Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Халық жауының» ұлынан «Халық қаһарманына» дейін

2686
«Халық жауының» ұлынан «Халық қаһарманына» дейін - e-history.kz

«Жауды шаптым ту байлап,

Шепті бұзып айқайлап...»

Ақтамберді Сарыұлы

Қазақ халқы жаратылысынан төзімді, текті ел екендігі анық. Қаншама ғасырлар бойы елі мен жерін жаудан қорғаған батыр ұлдары әр ғасырда дүниеге келген. Сонау жаугершілік заман XVIII ғасырда Ақтамберді жырау сарбаздарына рух берген жырында: «Жауды шаптым ту байлап, Шепті бұзып айқайлап...» деген жалынды жырларымен қол бастаған болатын. Одан кейін де тұлпар мініп, ту алған бабалардың ізі тарихтан сайрап жатыр. 

Ал ХХ ғасырда Екінші дүниежүзілік соғысқа қаншама қазақ жауынгерлерінен 1 млн 800 мың адам қатысты. Қазақстаннан 20 дивизия құралып, майданға аттанды. Солардың тең жартысы Отанына қайта оралмады. Жорық жолында ерлік көрсетті, қаза тапты, аман қалғандары жеңіспен елге оралды. Сол кезде ерекше ерлігімен көрініп, Берлин қаласындағы басты ғимарат Рейхстагқа ту тіккен де қазақтың батыр ұлы – Рақымжан Қошқарбаев еді.

Өмір жолы

Қошқарбаев Рақымжан (19.10.1924-10.08.1988) Ақмола облысында дүниеге келіп, Алматы қаласында өмірден өткен. Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысы, Цилиноград ауданы, Тайтөбе ауылында дүниеге келген. Өзі 4 жасында анасынан, 13 жасында 1937 жылы «Халық жауы» ретінде қудаланған әкесінен айырылған да, Тайтөбе Балалар үйінде тәрбиеленген [1].

Р. Қошқарбаев 1942 жылы әскерге алынып, 1944 жылы Фрунзе (Бішкек) қаласында жаяу әскер училищесін бітірген. 1944 жылы қазан айынан бастап   1-інші Белорусь майданындағы 150 Идрицск атқыштар дивизиясы құрамында взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысты. Лейтенант Р. Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30 сәуірде ол жауынгер Г.Болатов екеуі Совет Одағы әскері арасынан Рейхстагқа бірінші ту тікті. Соғыстан кейінгі жылдарда Эльба бойында советтік окупация әскери бөлімдерінде қызмет атқарды. 1947-1967 жылдары Ақмола облысы Атқару комитетіндегі нұсқаушы, Қазақ ССР Министрлер Кеңесі жанындағы Қоныс аударушылар жөніндегі Бас басқармада инспектор ретінде қызмет атқарған. 1967 жылдан «Алматы» Қонақ үйінің директоры болды. Р. Қошқарбаев Қызыл ту, І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған [2].

Батырдың жорық жолдары

Екінші дүниежүзілік соғыстың соңында маршал К.К. Рокоссовский басшылық еткен 2-інші және 3-інші Белорус майданының (әскери генералы И.Д. Черняховский, 20 ақпаннан бастап – маршал А.М. Василевский) әскерлері адмирал В.Ф. Трибуштың Балтық флотымен бірге 1945 жылдың 13 қаңтарында «Орталық» неміс әскерилерінің қорғанысын бұзып өтіп, 26 қаңтарда «Сотүстік» әскер тобын талқандап, Балтық теңізінің жағалауынан шықты. Шығыс Пруссияны басып алып, Польшаның солтүстік бөлігін азат еткен.

Берлинді алу мен одақтастар әскерилерімен бірігу Эльбаға шығу мақсатымен 1 және 2-Белорус, 1-Украин майдандарының әскерилері Берлин стратегиялық шабуыл жасау операциясын бастады (16.04.-08.05.1945). Операцияға Днепр әскери флотилиясы, Балтық теңіз күштерінің бір бөлігі, Польша Әскерінің 1 және 2-әскерилері қатысты. Берлинге шаубыл жасауға 1-Белорус майданының құрамында Қазақстанда жасақталған 3 әскери құрамалар тікелей қатысқан [3].

