Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қ. Бағашар: Төл тарихымызға бетбұрыс

1764
Қ. Бағашар: Төл тарихымызға бетбұрыс - e-history.kz
Кеше Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрген болатын. Осы мақалаға орай PhD доктор Құдайберді Бағашар өз пікірін білдірді

Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Республикамыз бойынша кең көлемде жүзеге асуда. Елбасы Н. Әбішұлының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы сол бағдарламаның жалғасы іспетті. «Қазақтың арғы-бергі тарихында біз ұялатындай ештеңе жоқ» дегенді бұрынырақта айтқан Елбасы бүгінде түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туып отырғанын білдіріп, төл тарихқа оң баға берілуін, төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болатындығына сенім артады. Н. Әбішұлының пікірінше, мақалада аталған зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды.

Сондықтан нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз. Мақала негізінен «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» және «Тарихи сананы жаңғырту» атты екі тараудан тұрады. Алғашқы тарауда алғаш ұлы дала төсінде пайда болған материалдық мәдениет сөз етіліп, атқа міну мәдениеті, ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, Алтын адам, түркі әлемінің бесігі қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны секілді тақырыптар қозғалған. «Тарихи сананы жаңғырту» тарауында алдағы уақытта бірқатар маңызды идеяларды жүзеге асыруға шақырған.

Атап айтқанда, ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау қажеттігі. Дегенмен бұл маңызды жұ­мыс мемлекет есебінен атқарылатын «академиялық туризмге» айналмауын ескертіп, архив деректерін тек жинақтап қа­на қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифр­лық форматқа көшіру аталған.

Елбасы пікірінше, «Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс. Сондықтан, мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды. Ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақтық сезімін қа­лыптастырады». Мақалада Ұлы дала әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абы­лай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дү­ние­ге әкелгенін, сондықтан, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың же­тіс­тіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы жә­не бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасау идеясы көтерілген.

«Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу. Бұл жоба аясында 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әр түрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру, сондай-ақ, Википедияның үлгісінде Қазақстанның модераторлығымен Түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашу, Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу, «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құру, «Дала фольк­лорының антологиясын» жасау, қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орын­дауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару, тез арада Қазақстанның өр­кениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу, ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың да талғамына ерекше назар аудару мәселелерінің маңызы аталған.

Н. Әбішұлының айтуынша, «Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ, бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар». Біз жоғарыда сөз еткендей, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаланың жалғасы іспетті. Яғни аталған бағдарламаның бұл жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға зор мүмкіндік береді. Мақалада аталған соны әрі тың идеяларды жүзеге асыру шынайы рухани жаңғыруға кең жол ашатыны сөзсіз. Халықтың күткені де осы еді деп нық айтуға болады.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?