Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Тұрар Рысқұловтың күрделі де күреске толы өмір жолы

3258
Тұрар Рысқұловтың күрделі де күреске толы өмір жолы - e-history.kz
Тұрар Рысқұловтың публицистикалық және ғылыми-зерттеу еңбектерін оның саяси-партиялық және мемлекеттік қызметінен бөліп қарастыру мүмкін емес

Ол жиырмаға жуық кітап, брошюралардың авторы мен редакторы болды, жүздеген ғылыми және үгіт-насихаттық мақала жазып, жариялады, шығыс еңбекшілерінің Коммунистік университетінде дәріс оқыды, республикалық, өлкелік съездерде облыстық және аудандық партия конференцияларында, Кеңестер съезінде, көптеген қалалар мен ауыл шаруашылығымен айналысатын аудандардың жұмысшы-шаруаларының, жастарының, зиялы өкілдерінің алдында баяндама жасап, сөз сөйледі. Т. Рысқұлов еңбектерін оқи отырып, оның тамаша насихатшы, тарихи және экономикалық мәселелердің зерделі зерттеушісі болғандығына көз жеткіземіз.

Т. Рысқұловтың жергілікті баспасөзде, жергілікті ұлт тілінде жарияланған көптеген мақалалары өкінішке қарай, іздестіріп тауып, аударуды қажетсінеді. Бұл олқылықтың орнын 1984 жылы Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің жанындағы партия тарихы институты – ҚКП ОК жанындағы Марксизм-ленинизм институтының филиалы әзірлеген Т. Рысқұловтың бір томдық «Таңдамалы шығармаларының» 1984 жылы «Қазақстан» баспасынан жарыққа шығуы толтырғандай болды.

Бұл жинаққа Т. Рысқұловтың 36 еңбегі енгізілген. Оның ішінде орталық және жергілікті баспасөзде жарияланған мақалалары, Түркістан Компартиясы мен Әзірбайжан Компартиясы съездері мен конференцияларында, РКП(б) ХІІ съезінде, Шығыс халықтарының І съезінде сөйлеген сөздері, баяндамалары және басқа да материалдары бар. Т. Рысқұловтың «Таңдамалы шығармаларында» Ұлы Қазан төңкерісінен бастап 30-жылдар ортасына дейінгі кезең қамтылған. Олар негізінен партияның лениндік ұлт саясатын жүзеге асыру мәселелеріне арналған. Онда автор партияның Түркістанның жергілікті еңбекшілерін кеңестік құрылысқа тарту, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын  жақсарту,  ұлттық  зиялы қауым өкілдерін көтеру мәселелерін сөз еткен. Т. Рысқұловтың «Таңдамалы шығармаларында» Орта Азиядағы басма-шылықпен күресу тәсілдері, Түрксіб теміржолының тарихи мән-маңызы, Кеңес Одағында кооперацияларды, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылықты дамытуды қозғаған мақалалар берілген. Оның Орта Азия мен Қазақстандағы төңкеріс тарихын  зерттеуге арналған материалдары да аса қызығушылық тудырады. Бұл еңбекке «Контрреволюциялық Алаш-Орда және оның сарқыншақтары» атты мақаласының енуінің зор ғылыми мәні бар. «Таңдамалы шығармаларында» Т.  Рысқұловтың өмірі мен қызметі туралы қысқаша очерк жарияланған.

Т. Рысқұловтың «Таңдамалы шығармаларының» жарыққа шығуы оның әдеби мұрасын зерттеуге ықпалын тигізгені сөзсіз. С. Бейсембаев пен С. Көлбаев дайындаған  еңбектерінде Т. Рысқұловтың негізгі шығармаларына қысқаша шолу жасаған. Олар Т. Рысқұловтың ғылыми-зерттеу, насихаттау, публицистикалық салаларындағы еңбегінің орасан екендігін көрсетті. Оның шығармаларындағы көптеген ой-тұжырымдардың, деректердің, статистикалық және басқа да мәліметтердің бүгінгі таңда да саяси, ғылыми мән-маңызының барлығы аян. Көптеген тарихи әдебиеттерде Т. Рысқұловтың тек жекелеген жарияланымдарына ғана талдау жасалып, баға берілген (Победа Советской власти в Средней Азии и Казахстане. Ташкент, 1964; Турсунов Х.  Восстание 1916 года в Средней Азии и Казахстане. Ташкент, 1962; Чеботарева В.Г., Раджапова Р.Я. Историко-партийная наука в Узбекистане. Ташкент, 1982; Вопросы историографии Казахстана. Алма-Ата, 1983). Дегенмен мұндай бағалаулар тек Т. Рысқұловтың ертеректе жарияланған, Орта Азия мен Қазақстан халықтарының төңкеріске қатысу тарихының жекелеген проблемаларын қамтитын жарияланымдарына ғана қатысты. Сондықтан да оның еңбектері әлі де зерттеп-зерделеуді, талдау жасап, қазіргі заман тұрғысынан тұжырымдауды қажетсінеді.

Т. Рысқұлов тарихи зерттеуші және қоғамтанушы ретінде кеңестік тарихи ғылымның дамып-жетілуі барысында қалыптасты. Ол кеңестік тарихи ғылымның үш кезеңін басынан өткергені белгілі: оның алғашқысы  – 1917 жылдың қазанынан 20-жылдардың ортасына дейінгі кезең; екіншісі – 20-жылдардың екінші жартысынан бастап 30-жылдарға дейінгі кезең; үшіншісі – 30-жылдар басынан басталады [1.11].

Т. Рысқұлов күрделі де күреске толы кезеңдерде қызмет істеді. Бұл жылдары ғылыми пікірталастарда, ғылыми-зерттеу еңбектерде тарихты маркстік көзқарас тұрғысынан бағалауға, схематизмге, модернизмге, эко-номикалық материализмге қарсы күресуге үндеулер басым болды. Мұның бәрі, әрине, Т. Рысқұловтың ғылыми-зерттеу қызметінің мән-мазмұнына ықпалын тигізбей қоймады. Партия және мемлекет қайраткері ретінде өсіп-қалыптасу барысында Т. Рысқұловтың тарихи зерттеудің марксистік-лениндік әдістемесін игеру деңгейі оның 20-жылдар соңы мен 30-жылдар ортасындағы еңбектерінен айқын көрініс береді.

1924 жылы Т. Рысқұловтың «Ленин және Шығыс халықтары» [2] атты кітабы шыққан. Бұл Лениннің көпұлтты Кеңес Одағының халықтарының көсемі ретіндегі рөлін ашып көрсеткен жарық көрген алғашқы ғылыми-көпшілік еңбектің бірі еді. Оның Ленинді еске алуға арналған мақаласы осы жылы 1-ақпанда «Правда» газетінде жарық көреді. Онда Т. Рысқұлов өзінің В.И. Ленинмен қалай кездескенін, одан қандай әсер алғандығын баяндайды. Сол жылы «Новый Восток» журналында Т. Рысқұлов «Шығысты азат ету күресінің тарихынан (Түркістан қырғыздарының 1916 патша үкіметіне қарсы көтерілісі)» атты мақаласын жариялайды. Кейіннен, 1926-1927 жылдары баспасөз беттерінен 1916 жылғы Орта Азия мен Қазақстандағы көтеріліс туралы пікірталастар орын ала бастағанда Т. Рысқұлов бірқатар мақалалары мен «Орта Азияның жергілікті халықтарының 1916 жылғы көтерілісі» (Рыскулов  Т. По поводу выступления тов. Меницкого. Коммунистическая мысль. Ташкент, № 2, 1926; его же. Еще о характере восстания 1916 г. Туркестана. (Мой ответ тт. Меницкому, Кузьмину и Галузо). Коммунистическая мысль. Ташкент, №1, 1927; его же. Восстание туземцев Средней Азии в 1916 году. Кзыл-Орда, 1927; и др.) атты кітабы жарық көреді.

