Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Бір күні өзім малын бағып жүрген байдың суретін салмақ болдым» – Әбілхан Қастеев

1692
«Бір күні өзім малын бағып жүрген байдың суретін салмақ болдым» – Әбілхан Қастеев - e-history.kz

Бірақ бай қасымда жоқ еді, оның бейнесін жатқа оюға тура келді. Байдың қабағы салбыраған, басы үріп айналдырған қарындай жалтыр еді... 

Бұған дейін  ХХ ғасырдың басында  Қазақ даласында жарық көрген мерзімді басылымдарға (газеттер мен журналдар) шолу жасап, сол дәуірдегі зерттеушілер мен ғалымдарды қандай мәселелер қызықтырып, немен айналысқаны соның ішінде ауыл шаруашылығына қатысты біраз дүниелерді ақтарып көрген едік. Осы дәстүр бойынша көне журналдарды ақтарып отырып, қазақтың әйгілі суретшісі, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің мақаласын тауып алдық. Әйгілі суретшінің өзі жазған мақала “Пионер” журналының 1947 жылғы санында  (№ 2) жарық көрген екен. Мақала  «Мeн өмірден үйрендім» деп аталады. Мақалада автор өзінің балалық шағы, алғашқы сурет салуы, өз бетінше білім алуы, алғашқы жетістігін сөз етеді. Соңында сурет өнеріне қызығушылығы бар оқушыларға ағалық ақылын айтып, кеңес береді. 

Енді сол мақалаға кезек берсек: 

Мeн өмірден үйрендім

Бір күні біздің қара лашық үйге Үлкен Кебен өзенінің бойын жайлайтын, алыстағы қырғыз аулынан бір аңшы жігіт келді. Ол аңшы жігіт босағада монтайып отырған мені көрді. Жалма-жан оң жақ аяғындағы саптамалы етігінің қонышынан ақ шүберекке ораған бір нәрсе алды. Ол маған таяу келді де:

- Балақай, мынау аңшының кездігі. Осы кездік саған тартқаным, өсіп, өнерлі азамат болсаң, мені ұмытпассың, деді. Сөйтіп сол жігіт маған сүйек сапты алмас кездігін берді. Мен бұған қуанып кеттім. Жігітке мың мәртәбә рахмет айттым да, ауылдың алдындағы тоғайға қарай жүгіре жөнелдім. Жігіт кездігін қайта сұрамас па екен деп, артыма қарай-карай жүгіріп келем. Үйдің есігі ашық еді, жігіт маған қарап, күлді де тұрды.

Мен далада өстім. Құба жонда қой бағып жүрдім. Зеңгір тау, кең дала, қалың орман, мөлдір бұлақ көрдім. Мен оларға таңдана қарадым. Жартасты, шынды, құзды көрдім. Өзен жағасынан қыстас тауып алдым. Ол тастан бұйра қара тоқтыны, қамыс құлақ атты, жібек шудалы түйені ойып жасадым. Тасты ерінбей қырып, жона бердім. Көріп білгенімді тасқа, ағашқа ойып түсірдім.

Бір күні қыстасқа өзім малын бағып жүрген байдың суретін салмақ болдым. Бірақ бай қасымда жоқ еді, оның бейнесін жатқа оюға тура келді. Байдың қабағы салбыраған, басы үріп айналдырған қарындай жалтыр еді. Мен бұл пішінді аудармай келтіріппін. Бай менің тасқа ойып сурет жасап жүргенімді естіп қойып, бір күні менің үш ағаштан істеп, сыртына шекпен жапқан қосыма келді. Іргеде қалаулы тұрған қойдың, түйенің, жылқының, таудың суреттерін көрді. Оның ішінен өзінің басын танып қалып:

- Қара, пәтшағардың өнерін! – деп, мені жақтан бір салып қуып жіберді.

Бұл менің сурет салуымның бастауыш мектебі болды. Сөйтіп мені ауыл «тасбас», «ағаш бала» деп атап кетті. Бұл «тасбас» пен «ағаш бала» баяғы маған алмас көздігін берген аңшы жігіт екеуімізге ортақ ат болды.

Енді өмірдің екінші басқыш мектебіне түсуді аңсадым. Ол аңсағаным хат тану, қағаз-қарындаш ұстау еді. Бірақ, олар қолыма оңай түспеді. Шешем Халипаның темір қайшысына жармастым. Қой бағуды қойған соң қыстас үшін өзенге жиі баруды да қойдым. Енді суретті ескі қағаздан, шөптің жапырағынан қайшымен қыйып жасайтын болдым. Бұрынғы қыстастан жасаған суреттерімнің үстіне, хат білетін адамдардан үйренген әріптердің таңбасын кездігіммен сызып жазатын халге жеттім. Сөйтіп жүріп хат та танып алдым. Өз бетіммен оқуға шамам келді.

