Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Ерте үзілген ән

2307
Ерте үзілген ән - e-history.kz
Қазақ киносы тағы бір құнды туындымен толықты. Ол - «Әміре» көркем фильмі

Бірнеше ай бұрын трейлері көрермен жүрегінен орын алып, көпшілік қауымға сәтті шыққан туынды ретінде көрінген. «Әміре» фильмі сол уәдеден шығып, Астанада тұсауын кесіп, алғашқы премьерасын ұсынды.

Кинотуынды қазақтың тенор дауысты біртуар әншіcі Әміре Қашаубаевтың қамшының сабындай  қысқа да, жарқын ғұмырын баяндайды. Сондай-ақ, фильмде Әміре Қашаубаевтың танымал америкалық джаз композиторы Жорж Гершвинмен достығы да көрініс тапқан.

Әміре Қашаубайұлы – қазақтың ұлттық ән өнерін әлемге танытқан тарихи тұлға. 1888 жылы Шығыс Қазақстан облысының, бұрынғы Абыралы ауданына қарасты Дегелең тауының етегінде дүниеге келген. Әміре 12 жасқа толғанда, әкесі Семей қаласына көшіп келген. Жас Әміре Исабек деген байдың ат айдаушысы болып еңбекке ерте араласады. Исабек жас әншіні жанына ертіп жүріп, той-жиындарда ән салғызады. Көп ұзамай Әміренің атақ-даңқы бүкіл Семей өңіріне жайылады. Атақты Қоянды жәрмеңкесіне барып, ел аралап ән салып, қараөткелдік Сәтмағамбет, Ғазиз Айтбаев, баянауылдық Жаяу Мұса, Қали Байжанов, керекулік Майра Уәлиқызы, қарқаралық Мәди Бәпиұлы сияқты арқалы әншілермен танысып, өнерін одан әрі шыңдай түскен. 1924 жылы Семейде өткен өнерпаздар байқауында Қали Байжановпен бірге бас жүлдеге ие болады. 1925 жылы Қызылордада өткен Қазақстан Кеңестерінің V съезі мен 1927 жылы Мәскеуде болған Кеңестердің IV съезіне делегат ретінде қатысып, делегаттар үшін ұйымдастырылған концертте өнер көрсеткен. Осы жылдан бастап Әміренің өнеріне Кеңестер Одағының өнер майталмандары үздік баға беріп, әлемдік өнер сахнасына шығуға ықпал жасаған. Хош, сонымен, Әміре ғұмырын баяндайтын кинофильмге тоқталып өтсек...

«Әміре» шетел көрермендеріне жол тартатын кино

Кеше Астана төріндегі «Сарыарқа» кинотеатрына барып, «Әмірені» көріп қайттық. Фильмнің сценариі тәп-тәуір сияқты. Мамандар тарапынан да олқылық жоқ. Кәсіби режиссер, кәсіби актерлер, кәсіби киногерлер жұмыс атқарғаны көрініп тұр. Ақылдастар алқасында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Әміре Қашаубаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған еңбектердің авторы Жарқын Шәкәрімнің кеңесші болғанын білдік. Бастан аяқ Әміретанушы ғалымның еңбектері негізінде жасалынған сценарий. Осындай білікті киногер мамандар мен зерттеуші ғалымның еңбегі негізінде әлемдік киносахнасына алып шығарар «Әміре» туындысы сәтті шыққан.

Бұған дейін, тарихи тұлғаларымыздың ғұмырбаяндық өмірін көрсеткен кинотуындылардың режиссерлері мен продюсерлері, тіпті рөлдерді сомдап шыққан актерлері де көрермен сынынан өте алмай, күлкіге қарық болғанын білеміз. Сондықтан да осынау тап-тамаша жұмыр дүниені жұлым етіп, сынап-мінегенше, көреременін көбейтіп, көріп қайтсақ жарасатын-ақ.

Дегенмен де аздаған кемшін тұстары баршылық. Мәселен басты рөлді сомдаған Санжар Мәдиевтің Әміре образын ашуда актерлік шеберлігі жетіспеді. Әміре образы Париждегі еуропа халқының жүрегін емес, қыз-қырқынның жүрегін жаулап жүрген сияқты көрінді. Әміренің бойындағы қазақ баласына тән өжеттілік пен батылдықты, өнерге деген махаббатын кинодағы көркем бейне аша алмады. Мұстафа Шоқаймен жолыққан алаш баласының батыл образы байқалмады. Меніңше бұл образға әншінің әндерін кадр сыртында вокалда орындаған Сержан Мұсайын лайықты ма деп ойлаймын. Секеннің бойынан Әміреге тән батылдықты, ән айтудағы орындаушылық шеберлікті толық байқауға болады. Санжардың өн бойынан жасандылық байқалды. Сөйлеген сөздерінің өзі жасанды. Бір жағынан орысша оқығандығы да әсер еткен болар. 