Х.Т. Тұрсынов өзінің «Орта Азия мен Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс» атты монографиясында бұл еңбектің жетістіктері мен кемшін тұстарын атап өтеді. Т. Рысқұлов бұл көтерілісті халықтың «ондаған жылдар бойы жинақталған өшпенділігінен туған» бүкіл-халықтық төңкеріс, көтеріліс ретінде қарастырады [3.113]. Ол көтерілістің имперализм жүйесіне ауыр соққы бергенін атап көрсетеді. Х.Т. Тұрсынов: «Ол (Т. Рысқұлов – М.Ж.) Ресей мен жергілікті ұлттық буржуазияның арасындағы экономикалық және сая-си байланысты, олардың көтеріліске қарсы біріккен күресін дұрыс көрсете алды» [4.13], – дейді. Соған қарамастан, аталмыш монографияда автор Т. Рысқұловтың осы тақырыпқа қатысты тұстарындағы қателіктеріне назар аударады. Олардың негізгілерінде Түркістан аудандарындағы түрлі оқиғаларға баға беруде Т. Рысқұловтың саралы көзқарасының болмауы, барлық орыс қоныс аударушылардың шаруашылығын отаршылдық ретінде қарастырып, қоныс аударған шаруалардың таптық жіктелуі мен күресін ескермеуі туралы айтылады. Т. Рысқұлов барлық еуропалық халықтар қырғыздар мен қазақтардың көтерілісінің басып-жаншылуына мүдделі болды. Оның көтерілісті патша үкіметі патша әскерлерін Орта Азия аудандарына Ауғанстан мен Батыс Қытайды жаулап алу жорықтарына әзірлеу үшін шығаруға себеп ретінде алдын ала жоспарлаған деп көрсетілген [4.13].

1926-1927 жылдардағы пікірталасқа қатысушы И.  Меницкий Т. Рысқұлов позициясын сынға ала отырып оны тек ұлттық мүддені ғана көздеп, тап күресі туралы естен шығарғаны үшін айыптайды. И. Меницкий: «1916 жылғы Түркістандағы оқиғалардан біз қаналған таптардың жергілікті буржазия мен ұлттық айырмашылығына қарамастан, басқа да қанаушыларға және солардың мүддесін көздеуші ретіндегі орыс әкімшілігіне қарсы шыққанын көреміз» [5.151], – деп жазды.

1982 жылы В. Чеботарев пен Р. Раджаповтың «Өзбекстандағы тарихи-партиялық ғылым» атты аса маңызды әрі мазмұнды монографиясы шықты. Олар: «Пікірталас қоғамтанушылардың 1916 жылғы көтері-лістің туындау себебі, сипаты жайлы бір пікірге келе алмағандығын көрсетті. И. Меницкий, Н. Кузьмин, П. Глаузо, А.В. Шестаков көтерілістің тек таптық сипатына ғана көңіл бөлсе, Т. Рысқұлов және басқалары оны тек ұлттық сипатымен қарастыра білді. Алайда, пікірталас марксистік кадрларды өсіру барысында тарихи-партиялық зерттеулердің теориялық негіздерін нығайтуда маңызды роль ойнады» [6.24], – деп көрсетті.

Бірақ бұл Т. Рысқұловтың көзқарастары өзгермеді дегенді білдірмейді. Осы 1916 жылғы көтеріліске қатысты аталмыш пікірталастан соң 8 жыл өткеннен кейін жазған «Төңкерістік күрес тарихының беттерінен» атты 1935 жылы қазан айында «Казахстанская правда» [7] газетінің үш нөмірінде жарияланған еңбегінде Т. Рысқұлов бұл оқиғаны басқаша тұрғыдан қарастырып, көтеріліс алдында таптық күрестің шиеленісе түскенін айта кетеді. Т. Рысқұлов: «Көтеріліс барысында Қазақстандағы сол кездегі таптық күштердің орны айқындалды. Қазақ байлары, жергілікті патша әкімшілігі және байлардың жағындағы ұлттың зиялы қауымы көтеріліс кезінде патша өкіметіне жақтасып, көтерілістің басып-жаншылуына ықпал етті. Отаршылдықты көздеген меньшевиктер мен эсерлер ұйымдары да патша үкіметінің көтерілісті басып тастау шарасына қолдау көрсетті. Бірақ орыс жұмысшылары мен жергілікті орыс шаруалары қазақ еңбекшілерінің көтерілісін жақтады.

Көтеріліс пен оны басып-жаншу кезінде еңбекші халық өздерінің таптық жаулары мен достарын айқын біліп алды. 1916 жылғы көтеріліс қазақ еңбекшілерін Қазан төңкерісін қолдауға даярлады [7], – деп мәселенің тереңіне үңіледі.

Т. Рысқұлов бұл жерде оқиғаға басқаша тұрғыдан баға беріп, Ресей патша үкіметінің отарлау саясаты, таптық күштердің іріктелуі және көтерілістің берген сабақтары туралы сөз етеді. Өкінішке қарай, аталмыш еңбек жарық көрген тарихи әдебиетте аталмаған. Соған қарамастан ол Т. Рысқұловтың шығармашылық тұрғыдан өсіп-өнуінің айқын көрінісі. Сондықтан оның әдеби мұраларын зерттеп-зерделеу барысында тарих-шылық-зерттеушілік қырының қалыптасуына ықпа-лын тигізген жағдайларды жан-жақты ескеру қажет.

Т. Рысқұловтың ертеректе жарық көрген жарияланымдарының кемшіліктерін де, жетістіктерін де атап өткен жөн. Оның 20-жылдар басындағы еңбектерінен жаңсақ пікірлері көрініс беріп қалып жүрді. Бірақ ол еңбектеріне сыни көзқарас тұрғысынан көз жүгіртіп, жан-жақты талдам жасайтын болсақ, көптеген құнды да мәнді мәліметтерді табамыз. Академик И.М. Минцтың жетекшілігімен даярлаған «Кеңес өкіметінің Орта Азия мен Қазақстандағы жеңісі» атты іргелі монографиясында ол: «20-жылдар тарихнамасында Орта Азияның байырғы ұлттар еңбекшілерінің төңкеріске және Кеңес өкіметінің нығаюы үшін күреске қатысуын баяндауы қызығушылық тудырады. Сөз Түркістан автономиялы респубикасының Орталық атқару комитетінің төрағасы, Түркістан Компартиясы Мұсылмандар бюросының бұрынғы төрағасы, Орта Азияның алғашқы кеңестік тарихшыларының бірі Т. Рысқұловтың кітабы туралы болып отыр [8]. 1919-1921 жж. Т. Рысқұлов ұлттық мүддеге ауытқып, жаңсақтыққа ұрынды. Бұл оның кітабына ұлттық қозғалыстағы алашордашылар мен жадидтердің ролін асыра бағалап, түркістандық диқандардың таптық жіктелуі мен таптық күресінің өз ортасында да, орыс қоныс аударушы шаруалардың ортасында да жете бағаланбауы арқылы  да көрініс беріп қалды. Соған қарамастан Т.  Рысқұловтың қандай да бір шамада мемуарлық сипаты да бар бұл кітабы байырғы ұлттар арасында жергілікті партия ұйымдарының құрылуы, олардың алғашқы социалистік құрылыстағы ролі, Орта Азия халықтарының контрреволюциялық басмашыларға қарсы күресінен мағлұмат беретін құнды мәліметтер көзі болып қала береді. Кейінгі еңбектерінде Т. Рысқұлов өзінің әлсіз пікірілерін мойындап, кейіннен өз көзқарастарын уақыт тұрғысынан  жаңаша  білдіре  бастады [9]. Т. Рысқұловтың өткен ғасырдың 20-жылдарындағы еңбектерінде Түркістандағы төңкерістік қозғалыстың өрістеуіне қатысты құнды мәліметтер, сондай-ақ атап айтқанда, «Төңкеріс және Түркістанның байырғы тұрғындары» атты кітабында аштықпен күресуді ұйымдастыруға арналған баяндамалары мен мақалалары жарияланған. Бұл материалдарда жергілікті көшпелі халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын сипаттайтын көптеген мәліметтер келтіріліп, оларға талдау жасалған. Аштықпен күресуге бағытталған саяси, экономикалық және ұйымдастырушылық сипаттағы нақты ұсыныстар берілген [10]. Сонымен қатар аталмыш кітаптан оның түркістандық большевиктердің солшыл эсерлермен күресінде дұрыс позицияны ұстанғандығы, еңбекші халық мүддесі үшін тұрғандығы айқын байқалады.