Совет өкіметі орнады. Халқыммен бірге мен де бақыттың есігін аштым. Мен өнерімді сыртқа шығаруға асықтым. Бұл тілегімнің орындалатындығына сенімім күшті еді. Ауылға газет те әкелінді. Оны оқыйтын адамдар да келе бастады. Ауыл адамдары ол газетті ынтыға тындады. Бір күні газет оқитын кісі ауырып қалып, жыйналған ауыл адамдары тарай бастады.

Газетті бүгін мен оқып берейін, маған беріңіз дедім. Жұрт ду күлді. Мен газетті қолыма алдым да, олай-бұлай аударыстырып қарап шықтым. Жұрттың бәрі көзін сүзіп маған қарап тұр. Біреулердің шырайында «осы қайтер екен?» дегендей белгі де сезіліп тұр. Мен газетті саулатып оқып шықтым. Жыйылған жұрт маған риза болды. Өмірдің екінші мектебін мен осылай бітірдім.

Мен Түркістан-Сібір темір жолын салыстым. Суретті бояумен жасай бастадым. Сурет салудың шұғылалы күні туды. Акварель деп аталатын жақсы бояумен әдемі, көркем суреттер жасап, жұмысшылар шатырының қасына сүйеп қойдым. Менімен бірге істеп жүрген жұмысшылар бұл суреттерді көріп, мені бастарына көтерді. Бұдан кейін үлкен кенепке В.И. Лениннің суретін жасадым. Бұл суреттің құрметіне темір жол партия ұйымы митингі ашты. В.И. Лениннің суретін жұмыс істеп жүрген станцияның аланына апарып қойдық.

Бұл сурет менің атымды 1929 жылы Алматыға жеткізді. Мен Алматыға келдім.

Москвада оқыған кезімде Суриков, Репин, Бродский сыяқты атақты суретшілердің еңбектерімен жете таныстым, олардан үйрендім. Москва маған университет болды.

Орыстың атақты табиғат суретшісі И.И. Левитанның суреттері маған зор әсер етті. Ол менің суретке деген құмарымды арттырды. Мен өз суреттерімде И.И. Левитанға еліктейтін болдым. Оның орыс жерінің зеңгір таулары мен айдын көлдерін, ну ормандарын аудармай салуын, орыс халқының салтын, тұрмысын табиғат көрінісіне байланыстыра білуін үйренуге бой ұрдым. Қазақтың кең байтақ даласын, бай табиғатын, Жетісудың Алатауын суреттедім.

Балалар, сендердің іштеріңде сурет салып жүрген, сурет өнерін сүйетіндер де аз емес. Ал, шын бой ұрсаңдар суретші болудың қыйындығы да жок. Тек талап керек, ерінбей соңына түсу кажет. Сала бастаған суретті шала қалдырмай, жақсы болсын, жаман болсын аяқтап шығу керек.

Сендер мектепте сурет сабағын оқыйсыңдар, ол бірнәрсені сызудан басталады. Сол сызуды, бір-ақ сызып коймай, қайта-қайта сызу керек. Суретті суреттен көшіріп салмай, затты көріп отырып салу пайдалы. Заттың кескініне оқтын-оқтын қарау адамның көзін жаттықтырса, ол заттың көрінісін бірнеше сызу қолды жаттықтырады. Түрлі бояумен жасалған суретті көріп, оның қандай бояулармен жасалғанын, қай бояу қай мөлшерде жағылғанын зерттей білу, суретті қарындашпен сызып салудан болуға көшкенде көп пайда келтіреді.

Ал, суретті ылғи фотодан көшіріп жасаудың жас суретшіге елеулі зыяны тиеді. Біріншіден, фотосурет қайткенмен де заттың дәл өзіндей болмайды. Екіншіден, суретті көшіріп салу, өз бетінше ойлауына бөгет жасайды. Адамның ой-өрісін тарылтады. Өз бетінше уақыйғалы, желілі суреттер салуына бөгет болады.

Жас достарым, мен сурет салуды қажырлы еңбектің арқасында үйрендім. Маған сурет салуды өмір үйретті. Мен әлі күнге сол өмір мектебінде оқып жүрмін.

Ә. Қастеев, Қазақ ССР-ның халық суретшісі

"Пионер" журналы 1947 № 2 саны 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?