Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қарқаралы құзырхатында көтерілген мәселелер

311

Абылай хан өмірден өткен соң Қазақ хандығы бытырау-тарау күйге түсті. Ортақ ұлы хан сайлап, бір орталыққа бағыну түгілі әр жүздегі ықпалды сұлтандар қарамағындағы жұртымен бірге жеке күнін көруге кірісті. Мұны Патшалық Ресей мен Цинь империясы, Қоқан мен Хиуа хандықтары сияқты көршілер де өз мүдделеріне сай пайдаланды. Осылайша қазақ халқы шет жұрттардың бодандығына түсті.

Патшалық Ресейдің қоластына түскен қазақ халқы ХХ ғасырдың басында шет аймақтағы мешеу қалған ұлт ретінде әлемдік өркениетке аса ілесе қойған жоқ болатын.

Дегенмен қазақ даласында да оқыған зиялы адамдардың шоғыры пайда болды. Нарықтық қатынастар да аз да болса дами бастады. Сарыарқаның дәл ортасындағы Қоянды жәрмеңкесі сияқты мерзімдік сауда-саттық нүктелер көбейе түсті. Осы арада әйгілі «Қарқаралы құзырхаты» әзірленді.

«Қарқаралы құзырхаты» немесе петициянда қазақ халқының сол дәуірдегі хал-ахуалын қамтитын 46 түрлі мәселе қамтылған. Бұл мәтініде қамтылған, нақты айтылған ұсыныс талаптар – Патшалық Ресей билігінің соңғы бір ғасырға жуық уақытта қазақ халқын отарлауы салдарынан туындаған жағдайлардың нақты көрінісі болатын. Мұндағы бірінші мәселе – қазақтардың атауы туралы: «Қырғыз халқының аты мұсылман қырғыз деп аталып, әскери міндеттен босатылсын». Мұны – 1925 жылы Қазақ АКСР-і Халық комиссарлары Комитеті Төрағасы Сәкен Сейфуллиннің күш салуымен шешілген, «қырғыз» деген атауды «қазаққа» өзгертілген мәселенің алғаш көрініс табуы деуге болады. Себебі, соңғы екі ғасыр жүзінде қазақ халқының ресми құжаттық атауы «қырғыз» болып жазылып келген еді.

Құзырхатта көтерілген келесі проблема: қазақтардың бір орталықтандырылу мәселесі болғанын көреміз: «Қырғыздарды Орынбордың рухани жиналысына бағындырып, 1868 жылға дейінгі ережелерді қолданып, Қазан мұсылмандарының тәртібіне сәйкестендіру керек». 1824 жылы «Сібір қазақтарын басқару туралы ереже», ал 1868 жылы жаңа реформа жүргізіп, сұлтандардың ықпалын шектеу деген желеумен халықтың өзін өзі басқаруын шектеп, ең үлкен билік құрылымын болыстық деңгейге түсіріп тастап еді.

ХХ ғасырдың басында қазақтар мен өзге де мұсылман жұртының құдайға құлшылық мәселесіне де патша үкіметі шектеу қоя бастаған екен. Бұл жөнінде тқұзырхатта былай деп талап етілген: «Қырғыздарға мешіт, медресе салуға рұқсат керек. Құдайға құлшылық етуге еркіндік болсын. Ол жерлерде арабша, парсы және түрік тілінде сабақ беруге, газет және кітаптар шығаруға баспахана салуға рұқсат берілсін». Бір замандарда дінді ашық қолдаған отаршыл билік кейіннен бұл әдетінен жаңылып, мұсылмандарға қарсы көптеген шектеулер енгізе бастаған.

Құзырхат дайындалған кезеңде орыс заңдары бұрынғы даладық заңдардың орнын басып, орыс тілінің қажеттілігі күрт арта бастаған болатын. Болысттардан өзге жоғары билікте қазақ тілін білетін шешеуніктердің болуы талап етілген жоқ. Өздігінен қазақ тілін үйреніп алғандары болмаса, олар қазақ тілін үйренген де, сөйлеген де жоқ. Осы мәселе құзырхатта көрініс тапқан: «Қырғыз халқын басқаратын адам қырғыз тілін білулері міндетті. Оларды тағайындау немесе орнынан алу мәселесі қырғыз қоғамының өкілінің таңдуымен болуы шарт. Бүгінгі шаруа бастықтарының орнына халықтың арасын бітістірушілерді заңдандыру керек. Бұл қызмет қырғыздардың ішінен жеткілікті білімді қырғызды тағайындау қажет».