Т. Рысқұловтың ертеректе жарық көрген еңбектері туралы сөз еткенде, оның алғашқылардың бірі болып төңкеріс тарихы, азамат соғысы және Түркістандағы шетелдік әскери интервенция хақында құжаттарды жарыққа шығарғандығын баса айту керек. Бұған оның «Түркістандағы РКП(б) Мұсбюросы», «Төңкеріс және Түркістанның жергілікті тұрғындары» атты кітаптарының мазмұны дәлел бола алады. Оларда Түркіс-тан Компартиясы, Түркістан Орталық атқару комитеті съездерінің құжаттары келтірілген. Оның ішінде Түркістан АССР-і Кеңестерінің VІ жәнеVІІ съездерінің большевиктер фракциясы мәжілісінің материалдары (1918 ж. қазан), Түркістанның Уақытша Әскери төңкерістік кеңесінің, Түркістан республикасындағы аштықпен күрес жөніндегі Орталық комиссияның бұйрықтары, Өлкелік сауда директориясының мәжілісінің хаттамалары бар (1919 ж.) [10].

Т. Рысқұлов 1927 жылы «КСРО республикалары мен облыстары» сериясымен жарық көрген «Қазақстан» [11] атты еңбегінде  ХІ  ғасырдан бастап қазақ халқының Ұлы Қазан төңкерісіне дейінгі әлеуметтік-саяси, тұрмыстық құрылысын, қазақтардың Кеңес өкіметін орнатуға атсалысуын, Қазақ АССР-інің құрылуы мәселелерін, республикадағы экономикалық, мәдени қалыптасу,   Қазақстанның тарихи даму жолдарын қарастырады.

Т. Рысқұловтың қазақтардың Ресейдің қол астына кіру мәселесіне қатысты зерттеулері аса қызығушылық тудырады. Бұл үрдіс кітапта көрсетілгендей, ХІХ ғасыр соңында аяқталады.

Алайда ІІ Екатеринаның тұсында-ақ қазақ территорияларын басқару жүйесін өзгерту жобасы туындаған болатын. Себебі қазақтар Ресейдің билігін мойында-ғандарымен, Рысқұлов жазғандай, «билік етуді жүзеге асыра бастағанда қарсылық білдіреді». Кітапта  1822 жылы енгізілген «Сібір қырғыздары туралы Жарғыға», 1891 жылы патша үкіметі бекіткен «Дала ережесі» мен «Түркістан өлкесін басқару жайлы Ережеге» талдам жасалады. Осы талдамның нәтижесінде Т. Рысқұлов: «Патша үкіметі қазақтарды оның билік басындағы атқамінерлерімен тығыз байланыс орнату арқылы түземдік администрациясының жәрдемімен билеп-төстеді» [11], деп тұжырым жасайды.

Т. Рысқұловтың ХХ ғасыр басында қазақ қоғамына сауда капиталын енгізу туралы, қазақтардың шаруашылық шаруашылық жүргізудің айырбас жасау түрінен тауарлық-ақшалық түріне ауысуы туралы, жаңашаруашылық түрлерінің: аралас мал және жер шаруашылығы мен таза жер шаруашылығының пайда болуы туралы тұжырымдары патша үкіметінің Қазақстандағы басқыншылық саясатының мәнін тереңінен ұғынуға мүмкіндік берді. Т. Рысқұлов: «Патша үкіметінің Қазақстанды отарлау саясатының мақсаты, біріншіден, Ресейдегі үстем дворяндық-помещиктік өкіметтің капитализм үшін оңай олжа табуға ұмтылуында жатса, екіншіден, шаруаларды Азия елдеріне қоныс аударту арқылы өз елдеріндегі аграрлық берекесіздікті, орыс помещиктері мен дворяндарына зардабын тигізбей жер тарлығын жою» [11], – деп жазды. Кітапта статистикалық мәліметтер келтіріліп, патша үкіметінің осы саясатының зардаптары туралы автордың толымды пікірлері берілген.

Т. Рысқұловтың қазақтың ұлттық зиялы қауымы турасындағы ойларының да өзіндік маңызы бар. Ол қазақтың зиялы қауымы орыс және мұсылман мәдениетінің ықпалымен қалыптасты деп санайды, оның үстем тап мүдделерін қорғайтын бөлігін сынға алады. «Қазақтардың 1916 жылғы патша үкіметіне қарсы көтеріліске шыққанда осы зиялы қауым өкілдері көтерілісті басып-жаншуға ашық араласып, баспасөз беттерінде көтеріліске қатысушыларды айыптап, аса қуатты патша үкіметінің билігіне бағынуға шақырды, ал көтерілісті басып-жаншу кезінде патша әкімшілігінің қатаң жазалауларына да қарсылық көрсетпеді» [11], – деп жазған еді Т. Рысқұлов.

1929 жылы Т. Рысқұлов Николай Григтің Ленинградтан шыққан «Түрксібте» атты кітабына алғысөз жазады. Алғысөзде Т. Рысқұлов Түрксібке саяси, шаруашылық және экономикалық тұрғыдан оң баға беріп, осы құрылыста туындаған олқылықтар мен қиындықтарды айқындап, алдағы міндеттерді нақтылайды.

Т. Рысқұлов үшін Түрксіб тақырыбы – ерекше тақырып болды. Құрылысты салу барысында оны теміржол магистралының оның маңындағы аудандардың ғана емес, Орта Азия, Сібір, Қазақстан мен Қырғызстанның экономикалық өсіп-өнуіне тигізер ықпалы сынды мәселелер толғандырды. Т. Рысқұлов жергілікті баспасөз бен «Правда», «Известия» газеттерінде экономист-ғалым ретінде Түрксіб бойымен жоғарыда  аталған аудандар мен республикалардың арасында жүк тасымалдаудың олардың әлеуметтік-экономикалық дамуына тигізер ықпалын тереңдей зерттеп сөз етеді. Бұл тұрғыдан алғанда ол Орта Азияны  – мақта шаруашылығын жүргізуге бейім  аудан ретінде; Сібірді – астықпен, ағашпен, табиғи қазбалармен қамтамасыз ететін аудан ретінде; Қазақстан мен Қырғызстанды – ауыл шаруашылығы (егіншілік пен мал шаруашылығы) аралас типтегі аудандар ретінде қарастырады. Ол Сібірдегі өнеркәсіптерге, атап айтқанда, металлургия мен химия өнеркәсібіне де көңіл бөледі.

Т. Рысқұлов қоғам, жұртшылық назарын үнемі Түркістан – Сібір теміржолына бөлуге тырысты. Осы құрылысқа арнап екі кітап шығарды. Оның бірі «Түрксіб» деп аталады, ол Т. Рысқұловтың жекелеген мақалалары мен сөйлеген сөздерінен тұрады. Оның қаншалықты маңызды еңбек болғандығын айқын ұғыну үшін сондағы мақалаларының бас тақырыпта-рынан мысал келтірген орынды болмақ:

–  Жетісу теміржолының проблемалары;

–  Ірі  құрылысты  салу  жоспары жайлы (Т. Рысқұловтың КСРО Мемлекеттік жоспар Президиумының 1926 жылғы 6 қарашадағы ірі құрылысты салу жоспарын қарастыруға арналған кеңейтілген мәжілісінде сөйлеген сөзі);

– Түрксіб құрылысының барысы туралы (Т. Рысқұловтың 1927 жылғы 24 маусымдағы СТО мәжілісінде Түрксіб құрылысының барысы жайлы НКПС Я.Э. Рудзутактың баяндамасына қатысты пікірталаста сөйлеген сөзінен);

– Халық шаруашылығының 1927/28 жж. көрсеткіштері және Түрксіб (Т. Рысқұловтың КСРО Халық комиссарлар кеңесі мен СТО 1927 жылғы 14  қарашадағы халық шаруашылығының көрсеткіш-терін қарастыруға арналған біріккен мәжілісінде сөй-леген сөзінен); 

– Түркістан – Сібір теміржолы мен оның аудандарының шаруашылығының дамуы;

– Түркістан – Сібір теміржолы мен оның КСРО-ның халық шаруашылығы үшін маңызы;

– Түрксіб және Орта Азияны қамсыздандыру.

