Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Күндерек. 1 сәуір - әлем және Қазақстан тарихында

1729
Күндерек. 1 сәуір - әлем және Қазақстан тарихында - e-history.kz

Көктемнің екінші айы сәуірдің алғашқы күні несімен ерекше? Жалпы осы бірінші сәуір – қандай күн? Осыған дейін дәл осы күні әлемде және Қазақстанда қандай елеулі оқиғалар болды? Бірінші сәуір күні әлемге әйгілі немесе Қазақстанға, қазақ әлеміне танымал қандай тұлғалар дүниеге келді? Осы сұрақтарға аз да болса жауап берерліктей деректерді ұсынып көрелік.

 

Халықаралық мерекелер және әлем елдері күндері

Бірінші сәуір – Халықаралық күлкі күні. Осы күні адамдар бір-біріне жадыраған жүзбен күлкі сыйлауға тырысады. Еуропадан бастау алған Күлкі күнінің нақты қай елде, қандай жағдайға қатысты туып қалыптасқанына қатысты күні бүгінге дейін нақты дерек жоқ. Болжам көп. Сонымен қатар әлемнің кейбір елдерінде бұл күнді Ақымақтар күні деп те атап өтіп жатады. Адамдар түрлі жағдаяфттар арқылы бірін-бірі әзіл ретінде алдап, сан соқтыруға тырысып жатады. 

Бірінші сәуір – Иран Ислам Республикасының күні. 1979 жылы бірінші сәуір Иранда ерекше атап өтіледі. Бірнеше мың жылдық тарихы бар иран өркениеті осы кезеңде алуан түрлі қоғамдық өзгерістерді, билік басқаруларын бастан өткерді. Әр түрлі династиялар кезегімен парсы елі тарихының сахнасына шықты. ХХ ғасырдың басында төңкеріс болып, Персия конституциялық монархияға айналды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Персияны Ұлыбритания жаулап алды. Коммунистік идея да бұл елге кіріп, Гилян Советтік Республикасы да пайда болады. 1921 жылы билік басына Реза Пехлеви билікке келген соң елде кең көлемде өзгерістер жүргізеді. Соның бірі – елдің атын Иран деп өзгертуі болды. 

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Пехлеви әулеті өзгерістерді жалғастырды. 1963 жылы Иран шахы Ақ төңкеріс атты қантөгіссіз төңкеріс жасады. Оның нәтижесінде елдің дамуына масыл болуда деп танылған феодализм қалдықтарынан тазартып, әлемдік буржуазиялық көшке ілесу еді. Дегенмен Пехлеви шахтың әлеуметтік, экономикалық өзгерістері халықарасынан кеңінен қолдау таппады. Әсіресе халыққа ұнамағаны – шах саясатының батысшылдығы, елдің ұлттық-діни ерекшелігіне мән бермеушілік болды. Осыдан болып елде жаппай ереуілдер, азаматтық бойұсынбаушылықтар мен шахқа қарсылық акциялары етек алды. Ақыры бұл Ислам төңкерісіне ұласты. 1979 жылы 16 қаңтарда Мұхаммед Реза Пехлеви шах ұшаққа мініп елден Египетке қашып  кетті. 11 ақпанда уақытша үкімет құрылса, 31 наурызда референдум өтіп, Иран халқы бірауыздан елде ислам республикасын құруға дауыс берді. Сол күннен бастап Иран Ислам Республикасында 1 сәуір мемлекеттік мереке ретінде атап өтіледі.

Бірінші сәуір – Кипр халқының азаттық мерекесі. Бұл күнді Кипр халқы өзінің азаттық мерекесі ретінде тойлайды. Мерекенің толық атауы – Ағылшын отаршыларына қарсы ұлт-азаттық күрес басталған күн. Оның да өзіндік қалыптасу тарихы бар.

1571 жылы Кипрді аса қуатты Осман империясы жаулап алады. Венециялықтар орнатқан аса ауыр алым-салықтар меңдеткен кипрліктер үшін өзге кім жаулап алса да бәрі бір болатын. Бірақ түріктер де оларға жұмсақ қарай қойған жоқ. 1978 жылға дейін арал толықтай түріктердің қарамағында болды. Осы жылы аралда түркітерге қарсы қозғалыстар өрістеп, Кипрдің бірлігі үшін күрес басталды. Осы жылы Ұлыбритания мен Түркия арасында келісім жасалып, Кипрді ағылшын билігіне беру туралы келісім жасалды. 1914 жылы Ұлыбритания Кипрдің тағдырын жеке өзі шешіп, аралды аннексиялағаны туралы жариялады. Соғыс тоқтаған соң арал халқы өздерін тым болмағанда Грекияға қосу талабын қойды. Бірақ 1923 жылы Ұлыбритания Кипрді өзінің колониясының бірі ретінде реми жариялады. Корольдің жарлығы бойынша жаңа Конституция жария етілді.