Мұндағы шаруа батықтары деп отырғаны – земство өкілдері еді. Әрбір дау-шарлар көбінесе қазақтардың пайдасына емес, келімсектердің пайдасына шешіліп жататын болған.

Осы құзырхатта көрсетілген және күні бүгінге дейін өзекті болып отырған бір жағдай, ол – іс-қазғадардың қазақ тілінде жүргізілуі. Мәтінде былай деп атап көрсетеді: «Барлық қырғыз істері қырғыз диалектісінде жүргізілуі міндетті. Хат жазушы, күзетші, хаттарды таратушылары тегіс тек қырғыз тілін білетін адамдардан тағайындалсын.

Құзырхатта сайлау мәселесіне айрықша тоқталады. Бұл да қазіргі күнге дейін мәнін еш жоймаған үрдіс болып табылады. Яғни сайлау процесін әділ жүргізу, білімді, өз ісіне адал да мығым кадрларды қою мәселесі әрқашан күн тәртібінде. Құзырхатта былай деп көрсетілген: «Болыс басқарушысы, халық соты, ауыл старшындары және сайлауға қатысушылар бүгінгі ережеге сай жүргізілсін. Бұл қызметтегі адамдар өздері сауатты адамдар болуы, олар ол қызметке кірісер алдында өз қызметінде заңсыздыққа жол бермеу үшін ант берулері керек. Олардың бұл қызметтен кетуіне тек халықтың көпшілігі дауыс бергенде ғана рұқсат етілсін».

Бөлімшелік земство қызметкерлері мен олардың аудармашылары – тіл білмейтін қазақтар мен патша кеңсесі ортасындағы делдалдық қызмет атқарып отырды. Олар қарапайым жұрттың орыс тілінен сауатсыздығын пайдаланып, қандай бір істі өзіне қолайлы жағына бұрып жіберуге көбінесе әрі болды. Құзырхат әзірлеушілер талапта осыны атап көрсетеді: «Бөлімшелік ара бітістірушісі қырғыз тілін білсін, сонда аудармашының қажеті болмайды.

Құзырхаттатағы бір атап көрсетілген мәселе – сот процесінің дұрыс өтуі. Қандай бір қылмыстық, азаматтық істер қаралған кезде тергеу жұмысының біржақты болуынан қазақтың қарапайым азаматтары зиян шегетін болған. Осының алдын алудың жолы ретінде мына жағдай көрсетілген: «Тергеу жұмысы жүріп жатқан кезде айыпталушы жағынан қорғаушы қатыссын». Бұл – қазіргі тілмен айтқанда адвокаттық қызмет болатын. Адвокаттық қызмет болмаған жағдайда, сот пен прокурор айыпталушының мәселесін біржақты шешіп жіберуі мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.

Сонымен бірге құзырхатта округтік соттың ісіне қатысып отыратын қазы болуын да талап етеді. «Округтік соттың жанында сот ісіне қатысып отыратын қазы болуы шарт», - деп атап көрсетуі де орыс билігінің біржақты шешім қабылдап жіберуінің алдын алудан туындағаны анық.

Сонымен қатар, ХХ ғасырдағы қазақ даласындағы қылмыстық іс процесіне дейін орын алған бір келеңсіздік – айыпты деп табылған тұлғаны сотқа тартып тергемей, соттың шешімін шығармай-ақ, әкімшілік ресурс арқылы мәжбүрлі түрде жер аударып жіберу болған. Сондықтан да құзырхатта:Тергеусіз және соттың шешімінсіз әкімшілік жолымен жер аудару тыйылсын», - делінген.