Бұл полк алғаш рет 1943 жылы қыркүйекте РСФСР Старая Русса облысы, Мермошно қаласында құрылды. Алғашқы шайқасқа 1943 жылы 16 желтоқсанда Псков облысы Рябовка селосы маңында кіреді. 1945 жылы қаңтарда полк Польшада қосымша күш алып, шегініп бара жатқан жауды қуа бастады.

1945 жылы 16 сәуірде Одер өзенінің батыс жағалауындағы плацдармнан лейтенант Р. Қошқарбаевтың барлау взводы Гронеундорф аймағында жау қорғанысын басып өтіп, келесі күні Фридландерстром каналына жетті. Ерекше тиімді қорғаныс шебін пайдалана отырып, жау кеңес бөлімшелерінің алға жылжуын тоқтатуға тырысты. Р. Қошқарбаевтың взводына су тосқауылын құралдармен еңсеру, каналдың батыс жағалауындағы плацдармды басып алу және полктің негізгі күштерінің өтуін жеңілдету тапсырылды. Тікелей атыста Қошқарбаев басқарған взвод каналдың қарсы жағасына жетіп, неміс окопына тез беттеді. Окоптық ұрыста взвод 40-тан астам неміс солдатын жойып, 3 ауыр пулеметті қолға түсіріп, қолға түскен қаруды пайдаланып жаудың атыс нүктелеріне қарқынды оқ жаудырды.

Одерден Рейхстагқа дейінгі шайқас күндерінде взвод 29 сәуірдегі шайқаста Р. Қошқарбаевтың взводы жаудың қиян-кескі қарсылығын бұзып, Шпре өзенінен алғашқылардың бірінші болып өтті. Одерден Рейхстагқа дейінгі шайқас күндерінде ол 200-ден астам неміс солдаты мен офицерін жойып, 184 тұтқынды, 14 далалық зеңбіректі, 27 ауыр пулеметті және басқа да көптеген қару-жарақтарды алды [4].

Жауды шаптым ту байлап, шепті бұзып айқайлап…

3-інші екпінді армияның бірінші эшелонында бүкіл операция барысында генерал-майор В.М. Шатиловтың 150-інші Идрицск атқыштар дивизиясы шайқасты. Дивизия 16-22 сәуірде Грос-Найендорф-Кинитц шебінен, Кюстриннен 20 шақырым солтүстік-батыста екі қорғаныс шебінен өтіп, герман астанасының іргесіндегі Каров, Бухольц және Розенталь қалаларын алды. Содан кейін оңтүстік-батысқа қарай бұрылған ол Плецензе аумағын иеленді. Енді оңтүстікке қарай жасалған жаңа бұрылыс дивизияны Моабитке әкелді. «Гиммлер үйі» атанған ғимарат үшін бір тәуліктен аса ұрыс жүрді, ғимаратты алған жауынгерлер 30 сәуірдің таңында рейхстагты көрді.

Тек үш мәрте шабуылда ғана, 30 сәуірдің кешінде 150-дивизияның 75, 674-полктерінің, 171-дивизияның 380-полкінің бөлімшелері және корпустық бөлімдердің бірнеше шабуылшы топтары рейхстагқа басып кірді. Оның қабырғасынан, терезелерінен жеңімпаздардың жалаушалары мен жалаулары желбірей бастады. Алғаш жеңіс жалауын тіккендердің қатарында 674 атқыштар полкінің жауынгерлері сағат 14:30 да Р. Қошқарбаев пен Г. Болатов болды. Түнге қарай сағат 22:50 минут өткенде 756-полктің барлаушылары Михайл Егоров пен Мелитон Кантария Армения әскери кеңесінен алған №5 жалауды ғимарат күмбезінің ұшар бигіне тікті. Осы жалау Жеңіс Туы болып қалды. Бірақ, ұрыс тағы бір жарым тәулікке жалғасты. Фашистер екі мәрте келіссөз жүргізді, бірақ үшінші күні ғана – 2 мамыр күні сағат 4 сағат 30 минутта қаруларын тастады. Соңғы шабуылдың қаһармандары көп болды, 150-дивизияның 15 жауынгері Алтын жұлдызбен, қалғандары – ордендермен және медальдармен марапатталды. Дивизия «Берлиндік» екінші құрметті атаққа ие болды [5].

Шайқастан кейін екі құжатқа да 1945 жылы 17 сәуір мен 6 мамырда 674-ші атқыштар полкінің командирі подполковник Алексей Плеходанов қол қойған. 22 сәуірде 1-Беларусь майданы 3-армиясының 79-Берлин атқыштар корпусының қолбасшысы генерал-майор Семен Переверткин Рақымжан Қошқарбаевты және оның үш әріптесін І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапаттау туралы бұйрыққа қол қойды.