1955 жылы 1 сәуірде Кипр күрескерлерінің азаттық жолындағы ұлттық ұйымы өз жұмысын бастады. Оны грек армиясының доғарыстағы офицері Г.Гривас басқарды. Тәртіпсіздіктер мен әскери қақтығыстар жиілеген соң Ұлыбритания билігі аралда төтенше жағдай жариялайды. Бірнеше жыл өткен соң ақыры Кипр автономия алады. Тек 1959 жылы қыста ғана Кипрдің таңы атады. Осы жылы Цюрих-лондондық келісім бойынша Ұлыбритания, Түркия және Грекия арасында келісімге қол қойылып, мемлекеттік құрылымы мен халықаралық мәртебесі айқындалады.

1959 жылы 13 желтоқсанда Кипр Республикасында сайлау жүріліп, жаңа мемлекеттің басшысы болып архиепископ Макариос сайланады. 1960 жылдың 16 тамызында Кипр Республикасы автономиялық құқығын алып, өз тәуелсіздігін жариялайды. Ұлыбритания аралда декели және Акротириде әскери базасын қалдыратын құқыққа ие болды. 1964 жылы аралда қайтадан қарулы қақтығыстар шығып, осыдан кейін БҰҰ бейбітшілік мақсаттағы әскері енгізілді. Кипр гректік және түріктік бөліктерге бөлінді. Осы жылдан бері бұл мәселе әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. 

1 сәуір – Жапониядағы Мияко одори мерекесі. Мияко одори мерекесі немесе би фестивалі – астана билері мерекесі жыл сайын 1-30 сәуір арасында атап өтіледі. Киото гейшаларының би фестивалі ретінде әлемге белгілі бұл мереке жоғарыда аталған уақытта «Гион кобу Кабурендё» театрында өтеді. Және жапондық, әлемдік өнерсүйер қауымның қызығушылығына ие.

«Мияко одори» атауы Жапонияның бұрынғы астанасы Киотоның кейінірек Токиоға ауысуына байланысты шыққан. Яғни Киото қаласының «мәдени астана» мәртебесін сақталуын нышандайды. Фестиваль алғаш 1872 жылдың 15-31 мамыры аралығында өткізілген. Кейіннен, Тайсё императордың басқаруы тұсында Бэцу-одори немесе ерекше би аталған. Одан соң мияко одори атауына ауыстырылған екен.

Мияко одоридің сегіз актілік, бір сағатқа сыйғызылатын қойылымы арнайы безендірілген, сырмалы сахнада өтеді. Әр актіде сахналық көріністер ойналып, екіден бес гейша қатысады. Сахнаның бүйірінде сямисэн, фуэ флейтасы мен кішкентай цудзуми барабаннан құралған шағын оркестр сүйемелдеп отырады. Актрисалар сипатталатын дәуірлерге сәйкес костюмдер киеді. Соңғы қойылым актілерін ойнаушылар қысқа жеңді, сакура жапырақтары бейнеленген көгілдір немесе жасыл кимоно киеді. Соңғы биді орындаушылар цубуси-симада аталатын ерекше шаш қою үлгісімен шығады. Күнінен 4 қойылым көрсетіледі. Билеттері үш түрлі бағада сатылады және ең қымбат билет алғандар кішкентай кәдесыйға ие болады. Бұл мереке – жапон халқының өз дәстүр-салтын құрметтеудің бір көрінісі.

1 сәуір – Халықаралық құстар күні. Мерекенің мақсаты – әлемдегі құстардың саны мен олардың алуан түрлілігі сақталуына адамзаттың назарын аударту болып саналады. Бұл мереке 1894 жылы алғаш АҚШ-та атап өтілген болса, қазіргі күні әлем жұртышылғына кеңінен танымал. ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» аталатын биологиялық бағдарлама аясында атап өтіліп келеді. Қазақстандық мектептерде де «Құстар – біздің досымыз» тақырыбы аясында тәрбие сағаттары өтеді.