Негізінде сонау 1931 жылы Мәскеуде оның «Жаңа кезеңдегі коммуналдық шаруашылық (Коммуналдық және тұрғын үй шаруашылығы саласындағы кезек күт-тірмес міндеттер)» атты тағы бір еңбегі жарық көреді. Онда автор 20-жылдар соңындағы коммуналдық және тұрғын үй шаруашылығының жай-жапсарын сөз етіп, қаладағы осыған қатысты маңызды проблемаларды шешудің қиындығына тоқталады, Кеңес Одағының халық шаруашылығының осы бір маңызды саласын дамытудың негізгі бағыттарын атап көрсетеді. Көптеген сандар мен басқа да мәліметтерді келтіре отырып Т. Рысқұлов коммуналдық және тұрғын үй шаруашылығын дамытудың негізгі ережелерінің тек РСФСР үшін ғана емес, басқа да одақтас республикалар үшін маңыздылығына тоқталады. Бұл тұрғыдан алғанда кітап халықтық мәнге ие болғаны анық.

Қазақстан егемен мемлекет болған тұстан-ақ экономиканың сүбелі бөлігі – коммуналдық және тұрғын-үй шаруашылығына басым назар аударды. Арнайы министрлік функционалдық тұрғыда айналысатын мәселелер қордаланып қалғанын уақыттың өзі дөп басты. Бұл тұста да Тұрар Рысқұлов идеялары өміршеңдігін дәлелдеп тұр.

Т. Рысқұловтың «КСРО республикалары мен облыстары» сериясымен 1927 жылы «Қазақстан» атты кітабын шығарғандығы жайлы айтып өттік. Осы баспамен байланысын жалғастыра отырып, Т. Рысқұлов Қырғызстанның тарихы мен экономикасын бірнеше жыл бойы зерттеудің нәтижесінде 1935 жылдың басында Мәскеуде «Қырғызстан» атты кітабын жарыққа шығарады. Бұл – Т. Рысқұловтың салмақты ғылыми зерттеулерінің бірі. Кітапта Қырғызстанның экономикалық-географиялық жағдайына ауқымды шолу жасалған. Онда қырғыздардың басқыншыларға қарсы күресі, қырғыз халқының Қазан төңкерісіне дейінгі мәдени-тұрмыстық өмірі баяндалып, алғашқы бесжылдықтағы өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығының жай-күйі мен екінші бесжылдықта халық шаруа-шылығының маңызды салаларын дамыту мәселелері сөз болады. Кітаптың соңғы, сегізінші тарауында РКП(б) қырғыз ұйымының қысқаша тарихы беріледі. Сонымен қатар Т. Рысқұлов осы елдің географиялық жағдайы, климаты мен табиғаты, қырғыз халқының тұрмысы, рухани байлығы тұрғысын баяндайды. Қырғызстан тарихын сөз еткенде Т. Рысқұлов қырғыз тайпаларының ІІ  ғасырдан бастап біздің дәуірімізге дейінгі аралықтағы дамып-жетілу барысына көңіл бөледі. Шыңғысханның жаулап алуы туралы ол: «Шыңғысхан бастаған моңғол шапқыншылығы моңғолдардың қоныс аударуы емес-ті, себебі, монғолдардың басым бөлігі Шыңғысхан империясы құрылған соң өз территорияларында қалған болатын, Шыңғысхан да сонда оралды, бұл – жаңа территорияларды жаулап алу үшін, жекелеген тайпалардың арасындағы қайшылықтарды ұтымды пайдалана білген әскери-феодалдық үстем таптың ісі еді» [12,22], – деп жазды.

Т. Рысқұлов қырғыз халқының орта ғасырлардағы ауыр тағдырын егжей-тегжейлі баяндай отырып, Темірланның XІV ғасырдағы жаулап алу саясаты, XVII ғасыр басында құрылып, қырғыз жерлерін жаулап алған қалмақтардың Жоңғар мемлекеті туралы айта келіп, өзіне қырғыз тайпаларын бағындырған XVIII ғасыр соңында құрылған Қоқан хандығының озбырлығын, деспоттығын көрсетеді.

Т. Рысқұлов бірқатар қырғыз руларының Ресейдің қоластында өз еріктерімен кіргендігін айтады. Оның ішінде ол ХІХ ғасырдың екінші жартысының басында орыс әскерлеріне Қоқан хандығымен күресте көмек көрсеткен богу және саях руларын ерекше атайды.

Еңбекте патша үкіметі тұсындағы қырғыз өлкеле-рінің әкімшілік басқарылу тәртібіне де көңіл бөлінеді. Т. Рысқұлов мұндай тәртіпті «екі жақтан» – бай-манаптар мен патша үкіметі тарапынан қанау тудырған тәртіп ретінде бағалайды. «Орыс билігі орнағаннан бері құлдық пен манаптардың үстемдігі жойылды, бірақ көшпелі кедейлерді қанау ұйымдасқан сипатқа ие бола бастады» [12,22], – деп жазды Т. Рысқұлов.

Т. Рысқұловтың патша үстемдігі жағдайларындағы қырғыздардың әлеуметтік-экономикалық қатынастарының дамуы туралы тұжырымдары көңіл аудартады. Автор оның көршілес Қазақстандағыдай сипатта болғандығын атап көрсетеді. Мұнда да манаптардың феодалдық үстемдік ету әдістері өзгеріп, халықтың жіктелуі орын алды.

Т. Рысқұлов келтірген мәліметтерге сүйенсек, малы жоқ немесе сегізге дейінгі мал басы бар халықтың 49,22 пайызына шаққанда, небәрі 11,12 бас малдан ғана келді, ал 5,52 пайыз байларға шаққанда, олар барлық малдың 33,51 пайызына ие болды. Қырғыздардың егін шаруашылығында да осындай жағдай орын алды. Бұл жерде Т. Рысқұлов қырғыздардың барлық шаруашылығының 47,75 пайызында ешбір ауылшаруашылық құралдарының болмағандығын, ал 40,77 пайызының басқалардың құралдарын пайдаланғандығын атап көрсетеді [12,40]. «Қырғыз халқының жаппай кедейленуінің есебінен манаптар мен олардың одақтастары – саудагерлер, кулактар мен патша әкім-шілігінің өкілдері байып алды» [12,42], деп ашық айтады.

Аталмыш еңбекте сондай-ақ патша үкіметінің қоныс аударту саясаты жан-жақты талқыланған. Автор қырғыз еңбекшілерінің ауыр жағдайын, болыс пен ауыл старшиналарының билеп-төстеуін сөз ете отырып, қоныс аударушы ауқатты тұрғындардың шаруашылықты тонап-билеуін атап көрсетеді. «Тек Кеңес Одағы ғана ұлттық мәселені, қырғыз халқы мен қоныс аударушылардың арасындағы жер дауларын оңынан шешіп, Қырғызстан халқының осы екі негізгі бөлігінің тату-тәтті тұруына жағдай тудырды» [12,47], – деп жазған-ды Т. Рысқұлов.

Кітапта еңбекшілердің Кеңес өкіметінің орнатылып, нығаюы үшін күрес жолдары, басмашыларға қарсы күресуі, жер-су реформаларын жүргізуі, Қырғыз АССР-ін құруға атсалысуы кеңінен баяндалған. 

Кітаптың маңызды тараулары Қырғыз елінің 30-жылдардағы жай-күйін қамтиды. Автор республиканың пайдалы қазбаларына, өнеркәсібі мен ауыл шаруа-шылығының жай-жапсарына тоқталып, өнеркәсіптік өнімдерді, атап айтқанда, отын, тау-кен, металл, жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің шығарылуы туралы мәліметтер келтіреді. Оның ішінде егіншілікті, мал шаруашылығын, өсімдік өсіру, құс шаруашылығын, орман шаруашылығын дамыту туралы материалдар да бар. «Бірінші бесжылдық пен екінші бесжылдықтың екі жылының нәтижесінде, – дейді Т. Рысқұлов, – Қырғызстанда егін шаруашылығын дамытуда зор табыстарға қол жеткізілді. Егер төңкеріске дейін егін шаруашылығымен еуропа халықтары ғана айналысса, енді барлық ауыл шаруашылығы өнімдерінің жартысынан көбін егін шаруашылығы өнімдері құрайды. Егін шаруашылығының қарқынды дамуы ауыл еңбекшілерінің жағдайының жақсарып, мал шаруашылығының одан әрі дамуына жол ашады» [12].