Архивте сақталған құжатта 1945 жылы мамырда Р. Қошқарбаев «Совет Одағының Батыры» атағына лайық» делінген марапат парағы толтырылған екен. Бірақ Совет Одағының Батыры атағы берілмеген. Оның орынына Қызыл Ту, І-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған [6].

Жеңіс туының тігілуі туралы алғашқы деректер

Жеңіс туын алғаш тіккендер жайлы 1945 жылы 3 мамырда «Воин Родины» газетінде 150-дивизия туралы Василий Субботин жазған екен. Осы алғаш жазған журналист В. Субботин мен К. Қазыбаевты кейін Бауыржан Момышұлы таныстырыпты.

1948 жылы журналист Борис Горбатов Рейхстагқа ту тіккендер туралы «Литературный» газетінде: «В самом деле, пора уже перестать сравнивать войнов нашей армии с орлами и беркутами. Какой беркут может сравниться с казахом Кошкарбаевым, который на моих глазах вместе с другими товарищами воздрузил знамя победы над рейхстагом. Чтобы показать такого героя, нужен совсем иной поэтический строй, иные образы, иная поэзия – поэзия социалистического реализма», – деп жазған екен.

Алғаш рет Кәкімжан Қазыбаевқа рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев туралы ізденіс жасау және жазу жөнінде Бауыржан Момышұлы өзі 1958 жылы тапсырған екен. Сол кезде Б. Момышұлы: «Исторический человек! Оның өмірі отпен жазылған. Ұрпаққа өнеге! Ерлерді ел басына күн туғанда тудырады», – депті.

Қазақстанға ГДР-ден келген Карл Кокошко есімді журналист 1958 жылы Кәкімжан Қазыбаевпен сөйлескен. Екеуінің сұхбаттасқан негізгі тақырыбы Берлин қаласында рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев туралы өрбіген. Германиядан келген журналист Рейхстагқа ту тіккендер арасында Рақымжан Қошқарбаевта болғандығын білетіндігін және өзі ізденіс үстінде жүргендігін айтқан.

1965 жылы Кәкімжан Қазыбаев Жеңістің 20 жылдығына байланысты «Кернеген кек» деректі повестін жарыққа шығарған. Онда Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі туралы баспасөзде көп материалдар жарияланған. Ең ғажабы, осы кезде Ұлы Отан соғысы тарихының бесінші томы шығып үлгерген. Оған еленіп, екшеліп талай сараптан өтіп, рейхстагты алуда жаппай ерлік көрсеткен совет жауынгерлерінің ең ерендерінің, бұған дейін сирек айтылып, тіпті мүлде айтылмай жүргендерінің есімі жазылған. Міне, солардың ішінде Р. Қошқарбаев пен Г. Болатовтың да аттары жазылып шыққан [7].

Әділдік үшін күрес

Берлинде 1945 жылы 30 сәуірде Рейхстагқа алғашқы Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев туралы шындықты іздеген Кәкімжан Қазыбаев 1958 жылы 21 ақпанда «Лениншіл жас» газетіне «Рейхстагқа ту тіккен қазақ батыры» тақырыбында мақала жариялаған. Одан кейін көп кешікпей Қазақстан Компариясы Орталық Комитетіне шақырылған. Онда барғанда Рақымжан Қошқарбаев туралы осы жазбаларының алғашқы жарық көруі мен жинақталуы Бауыржан Момышұлының нұсқауымен жүзеге аса бастағанын баяндаған. Ол кісі осындай шақырту мен қозғалыстың бастауында Жұмабек Тәшенев тұрғанын кейін естіген. Ол кезде Жұмабек Тәшенев Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметін атқарып жүрген. Қызмет бабымен Ж. Тәшенев бір кезде Москвада Совет Одағының Жоғарғы Кеңес Төралқасы төрағасының орынбасары қызметін уақытша атқарып жүрген кездерінде Рақымжан Қошқарбаев туралы Бас штабтың архив материалдарын көтертіп, одан Р. Қошқарбаевтың Совет Одағының Батыры атағына ұсынылғанын және оның неліктен берілмегені жайлы сұрау үшін маршал И.С. Коневті Бас штабтан шақыртып сөйлескенде маршал шамданып қалады, екеуі қатты сөзге келген. Жүгінуге К.Е. Ворошиловке барады. Бірақ, дау түйіні шешілмей аяқсыз қалады.