ХХ ғасырдың басына дейін Патшалық Ресей соты мен Далалық сот жүйесі қатар өмір сүріп келді. Дегенмен Далалық халық соты да көп жағдайда жергілікті патшалық биліктің ығына жығылып, әділетсіз шешімдер шығаратын болған. Бұған халық наразы болды. Құзырхатта былай деп атап көрсетеді: «Қырғыздың халық соты – Заң министрлігіне ғана бағынсын».

Құзырхатта дін өкілдерінің билігі, істі шариғат бойынша шешу мәселесі молынан көрініс тапқан. Бұған мына бір талап бабы мысал бола алады: «Халық сотынан, бидің билігінен алып, мұрагерлікті толығымен молда мен шариғатқа бағындырсын».

Талап хатта сайлаудан өкен қызмет орнын бектітенін кезде облыстық әскери губернаторға аталған лауазымды ұсынбастан бұрын осы сұсыну процесіне қатысқан бастықты бекітуге жіберілетін адамның ахунмен ақылдасуы тиіс екендігі де көрсетілген.

Салық пен садақа-зекет түрлері де халықтың қалтасын қағып меңдетіп тұрған болатын. Сондықтан да құзырхатта халықтан өз еркімен беретін садақа мен заңдық жауапкершілік жүктеп айыпталған кездегі қаржыны әкімшіліктің нұсқауымен емес, халық өзі бөлсе дұрыс болады деген ұсынысты да жолдайды.

«Жер, жер, және тағы да жер!» - дегендей, бір заманда қазақтың қолынан шығып кеткен ата қоныстарын қайтарып алу мәселесі де құзырхаттың бір сұрағы ретінде енгізілгенін көреміз. Аталған құжаттағы талаптардың 15-сі Ертіс бойындағы байырғы қазақ жерлерінің әскер пайдасына, мәртебелі қырғыздарға берілгенін, бұдан былай сол жерлерді қазақтарға атақонысы ретінде мәңгілік қайтарып берілуі қажеттігін атап көрсетеді.

Бұған қоса, жалпы алғанда былай деп талап еткенін көреміз: «Қырғыздардың қыстаулары және жаз жайлаулары бұрынғы салт бойынша олардың меншігінде қалуы тиісті». Себебі, осы кезеңде қазақтардың ата-бабасынан қалған қыстау-жайлаулар, қопалы-қорықты тамаша жайылымдар патша кабинетіне, әскери мақсатқа т.б. деген желеумен еріксіз тартып алынып жатты.

Кейіннен «Алаш» партиясының бағдарламасынан көрініс тапқан, қазақ даласындағы қазба байлықтардың иесі – осы өлкенің байырғы халқының меншігі екендігі де құзырхатта көрсеткен. Бұл мәселе қай қашанда да өзінің маңызын жоғалтпайтындығы анық: «Қырғыздың таулы даласында ашылған қазба байлықтары олардың өз меншігі болуы, ол жерде салынатын заводтар қырғыздардың өзінікі болып есептеледі. Егер де олар өздері оны өндіруден бас тартса, сонда ғана басқа адамдарға жалға беруге болады. Бірақ олар әр десятинасына жалдау ақысын төлеулері тиіс».

ХХ ғасырдың басына дейін ішкі Ресейден, Украина мен Белоруссиядан ағылған келімсектер көбейе түскен болатын. Бұл кезде қазақтар ата-бабасынан бері мекендеп келе жатқан таулы, ну орманды алқаптардан, өзен сулы жерлерден жаппай айырылып, шөлді далаларға ығыстырылған болатын. Ертіс сияқты қазақтар ежелден суын ішіп, жағасына малын жайып тіршілік етіп келе жатқан өзенге 10 шақырымға дейін таямау туралы бұйрық шығару – қысастықтың асқынған түрі болды. Бұл тіпті сонау ерте, 1765 жылы Сібір шекара шебінің командашысы генерал-поручик И.Шпрингердің заманында шыққан бұйрық болатын. Дәл осы бұйрық бойынша Ертістің далалық бетінде ені 10 шақырым келетін алқап белгіленіп, ол аймаққа мал жайған, көшіп келіп қонған қазақтарды жолатпауға бұйрық берілген. Сонымен қоса, қазақтардың Ресейдің кез келген әскери бекіністеріне 30 шақырымнан жақын баруына тыйым салынған болатын. Ертістің сол жақ бетінде көшіп-қонып жүрген қазақтардың оң жақ беткен патшалық үкіметінің рұқсатынсыз, өз бетінше өтуіне қатаң тыйым салынып, шектеу қойылды. Мұндай жағдайдың ақыры оларға әскери күш қолдана отырып, сол жағалауға қайтадан еріксіз қуып жіберуімен аяқталатын болған. Сол үшін де құзырхатты жазушылар мынадай талап қояды: «Қырғыздар ағаштарды қажетке жарату, балық аулау, тағы басқа да құқықтарға рұқсат етуді талап етеді.»