Қырғыз елінің екінші бесжылдықтағы дамуына да айрықша көңіл бөлінген. Автор ауыл және орман шаруашылығының дамуының негізгі бағыттарына, көшпелі және жартылай көшпелі халықты отырықшыландыру шараларының жүргізілуіне талдау жасап, сауда-саттық пен көлік және байланыс қызметінің, коммуналдық және тұрғын үй шаруашылығының ке-ңінен құлаш жайғанын атап көрсетеді.

Кітаптың арнаулы бір тарауы кеңестік және мәдени құрылысқа арналған. Т. Рысқұлов құрылыс салу ісіндегі территорияның аумақтылығы, жердің таулы болуы, байланыс жолдарының дұрыс жолға қойылмауы тәрізді қиындықтарды көрсете отырып, соған қара-мастан республиканың еңбекшілерді құрылыс салуға тарту ісінде зор жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтеді. Еңбекте халықты ағарту, сауатсыздығын жою, денсаулығын қорғау, әлеуметтік қамтамасыз ету, сот пен баспасөз, мәдени-ағартушылық жұмыстарға қа-тысты нақты мәліметтер кестемен берілген.

Қырғызстанның партия ұйымдарының құрылуы мен қызметінің тарихы егжей-тегжейлі баяндалып, 1927-1928 жылдардағы сандық та, сапалық та жағынан өсіп-жетілуі – партия ұйымдарының әлеуметтік әрі ұлттық құрамы, ондағы әйелдер саны, РКП(б) облыстық комитетінің, аудандардағы партия комитеттерінің жұмысының формалары мен әдістері жайлы мәліметтер келтірілген. Сондай-ақ Т. Рысқұлов республиканың комсомол ұйымына қатысты оның 20-жылдар соңында, 30-жылдар басында қалай туындап, қанат жайғаны, сапалық және сандық құрамы, қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып кетеді. Кітаптың ғылыми анықтамалығында көптеген құнды мәліметтер келтірілуі автордың бұл еңбекке терең мән-маңыз бергенін дәлелдейді.

Т. Рысқұловтың «Қырғызстан» еңбегі шағын туынды болғанымен (12 баспа табақ), Кеңестік Қырғызстанның тарихи және экономикалық дамуының көптеген мәселелерін қамтитын алғашқы монографиялық зерттеу. Оның композициялық құрылысы, мазмұны мен ғылыми анықтамалығы автордың зерделілігін, ғылыми қарым-қабілетінің аса жоғары болғандығын айқындай түседі. Жалпы алғанда, Т.  Рысқұловтың ғылыми-зерттеу қызметінің негізгі бағыттары қазақтардың, қырғыздардың және Орта Азия республикаларының басқа да халықтарының тарихын, Орта Азия мен Қазақстанның жергілікті халқының төңкеріс қозғалысына қатысуын, олардың патша үкі-меті мен капитализмге қарсы күресін, социалистік құрылысын, КСРО-дағы ұлт мәселесінің шешілуін, Кеңестер Одағындағы артта қалған аудандардың эко-номикасының дамуын зерттеуімен нақтыланған.

Т. Рысқұлов орталық және жергілікті газет-журнал беттерінде көптеген материалдарын жариялады. Ол Орта Азия мен Қазақстандағы 1916 көтеріліс туралы, Түркістан еңбекшілерінің төңкеріс қозғалысы туралы, Қазан төңкерісінің Қазақ АССР-ін құрудағы ролі туралы, басмашылықпен күрес туралы да жазды (Туркестанская правда, 1923, 23 июнь; Советская степь, 1927, 24 июль; 1929, 4 март; Казахстанская правда, 1935, 10 май). КСРО-дағы ұлт мәселелерін шешуге, Кеңес өкіметінің тұсындағы түрлі халықтардың жетістіктеріне, қазақ ауылдарын өркендетіп, көшпелі халықты отырықшыландыруға, ортаазиялық республикалардың экономикалық дамуы мен «Қосшы» одағының ұйым-дарына, ұлттық зиялы қауым мен мәдениеттің өсуіне, жастардың арасында жұмыстар жүргізуге қатысты мақалалар да Т. Рысқұловтың қаламынан туған (Туркестанская правда, 1923, 27 февраль, 6 март; Советская степь, 1926, 10 июнь).

Оның баспасөздегі мақалаларының құндылығын, мысалы, ұлттың зиялы қауымының Қазақстандағы мәдени төңкерісті жүзеге асырудағы ролі жайлы материалынан да байқауға болады. Аса ірі ғалым Р.Б. Сүлейменов Т. Рысқұловтың еңбектерінің Қазақстанның ұлттық мәдениеті мәселелерін қамтудағы құндылығы туралы былай дейді: «Т. Рысқұлов Қазақстанда жұмысшы табы, пролетариат өсіп-жетілмегендіктен, мұнда пролетариаттық мәдениеттің, әдебиеттің, өнердің болуы да мүмкін емес деген пікірді алғашқылардың бірі болып сынға алды.

Зиялы қауымға қатысты мәселеде Т. Рысқұлов сондай-ақ бірқатар қызықты да орынды пайымдаулары мен ескертпелерін білдірді. Атап айтқанда, ол бұрынғы кадрларды қайта даярлап, оларды пайдалану мүмкіндігі жайлы айтқан-ды» [13].

Т. Рысқұловтың қазақ халқының ұлттық мәдениетін зерттеп-зерделеудегі еңбектері әлі күнге дейін өзінің мән-маңызын жойған жоқ. Тарихты тудыратын да халық, ұлттықты сақтап тұратын да – халық дейтін болсақ, онда ұлттығымыздың келісті келбеті – ана тіл, діл, дін, салт-дәстүріміз екені даусыз. Алмағайып  замандарда, алпауыт күштермен арпалыса жүріп алты алаштың азаттығын көксеген арыстарымыздың аталы сөздері мен салиқалы пікірлері, батыл әрекеттері қазіргі таңда халықтық қазынаға айналып, ұлттық болмыстың эталонындай бағалануда.

Қылышынан қан тамған сонау кеңестік идеология тұсында-ақ қаһармандығымен әлемге танылған қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың публицистік бай мұрасы ұлтымыздың жүріп өткен жолымен, өксікті өмірімен, мүдде-мақсатымен терең тамырлас. Оның тарих, экономика, ғылым-білім, мәдениет тақырыбына арнап халықтық тілде, ұлттық рухта жазған шығармалары ұлтымыздың өткенін суреттеген елеулі энциклопедиялық еңбек десек жаңсақ емес.

Тіршілікте көп жасай алмаса да, көрген-білгенін түйіндеп баспасөз беттеріне жариялауды өзінің парызы санаған Тұрардың журналистикаға араласуы – құбылыс. Оның публицистігінің негізі Бішкектегі ауыл-шаруашылық училищесінде оқып жүргенде-ақ қаланған дей аламыз. Арнайы журналистік білім алмаса да, сол кезеңдердегі түркі балаларының бұлдыр болашағына күйзеледі. Жастайынан жетім қалып, жоқшылықта езілген ер, бар жұбанышын кейін ол білімнен табады. Білім оны алға жетелейді. Келе-келе баспасөзді өзіне түбегейлі серік еткен Тұрардың әр алуан тақырыпқа, әртүрлі жанрларға қалам қарымын сынаған дүниелері өткір де өзекті. Училище директорына жазған алғашқы хаты оның бүкіл өміріне шамшырақ болғандай.

«Сізге төмендегі жағдайды хабарлауыма рұқсат етіңіз, Илья Павлович! Сіз рақым етсеңіз, назарыңызды жарты сағат қана менің өтінішіме бөлуіңізді сұраймын. Мен Сіз басқарып отырған мектепті бітіргелі тұрмын және Сізге өзімнің таудай талабымды білдірмек ойым бар.