1961 жылы «Ұлы Отан соңысы тарихының» 5 томы жарық көретін кезде бұрынғы 150-атқыштар дивизиясының генерал-лейтенанты В.М. Шатилов мынандай мәселені ескеруді ұсыныпты: «Прошу председателя редколлегии Истории Великой Отечественной войны просить Президиума Верховного Совета СССР о награждении товарищей, которые были представлены, но остались не награжденными. Считаю и прошу из 150-й дивизии присвоить звание Героя Советского Союза за штурм рейхстага: 1) Полконика запаса Плеходанова Алексея Дмитриевича; 2) Лейтенанта Рахимжана Кошкарбаева; 3) Рядового Григория Болатова; 4) Старшего лейтенанта Бреста Алексея Прокофьевича; 5) Старшего лейгенанта Гусева Кузьму Владимировича; 6) Сержанта Шербину Петара; 7) Сержанта Пятницского Петра».

К этому следует добавить, что Кошкарбаев и Болатов в свое время были представлены к званию Героя Советского Союза. Реляция об этом до сих пор лежит в архивах Генерального штаба Советской Армий (По всей вероятности, ходотайство военным командованием о присвоении звания героя Советского Союза Р. Кошкарбаеву было отклонено по причине необоснованной репрессии его отца в 1937 году)», – деп жазылыпты.

Осы кезде Қазақстаннан белгілі қайраткер тұлғалар: Ғ. Мүсірепов,  Ғ. Мұстафин, И. Шухов, Ә. Тәжібаев және Бауыржан Момышұлы әділдік жөнінде сұрау салып, хат жолдаған екен. Ондағы құжаттың соңында Бауыржан Момышұлы: «Мы подерживаем предложение участников совещания штурма рейхстага. Ходатайствуем связи с двацатилетием Победы Советских Вооруженных Сил во Второй мировой войне присвовить Р. Кошкарбаеву и Г. Булатову звания Героя Советского Союза» [8], – деп толықтып жазыпты.

Мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед 2014 жылы 10 қазанда Егемен Қазақстан газетінде «Жаужүрек менің ағаларым» тақырыбында мақала жариялаған. Тарихи шындықты анықтау үшін Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатына арнайы хат жазып, құжаттар алдырған.  Онда Жеңіс туын тіккен оқиғаның ізім суымай тұрып, Р. Қошқарбаевтың полк командирі А. Плеходанов былай деп жазыпты: «Командир взвода разветки лейтенант Р. Кошкарбаев и разведчик красноармейц Г. Булатов в 14:30 возродили знамя над Рейхстагом (РФ ҚМОМ. 1390-қор, 1-тізім, 76-іс, 174-175 парақтар)», - деп жазылған екен. Одан кейін тағы бір тарихи құжатта: «Достоин присвоения Героя Советского Союза» (РФ ҚМОМ. 33-қор, 686196-тізім, 44/143-іс, 32-33 парақ)» [9], – деп атап көрсетіліпті. Яғни сол кезде «Совет Одағының Батыры» атағына ұсынылған. Бірақ әкесі Қошқарбай Мусиннің 1937 жылы қуғын-сүргінде «халық жауы» ретінде қудаланып кетуі бөгет болған сияқты.

Қазақстандық тарихшы Болат Асанов пен В. Семенихин 2005 жылы 7 мамырда Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы В. Путиннің атына лейтенант Рақымжан Қошқарбаевқа қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіруді өтініп жеделхат жолдаған. Рейхстагқа Жеңіс туын бірінші болып тіккен лейтинант Р. Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов туралы сұраған. Ал 2005 жылдың 15 шілдесінде Ресей Қорғаныс министрлігінің Әскери тарих институтынан мынандай жауап берген: Құрметті Б. Асанов пен В. Семенихин жолдастар! РФ Қорғаныс министрлігі Әскери тарих институтының қызметкерлері жерлесіңіз, лейтенант Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігінің құжаттық дәлелі бар екенін анықтады.

1945 жылы 6 мамырда Кутузов дивизиясының 2-дәрежелі Идрицк атындағы 674-атқыштар полкінің командирі Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Оның марапаттау парағынан: «29.04.1945 ж., взвод жаудың қиян-кескі қарсылығын бұзып, Шпри өзенінен алғашқылардың бірі болып өтті, 30.04.1945 ж. Рейхстагқа басып кіріп, жеңіс туын желбіретті. 150-атқыштар дивизиясы командирлері мен 79-атқыштар корпусы командирінің қорытындысында: «Совет Одағының Батыры» атағына лайық [10], – деп жазылған дерек бар екендігін растап жауап қайтарған.