Бұл талаптың жалғасы ретінде қазақтардың өз көшіп-қонып жүрген мекеніне жақын жердегі кәсіптік маңызы бар өзендер мен көлдерді, тұз кеніштері де байырғы халықтың меншігі екендігін жазып көрсетеді: «Қырғыздар тұрған жерлерге таяу орналасқан тұзды және балығы бар көл

де солардың меншігіне қалдырылсын. Ол көлдерді жалға беру уездің өкілдерінің сенімділерінің біріне тапсырылсын».

«Қарқаралы құзырхатында» көрсетілген кейбір ұсыныстардың қазіргі тәуелсіз Қазақстан тұсындағы қаржы кірістерін пайдалануға ұқсас екендігін көруге болады. Атап айтқанда жергілікті алым-салықтан түсетін қаржыны депозит есепшотына аудару немесе ұлттық қорға жұмсау – бүгінгі күннің іс-әрекеттері. Қазақ зиялылары мұны сонау патша заманында-ақ көтере білгендігін көреміз: «Тұзды және балық аулайтын көлдердегі жалға беруден түсетін қаржыны бүкіл уездің қажетіне жұмсау үшін арнаулы салым-қаржы депозит есепшотын ашу керек. Қоғамның келісіміне сәйкес, бұл қаржы астық қорын дайындауға жұмсалады».

Құзырхатта дін мәселесіне үлкен мән берілген. Қазан мұсылмандары, яғни қазіргі Татарстанның діни адамдары арнайы тағайындаулармен, өкілеттілік арқылы қызметке алынатын болған. Құзырхатта қазақ халқынан шыққан діни өкілдерді де осы үрдіс бойынша қызмет істеуі қажеттігі талап етілген: «Қырғыз халқының діни адамдарын қамтамасыз ету Қазан мұсылмандарымен теңелуі тиіс».

Патшалық Ресей тұсында Мекке-Мединеге қажылық сапарын өтеу үшін арнайы квота белгілеп, виза аштыру арқылы белгілі бір шектеу қойылып отырған. Сондықтан да құзырхатта мынадай талап көрсетілген: «Қажылыққа баруға шек қойылмасын, еркіндік берілсін».

Қажылық сапарға бару кезінде құжаттық тұрғыда мәселелер туындап отырған. Билет-паспорт немесе қазіргі тілмен айтқанда шетелдік паспортты беруде ресейлік мұсылмандардың аталған құжатты иелену тәртібіндегі белгілі бір шектеулерді алып тастау атап көрсетілген. Сонымен қатар Ресей азаматтары ретіндегі қажылардың қауіпсіздік мәселесі де көтерілген: «Қажылыққа барған кезде билет-паспортпен пайдалану тәртібі православтықтармен бірдей дәрежеде болсын. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек».

Құзырхатта қазақ ішіне христиан православ миссионерлерінің келіп уағыз таратып, өзге дінге үгтіттеуіне қарсылық бар: «Қырғыз халқының ішіне миссионерлердің баруына тыйым салынсын», - деген талап осыдан келіп туындағаны анық.