Мен – бір кезде панасыз қалған, қарапайым қазақ-тың баласымын. Орыстардың мәдениетінің, ілімінің, игі әсерінің арқасында өзімнің шама-шарқымды бағдарлайтындай шағын ғана білім алдым. Осы білімнің нәтижесінде бұрын кім едім, қазір кіммін және қиын-қыстау шырғалаңы көп болашағым қандай болмақ деп алды-артымды шамалайтындай халге жеттім. Күн көру үшін күресу шындығында қиын, өйткені мен жастайымнан ата-анадан жетім қалып, талай-талай бақытсыз күндер кештім, менің нәрестелік санама өшпестей із қалдырған жетімдіктің неше алуан тауқыметін тарттым. Әйтеуір сол ауыртпалықтан үзіліп кетпей, бой түзерліктей тіректі мен білімнен таптым.

Мен оқуды Верныйдың училищесінде бастадым, бірақ көп ұзамай Меркі интернатына ауысып, оны жақсы бітіріп шықтым,

Ол кезде мен әлі оқудың неге керек екенін түсінбеуші едім, енді байқасам, тек инстинкттің жетілуімен оқысам керек.

Одан кейін мен сот мекемесіне кіріп, заң жүйесінен біраз дерек алдым, бірақ мен білім алуды аңсап, Сіздің мектебіңізге келдім.

Сіздің мектепке түскеннен кейін мен тұтас әлеммен таныстым, өмір сырына үңілдім, табиғат сырын танып, «ауыл шаруашылығы» деп аталатын ілімнің неге керек екенін ұқтым. Мен өте жақсы оқи алар едім, өйткені менде табиғат берген алғыр ақыл-ой мен дарын барын сеземін, әйтсе де адам ғұмырында сәтті шақтар мен кесе-көлденең кесапаттар бақталас болғандай ғой, сол бір кесапаттың салдарынан оқуым тоқырап, заңды өсіп жетілу дәрежем күйрей жаздады. Бірақ өзімнің дәтімнің беріктігінің арқасында төбеме төнген бұлтты серпіп тастап, 3-ші кластан бастап іске шындап кірістім.

Мен көптеген бақытсыздықты бастан кештім, өмірдің ауыртпалығын тарттым. Енді қайтып ондай қорлық көрмес үшін, талабыма жетуге шамам келмесе де, егер мүмкіндік болса, әрі қарай білімімді жалғастырып, адам болуға біржолата бел будым.

Маған көмек берер менде әке-шеше жоқ, жалғыз тірегім – мектеп және Сізсіз.

Ендігі менің  бүкпесіз өтінішім: Илья Павлович, менің білімімді одан әрі жалғастыруыма көмек етсеңіз екен, енді менің болашағым қандай болмақ, бар тағ-дырым Сіздің қолда. Мен Сізбен және мұғалімдермен турашыл, бұқпантайсыз мәймөңкесіз қатынаста болдым, менің мінезім – сол, бірақ Сізді де, мұғалімдерді де шын ниетіммен құрмет тұтып сыйладым.

Менің пайымдауымша, мен мектепте Ережеге, ар ісіне сай ғұмыр кештім, әйтсе де шамалы шәлкестік болған болар – мұның үшін кешірім өтінемін, сондай-ақ бұл арызыммен уақытыңызды алғаным үшін ғафу етіңіз.

Сіздің шәкіртіңіз Тұрар Рысқұлов» [14].

Хат мазмұнына қарап, Рысқұловтың балалық шағы аса қиыншылықта өткенін байқаймыз. Өзекжарды өтініші мектеп директорын толғантса керек, мұғалімдер ұжымымен ақылдаса келе, Тұрарға Самарадағы орта дәрежелі ауыл шаруашылығы училищесіне түсу үшін жолдама береді.

Т. Рысқұлов журналистика жанры – хаттың жазылу формасын жақсы меңгерген. Негізінен, публицистиканың эпистолярлық жанры саналатын хатта жауап күтілетін бір немесе бір топ адамға тікелей қаратылып, әңгіме бірінші жақтан айтылады. Хаттың міндеті үлкен қоғамдық маңызы бар мәселе көтеру, көтерілген проблемаға кең түрде оқушылар қауымының назарын аудару [15] болатын болса, автор пайдаланатын әдеби тәсіл оған эмоционалдық түрде әңгімелеуге, көтерілген мәселеге өзінің нанымын, өзінің көзқарасын тереңінен толғауға мүмкіндік береді. Хатта шәкірт Тұрар ішкі сезімін бүкпесіз айтуға тырысқан.

Мектеп директоры Тұрар тілегін орындағанымен, оның одан кейінгі өмір жолы даңғыл болды деу қиын. Самара қаласынан әділетсіз шешімнің құрбаны болып, жолы болмай қайтқан ол Ташкенттегі мұғалімдер институтына да ілікпей қалады. Сонда да табанды мінезінің арқасында оқуға қайта қабылданады. Арқа сүйер ешкім болмағандықтан, оқи жүріп қосымша еңбек етуіне тура келеді.

Студент кезінен бастап-ақ ұлт-азаттық, революциялық қозғалыстарға қатысып, жасырын саяси үйірмелердің жұмысына араласа бастайды. Саяси әдебиеттерге барынша зейін қояды. Табиғатынан зерек жас теңдіктің күрессіз келмейтінін, азаттыққа апарар жол жеңіл болмайтынын терең ұғына білді [16]. Халықты еркіндікке жеткізудің, тәлімді тәрбие беріп, саяси тұрғыда ағартудың бірден-бір құралы – баспасөз екенін Т. Рысқұлов – басқаларға қарағанда ерте сезген тұлға. Оның публицистикасының бастаулары болып саналатын хаттары, қоғамдық салмағы қомақты мақалалары, тарихи очерктері, баяндамалары Түркістан өлкесінде сол кезеңдерде шығып тұрған «Джетысуйская правда», «Известия ТурЦИКа», «Известия Ферганского облсовдепа», «Правда Востока», «Советский Туркестан», «Туркестанская правда», «Туркестанский коммунист», «Туркестан», «Ақжол» т.б. басылымдарда үздіксіз жарық көрді.

Негізінен Т. Рысқұлов хат жанрына халық басына күн туған аласапыранда қайта оралып отырған. РСФСР Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүргенде сол кездегі қазақ халқын ашаршылық апатына ұшыратқан «Ұлы бетбұрыс» қозғалысын бастаушы Сталинге қаһармандықпен қаймықпай хат жазуы – теңдессіз ерлік. И. Сталинге жазылған Тұрар Рысқұлов хаттарының мазмұнына тоқтала кетсек. Әуелгі ресми хаты 1932 жылы қыркүйекте жолданған. Екіншісі – 1933 жылы қаңтарда, үшіншісі  – 1933 жылы наурызда жазылған. Бұл хаттарда коллективтендіруді жедел қарқынмен жүргізудің халыққа тигізген қасіретін айтып, ашаршылық өртінің қаулап бара жатқанын жеткізеді. Әсіресе, үшінші хатындағы қатты шамырқанысы айқын көзге ұрады. Адам жаны түршігерлік қиянатты айыптайтын хаттың түйінді тұсына көз тоқтаталық: «Қазақтардың 1931 жылдың аяғында басталған бір ауданнан екінші ауданға күштеп қоныс аударылуы және Қазақстаннан шыға қашуы көктемнің шығуымен ұлғайып, олардың кейбір бөліктерінің 1932 жылдың жазында қайта оралуына байланысты енді қайтадан күшейіп отыр. Аштық негізінде етек алған өлім мен жұқпалы індеттің көптеген қазақ ауылдарында және босқындардың арасында кең жайылып бара жатқаны соншама, орталық органдардың шұғыл түрде араласуы қажет болып отыр. Қазақ жұртының белгілі бір бөлігін камтыған Қазақстанның басына түскендей ауыр хал қазір ешбір өлкеде, ешбір республикада жоқ. Бұл мәселенің мәні зор болғандықтан, Сізден осы хатпен танысуыңызды және де осы іске араласып, аштан қырылып жатқан көптеген адамдардың өмірін сақтап қалуыңызды сұраймын» [17]. Көрнекті мемлекет қайраткері Т. Рысқұлов публицистикасының бастауы – хаттары әлеуметтік маңызы зор мәселелерді көтерумен ерекшеленеді.