Батырдың «Халық қаһарманы» атануы

Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1989 жылғы 17 сәуірдегі «Ұлы Отан соғысының ардагері Р. Қошқарбаевтың есімін мәңгі қалдыру туралы» қаулысымен Целиноград облысындғы (қазіргі Ақмола облысы) Целиноград ауданындағы «Қосшы» ауылындағы орта мектепке оның есімі беріледі.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығында: «Р. Қошқарбаевқа жоғары ерекшелік белгісі – «Халық қаһарманы» атағын беру туралы 1999 жылы 7 мамырдағы қаулыда Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін рейхстагқа алғашқылардың бірі болып жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевқа (марқұм) жоғары ерекшелік белгісі – «Халық қаһарманы» атағы берілсін, – деп қол қойған [11].

Қорытындылай айтқанда, Р. Қошқарбаев пен Г. Болатов Совет Одағы кезеңінде 1945 жылы 30 сәуір күні сағат 14:30 да Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тікті. Ал М. Егоров пен М.Кантария туы кешке сағат 22:50 де тігілген. Кезінде шындық бүркемеленді, әділдік айтылмады. Батыр азамат замандастары арасында кейде еске алғанда көңілі босаған екен. Бұл жайында партизан Қасым Қайсенов «Үзеңгі жолдас» бағдарламасында естелік ретінде айтып берген. Солай өз тұсында лайықты бағасын ала алмай кетті. Бірақ, Бауыржан Момышұлы: «Шындық артта жүреді, өтірік алда жүреді, бірақ түбінде шындық шығады», – деген екен. Иә, расында уақыт төреші, халық бағалаушы болды. 

Қазақстан Республикасының басты қаласында, Астанадағы даңғылға Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілді. Ақмола облысында бұрын Романовка аталған ауылдың атауы Рақымжан Қошқарбаев ауылы болып өзгертілді.  Р. Қошқарбаев тұрған Алматы қаласындағы Достық даңғылының №42 үйде және өмірінің соңына дейін жұмыс істеген «Алматы» қонақ үйінің кіреберісінде мемориалдық тақталар орнатылды. Сондай-ақ Алматы қаласында көшеге есімі берілді.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Қошқарбаев Р. Жеңіс жалауы. Ұлы Отан соғысы жайлы естелігі. – Алматы: Жалын, 1978. – 7-б.
  2. Қошқарбаев Рақымжан // Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. 6-том. / Бас ред. Б.Аяған/. Алматы: «Қазақстан ұлттық энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2004. – 79-80 бб.
  3. Абырой мен парыз (Еуропа елдеріндегі Екінші дүниежүзілік және Ұлы Отан соғысына Қазақстандықтардың қатысуы). Ұжымдық монография. Б.Ғ. Аяғанның редакциясымен. – Алматы: Литер-М, 2015. - 224 б.
  4. Нурсейтов М. Водрузивший Знамя над рейхстагом...// Акмолинская правда. -13.04.2020.
  5. Қазақстан тарихы. Бес томдық. 4 том. Алматы: Атамұра, 2010. - 482 б.
  6. Баталова А. От Одера до Рейхстага. Какие еще подвиги совершил Рахимжан Кошкарбаев // 7httpstengrinews.kz [07.05.2022].
  7. Қазыбаев К., Ауыпбаев Ж. Рахымжан Қошқарбаев. – Алматы: Қазақстан, 2014. – 12-13 бб.
  8. Темірханов О. Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев. – Алматы: Жібек жолы, 2005. – 36-47 бб.
  9. Мұхтар Құл-Мұхаммед. Жаужүрек менің ағаларым // Егемен Қазақстан, 10 қазан, 2014. – 5-6 бб.
  10. Асанов Б. Россия признала подвиг Рахимжана Кошкарбаева и Булатова? // httpsdatnews.info [12.05.2021].
  11. Бөкешова А. Жеңіс туын желбіреткен қазақ батыры // Мирас, №2.2015. – 36-38 бб.

Қанат Еңсенов, ҚР ҒЖБМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері,  тарих ғылымдарының кандидаты,  қауымдастырылған профессор

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?