Қазақ даласында миссионерлік, өзге дінге өтуге азғыру, мәжбүрлеу етек алып, көптеген қазақтар, оның ішінде жас балалар христиан дініне өткізіліп жатты. Бұл да елдің тұтастығы жолындағы қауіптердің бірі болған еді. Сол себепті құзырхатта бұл мәселе назардан тыс қағлан жоқ. «Қырғыздардың, әсіресе кәмелетке толмаған жастардың басқа дінге өтуіне тыйым салу керек. Ал басқа діннен мұсылман дініне өтемін деушілерге егер олар сауатты болса, рұқсат ету керек. Христиан дініне өткендер болса, ескі салтты орындауға мәжбүр етілсін».

Ресей заңы бойынша қазақтардың некеге отыру немесе айырылысу мәселесі уездік, губернаторлық басқарманың білімінде болды. Мұның өзі қазақтардың орыс үкіметіне барынша тәуелділігін арттыра түсті. Құзырхатта осы мәселенің түйінін шешу бойынша мынадай ұсыныс айтылған: «Некеге отыру немесе айырылысу мәселесін губернатор мен уез бастықтарының қарамағынан шығару керек.

Ал әкімшіліктің мұндай іске кірісуін, түрлі ақпараттар сұратуына наразы пікірін құзырхат жазушылар былай деп білдіреді: «Әкімшілік мұндай іске кіріспесін, ешқандай мәлімет сұрамасын».

Мешіт пен медресенің пайдасына меншіктік құқықтықтың болуын атап көрсетеді: Мешіт пен медресенің пайдасына «Вакуфқа» рұқсат етілсін», - деуінен біз ХХ ғасыр басында еліміз аумағында ислам дінінің қаншалықты ықпалды болғанын көреміз.

Патшалық Ресейдің билігі өзінің құрамындағы халықтардың құқығын орыстардың құқығымен теңестіре қойған жоқ. Сондықтан да олардың Ресей империясының кез келген өңірінен жер алуға, мемлекеттік қызмет істеуге құқылы болуы маңызды болатын: «Қырғыздар православниктер сияқты империяның қай уезінен, облысынан, губерниясынан болмасын жер алуға, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерде істеуге құқығы болсын.

Құзырхат жазушылардың тағы бір талабы – дін адамдарын бірдей көру мәселесі болды. Ресейде бұл кезеңде православ христиандардың, оның поптары мен өзге де дін адамдары қазақтың молдалары мен имамдар мен ишандарынан әлдеқайда зор сый-құрметке ие болатын: «Діни адамдар православяндар сияқты құрметті болсын, - деуінің мәнісі осыда болатын. Мектептегі ислам дінінің оқытылуы жөнінде құзырхатшылар мынадай шарттар қояды. «Мектептерде міндетті түрде мынадай шарт орындалуы керек: Алдымен қырғыз оқушыларына мұсылманның діни сабақтары оқытылады, кәмелетке жеткендерге діннің бес негізгі шартынан сабақ беріледі, ал одан кейін ғана орыс тілінен сауатын ашу сабағы жүреді. Мектепті бітіргенге дейін мұсылман діні сабағы негізгі болып есептеледі.» Құзырхатшылардың бұл жазып отырған талапхат бабы ұлтты сақтаудың бір өзегі ретінде қарастырылған ислам дінінің канондарын бұзбау керектігін айтады. Сонымен қоса: «Мектептерде христиан діні туралы сабақ оқытылмасын» деген талапты кесімді түрде қояды. Бұл кезеңде мектептерде христиан дінінің негіздері енгізіліп, қазақтарды әрі-сәрі күйге салып қойған болатын.

Құзырхатта ұлттың намысын жырту, қазақ халқының атына айтылып отырған қазақтардың өз ішіндегі «алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегендей бірлікшіл болғанда ғана патшалық қарамағындағы қазақ деген халықты орынсыз жаман етіп көрсетіп, жағымсыз имидж жасауды тоқтату қажеттігін атап көрсетеді. Осы жерде қазақ халқының байы мен кедейінің ортасына от жағылып отырғанын ерекше сынайды: «Таяудағы бастықтардың қоластындағы қырғыздар туралы жоғарғы бастықтарына өсек, мәлімет жеткізу арқылы олардың ішкі ісіне қарсылық көрсете алатын қырғыздарға хабарлау міндеттелсін. Өйткені осыған дейін қырғыздар туралы мәліметтерде: қырғыз – ұры, қырғыз – пәлеқор, қырғыз – өтірікші, қырғыз – жалқау, тағы басқа да теріс ой тудыратын өсектер арқылы қазақтың байлары мен кедейлерінің арасына от жақты. Шындығында, патшаның қоластындағы көп халықтың арасында қырғыз халқы көнбіс, күй талғамайтын, шыдамды, бәрін кешіре білетін, кек сақтамайтын, өте жоғары дәрежеде қарапайым, шын ықыласымен патшаға бағынған, әркезде оның діни әрекеттеріне ғана қарсы шығатын халық.

