Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

«Мемсараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорны тарихынан

961
«Мемсараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорны тарихынан - e-history.kz

Қазақстан Республикасында құрылыс индустриясы үлкен маңызға ие. Ел астанасы Астана қаласы ғана емес, республикалық маңызға ие қалалар, облыс, аудан орталықтары мен кенттер жаңа ғасыр жүзінде түрленіп, көркейе түсті. Әсіресе, Астана қаласындағы құрылыс қарқыны сырт көзге бірден шалынады. Елімізде жыл сайын жүздеген ғимараттар мен құрылыстар пайдаға беріліп, қоныс тойлары тойланып жатады. Адамзат игілігіне арналған ғимараттар мен құрылыс нысандарын жобалаудан бастап, құрылысын жүргізу, пайдалануға беруге дейінгі үдеріске бақылау жасау, олардағы адам өміріне, жалпы қоршаған ортаға қауіпсіздік талаптарының сақталуы – қашан да маңызды. Олай болмаған жағдайда құрылыс салушылар сапа емес, сан қуалап, не бір келеңсіздіктерге жол ашылған болар еді. Мұндай жауапсыздықтың салдары мен нәтижесіне мысалды алыс-жақын шетелдердегі алапат жер сілкінісі, су тасқыны т.б. кезіндегі ғимараттар мен бөгеттер, жол құрылыстарының төтеп беруін, бүлінгіштігі мен беріктігін алуға болады. Қазақстандағы осы бір аса маңызды салаға жауапты мекеме – «Мемсараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорны.  «Мемсараптама» РМК қызметі ауқымы: қала құрылысын жоспарлау, аумақтарды дамыту және салу, әлеуметтік, өндірістік, рекреациялық, инженерлік және көлік инфрақұрылымдары объектілерінің (энергиямен жабдықтау, сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау, магистральдық көлік, байланыс, коммуникациялар, коммуналдық-тұрғын үй шаруашылығы және тіршілікті қамтамасыз ететін басқа да жүйелерінің объектілерін қоса алғанда) жобаларын кешенді бағалау болып саналады. Биыл осы мемлекеттік кәсіпорынның құрылғанына 35 жыл толып отыр. 35 жыл ішінде қалыптасу, даму жолынан өткен «Мемсараптама» РМК тарихына қысқаша шолу жасауды жөн көрдік.

Қазақ даласы ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап Ресейдің бодандығына өтті. Осыған сәйкес қазақ даласындағы құрылыс жұмыстары да Ресей империясының заңдарына сәйкес жүргізіле бастады. ХІХ ғасырда қазіргі Қазақстан территориясының 75 пайызы кіретін Ресей империясында ғимараттар, құрылыстар, теміржолдар салу жобаларының сапасына және оларды салуға рұқсат беруге Ішкі істер министрлігі Департаменттерінің бірі жауапты болды. Қазақ жеріндегі қала құрылысы өзіндік ырғақпен даму жолына түсті. Кеңес Одағы тұсында әсіресе құрылыс салу үлкен қарқынмен жүріліп, Қазақстан картасында жаңа қалалар пайда болды, көпірлер мен жолдар, құбырлар, ирригациялық жүйелер, бөгеттер мен суайдындары салынды. Олардың барлығы қатаң жобалық сараптамадан өтіп отырды.

1988 жылға дейін тапсырыс берушілері одақтық және республикалық салалық министрліктер мен ведомстволар болып табылатын салалық өндіріс объектілерін салу жобаларына сараптаманы сол мемлекеттік органдардың мамандандырылған бөлімшелері ғана жүргізді. Облыстық атқару комитеттері мен қалалық атқару комитеттерінің тапсырыстарын қоса алғанда, құрылыс құны 3 миллион рубльге дейінгі тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы жобаларға сараптаманы Республикалық Мемқұрылыстың Мемлекеттік сараптамасы жүргізді, ал құны 3 миллионнан асатын құрылыс жобаларына КСРО Мемқұрылысы жанындағы Мемлекеттік сараптама жауапты болды. Қазақ КСР Мемқұрылысының Мемлекеттік сараптамасына жүктелген сараптама жұмыстарының көлемі республикамыздағы құрылысқа жұмсалған барлық күрделі салымдардың 20 пайызын әрең құраса, қалған 80 пайыз сараптамасы одақтық деңгейде орындалды. Бұл – қаржы мен басқарудың бірорталықтандырылуына негізделген саясат болатын.

