Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Осы жұрт Линдені біле ме екен...

2260
Осы жұрт Линдені біле ме екен... - e-history.kz
Қарқаралы бірқатар дарындардың ғана емес, сонымен қатар сырттан келген аватюристердің де Отанына айналды. Сондай жандардың бірі, кезінде атақты сыра қайнатушы болған адам Эдмунд Линде еді.

Қарқаралы ежелден қазақтардың қонысы болғаныменен  ресми түрде оның негізі қаланған кезі 1824 жыл деп саналады.  Осы екі жүз жылдық тарихында Қарқаралы бірқатар талантты әртістер мен ақындарға ғана емес, сонымен қатар сырттан келген аватюристердің де Отанына айналды. Сондай жандардың  бірі, кезінде атақты сыра қайнатушы болған адам Эдмунд Линде.

Ақпан революциясының әсерінен саяси билік князь Георгий Львов бастаған Уақытша үкіметке өтті. Осын-ау мемлекет басқару құрылымындағы өзгерістерді хабарлаған жеделхат Семейге 1917 жылдың 5 наурызында келді. Большевиктердің белсенді үгіт жұмысы жергілікті халыққа тең құқық пен бостандық сәулесінен  үміт берген жаңа тәртіпті жақтаушылары саны қазақ даласында көбейе түсті. Сол себепті жұмысшылар мен шаруалар бастаған топ көптеген митингілер өткізіліп, облыстарда, уездерде, болыстар мен ауылдарда жекелеген өңірлік атқарушы комитеттер құрылды. Бұдан басқа, сол кездегі интеллектуалды зиялы қауым бастаған жаңа салалық комитеттер құрыла бастады.  Осылайша, уезд фельдшерлері қоғамының төрағасы болып Аманбай Шегіров,  «Тері-былғары зауытының ресейлік қоғамы» Қарқаралы бөлімшесінің жұмысшыларын Құсайын Кәрімов, қалалық жарлықшыларды  Абдул-Мәжит Бекметев, ал, жұмысшылардың қалалық қоғамын – Смағұл Бекпауов бастады. Жетінші наурызда Қарқаралы уездік атқару комитеті құрылып, оған заңгер Жақып Ақпаев пен шаруалар бастығы Антонин Прозоров төрағалық етті. Уақытша үкімет оларға барлық жерде сайлаулар өткізіп билікті қайта құру бойынша жұмыстарды міндеттеді. Алайда бірнеше күннен кейін А.Прозоров Қарқаралыдан кетіп қалады.

Ақпаевқа көмекке 15 наурызда мұғалім Нұрғали Құлжанов (тұңғыш қазақ журналисті Нәзипа Құлжанованың жары) пен сенім артылған адвокат Николай Вайсер жіберіледі. Жаңадан келгендердің міндетіне уездегі саяси жұмысты жандандырудан басқа, Қарқаралы уезінің бұрынғы бастығы

 Л.А. Макаревичтің өкілеттігін де қабылдау керек болды.

Ол 1917 жылғы 10 наурызда Семейге былай деп өтініш жазған еді.

 «Алтыншы  наурызда осындай жауапты кезде қатты күйзеліске түсіп, жүйкем жұқарып, жүрегім ауыруына байланысты қызметтік міндеттерімді атқара алмайтын болғандықтан, мені қызметтен босату туралы өтініш білдірген болатынмын. Жаңа үкіметке толықтай бағынамын, бұл туралы 4 наурызда хабарлағанмын».  Макаревич 11 сәуірге дейін уездің ресми басшы болып қала берді. Бірнеше күннен кейін Макаревичтің үйіне полицей Жүсіп Қарымсақов шақырту қағазымен келгенде, үй иесі оған онша бұрылып та мән бермейді. Сол күні жанында бірнеше адамы бар Макаревичтің туған күнін атап өтіп жатқаны хабарланады. Біраз уақыт өткеннен кейін Макаревич тұтқындалады, онымен бірге дастархандас болғандар да тергеуге ілінеді. Қонақтардың ішінде Николай Вайсердің өзі де, одан басқа бітістіруші сот Анатолий Лысенко, нотариус Павел Чемоданов, қазынашылықтың есепшісі Николай Коротков және кәсіпкер Эдмунд Линде болған. Тағылған айыпта былай делінген. «Біздің қымбатты Отанымыз осындай тарихи сәтті басынан кешіріп, асыл азаматтардың қаны судай төгіліп жатқанда, отбасылар бір тілім нанға зар болып отырғанда, әр азамат Ресей мен қасиетті бостандықтың жаңғырып, нығаюы үшін жанын беріп жатқан сәтте, мына адамдар халық игілігі үшін қиын мәселелерді шешудің орнына халықтың жеккөрінішті жауы Линдемен бірге спирттік сусындар ішкен, Линде болса, уезд бастығы Макаревичтің болысуының арқасында үнемі қудалаудан құтылып кетіп отырды. Барлық аты аталған тұлғалар тұтқындалып, ерекше өкімге дейін Қарқаралы уездік түрмесіне қамалсын».

Сол кезде елдің барлық аумағында «құрғақ заң» («сухой закон») әрекет еткенін де айта кеткен жөн. Тұтқындалғандардың ішінде шағын сыра қайнату зауытының иесі Эдмунд Адольфович Линде де болды.

Австрия тумасы Э. Линде Ресей азаматтығын алған еді. ХХ ғасырдың басында ол Қарқаралыда тұрақтап қалып, 1904 жылы қазақ даласында сыра дайындау үшін Еуропадан құрал-жабдық алдырады.