1 сәуір – халықаралық коньяк күні. Жасалуы ерекше бұл спиртті ішімдіктің өзіндік әзірлену технологиясы бар. Брендидің бір түрі, шараптық дистиллят нақты бір өңірде өсірілетін жүзімнің белгілі бір сұрыптарынан әзірленетін коньяк ішімдігінің атауы Францияның Кониак елді мекенінің атынан шықан екен. Осы жерде ең сапалы коньяк әзірленетін жүзім өсіріледі. Францияның өндірушілерге арнағлан заңнамасы бойынша аталған ішімдікті әзірлеу технологиясы қатаң регламенттелген және одан сәлде болса ауытқу жағдайы лицензиядан айырылуға әкеліп соғады. Регламентте коньяктің алғаш жасалған күні де жазылған. Сондықтан да жыл сайын жүзім өсірушілер коньякке арналған шараптарын 1 сәуірге дейін қотарып құйып алуы тиіс.

 

Бірінші сәуірде дүниеге келген әлемдік тұлғалар

1 сәуір – әлемдік классикада өзіндік орны бар әйгілі жазушы Н.В.Гогольдің дүниеге келген күні. Николай Гоголь Ресей империясы құрамындағы Полтава губерниясының Сорочины қаласында дүниеге келді. Әкесі Василий Гоголь-Яновский колледж асесоры болып және поштада қызмет етіп, 1805 жылы доғарысқа шығады. Ол доғарысқа шыққан соң бұрынғы министр Дмитрий Трощинскиймен бірге отбасылық театр құрады. Оған өзі украин тіліндегі қойылымдарға арнап пьесалар жазады. 14 жастағы Мария Косяровскаяға үйленген олардың отбасында 1809 жылы болашақ жазушы Николай Гоголь дүниеге келеді. Соңынан төрт қарындасы ереді. Николай онға толғанда ата-анасы оны Полтаваға әкеліп, гимназияға түсу үшін дайындық курсына оқуға береді. 1821 жылы Нежин жоғарғы ғылымдар гимназиясына оқуға түседі. Гимназияда жүргенде ұстаздарының айтуынша ол өзге сабаққа ден қоймастан, партаның астына қойып әлдебір кітап оқып отыратын болған. Ол да әкесінің жолын қуып, гимназияда театр құрады. Пьесаларды өзі тңдап, рөлдерді бөліп, декорацияларды салады. 1825 жылы әкесі дүниеден өтеді. Қарындастарының пайдасына, әкеден қалған мирастан бас тартып, біржола жазуға ден қояды. 1828 жылы Петербургке жұмыс іздеп келгенімен, бірден жолы болмайды. Ақыры ол осы жылдың жазында Германияға саяхатқа кетеді. 1829 жылы қайтып келген соң колледж асессоры болып қызметкер орналасады. 1830 жылы «Отечественные запсики» журналында туындысы жарияланады. Біртіндщеп ол журналдарға туындыларын көптеп бере бастайды. 1831 жылы шыққан «Диканькаға жақын хутор кеші» кітабы шығып, танымал бола бастайды. 1835 жылы «Арабески» деген атаумен жинағы шығады. Бір айдан соң «Миргород» атты кітабы және жарық көрді. Осы кезде сыншы Виссарион Белинский: «Оның таланты аласармайды, біртіндеп биіктей береді», - деп баға берді. 1835 жылы «Өлі жандарды» жаза бастады. 1836 жылы «Ревизорды» аяқтады. Сахналанған туындыны Николай І императордың өзі келіп көріп, жоғары бағалап, министрлерінің бәріне көруге бұйырады. 1841 жылы өлі жандарды аяқтады. 1842 жылы «Шинель» повесін оқырманға ұсынды. 1852 жылы өмірден өтті. 

1 сәуір – әлемге әйгілі композитор Сергей Рахманиновтың туған күні. Танымал орыс композиторы, пианист, дирижер Сергей Васильевич Рахманинов (1873-1943) Ресейдің Новгород облысы, Старорусский уезі, Семеново селосында дүниеге келді. 1882 жлы Петербургте консерваторияға түскен ол шығармашылық жолында үлкен жетістіктерге жетелді. Өз шығармашылығында петербургтік және мәскеулік композиторлық мектептердің синтездеп, өзіндік ерекше стиль тудыра алған композитор өмірінің бірталай жылын эммиграцияда өткізеді. 1943 жылы 28 наурызда АҚШ-тың Калифорния штатындағы Беверли-Хилзде өмірден өтеді. Биыл ұлы композитордың туғанына 150 жыл толады.

 

Қазақстандағы елеулі оқиғалар, дүниеге келген танымал тұғалар

 

1923 жылы 1 сәуірде «Ерік» атты газет жарық көрді. Таралымы бес жүз дана болған газеттің елу саны жарық көрген. 