Жобаланатын құрылыс объектілерінің салалық немесе ведомстволық бағыныстылығына қарамастан жүзеге асырылатын Қазақстандағы жобалардың сараптамасын басқару жөніндегі біртұтас мемлекеттік орган КСРО өмір сүруінің соңғы жылдарында одақтық және республикалық мемлекеттік органдардың, министрліктердің, сондай-ақ облыстар мен Алматы, Ленинск қалаларының атқару комитеттерi жанындағы сараптама органдарын алмастыру үшін құрылған болатын.

Осыдан кейінгі қадам – 1988 жылы 8 тамызда (08.08.88) Қазақ КСР Мемқұрылысының № 45-ос бұйрығы шыққан болатын Осы бұйрыққа сәйкес республика аумағындағы құрылыс объектілеріне кешенді мемлекеттік сараптама жүргізетін, республикада жобаларды ведомстводан тыс сараптаудың біртұтас республикалық мемлекеттік жүйесі қалыптасты. Бұл бұйрық шыққан дата – «Мемсараптама» РМК-нің құрылған күні болып саналады. Аталған мекеме өзінің құрылу, қалыптасу тарихында отыз бес жыл ішінде көптеген өзгерістерді бастан өткерді.

Жобаларды ведомстводан тыс сараптаудың республикалық бірыңғай мемлекеттік жүйесі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1987 жылғы 26 тамыздағы № 400 «КСРО Министрлер Кеңесінің 1987 жылғы 23 шілдедегі № 841 «Республикалық және жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарына бағынысты кәсiпорындарды, ғимараттар мен құрылыстарды салудың жобалары мен сметалық құжаттарын сараптауды жетiлдiру туралы» қаулысын жүзеге асыру туралы» қаулысымен құрылған болатын. 

Үкіметтің осы аталған шешіміне сәйкес бұл біртұтас мемлекеттік жүйеге:

Қазақ КСР Мемлекеттік құрылыс комитеті жанындағы Мемлекеттік ведомстводан тыс сараптама бас басқармасы (1991 жылдан – Қазақстан Республикасы Мемсәулетқұрылысы); Қазақ КСР Мемқұрылыс жанындағы облыстық атқару комитеттерiне; Алматы және Ленинск қалалық атқару комитеттерiне және сонымен бір мезгілде Халық депутаттары жергілікті тиісті атқару комитеттері мен Қазақ КСР Мемқұрылыс жанындағы Мемлекеттік ведомостводан тыс сараптаудың бас басқармасына қатар бағынатын мемлекеттік  ведомстводан тыс сараптау басқармасы енді.

Кеңес Одағы атты алып мемлекет күйреп, оның құрамындағы он бес мемлекет тәуелсіздік алуына орай, өзге заңнамалар сияқты, құрылыс салу үдерісіне бақылау жасау, сараптама жүргізудің де жаңа жағдайға сәйкес дербес заңдары мен қаулыларын қабылдау міндеті алға қойылды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 6 қыркүйектегі №1344 «Жаңа тұрғын үй саясаты туралы» Жарлығымен таратылған Қазақстан Республикасы Мемсәулетқұрылыс базасында Қазақстан Республикасы Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарды салу министрлігі құрылды. 

Осы Жарлықпен ҚР Құрылыс министрлігінің құрылымы айқындалды, онда министрліктің орталық аппаратынан басқа оның облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалалардағы жергілікті лицензиялауды, бақылау функцияларын және мемлекеттік сараптаманы жүзеге асыратын бөлімшелерін құру қарастырылды.

Мемлекет басшысының осы Жарлығын жүзеге асыру масатында Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы №289 «Қазақстан Республикасы Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және аумақтарды дамыту министрлігіне қарасты сәулет және қала құрылысы бақылау органдары туралы» қаулысымен Мемлекеттік ведомостводан тыс  сараптау және мемлекеттік сараптаудың жергілікті органдары базасында Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау департаментінің облыс орталықтары мен Алматы, Ленинск қалаларында аумақтық бөлімшелері құрылды.

Кейінірек, жүргізілген әкімшілік реформалар шеңберінде «Қазақстан Республикасындағы сәулет қала құрылысына бақылауды жетілдіру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 24 қаңтардағы №88 қаулысы қабылданды. Осы шешімге байланысты Құрылыс министрлігінің Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау департаментінің жабылуының негізінде шаруашылық жүргізу құқығындағы “Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау” республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен оның облыс орталықтары мен Ақмола және Алматы қалаларындағы еншілес кәсіпорындары құрылды (бұдан әрі – «Мемсараптама» РМК). Осыған байланысты, жаңадан құрылған кәсіпорын жабылған Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау департаментінің қабылдаушысы болып анықталды, сонымен қатар бұрын қабылданған нормативтік актілердің бәрі осы кәсіпорында қолданылатын болды.

