Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алғашқы ұстаздар: Ыбырай және Шахмұрат

2974
Алғашқы ұстаздар: Ыбырай және Шахмұрат - e-history.kz

Қазақ даласындағы алғашқы кәсіби деңгейдегі мектептің негізін Бөкей ордасының ханы Жәңгір қалағаныны белгілі. Халық арасында «Жәңгір мектебі» деген атаумен белгілі болған бұл білім ордасы 1841 жылы ашылған болатын. Алайда бұл бұған дейін қазақ елінде ешқандай білім орындары болмады дегенді білдірмейді.

Қазақ халқының ежелден қалыптасқан дәстүрлі білім жүйесі болды. Мыңдаған жылдық тарихы бар көне Тараз, Түркістан, Құлан, Отырар секілді ежелгі қалалардың барлығында да өз деңгейінде алғашқы сауат ашу орталықтары болды. Орта ғасырларда көптеген мектептер мен медреселер, діни білім беретін жоғары оқу орындары жұмыс істеген. Әбу-Насыр әл-Фараби, Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Ахмед Игунеки, Қожа Ахмет Иасауи секілді ойшылдардың барлығы да осындай діни медреселерде оқып, білім алған.

Зерттеушілер 19 ғасырдың екінші жартысындағы білім беру жүйесін үшке бөліп қарайды. Олар:

1) Қадым мектептері - мұсылмандық дәстүрге негізделген діни мектептер;

2) орыс-қазақ мектептері;

3) жәдит мектептері - әр түрлі ғылым салаларын оқытатын жаңашыл бағыттағы мұсылмандық мектептер.

XIX ғасырдың ортасына дейін мектептер мен медреселерде шәкірттерге мұсылманша білім берілді. Оларды негізінен арнайы сауаты бар молдалар оқытты. Медресе бітірген шәкірттер ислам негіздері ғана емес философия, математика, медицина, тарих және астрономия секілді ғылымдардан да хабардар болып шығатын болған.

Оқи отырыңыз: Қазақ даласындағы алғашқы білім ордасы
 

Қазақ даласында «Жәңгір мектебінен» кейін ашылған екінші оқу орны деп 1850 жылы Орынбор қаласындағы Шекаралық комиссия жанынан ашылған жеті жылдық мектебін айтуға болады. 7 жылдық бұл мектеп 19 жыл жұмыс істеді. Бастапқы жылы онда 20 шәкірт оқыды. Оларға 3 мұғалім сабақ берді. 1859 жылы 40 бала тәрбиеленді. Ал мұғалімдердің саны 9-ға жетті.

1862 жылы мектептің оқу мерзімі 6 жыл болып қысқартылды. 1869 жылы мектеп жабылып қалды.

Орынбор қазақ мектебін 19 жыл ішінде барлығы 48 маман бітіріп шықты. Мәселен 1857 жылы бұл мектепті Ыбырай Алтынсариналтын медальмен аяқтады. Кейбіреулері Шекаралық комиссияның өзіне жұмысқа қалдырылса, бірқатары өз еліне барып, жергілікті әкімшілік-басқару аппаратында еңбек етті.

Шекаралық комиссияның шешіміміне осы мектептің алғашқы алғашқы үш түлегі - Ыбырай Алтынсарин, Шахмұрат Құлыбеков, Нұрым Мұңсызбаев 1860 жылдары Қазақстанда жаңадан ашылған мектептерде сабақ берді. Ыбырай Орынбор бекінісіне (Торғай), Шахмұрат - Орал бекінісіне (Ырғыз), ал Нұрым Тройцкіде ашылған қазақ мектебінде дәріс беруге жіберілді. Сонымен қатар үшеуіне де басқарманың аударма қызметі қоса тапсырылған еді. Кейін Ыбырай мен Шахмұрат өз мектептерін ашты.

Сол секілді 1865 жылы Омбыда қазақ балаларына арналған тағы бір мектеп ашылды. Ол жергілікті ауқатты қазақтар арасынан іс жүргізушілер тілмәштартар даярлау үшін ашылған еді.

1869 жылы Орынбор гимназиясы жанынан шығыс тілдерінің тілмәштарын және әскери округтердің хатшыларын даярлайтын бөлімше құрылды.