Кинодағы көркем образдардың барлығынан шынайылық, шеберлік қайда кеткен деп шарқ ұрып іздеп кетуге де болады. Меніңше мұндай өнер адамына кинотуынды арнайтын тұста, аттың құлағында ойнап, дәстүрлі ән мен музыкадан хабары бар актерлер ұжымын таңдағанымыз абзалырақ. Өйткені олар киноның бар әлемін сезініп, шынайын көркем образды алып шығуда еңбектенеді.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген ғұмырбаяндық «Әміре» фильмі аз-маз кемшілігімен көрермен сынына ұшырайды деп ойламаймын. Ең бастысы киноқорымызды ба­йыта түскен тамаша фильм болды. Осысымен құнды. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы соңғы екі-үш жылда өз көрер­мендері мен шет елдің көрермендеріне ұсынатын санаулы кинотуынды шығарғанын білеміз. Бұл туынды осы олқылықтың орнын толтырды. Қазақ киносын қазақ көрермені ғана емес, шетел көрермені де көрсін деген көзқарасқа толық жауап беретін туынды болды. Бұл туралы да ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Әміре» фильмінің тұсаукесерінде айтып өтті.  

«Президент Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында, рухани жаңғырудың басты шарты – мәдениетіміз бен ұлттық кодымызды сақтап қалу. Онсыз рухани жаңғыру құр жаңғырық болып қалады деп баса айтты. Еліміз жүргізіп отырған саясатта мәдениетке аса көңіл бөлінген. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу, ұлттық мәдени мұраны насихаттау мақсатында киноөндіріске идеологиялық мән берілген. Осы орайда, біз бүгін назарларыңызға еліміздің дара әншісі Әміре Қашаубаев туралы түсірілген көркем фильмді ұсынбақпыз. Фильмде Қашаубаевтың 1925 жылы Париждедегі қайталанбас жеңісі туралы сөз етіледі. Сондай-ақ, Әміре Қашаубаев туралы елге белгісіз деректер де фильмде көрініс тапқан. Әміре бірінші боп Еуропада қазақ әнін әуелеткен әнші. Оның тұлғасы қазақ өнері және жалпы қазақ үшін аса маңызды. Өсіп келе жатқан жас өрендер ол туралы білулері қажет. Үкімет және министрлік тарапынан осындай еліміздің асыл ұл-қыздарын бүгінгі ұрпаққа танытуда үлкен еңбек атқарылып жатқанын айтқым келеді. Біз бұрындары өз көрермендерімізге арналған кинотуындылар түсірсек, енді шетел көрермендеріне арнап кинолар неге түсірмеске. «Әміре» сол ойды, яғни шетел көрермендеріне арналған киноларымыздың бірі»,-деді А.Мұхамедиұлы.

Қазақтың киелі домбырасы әлемге танылды

Фильм желісі бойынша Әміре 1925 жылы Париж қаласында өткен Бүкіләлемдік музыка байқауына қатысып, еуропалықтардың жүрегін жаулап алады. Қазақтың киелі домбырасының әуенін жаһанға алғаш таныстырып, жұртшылық назарына паш еткен де осы Әміре Қашаубаев болатын.

«Әміре» көркем фильмінің сюжетіндегі оқиғалар тарихи шыңдық желісінен үзілмей көрерменге ұсынылды. Фильмде Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы «Балқадиша», «Үш дос», «Дударай», «Бес қарагер»  әндері орындалады. Кино желісінде шетел музыкатанушылары келіп, Әміренің өз даусын фонографқа түсіріп алатын жеріне, архивтегі өз даусымен орындалған әннің үнтаспасын қоссақ керемет болар еді. Дегенмен Әміренің орындауындағы әндерді киноның сюжетіне қосып беру фильмнің бағын аша түсті. Бұл музыкалық туындыларды ұсынуда белгілі әміретанушы Жарқын Шәкәрімнің еңбегі зор. Жоғарыдағы Әміре әндерінің фонографқа жазылған үнтаспасын сақтап қалған, қазақ руханиятына табыстарған Жарқын ағамыз. Бұл туралы ағамыздың Әміре туралы жазылған кітаптарында айтылады.