Осыған сәйкес Үкіметтің жобаларға мемлекеттік сараптама жүргізуге арналған арнайы мемлекеттік кәсіпорын құру туралы көрсетілген шешімімен «Мемсараптама» РМК-нің тиісті уәкілеттігі айқындалады. «Мемсараптама» РМК-нің мәртебесі «Мемлекеттік кәсіпорын туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен қосымша бекітілген, онда мемлекеттік кәсіпорын қызметінің негізгі мақсаты бақылау және қадағалау қызметінен басқа, мемлекеттік монополияға жатқызылатын немесе мемлекет қызметі болып табылатын саладағы қызметті жүзеге асыру жолымен қоғам және мемлекет қажеттілігімен анықталатын әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған. 

«Мемсараптама» РМК жеке кәсіпорын ретінде қызмет ету кезеңінде республиканың құрылыс саласының дамуына айрықша  үлес қосты. Бұл үлес апаттардың, жарылыстардың, өрттердің және басқа да апаттардың алдын алумен қатар, жыл сайын бюджеттік және бюджеттен тыс миллиардтаған теңге қаражатты үнемдеумен айқындалады.

Қазақстан Республикасы құрылып қалыптасып нығаюына орай мемлекет өміріне қажетті заңдар қабылданды. Мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар өз іс-қызметін Қазақстан Республикасының тиісті заңдары негізінде жүргізеді. Осы тұрғыдан алғанда «Мемсараптама» РМК өз қызметінде «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын басшылыққа алады. Яғни «Мемсараптама» РМК-нің құзіреті жоғарыда аталған заңның 63-1 және 64-4 баптарында нақтыланып көрсетілген. 

Қазіргі кезеңде «Мемсараптаманың» республикалық жүйесі ұйымдық құрылымына Астана қаласындағы Бас кәсіпорын, сондай-ақ Оңтүстік, Шығыс, Батыс, Солтүстік өңірлердегі және Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жетісу, Жетісу облыстары орталығындағы департаменттер кіреді. Мұндай құрылым Мемлекеттік сараптаманың өңірлердегі жұмысын оңтайландырып, тапсырыс берушілер мен жобалаушылардың мүдделеріне сай  жергілікті орында сараптама жасауды қамтамасыз етеді. 

«Мемсараптама» РМК – Қазақстан Республикасының гүлденіп дамуы жолында орасан зор қызмет атқарып келе жатқан кәсіпорын. Отыз бес жылдық құрылу, нығаю тарихында кәсіпорынға басшылық жасаған әрбір бас директордың өзіндік қолтаңбасы бар. 2021 жылдың 28 мамырынан қазіргі күнге дейін – «Мемсараптама» РМК бас директоры қызметін Қ.М.Қажкенов атқарып келеді. Қуандық Жұмабекұлы – инженер-электрик, жобалаушы инженер, «Мемсараптама» РМК-інде маман, жетекші маман, бөлім басшысы; басқарма басшысы, филиал директорының орынбасары; бас директордың ақпараттық технологиялар бойынша орынбасары қатарлы кәсіби біліктілік, лауазымдық өсу жолдарынан өткен, сараптама саласының білгір маманы, іскер басшы.

2001 жылы Астана қаласының бас жоспары қабылданғанда 2030 жылы 850 мың адам тұрады деп жоспарланған болса, бұл межеге 2017 жылы-ақ жетіп қойған болатын. Қазіргі болжам бойынша 2030 жылы Астана қаласында 2 миллион адам тұратын болады. Бұл дегеніміз – қалада жүздеген мектептер мен балабақшалар, емханалар мен қоғамдық кеңістіктер салынып, күрделі инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымдар түзіледі деген сөз. Тек елорда ғана емес, күллі Қазақстанда жасампаздық қарқын ала түспек. Осы кезеңде де «сан емес сапа» деген қағидат қатаң басшылыққа алынары сөзсіз. Ал мұны қалыптастырып, қадағалаушы кәсіпорын – «Мемсараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының алдында да үлкен жауапкершілік пен сенім тұрғаны анық. 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?