Сонымен қатар 1 сәуір – Қазақ өнері күні. 31 наурыз күні «AIMAQ09.kz» сайтында Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның Халық жазушысы, ақын, сазгер, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов былай деп жазған болатын: «Қадірлі бауырлар! Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихататуға бағытталған Қазақ күнтізбесіндегі 1 сәуір – Қазақ өнері күні болып белгіленген. Бұл күн қазақтың дарынды дирижері, композитор, «Аққу», «Әлқисса» сынды күйлерді авторы Нұрғиса Тіленбиевтің туған күніне орайластырып белгіленген. Қазақ КСРІ, КСРО халық артисі, Қазақстанның Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиев 1925 жылы 1 сәуірде композитор, дирижер, қазақтың дәулескер күйшісі, дүниеге келді. Алматы облысы, Іле ауданы, Шилікемер аулында өмір есігін ашқан Нұрғиса Атабайұлы жастайынан саз әлеміне жуық, құймақұлақ болып өседі. Мәскеудің П.И.Чайковский атындағы консерваториясының дирижерлік факультетін бітірген. Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында,  Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінде, «Қазақфильм» киностудиясында қызмет істеп, өзі құрған «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрінде бас дирижер болды. Шығармашылық ғұмырында бес жүзден астам музыкалық туындылар жазды. Оның ішінде 400-ге тарта ән мен романс авторы. 50-ден астам драмалық қойылымға, 19 көркем, 17 мультипликациялық және 14 деректі фильмге музыка жазған. Қазақ музыка өнерін классикалық деңгейде дамытқан әйгілі өнер тарланы 1998 жылы 73 жасында өмірден өтті.

1939 жылы 1 сәуірде жазушы, этнограф-тарихшы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойшығара Салғараұлы дүниеге келді. Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Көкалат аулында дүние есігін ашқан Қойшығара Салғараұлы алғашқы еңбек жолын шопандықтан бастайды. Одан соң жоғары оқуға түсіп, ҚазМҰУ-дің филология факультеті, журналистика бөлімін бітірген. 1964-165 жылдары «ауыл өмірі» газетінің редакторы, 1965-1971 жылдары Қазақ радиосының Қостанай облысындағы меншікті тілшісі, одан соң Торғай облыстық телерадио комитетінің редакторы, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызметкер, ҚР Мемлекеттік хатшысының кеңесшісі, мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңес хатшысының орынбасары, хатшы, ҚР-ның ҚХР-дағы елшілігінде мәдениет жөніндегі кеңесші қызметтерін атқарған. Қытайда жүргенде осы елдегі қазақтың ежелгі тарихына қатысты бірнеше кітаптар жазды. «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар» роман-эссесі және т.б. құнды туындылар жазды.

1939 жылы 1 сәуірде жазушы, журналист, көсемсөзші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қостанай және Торғай қалаларының құрметті азаматы Қоғабай Сәрсекеев өмірге келді. Ол Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Торғай аулында дүниеге келді. Ы.Алтынсарин мектебін бітірген соң Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1963 жылы бітіріп шығады. Осы жылдан әр кезеңде «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Кітап жаршысы» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редакторы болып жұмыс істеген. 1986-1990 жылдары «Жалын» баспасында бас редактор, «Қазақкітап» бірлестігінің бас редакторы, Кітап таратушылар республикалық қауымдастығының президенті қызметтерін атқарған. Өмірінің соңына дейін «Қазақ» атты газет шығарып, таралымы мен мазмұны ауқымды боулына атсалысты. 2014 жылы Алматы қаласында дүниеден өтті.

1993 жылы 1 сәуірде әйгілі боксшы Жәнібек Әлімханұлы дүниеге келді. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, кәсіпқой бокстан 2013 жылғы әлем чемпионы, 2013-2014 жылғы Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, кәсіпқой бокста орта салмақ бойынша WBO және WDC тұжырымдары бойынша чемпион Жәнібек Әлімханұлы Алматы облысы, Алакөл ауданы, Жыланды ауылында дүниеге келген.  8 жасынан бастап бокспен шұғылданған.  Әуесқой бокста барлығы 308 кездесу өткізіп, 300-інде жеңіске жеткен, оның 4-і нокаут. 2016 жылдан бастап кәсіби бокске ауысқан жәнібек Әлімханұлы күні бүгінге дейін 12 жекпе-жек өткізіп барлығында жеңіске жеткен. Қазіргі күнде 2023 жылы 3 қараша күні АҚШ-тың Техас штатында  кәсіпқой бокста 13 жекпе-жек өткізіп, оның 12-сінде жеңіске жеткен, 8 кездесуін нокаутпен аяқтаған боксшы Ван Александрмен жұдырықтасуға дайындалуда.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?