Ыбырай мектебі

Ыбырай мектебі 1864 жылы Торғай қаласында ашылды. Жәңгір хан секілді Ыбырай Алтынсарин де мектеп ашу үшін көп тер төкті. Қазақ балалары үшін бастауыш мектеп ашу үшін Орынбор облыстық басқармасының рұқсатын 1860 жылы алғанымен шағын ғана білім ошағының жұмысы оңайға түспеді. Алғашында мектеп ғимараты және оқу құралдарына қаржы болмайды. Кейін қаржы жиналғанымен шәкірт іздеу жұмысы одан да қиын болып шығады. Жұрт көпке дейін «шоқынып кетеді» балаларын бермеді.

Ыбырай Алтынсарин сабақты орыс графикасына негізделген қазақ әліп-биімен оқытты. Ыбырай мектебінде Торғай өңірінен жас шамалары 9 бен 13 аралығындағы он төрт бала оқыған. Олар – ағайынды Қорғанбек пен Әбдібек Бірімжановтар, Қоңырқұлжа Бикеев, Нұрғали Әбділпейізов, Нұрмұхамбет Төкин, Биқабыл Тәшенов, Ысмайыл Серкебаев, Ержан Тұлтанов, Баймұхамбет Салқынбаев, Жармұхамбет Жанғожин, Омар Бектемісов, Ибрахим Тәшепов, Қылышбай Сүйіповтер еді.

Ұлы ағартушының талантты шәкірттері қатарында ізін жалғастырған шәкірттері, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушыларда түлеп ұшты. Олардың қатарында: Ахмет Бірімжанов, Әліби Жангелдин, Спандияр Көбеев, Нұржан Наушабаев, Бекет Өтеуілов, Жиһанша Сейдалин, Смағұл Майоров, Біләл Асфандияров, Ахмет Балғымбаев, Әбубәкір Алдияровтар бар.

1869 жылы Ы. Алтынсариннің ұсынысымен орыс қазақ училищесі болып қайта құрылады.

1922 жылы 7 жылдық мектепке айналды. 1945-ші жылдан бері Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектеп аталады. Қысқасы «Ыбырай мектебі» өзінің тарихи міндетін адал атқарып, өңірдегі халық ағарту ісіне жол салды.

Ыбырай Алтынсарин алғашқы қазақ мектебімен шектеліп қана қалмай Елек, Қостанай, Торғай уездерінде бір-бірден екі сыныптық орыс-қазақ мектептерін ашады. 1888 жылы 10 сәуірде Орскіде бастауыш мектеп мұғалімдерін даярлайтын мектебі ашылады. Сонымен қатар, Торғай (1891), Қазалы (1893), Қарабұтақ (1895), Ақтөбе (1896) секілді өңірлерде қыздарға арналған мектеп-интернаттың ашылуына мұрындық болады.

Ырғыз өңіріндегі Шахмұрат мектебі

Шахмұрат Құлыбеков - Орынбор қаласындағы Шекаралық комиссия жанынан ашылған жеті жылдық мектебін алғашқы түлектерінің бірі. Ол Ыбырай Алтынсарин секілді 1862 жылы Ырғызға (Орал бекінісі) оқытушылыққа жіберіледі. Ол да бастапқыда дайын мектеп болмағандықтан қазақ балаларын жинап үйде оқыта бастайды.

1864 жылдың 25-қазаны күні Шахмұрат бастауыш қазақ мектебінің тұсауы кесіледі. Үлкен жиынға қазақ ауылдарының халқы мен бекіністің барлық шенділері қатысқан. Мектептің ашылу құрметіне ұлттық ойындар өткізіледі. Мектепте 13-15 бала оқыған. Олар дәулетті адамдардың балалары еді.

Ырғыздағы Шахмұрат бастауыш мектебі 1879 жылы жабылып, Ресей халық ағарту министрінің жарлығымен қазақ-орыс училищесі болып қайта құрылды.

1887 жылы 15 қыркүйекте екінші оқу орны — Ырғыз қалалық бір кластық қыздар училищесі ашылды. Оған 17 қыз бала оқуға қабылданды.

Бір жылдан кейін яғни 1888 жылы осы оқу орнының жанынан қазақ қыздары үшін 18 орындық интернат бой көтерді.