Осы кезеңде Ресей патшалығындағы конституциялық ереженің жобасын қарастырып жатқан болатын. Сондықтан да құзырхатта осы ережені жасауда қазақтардың ескерілуі қажеттігін, ол мәселені шешу жолын ұсынады: «Жаңа ереженің жобасын жасап жатқан жиынға қырғыздардың өкілетті депутаты қатынасуы керек».

Ең маңызды және кейіннен орындалған бір бап болса, құзырхаттың осы ұсынысы болып табылады: «Қырғыздар туралы мәселе мемлекеттік кеңесте қаралғанда қырғыздың депутаты қатынасуы шарт». Осыдан кейін шақырылған Мемлекеттік Думаға қазақтардан депутаттар отыруын осы талаптың орындалуы деп білеміз.

Алда жоспарланған жобаның ұзақмерзімді болуы да құзырхатта ескерілген. Бұл жөнінде былай деп ұсыныс білдірілген: «Жоспарланған жоба 100 жылға бекітілсін».

Жер мәселесі – құзырхаттағы ең өзекті мәселе. Бұған талапхаттың өн-бойында бірнеше рет басқаша формулировкамен беріліп отырады: «Соңғы 20 жылда қырғыздардан тартып алынып, жер аударылғандарға берілген жерлер қырғыздардың басшыларына қайтарылсын», - дейді құзырхатты жазып, қол қоюшылар.

Келімсек жер аударылғандар салған құрылыстардың ақшасын кімдерден өндіріп алынуы керектігі де айтылады: «Ал олар салған құрылыстардың құны Земствоның қаржысынан қайтарылсын».

Жоғарыда атап өткеніміздей, қазақ жерлерін патшаның меншігі деп жариялау, жерді әркімге сыйға тарту, үлестіру етек алған болатын. Осы мәселенің тыйылуын құзырхатшылар талап етед: «Өткен патшалар сыйлаған, кейіннен тартып алынған жерлер ата қоныстардың иесіне қайтарылсын. Бұл жерлер қазынанікі немесе жекеменшіктікі болады.»

Құзырхатты жазу барысында ақ патша билігіне бағынатындықтарын, оның атынан істелетін игілікті істер арқылы оған деген құрметтің де арта түсетіндігін атап көрсетеді: «Ұлы тақсыр император салғызған бұрынғы мешіттер мен медреселер ескірді. Оларды жөндеуден өткізу керек немесе жаңадан салу қажет. Сол арқылы біздің ұлы монархқа деген құрметті күшейтеміз». Осы жерде айта кетерлігі: бұған дейін қазақ даласында салынған мешіттер мен медреселердің қаржысы патша билігінің қазынасынан шығарылғандығында. Мұны құзырхатты жазушылар арнайы атап өтеді.

Құзырхатта атап көрсетілген жағдайлардың бірі – қазақтар арасындағы сайлау мәселесі. Бұл «болды да партия, ел іші бүлінді» дейтін, патша билігі келгеннен кейінгі ел ішін алатайдай бүлдірген процесс болатын. Осы сайлаудан болып алыс-жақын туыс іші, көршілес рулар өзара жауласып жататын жағдай жиі көрініс тапты. Ол үшін не істемек керек: «Түземдік әкімшіліктерде өзара қырғыздардың арасында жауласу болмас үшін төмендегілер орындалсын: «Егер бір болыстың партиясына қарсы жағы ашуланса, онда сайлауға түсетін жаңа қызметкерді басқа көршілес болыстың адамымен ауыстыруы қажет. Сайлану құқығынан айырылғандар мен сайланушының саны теңелсін. Сайлауға түсетіндер жеребеге сәйкес тең мөлшерде әрбір болыстан шақырылсын. Бұл съезде партияға бөлінген болыстан ешкімді кіргізбеу қажет.»