Қашанда мерзімді баспасөз – тек публицистердің ғана емес, бүтіндей қоғамның үнін жеткізуші, болмысын танытушы. Сонымен қатар, публицисті  шеберлікке бастар – мектеп, медресе. Бұл қағида Тұрар публицистикасын игергеннен кейін пайда болып, қалыптасқан жоқ, исі қазақ публицистерінің шығармашылық жолынан айқын байқауға болады. Соған қарағанда, публицистика – заңғар жазушы, арынды ақын, пайымды қайраткердің, т.б. ұзақты көрсетер ұлы сапарының бастауы, қайнары екендігіне дау жоқ.

Тұрардың дүниеге көзқарасы, оның қоғам қайраткері және тұғырлы тұлға ретінде қалыптасуындағы жеңістері, жеңілістері – бәрі-бәрі өзі ғұмыр кешкен кезеңнің сан-салалы саясатымен үндесіп жатқандығын соңында қалған туындыларынан, архив құжаттарынан аңғарамыз.

Өткен ғасырымыздың тарихи оқиғаларына көз салар болсақ, онда сол кездің саяси ағымдарын, олар-дың бағыт-бағдар, мүддесін тереңдей түсіне алмай тығырыққа тірелеріміз шындық. Аласапыран шақта тарих сахнасына көтерілген Тұрар туындыларының басым бөлігі – қираған ауыл шаруашылығын қалпына келтіру, дамыту, өнеркәсіпті көтеру, әлеуметтік мәселелерді дұрыс шешу, мәдениетті өркендетуді қамтиды.

Тұрар публицистикасының алғашқы бөлігіне тиесілі құнды кейбір мақалалары оның саяси-әлеуметтік көзқарасын айқындайтындай. Көк тәңірінің жердегі тегі көне түркілердің бірлігі, ынтымақтастығы идеясын бойтұмарындай көкірегіне басып, көкке көтерген Тұрар, оны қазақ даласында ХІХ ғасырдың аяқ шеніне қарай дүниеге келген ұлттық саяси ұйым Алашпен оның ізгілікті ниетімен үндестірді. Кейінірек Алаштың бағыт-бағамын коммунистік таныммен, көзқараспен тұжырымдайды.

Дегенмен, кейінгі тарихшыларымыздың Алашорда партиясына коммунистік идеяны бүтіндей қарсы қойып, арасына сына қағуға талпынуы түсініксіз үрдіс. Себебі Түркістан Республикасы өмір сүріп тұрған шақта ондағы коммунистерге қосылған алашорда-лықтар арасында алауыздық болған емес. Керісінше, бір-бірін зиялыларымыз пана тұтқан. Мәселен, Түркістан Республикасының астанасы – Ташкентке ұлтымыздың ұлылары Мұхтардың, Жүсіпбектің, Міржақыптың, Бейімбет, Әлімхан т.б. келуі бірлік тұрғысындағы қиғаш пікірлерді күлпарша еткендей. Сол сияқты, ташкенттік қайраткерлер Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов, Санжар Асфендияров т.б. алашордалықтарға барынша мүмкіндік тудырып құшақ жайған. Әсіресе, Тұрардың бұл бағытта жүргізген істері ұшан-теңіз. Алашорда мүшесі Аққағаз Досжановаға Түркістан халық комиссарлар кеңесі тарапынан жүз мың сом бергізуі екінің бірінің қолынан келмейтін ерлік. Қазақ қыздарының ішінен тұңғыш дәрігерлік диплом алған Аққағаз Досжанованың атында стипендия тағайындатқан да Рысқұлов. Бұл туралы Ташкенттегі басылымдар жарыса жазған. Тіпті, Орта Азия мемлекеттік университетінің ашылуына мұрындық болған да Тұрар.

Рас, 20-жылдары баспасөз беттерінде қазақ зиялыларының елдегі саяси ахуалға көзқарастарының қарама-қайшылыққа толы тұстары кеңінен жазыла бастады. Олай болуы заңды да. Өйткені сонау Ресейде болған төңкерістің толқындары қазақ даласына жеткенше мың құбылды. Оның үстіне, орыс төңкерісі мен орыс демократиясына сенушілік түркістандықтар арасында бар еді. Бұл ықпал астында біз ұлттық мақсат-мүддемізді іске асыру үшін автономиямен шектелген едік [18, 62]. Тағы да сол әзірлігіміз бен техникалық күштеріміздің тапшылығы, халық арасында саяси түсініктің жетіспеуі [18, 153] бұқараның мешеуленуіне алып келді. Екінші жағынан билік басына келген большевиктер шаш алудың орнына бас алып, ойларына келгенін істеп бақты. Мұндай берекесіздікке шыдай алмаған Тұрар «Кеңестік тұрмыстың шеткерідегі зардаптары» деген алғашқы мақаласын жариялайды. Онда Т. Рысқұлов:  «Шеткері жердегі кеңестік мекемелер мен ұйымдардағы өрескелдіктер ұлы орыстық шовинизмнің сарқыншақтарын бойына жиынтықтаған отаршылық жүйенің әлі де болса сақталуы салдарынан» деп ашық айтады.

Негізінен, қым-қуыт тарихи процестердің бел ортасында жүрген жас Тұрар баспасөзді өзіне үнемі жақын тұтады.

1919 жылы шілдеде Түркістан республикасының Әулиеата, Черняев уездеріндегі саяси-әлеуметтік және ұлтаралық қарым-қатынас жағдайы аса шиеленісіп кетеді. Жағдаймен жан-жақты танысып, зерттеу үшін Түркістан атқару комитетінен арнайы комиссия тағайындалып, оның төрағалығына Тұрар Рысқұлов бекітіледі [19,1].

Комиссия Әулиеата қаласынан келіп, тексеру жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде орын алған заң-сыздықтардың беті ашылады. Т. Рысқұлов Ташкентке оралып 26 тамызда өлкелік партия комитетінің мәжілісінде өзі басқарған Түрікатком комиссиясының қызметі туралы баяндама жасайды. Тұрар: «Комиссия толып жатқан берекесіздіктің бетін ашты. Өмір сүріп отырған кеңес ұйымдары бюрократизмге белшесінен батқан. Маскүнемдік жаппай етек ала бастаған. Түздік болыстарда парақорлық етек алған. Бұл аурумен кеңес қызметкерлерінің өздері де ауырған, уездік атқару комитеттерінің кейбір мүшелерінің маскүнемдікке салынғаны туралы деректер анықталынды. Түрікатком комиссиясы Черняев қаласына кірмей жатып-ақ әлде-бір пәтерден  Түрікатком мүшесін соққыға жыққан үш мас қызыл әскерді ұстап тұтқындады» [20,1]

Комиссия шешімдеріне наразы болған жергілікті атқару комитеттеріндегі орыс коммунистері, өздерінің бұрынғы жағдайларының қалпына келтірілуін талап етіп, республиканың барлық жоғарғы мекемелеріне жаппай арызданып, комиссияның барлық іс-әрекетін қаралап қалуға тырысады. Тұрармен мұсылман бюросының басқа мүшелерінің саяси беделін түсіріп, қайраткерлік болмысына нүкте қоймақ болған мұндай шовинистік пиғылдағы топтардың арызына ден қойған басшылар оған саяси мән-мағына беруге ұмтылады. Арызданушылар дәлелсіз айыптаулармен қоса, көпе-көрнеу өтірік айтып, жала жабудан арланбайды. Арандатушы осы топтың түбегейлі мақсат-мүддесі өз қыл-мыстарын жасырып, қоғамдық пікірді басқа арнаға бұрып, көзқарасты шиеленістіру болған сияқты. Алайда, Түрікатком тарапынан жүргізілген қосымша тексерулер Тұрар басқарған комиссияның барлық іс-әрекетін заңды деп табады. Осындай қиыншылықпен күресе жүріп Тұрар Ташкентте шығатын «Түркістан коммунисі» газетінде циклді мақалалар жариялайды. Онысы 27, 28 тамыз бен 3 қыркүйектегі сандарында жарық көреді. Бұл Тұрардың алдыңғы мақаласының заңды жалғасы іспеттес.

