Жауапқа тартылған қазақ зиялыларының түгел дерлік ақталып шығулары, большевиктердің ұлт намысты зиялылардың патриоттық, халықтық сезімін ешуақытта сындыра алмайтынының дәлелі болды. «Торғай ісінде» басты айыпкер саналған Жүсіпбек Аймауытов сотта ақталып шыққан соң, 1926 жылдың маусым айында Халық Ағарту Комиссариатының жолдауымен Шымкент қаласындағы педагогикалық техникумға жіберіледі. Осы жерде тоқтала кететін жәйт, ол Ж. Аймауытовтың Шымкенттегі қызметін 1926-1929 жылдар аралығы деп көрсету дұрыс емес. Өйткені қайраткер 1928 жылдың қазан айында Шымкенттен Қызылордаға ауысқан[20]. Сондай-ақ Жүсіпбек Аймауытов 1929 жылы Қызылордада тұтқындалады[21]. Қайраткер 1928 жылдың соңы мен тұтқындалғанға дейін (1929 ж. мамыр) Қызылордада шыққан «Еңбекші қазақ» газетінде белсенді қызмет еткен.
Шымкент қаласында 1920 жылдың мамыр айының 5-інен 20-сына дейін қазақ өлкелік педагогикалық тексеріс жүргізілген. Соның нәтижесінде кеңестірілген мектептерде, сондай-ақ, барлық мектептерде қызмет ететін қазақ оқытушыларының жұмыс істеуге қабілетсіздіктері анықталып, осы мәселені шешуде жергілікті қазақ тұрғындары үшін арнайы оқу орнын ашу туралы мәселе көтеріледі. Сөйтіп, 1920 жылдың қыркүйек айында екі дайындық және бес басты топтарымен Сырдария қазақ педагогикалық техникумы ашылады[22]. Педтехникум 3-4 жылдық 1 сатылы ауыл-қышлақ мектептеріне мұғалімдер даярлайды. Жүсіпбек Аймауытов аталған педтехникумде қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен дәріс берген. Осы күнге дейін көпшілік зерттеушілер Ж. Аймауытовтың осы педтехникумның директоры болды деген мәлімет беріп жүр. Алайда, Аймауытовтың бұл қызметте болғанын растайтын мұрағат құжаттары жоқ. Біз Ж. Аймауытовтың аталған педтехникумдағы қызметін жан-жақты қарастыру мақсатымен Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағат қорындағы осы мәселеге қатысты материалдармен таныса келгенде, мынадай қорытынды шығардық: Ж. Аймауытов Шымкент педтехникумында 1926 жылдың тамыз айынан 1928 жылдың қазан айына дейін қызмет еткен. Бұл уақытта педтехникум директоры Сұлтанбек Садықбеков болған[23]. Сондықтан, ендігі уақытта Ж. Аймауытов педтехникум директоры болды деген еш негізсіз жаңсақ мәлімет беру әділ емес. Біздіңше, бұл арада кеше ғана сотқа тартылған, әрі бұрынғы «алашордашы» Жүсіпбек Аймауытовқа жауапты қызмет атқаруына жоғарғы жақ рұқсат етпеген. Өйткені Ж. Аймауытов сотта толық аяқталып шыққан соң да, оны қудалау тоқталған емес. 1926 жылы желтоқсан айында Орта Азия Әскери Трибуналы қайраткерге қарсы іс қозғайды. Әскери трибунал Ж. Аймауытовқа Орынбордағы ҚОАК-нің атындағы 8-інші Біріккен Әскери мектеп әкімшілігінің рұқсатынсыз шығып кетті деген айып таққан. Істің мәнісі мынада еді: 1925 жылы Халық Ағарту Комиссариаты Жүсіпбек Аймауытовты Қазақ ұлттық театрына директорлыққа шақыртады. Осы кезде Әскери мектеп әкімшілігі қайраткерді істеп жүрген қызметінен босатпаған соң, Ағарту Комиссариаты Жоғары Оқу Орын