«Мен Әміре атамыздың фонографқа жазып қалдырған «Балқадиша», «Смет», «Дударай», «Ағашаяқ», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Бесқарагер» әндерінің үнтаспасын 1974 жылдың 21 ақпаны күні Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық орталық мұрағаттың Қырғыз бөлімінен таптым», - дейді Ж.Шәкәрім.

Екіншіден картинада Әміренің Париж төріндегі тарихи күндерінің естелігі тура қаз-қалпында берілген. Өйткені ғаламтор мен газет-журнал бетіндегі шимайлардан талантты өнер иесінің ашылмаған қырларына байланысты әртүрлі әңгімелер айтылатын. Біреулер таспаға түскен дауыс Әміренікі емес деді. Біреулер Әміренің өмірі жайындағы ақтаңдақты аша алмады. Енді бірі Әміренің алаш арыстарымен байланысы болмаған деп жазып жатты. Ал кинотуынды осы сұрақтар мен сауалдардың төңірегіне жауап бергендей әсер қалдырды. Әміре жайындағы біреу айтыпты-мыс деген өсек-аяңға нүкте қойылды. Сондықтан да бұл кинотуынды жаңсақ пікірлер мен жалған деректерге жол бермеді. Ақиқатын нақтылы деректерге сүйене отырып жазылды. Оған тағы бір дәлел белгілі Әмірентанушы Жарқын Шәкәрімнің бастан аяқ кинотуындыны шығаратын шығармашыл топтың құрамында болғандығы. Ағамыз «Әміре» кинофильмінің тұсаукесерінде Әміре Қашаубайұлының мұрасы өзіне аманатталғанын да тілге тиек етті.

«Әміре Қашаубайұлының ғұмырбаянынан түсірілген көркем фильм қазақ киносына қосылған алтын жауһар туынды. Бұл киноның түсіруші құрам тобында өзімде болдым. Сондықтанда бұл туындының жарыққа шығуына өзімде ат салыстым. 1974 жылы Әміренің даусы жазылған үнтаспаны тапқан уақытта, көптеген қазақ ғалымдары мен өнертанушылары қатты қуанған. Олардың қатарында Әлкей Марғұлан, Сапарғали Бегалин, Жүсіпбек Елебеков, Серке Қожамқұлов болды, Құрманбек Жандарбеков. Олардың барлығы қатысқан отырыста Әміренің даусы жазылған үнтаспаны тыңдадық. Сол уақытта сол ағаларымыз осы шаруаны жас та болсан, бас болып өзін көтеріп жүрсін, Әміренің мұрасын ары қарай жалғастыр деп аманаттаған болатын. Содан бері Ұлы қазақ әншісі туралы 6-7 кітап шығардық. Олардың басым бөлігі шет тілдерінде аударылды»,-деді Ж. Шәкәрім.

Әміре Қашаубайұлы мен Мұстафа Шоқай кездескен бе?

Китотуынды да Мұстафа Шоқай мен Әміренің кездесуі жайлы сюжет тарихи еңбек негізінде көрсетілген. Әміре Қашаубайұлының 1925 жылы Парижге барғанда Мұстафа Шоқаймен жолыққаны туралы деректер, КГБ тыңшыларының сарсаңдары туралы Жарқын ағамыздың еңбектерінде жазылған.  Мәселен «Әміре» атты кітабында ағамыз: «Біріккен Бас саяси басқарма (ОГПУ) тыңшыларының Әміре 1925 жылы Парижге барғанда Мұстафа Шоқаймен жолыққаны себеп болып, екеуінің бір-бірімен байланысы бар адамдар деп, тізімге іліктіріп жөнсіз көп мазалай бастағаны. Сөзіміз дәлелді болуы үшін ҰҚК-нің отставкадағы полковнигі Әмірхан Бәкірұлы мұрағаттан тапқан Әміре Қашаубаевтың 1927 жылғы 6 маусым күні басқармаға шақыртылып, тергеушілер алдында берген жауабын келтіре кетейік»,-деп келе Жарқын Шәкәрім ағамыз сол кітабында Мұстафа Шоқаймен жолыққандығы туралы әрі қарай баяндай түседі.