Т. Рысқұлов ташкенттік «Түркістан коммунисі» газетіне үнемі материалдар жариялап тұрған. Басылым күнделікті жарыққа шығатын еді. Тұрардың 1920 жылдың 20-25 қаңтарында өткен Түркістан компартиясының V конференциясында жасаған баянда-масының негізінде жазылған, мақаласы «Ұлт мәселесі және ұлттық коммунистік секциялар» деп аталады. Мұнда Түркістанда мекен еткен күллі мұсылман дініндегі түркілердің өзекті мәселелері қамтылады. Тұрар-дың бұдан кейінгі мақалалары да осы бағытта «Ұлт секцияларын біріктіру», «Түркістан автономиясы туралы» деп аталған  [20,1]. Түркі халықтарының достық, пірадарлықта өмір сүруін, бірігіп, ынтымақтастықта болуын мақсат тұтқан Тұрар бұл жолда тындырымды істер атқарды деуге тұрарлық. Алдымен Меркеде Жастар одағын құрады, мұсылман бюросын сайлайды, түріккомиссия жұмысын жүргізеді, Түркістан атқару комитетіне басшылық етеді. Шығыс халықтарының бас біріктіріп, бір жеңнен қол шығару идеясы коммунистік құрылыстың басшысы В.И. Ленинді қатты шошындырады. Оған тез арада Шығыс халықтарының көсемдері Ахмет Байтұрсынов және Тұрар Рысқұловпен кездесу қажеттігі туындайды. Нәтижесінде Ленин бұл мәселені мәдениетті түрде жабық деп жариялайды. Алайда, түркілер достастығы идеясы Тұрар жанында мәңгілік сақталып, болашаққа нық қадам басуына жетелейді.

1926 жылдың маусымы мен шілде айларында «Еңбекші қазаққа» (қазіргі «Егемен Қазақстан» М.Ж.) редактор болып тұрған шақта басылымның саяси ба-ғытына анау айтқандай өзгеріс енгізбесе де, газеттің ішкі құрылымы мен мазмұнына, идеялық ұстанымына біршама толықтырулар енгізгені анық. Тұрар Рысқұлов «Еңбекші қазақ» газетінде редактор ғана емес сонымен қатар өлкелік баспасөз бөлімін де қатар басқарды. Саяси жағынан ысылып, көзқарасы жан-жақты байып тапқан Тұрар Рысқұлов баспасөзді өзіне серік санайды. Әсіресе осы тұста ол, газет ісіне белсене араласқан.

Тұрар Рысқұлов «Еңбекші қазақ» басшылығына келгенге дейін басылым тізгінін Бейімбет Майлин ұстаған. Аптасына  6  рет шығып тұрған «Еңбекші қазақтың»  әр санын Тұрар Рысқұлов өзі жіті қадағалаған. Алдыңғы редакторлар дәстүрін сақтай отыра, көптеген тың жаңалықтар әкелді. Олардың бір парасы мыналар:

– газет таралымы санын ұлғайтады;

– газетті жаздырып алу, почта арқылы тарату мәселесін ретке келтіреді;

– газет ісіне қалам қайраткерлерімен бірге жас тілшілерді де тартады;

– газет бетіндегі жарнамалардың саны өседі;

– газеттің безендірілуі өзгеше қалыпқа енді;

– бас редактор ретінде мақалалары үнемі жарияланып тұрды;

– ұзынсонар мақалалардың орнын қысқа ақпараттар ала бастаған.

Мұнымен қоса, Тұрар Рысқұлов Қызылордада жалпы журналистер съезін өткізген. Әрине бұған дейін де журналистер бас қосуы болып тұрғаны мәлім. Мәселен 1925 жылы Ташкентте шығып тұрған «Ақ жол» газетінің уақытша редакторы Ғалым Байғасқин «Журналистердің екі республикаға ортақ (сол кездегі бөлініс бойынша Түркістан, Қазақстан) үлкен жиналысын өткізуге атсалысады. Бұл қазақ журналистерінің баспасөз тарихында жалпыұлттық деңгейде тұңғыш басқосуы еді» деп жазады баспасөз зерттеушісі Н.  Қуантайұлы [21]. «Ақ жол» редакциясы ұйымдастырған бұл жиылысқа барлығы 57 адам бас қосқан. Арқалық пен Атырау, Алтай мен Алатаудан келген делегаттар алдында Ғ. Байғасқин сөз бастайды. Бұл туралы басылым былай жазады: ««Ақ жол» газетінің уақытша шығарушысы, жолдас Байғасқаұлы «Ақ жол» газетінің ауыл тіршілігінің тұңғыш жиылысын ашылды деп жариялады» [22].  1926 жылы  мамырда Қызылордада Тұрар Рысқұловтың басшылығымен жиналыс өтеді. «Еңбекші қазақ» бетінде бұл туралы хабар «Баспасөз күні» деген атпен берілген.

Жиын барысында Т. Рысқұлов қоғамда қордаланып  қалған ауқымды мәселелердің түйінін шешетін журналистер екендігін ашық айтады. Жас тілшілерді дайындау туралы да алда атқарылар іс-шараларды саралап, маңыздыларына назар аудартады. Журналист кадрлар дайындау Қазақстан болашағы үшін өзекті тақырып екендігіне сол кездің өзінде мән-маңыз береді.

 

 

Сілтемелер:

1. Историография истории СССР. Эпоха социализма. Москва, 1982, С.11.

2. Рыскулов Т. Ленин и народы Востока, Ташкент, 1924.

3. Рыскулов Т. Восстание туземцев Средней Азии в 1916 году. С.113.

4. Турсунов Х. Восстание 1916 года в Средней Азии и Казахстане. с.13.

5. Меницкий Ив. О характере событий 1916 года в Туркестане (по поводу статьи тов. Рыскулова «Восстание туземцев в Туркестане»). Коммунистическая мысль, №2, 1926, с.151.

6. Чеботарев В., Раджапов Р. Историко-партийная наука в Узбекистане. с. 24.

7. Казахстанская правда, 1935, 22, 23, 24 октября.

8. Рыскулов Т. Революция и коренное население Туркестана (Сб. главнейших статьей, докладов, речей и тезисов с предисловием автора, ч.1., 1917-1919 гг.) Ташкент, 1925.

9. 1926 ж. 8 шілдедегі «Еңбекші қазақ» газетіндегі «Төңкеріс және қазақ халқы» мақаласы; «Қазақстан большевигі», 1936, №1-2 және т.б.).

10. Рыскулов Т. Революция и коренное население Туркестана. С.60, 67-70, 79, 81, 174, 175 және т.б.

11. Рыскулов Т.Р. Казахстан, М.-Л. 1927.

12. Рыскулов Т. Киргизстан. М., 1935. с. 85.

13. Вопросы историографии Казахстана, Алма-Ата, 1983, с. 77.

14. Қырғыз Республикасының Мемлекеттік Орталық архиві. 69-қор, 1-тізбе, 2-ші іс, 186-б.

15. Богданов Н.Г, Вяземский Б.А. Журналист анықтамалығы. А., Мектеп, 1978, 217-б.

16. Қоңыратбаев О. Тұрар Рысқұлов. А., Қазақстан. 1994, 19-б.

17. Рысқұлов Т. И. В Сталинге. //Лениншіл жас 1989, 31  қазан.

18. Шоқай.М. Түркістанның қилы тағдыры. Алматы., Жалын.,1992., 153-б.

19. Рыскулов Т. Язвы провинцияльной советской жизни // Коммунист Туркестана.1919, 26 июль.

20. Өзбекстан Республикасы Орталық Ұлттық мұрағаты Р-25 қ, №1-тізбе, №143-іс.

21. Талабы күшті редактор // Ақ жол – Қазақстан. 2003, 15 тамыз.

22. Ақ жол. 1925, №561, 17 көкек.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?