Басқармасынан Ж. Аймауытовты қызмет ауыстыруына байланысты Әскери мектептегі қызметінен босату туралы рұқсат алады. Осыдан кейін барып қана Жүсіпбек Аймауытов Халық Ағарту Комиссариатында жұмыс істеуге ауысады. Бірақ ол Ұлт театрының директоры қызметін атқармаған. Бұл жолы да Ж. Аймауытовқа жоғарыдан сенімсіздік білдірілген болар. Негізі, қай заманда болсын, қай қоғамда болсын шындықты тура айтқан адам үкіметке ұнаған емес. Ал Ж. Аймауытов табиғатынан шыншыл да батыл еді. Театр директоры қызметінде бұл уақытта Дінмұхамед Әділов болды[24]. Ал, Аймауытовтың бұл жолы ақталып шығуына С. Сәдуақасов және Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Ж. Мыңбаев араласады[14, 98, 99 пп.]. Осылайша Жүсіпбек Аймауытов аштық жылдары аянбай қызмет еткені үшін қайта-қайта қудаланады. Тіпті «халық жауы» ретінде Жүсіпбек Аймауытов 1930 жылдың 21 сәуірінде [25] атылып кеткен соң да оның игі мақсатпен істеген еңбегін кеңестік әдебиетте «ұлтшыл Ж. Аймауытов аштарға бөлінген малды өзі пайдаланып кетті» [26], – деп жала жапты. Ал шын мәнінде, Жүсіпбек Аймауытов қазақ халқының мақсат-мүддесі жолында жанкешті еңбек етті.
Әдебиеттер:
- Григорьев В.К., Джагфаров Н.Р., Осипов В.Г. Идейно-политическая работа партииных организаций Казахстана (1917-1925 гг.).- Алма-Ата: Казахстан, 1989. -174 с.
- Аймауытов Ж. Жауап // Қазақ тілі.- 1923.- №42.
- Өзбекстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты (бұдан әрі- ӨР ОММ). 34-қ.-1-т.-465-іс- 34-п.
- ӨР ОММ. 372-қ.-1-т.-61-іс.-20-п.
- ӨР ОММ. 372-қ.-1-т.-70-іс.-1-п.
- ӨР ОММ. 372-қ.-1-т.-58-іс.-30-37-пп.
- Аймауытов Ж. Сауық кеші (Ташкентте) // Ақ жол.- 1924.- №497.
- Аймауытов Ж. Әйелді мектепке алыңдар! // Ақ жол.- 1924.- 26 қаңтар.
- Ел қыздары. Жүсіпбектен үлгі алыңдар! //Ақ жол.- 1925.- №530.
- ӨР ОММ. 372-қ.-1-т.-67-іс.-40-п.
- ҚР ОММ. 251-қ.-4-т.-4-іс.-37-п.
- ҚР ОММ. 251-қ.-4-т.-8-іс.-67-68-пп.
- ҚР ОММ. 251-қ.-4-т.-13-іс.-16-п.
- Аймауытов Ж. Елес // Жас қазақ.- 1924.- №5-6.
- Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы.- Алматы: «Санат», 1995.- 368 б.
- Қойгелдиев М., Омарбеков Т. Тарих тағылымы не дейді?- Алматы: Ана тілі, 1993.-205 б.
- ҚР ОММ. 251-қ.-4-т.-17-іс.-72-п.
- Ж.Аймауытұлының жауабы // Еңбекші қазақ.- 1926.- 16 наурыз.
- Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты (бұдан әрі - ОҚ ОММ). 734-қ.-2-т.-77-іс.-244-п.
- Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұрағаты (бұдан әрі-ҚР ҰҚКМ). 011494-іс.-2-том.-110 п.
- ОҚ ОММ. 147-қ.-3-т.-75-іс.-1-15-пп.
- ОҚ ОММ. 147-қ.-3-т.-19-іс.-20-п.
- ҚР ОММ.81-қ.-1-т.-1636-іс.-9-п.
- ҚР ОММ.81-қ.-4-т.-16-іс.-98-99-пп.
- ҚР ҰҚКМ. 011494-іс. 3-том.- 125-п.
- Тимофеев Н., Брайнин С. О националистической агентуре японо-германской разведки (историческая справка) // Большевик Казахстана.- 1937.- №9-10.- С.73-81.
Қаленова Теңгеш Серікбайқызы
т.ғ.к., Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
еуразиялық зерттеулер кафедрасының доценті