Өйткені алдымен Алаш автономиясын жариялады, алаштың шекарасы айқындалды, артынан Алаш тәуелсіздігін жариялады, дербес мемлекетке айналды.
ХХ ғасырда үзілген рухани жаңғыру үдерісі мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен ХХІ ғасырда қайтадан бастау алды. Рухани жаңғыру аясында жер атауларының бұрынғы қазақша атаулары қайта қайтарылуда, сонымен қоса, алаш азаматтары аты-жөнін ұлттық нақышта жазуға бет бұруда. Бұл мемлекет басшысының бағдарламасы өз деңгейінде жүзеге асырылып жатқанының бір көрсеткіші. Алайда, аты-жөнін қазақшалағанмен, осы үдерісте жүйелік пен нақтылық жетіспей-ақ тұр.
Мәселен, құжатқа қарағанда немесе адамдармен танысқанда, аты қайсы, әкесінің аты қайсы, тегі қайсы ажырату қиынға түседі. Не істеу керек? Қазіргі кезде аты-жөнді дұрыс жазу мәселесін Нұртөре Жүсіп, Шерубай Құрманбайұлы көтеріп жүр. Ал жас ғалымдар арасында Алтынбек Құлмырзақұлы мақала арнап жазды. Зерттеуші-ғалымдардың айтуына қарағанда, Қазақстан Республикасы азаматтары арасында аты-жөнін ұлттық нақышта жазуда бір жүйе, яғни барлық азаматтарға ортақ форма жоқтығынан, әртүрлі жүйеде жазу орын алған. Ғалымдар осы үдеріске теріс баға берген. Адамның аты-жөнін жазу жүйесі туралы мәселе сонау ХХ ғасырдың басында «Қазақ» газеті бетінде де тақыланыпты. Осы мәселені Ыдырыс Оразалыұлы көтеріп, газет бетінде қызу пікір-талас орын алған.
Ыдырыс Оразалыұлы «Қазақ» газетінде «ал енді үлкен аты (әкесінің аты, автор) жазылғанда, «ұғлы», «қызы» деп жазу тиіс. Ал енді үлкен ата яки баба (тегі, автор) жазылғанда, олардың аяғына еш нәрсе жалғаудың қажеті жоқ. Қазақтың тілінде түбінде еркек пен ұрғашы айырылмағандықтан, мұнда да оның керегі жоқ. Біреудің еркек, ұрғашылығына өз атынан-ақ біленеді», - деп жазды.
Адамдардың аты-жөнін жазу мәселесін алаш қайраткерлері арасында Жармұхамед Болатұлы, Нығметтолла Күзембай, Кенжеғали Абдуллаұғлы кеңінен талқылайды. Пікірталастың нүктесін алаш көсемі Әлихан Бөкейхан қойды. Ол Ыдырыс Оразалыұлының ұсынған нұсқасын қолдап, «Қазақ» газетінде адамның аты-жөнін жазғанда, бұдан-былай Ыдырыс Оразалыұлының нұсқасы қолданылсын деп шешім шығарады.
Алаш қозғалысы қайраткерлері қабылдаған аты-жөнін жазу жүйесінде кеңестік кезеңде тек қана Бауыржан Момышұлы сияқты батыл әрі намысшыл азаматтар ғана жаза алды. Тәуелсіздік жылдары Міржақыптың қызы Гүлнар да Алаш қозғалысы зиялылары туралы естелік жазып, онда Алаш көсемінің аты-жөнін жазғанда, Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан деп жазып, Алаш қозғалысы қайраткерлерінің адам аты-жөнін жазу жүйесін қайта жаңғыртты.
Адамның аты-жөнін жазғанда, үкімет те Алаш қозғалысы қайраткерінің жазу жүйесін негізге алғаны дұрыс деп ойлаймын. Алаш қайраткерлері қолданған жүйеде, біріншіден, адам есімі, одан кейін әкесінің аты, тек содан кейін ғана тегін жазу жүйесі қолданылды, әрі осы орналасу реті ресми түрде бекітілді, екіншіден, адам аты-жөнін жазудың осы жүйесі қазақ шежіресі дәстүріне сәйкес келіп, ұлттық нақыштағы жазу жүйесімен қамтамасыз етті. Үшіншіден, қазақ халқының гендерлік ерекшеліктеріне сәйкес келді, өйткені қазақтар адам баласын жынысына қарай бөлмейді, ал алаш қайраткерлері бекіткен және іс-қағаздарын жүргізген аты-жөнін жазу жүйесі осы талаптарға толық сәйкес келеді.
Алаш қозғалысы қайраткерлері қолданған аты-жөнін жазу жүйесін Қазақстан Республикасында куәлік пен төлқұжат беретін Әділет министрлігіне ұсынамын, себебі бұл адамның аты-жөнін жазуды бір жүйеге келтіріп, нақтылық енгізер еді. Адамдар бірін-бірі таныстырғанда немесе аты-жөнін жазғанда, алдымен есімін, одан кейін әкесінің есімін, тек одан кейін тегін айту мәдениеті және жазу жүйесі қалыптастырылса, аты-жөнін айту және жазу жүйесі бір ретке келтірілер еді. Осыған қарағанда, Алаш қозғалысының іс-қағаздарды жүргізу тәжірибесі Қазақстан Республикасының іс-қағаздарды жүргізуіне жүйелік пен нақтылық беретінін көрсетеді.
Ержан Өмірханұлы