«...1925 жылы маусым немесе шілде айының бірінде мен барлық ұлттық республикалардан жиналған 14 актермен бірге Парижге бардым. Барған бойда «Дория» отеліне орналастым. Екінші күні қонақ үйге Мұстафа Шоқаев келіп, менімен әңгімелесті. Ол Қазақстанда болып жатқан жағдайларды сұрады. Арасында: «Үкімет басында кімдер тұр? Қазақтар бар ма?» деген сауалдар да қойды. Мен «бар» деп жауап бердім. Бірақ, олардың кімдер екенін айтқаным жоқ, ол да менен сұраған жоқ. Сосын ол менің білімімді сұрады. Мен оған «ешқандай білімім жоқ» деп жауап бердім. Әңгіме үстінде ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың хал-жағдайларын және немен айналысып жүргендерін сұрады. Мен: «Байтұрсынов Қызылордада мұғалім, ал Дулатов әдебиетпен айналысып жүр» дедім...  Тағы бір жолы Мұстафа Шоқаев мейманханаға келіп, актерлердің бәрін ресторанға қонаққа шақырды. Бірақ, актерлер әр түрлі себептерді сылтау етіп, ресторанға барудан бас тартты. Онымен бірге ресторанға тек мен ғана бардым. Ресторанға барған соң ол екі саптыаяқ сыра сатып алды. Екеуміз небәрі он бес минөттей бірге болып тарадық. Кетерінде ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовқа сәлем айта бар деп өтініш білдірді. Сөйтіп, өз қолымен менің қойын кітапшама олардың аты-жөндерін қазақшалап жазып берді. Парижден Қызылордаға келген соң мен Дулатов пен Байтұрсыновқа бірнеше рет жолықтым. Оларға Мұстафа Шоқаевтың жолдаған сәлемін жеткіздім. Екеуі де оның шетелдегі хал-жағдайын, өмір сүруге қаражатты қайдан алып жатқанын сұрады. Мен Мұстафа Шоқаевтың Париждегі француз және орыс баспаларында қызмет атқарып жүргенін айттым. Бірақ оларға Мұстафаның хатын көрсеткен жоқпын, ұмытып кетіппін. Кейіннен кітапшам із-түзсіз жоғалып кетті, іздеп таба алмадым. Бұл хатпен бұрын Қызылорда қаласында «Еңбекші қазақ» газетінің қызметкерлері Ахмет Елшібаев пен оның екі жолдасы танысқан. Соңғы екеуінің аты-жөндерін білмеймін...»,-деп жазылған кітапта.

«Әміре» кинотуындысының түсірілімі Латвия мен Лос-Анджелесте және Алматы облысының Үшкоңыр ауылында өткен. Басты рольдерді Санжар Мәдиев пен Бен Олдридж және Эбби Корниш сынды актерлер сомдаған. Фильнің режиссері Джефф Веспа «Әміре» фильмінің қоюшы режиссері ретінде жұмыс жасап, мол тәжірибе жинадым, сонымен қатар, қазақ халқының төл мәдениеті мен тарихымен жақын танысқаныма қуаныштымын дейді. «Бұл жоба мен үшін өте маңызды.  Өзіме Әміре Қашаубаевтай өнер иесін аштым, оның әншілік өнеріне тәнті болдым. Сондай-ақ осы елдің кинематографистері арасынан жаңа достар таптым»,-дейді Д.Веспа. 

Әлидар Өтемұратов, Картинаның бас продюсері, DAR компаниясының негізін қалаушы: «Әміре Еуропа қошемет көрсетіп, қол шапалақатаған қазақтан шыққан алғашқы әнші бола тұра, өз елінде әділетсіз ұмыт болған. Сондықтан да мен үшін осындай ерекше дарын иесі туралы  көпшіліктің білгені маңызды.  Біз замандастарымызға Әміре Қашаубаевтың қиын өмір жолын және фильмде шырқалатын оның дауысын естуге мүмкіндік бергіміз келеді. Әмірені жақын танып, ұлттық дәстүрлі өнермен етене танысқан отандастарымыздың бойында мақтаныш сезімі оянады деп сенемін. Өйткені, біздің музыка мәдениетін қалыптастырған осындай адамдар, есімдер біздің тарихымызда қалуға тиісті. Әлем кинематографиясында музыка драмасы жанрында түсірілген фильмдер көп емес. Сондықтан отандық көрермендерге бұл жанрдағы картинаны көріп, өткен ғасырдың 30-жылдарына саяхат жасау қызықты болуға тиісті деп ойлаймын. Бұл Қазақстан кинематографиясын жаңа сатыға көтеруге бағытталған бірегей картина болмақ. Отандық көрермендер жоғары деңгейде бағалайды деп үміттенем».

Басты рөлді сомдаған Санжар Мәдиев өз жұмысы туралы былай деді: «Аңызға айналған тұлғаны үлкен экранда сомдап шығу –  мәртебе. Мен және түсірілім тобы үшін түсірілімның әрбір күні нағыз сынақ болды. Фильмді жасауға қатысқан барлық адамдарға алғыс айтамын». Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығына тұспа-тұс келген фильм жалпыұлттық прокатқа 2018 жылдың 5 сәуірінен бастап шығады.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?