1906 жылдың 28 қазанынан бастап ол Қарқаралы қоғамдық жиыны жанындағы буфетке сыра жеткізіп тұрған. 1908 жылғы құжаттардың бірінде былай делінген. «Том губерниясы мен Семей облысының 5-ші Акциздік округінің басқармасы № 27 сыра қайнату зауытының иесі Э.Линдеге берілген № 1220 рұқсат ету куәлігінің жоғалғаны туралы хабарланады».

 Халық салауаттығы үшін Қарқаралы қорғаншылық комитеті оның өз өнімімен күресуге тырысқан. Солардың күшімен Қарқаралының қалалық бағы ішінде тегін әткеншектер мен шағын шайхана ашылған. Айталық, оған кіру 3 тиын болса, шай 5 тиын, палаудың  порциясы 27 тиын тұрған.

Негізінде Э.А. Линде табысының негізгі бөлігін күніне он мыңдаған адам жиналатын Қоянды жәрмеңкесінде өз өнімін сату арқылы табатын болған. Бір кездері Линде мал саудасымен де айналысқан екен.

1906 жылы Э.А. Линде Мемлекеттік Думаға сайлауға түсіп көрмекші де болған. Кейін алқаби ретінде уездің саяси өміріне  де белсенді араласып отырған. Зерттеушілер оны «лютерандық, үй жанында білім алған сондай-ақ жылжымайтын мүлік пен сауда өнеркәсібінің иесі» дейді.

1909 жылғы 25 тамызда Эдмунд Линденің сыра қайнату зауыты «Русские ведомости» газеті тілшісінің күнделігінде, кейін белгілі жазушы Михаил Пришвиннің жазбасында да хатқа түскен. 1914 жылға дейін сыра қайнату зауытының штатында 3 адам қызмет еткен. Осы небары үш қызметкер жылына 2000 рубль пайда әкелетін 3000 шелектен аса сыра қайнатқан.

1914 жылы штатта бес адам істеп, ақша айналымы жылына 7000 рубльді құраған. Бірінші дүниежүзілік соғыс бұрынғы неміс азаматына деген көзқарасын өзгертпейді, алайда кейінгі  кезеңде жаулары оны «неміс тыңшысы» деген өсек-аяң таратып жібереді. Сөйтіп 1917 жылдың 18 сәуірінде Линденің жеке қожалығында тінту жүргізіледі. Айта кетерлігі, бұл қожалық Шайтанкөлге бара жатқан жолда әлі күнге дейін сақталған. Уездік милиция бастығының көмекшісі Ахметқали Аяғанов тінту жүргізуге тергеуші Дмитрий Зверевті, қырғыз комитетінің төрағасы Смағұл Бекпауовты, милиционер Александр Аксарин мен Төлеу Дәулетбаевты жібереді. Олар сол кездегі тыңшылық қызметтің айғағы ретінде болған кілем, былғары, ақша табуға тырысқан еді. Алайда, 7 сағат бойы жүргізілген тінту кезінде бір бөшке квас пен жиырма шақты бос шөлмек қана табылған еді. Олар астық тұрған екі қамба мен спирт  құйылған екі бөтелке тұрған шкафқа белгі соғып, сондай-ақ өздерімен бірге үйден табылған 53 рубль, бірнеше вексель мен ақша құжаттарын алып кетеді. Линде бірден Семейлік билікке арыз жіберіп, Қарқаралы атқарушы комитетіне өтініш жазады.

Өтініші 21- сәуір қаралып, Линденің пайдасына шешіледі: «Ұн, арпа, үгітілген ашытқы, коньяк пен бенедиктин тұрған шкаф, 53 рубль Линдені тыңшылыққа айыптауға дәлел бола алмайды. Қойма мен шкафтан белгі алынып, 53 рубль қайыра қайтарылсын...».

Ғалымдар 1920 жылдарда Қарқаралы ОГПУ-нің қызметкерлерінің бірі болған Василий Рыбаковтың әңгімесіне сілтеме жасап мынадай ақпаратты келтіреді. «Революция оқиғаларынан кейін Линде Австрияға жинала бастады. Шекарадан шығуға рұқсат сұрап Мәскеуге өтініштер жібереді, тіпті бұрындары таныс болған «орыс революциясының әжесі» Е.К. Брешко-Брешковскаяға да хат жазады. 1923 жылы Э.Линде шығуға рұқсат алады, бірақ қаржы мәселесіне орай Қарқаралыда бөгеліп қалады».

Сол кездегі оқиғалардың басқа куәгері Қарқаралылық казак Николай Антонович Блощицын былай деп еске алады. «1918-1920 жылдары жедел өзгеріп тұрған билік кезінде Линденің сыра зауыты екі рет тәркілеп, екі рет қайтарды. Құрал-жабдықтардың жекелеген заттарын ол сатып жіберді. Қарқаралыда оның екі үйі болған еді. Олардың бірін ол қалалық коммуналдық шаруашылыққа жалға берді. Қызметшілер күтім көрген үйдің есік, терезе жақтауларын, пештің тартпасын  алып, мектептердің біріне береді. Линде сотқа шағымданды. Тек төртінші ретте ғана Гурин деген судья шығынды 500 рубльге бағалап, сол арада сот өтеуге қаулы шығарады».

 Линденің бұдан кейінгі өмірі қандай болғаны белгісіз. Оның шаруа қожалығы совет заманында балалар үйі, кейін кәрілер мен мүгедектер үйі ретінде пайдаланған. Айта кетерлігі, тарихта тағы бір Линде есімді азамат болған. Ол  әлемдегі тұңғыш сыра сақтауға арналған тоңазытқыш қондырғысын ойлап тапқан Карл Пауль Готфрид фон Линде еді. Кей мамандар Қарқаралы жерінде  сыра қайнатқан   Линденің онымен жақын туыстық байланысы болуы  мүмкін дегенді де алға тартады.  

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?