1915 жылы Ырғыз өңірінде қалалық екі орыс-қазақ училищесі, селолық екі кластық орыс-қазақ училищесі, селолық екі кластық орыс училищесі, қалалық екі кластық орыс-қазақ мектебі, селолық бір кластық орыс-қазақ мектебі, 35 ауыл мектебі, медресе, кешкі мектеп ашылды. Бұл оқу орындарында 1432 бала білім алған. Ырғыздың қалалық екі кластық орыс-қазақ училищесінің жанынан етік тігетін кәсіптік бөлім ашылған.

Шахмұрат Құлыбековтың мұрындық болуымен ашылған Ырғыз білім ошақтарынан көптеген дарындар тәрбиеленіп шықты. Бөлебай Сарбатыров, Мұхамед-Рахым Сәтбаев, Медіресін Тереков, Жәнет Сүгірбаев, Мұса Дайрабаев, Алман Әзірмәмбетов, Ахмет Тұңғашин, Әбіш Тойбазаров, Төлепберген Хасанов, Таран Беркінбаев, Сержан Шонанов, Төлепберген Серғалиев, Нұркен Оразымбетов, Ахметжан Кәдіров, Теңізбай Баймурзин, Әли Сәрсенбин секілді шәкірттер кейін Ресейдің және шетелдердің жоғары оқу орындарын бітіріп, халық шаруашылығының түрлі салаларында абыройлы еңбек етті.

Ахмет пен Мұхамедияр Тұңғашиндерге Варшава университетінің мал дәрігері бөлімін үздік оқығаны үшін Орынбор губернаторы Лобачевскийдің бұйрығымен арнаулы стипендия тағайындалған. Төлепберген Серғалиев Петербургтегі Александр І атындағы темір жол инженерлерін даярлайтын институтты аяқтап, өз мамандығы бойынша ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Училище түлегі Бөлекбай Сарбатыров өзі оқып шыққан оқу орнында көп жыл ұстаз болса, Теңізбай Баймурзин Қазақстанның әскери комиссары қызметін атқарды.

Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргенов, Телжан Шонанов, Бәймен Алманов сынды Алаштың ардақты ұлдары Ыбырай мен Шахмұраттардың ұйытқы болуымен ашылған мектептерде білім алған.

Ырғыздық өлкетанушы Сейілхан Оразымбетовтің айтуынша, Шахмұрат Құлыбеков Ыбырай Алтынсаринмен бірге 1850 жылы Орынбор шекара комиссиясы жанынан ашылған жеті жылдық оқуға түсіп, оны 1857 жылы бітіріп шыққан. Шахмұрат өте қабілетті оқушылардың бірі болған. 1853 жылы мамырдың 31-індегі «Бітірушінің сынақ актісінде» былай делінген: «Сынаққа қатысушылардың қорытындысы бойынша үздік үлгерім мен көрегенділігі үшін мақтау қағазымен 3-кластан Ш.Құлыбеков, Т.Қоспақов, Н.Мұңсызбаев, Ы.Алтынсарин және Ш.Көшербаев наградталады».

Сонымен қатар1857 жылы Орынбор арнаулы әскери корпусының бұйығымен Ш.Құлыбеков, Ы.Алтынсарин, Т.Қоспақов, Ш.Көшербаев және М.Бақтияровқа «зауряд хорунжий» деген әскери атақ берілген.

XX ғасырдың бас кезінде дәстүрлі мұсылман мектептерін реформалау жұмыстары басталды. Яғни жаңа әдістемеге негізделген мектептер пайда бола бастады. Ең алғашқы осындай мектеп 1900 жылы Түркістан қаласында ашылды. Ондай мектептер кейін Ақтөбе, Жаркент, Верный, Қазалы, Қостанай, Перовск, Семей сияқты басқа да қалаларында бой көтерді.

ХІХ ғасырдың соңына қарай өлкеде қалалық училищелер, шіркеулік училищелер,кәсіптік гимназиялар, орыс-қазақ училещелері мен мектептері, ауылжәне бастапқы сауат ашу мектептері ашылды. Олар мемлекет есебінен қаржыландырылды және бастауыш оқу орындарының рөлін атқарды.1898 жылдан 1914 жылға дейін Қазақстандағы бастауыш мектептердің саны 730-дан 1988-ге дейін, ал олардағы оқушылардың саны 29 мыңнан101 мың адамға дейін өсті.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?