Сайлауға қатысты сол дәуірдің жағдайынан туындаған бірнеше ұсыныстар атап көрсетілген: «Сайлауға шақырылғандарға жұмсалған шығынды партияға бөлінген жақтарына төлетуді бастығы шешсін.» Сонымен қатар сайлауға түсетін кандидаттың ісімен сайлау комссиясы бастығы күнібұрын таныссын дегені де – құптарлық жағдай екені анық: «Сайлауға түсетіндердің ісімен бастығы ол сайлауға түспей тұрып танысуы керек. Съезге ол партияның жақтаушылары да қатыстырылмасын. Мұндай бөлінгендерді болдырмау – бөлімшенің бастықтарының және Ахунның міндеті. Сайлау кезінде Ахундар да қатынасулары қажет.» Сайлаудың әділ өтуіне дін өкілінің де ықпалы болуы тиіс деп санағандығы аңғарылады. Бұл зайырлылық принципіне қайшы келе ме жоқ па, қазіргі күні бұл жөнінде ойлану қажет болады.

Құзырхатта атап өтілген мәселенің бірі – төтенше съезд. Төтенше съездің уәкілетттілігі жайында аталғанда, оны арттыру қажет деп біледі: Ұ»рлық және тағы басқа да лайықсыз істерді халық сотының төтенше съезінде қарауға жүктеген дұрыс. Оны түрмеге жабу құқығын азайтып, жер аудару құқығын көбірек қолданатын құқық берілсін».

Төтенше съезді ұлттық ұлық жиын ретінде қарастыра отырып, оның өткізілуіне аса мән береді: «Төтенше съезді жылына бір рет шақыру құқығы берілсін. Съезді өткізетін жері, уақыты және қанша күні бөлімшелердің бастықтарының жиналысында белгіленсін. Бұл съезде бастықтары және Ахуны қатынассын».

Патша үкіметі қазақ билеушілерінің азаматтық, қылмыстық істерді жүргізу құқығын тым шектеп тастаған болатын. Болыстардың қолындағы билік шағын болды. Осыны ескере отырып құзырхатты жазушылар былай деп атап көрсетеді: «Бидің, болыстың съезді 100 рубльге дейінгі істі шешсін, үш айға дейін тұтқындау құқығы болсын. Өйткені келіспейтін жағы істі төтенше съезге беруіне уақыт керек».

Мемлекеттегі салық жинау үдерісі – қиын да күрделі болғанымен, осы істі ауылдағы қарапайым кедей отбасыларының қиналып қалатындығын білген соң, мәтінді жобалаушылар былай деп жазады: «Әр болыста алымды жинайтын адамдар сайлануы тиіс, шариғатқа сәйкес, қозғалыстағы дүние мүлкінен алынатын процентті белгілі (зекет, гошур, бітір) басқа да міндетті алымдар, кедей отбасының оқушыларына төленеді».

Қазақтардың құқығы төмен болуы себепті, келімсектермен ұрыс-жаңжал кезінде байырғы ұлттың кісісі өлген кезде құнын төлемей немесе тиісті соманы төлемей бас тарту жағдайы да назардан тыс қалмаған: «Кісі өлтіргені үшін заңды соттаудан басқа, олардан салт бойынша құн өндіру (төлету) қажет. Егер де өлген адамның (каторыға жіберген) туыстарының тұрмыстары нашар тұрса, онда оған көмек қазына есебінен беріледі.»

«Қарқаралы құзырхаты», қорыта айтқанда ұлттың болашағына алаңдаған азаматтардың белсенді ұйымдастыруымен, осындай тамаша өмірге келді. «Қарқаралы құзырхатының» мәтініне көз жүгірте отырып, мұны болашақ партияның платформасы деуге де болатындай. Мұнда көрсетіген істердің біразының қазіргі күні өмірімізде жүзеге асқаны, асып жатқаны қуантады.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?