Қазақ тарихында жалпы қазақ әйелдері жайлы жаңсақ пікірлер көп. Соның бірі – «сол кезде қазақ қыздары сауатсыз еді» дейтін орынсыз уәж. Әрине, әсірелеп айтатындай қазақ қыздарының бәрі бірдей сауатты болмағанымен, бұл оларды «мүлдем сауатсыз болды дегенді» білдірмейді. Қазақ тарихында қазақ қыздарының арасынан оқыған, елдік үшін, теңдік үшін күрескен әйел тұлғалар болды. Оған мысал ретінде 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында көбіне Алма Оразбаеваны айтып жүрміз. Ал білім беріп, балаларды сауатты болуға үйрете жүріп, техникалық мамандықта өзін жоғары деңгейде көрсеткен инженер-металлург Мәдина Бегалиева жайлы бірі білсе, бірі біле бермейді. Себебі ол туралы елміздің медиа ресурстарында жазыла да бермейді. Міне, олқылықтың орнын толтыру үшін сол Мәдина Беглиева дүниеге келген өңірдің тумасы, Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы директорының орынбасары Назымгүл Оразгелдиевадан кейіпкеріміз жайлы аз-кем сұхбат алып, шағын ғана әңгімемізді сіздермен бөлісіп отырмыз.
- Әуелі әңгімемізді сол Мәдина Бегалиеваның ғұмыр дерегінен бастасақ...
- Қазақ әйелдері арасынан алғашқы инженер-металлург болған Мәдина Бегалиева 1899 жылы Бөкей ордасының Қалмақ қисымына қарасты Қылқанды ауылында кедей шаруа Қожбанның жанұясында дүниеге келеді. Бірақ бар өмірі бейнетпен өткен әкесі Қожбан ерте дүние салады. Әкесінен қаршадайынан жетім қалған Мәдина қиыншылықтың зардабын тартып, орыс чиновниктері мен татар саудагерлерінің босағасында малай боп жүрген анасының қолына қарап қалады. Анасының орыс чиновниктерінің үйінде жұмыс істеген кезден Мәдинаның орыс тіліне түсінігі қалыптасып, кейін үш жылдық педагогикалық курсқа түсіп оқуына себепші болды. Ол 8 жасында Ордадағы қыздарға арналған 4 жылдық орыс мектебінде оқып, өзі қатарлы шәкірттердің алды болды. Заманның қиыншылығына қарамай оқуға зерек, орысша тәуір үйреніп қалған Мәдина одан кейін жаңадан ашылған 3 жылдық педагогикалық курсқа оқуға түсуге мүмкіндік алады. Мұнда ол Алма Оразбаевамен бірге оқиды. Мәдина өз естелігінде: «Мен Хан Ставкасындағы қазақ қыздары үшін ашылған 2 кластық орыс-қазақ мектеп интернатында Алма Оразбаевамен бірге оқу бақытына ие болдым. Мектепті бітірген соң да Алмамен бірге 3 жылдық мұғалімдер курсында оқып, орыс, қазақ жастарымен араласып, өмірге деген көзқарасымыз бір болып, еңбекте қатар жүрдік,»-деп жазады. Талапты жас қыз курсты бітіргеннен кейін бастауыш мектептің мұғалімі деген мамандық алып, Ордадан жүздеген шақырым жердегі Шолан ауылына келеді. Өзімен бірге жаңа заманның жаңа лебін әкелген Мәдинаны ауыл адамдары желпініп қарсы ала қоймайды.
- М. Бегалиевадан қалған естеліктер бар ма? Бар болса, онда не айтылған?
- Өткен күндер белестері туралы қалдырған еңбегінің бірінде Мәдина апамыз: «Менің орыс мектебінде оқығанымды естігенде кейбір ата-аналар ат-тонын ала қашты. Олар «Балаларымызды шоқындыратын жайымыз жоқ» деп теріс айналды. Мені көрсе балаларын киізге орап, тығып тастайтындар да болды. Бірақ соған қарамастан ауылда мектеп жоқ болса да, шыжыған күннің астында сабақ өткізетін едік»,-деп жазады.
- Ол қандай оқытушы болды?
- Мәдина прогресшіл бағыттағы оқытушы болды. Кездескен қиыншылықтарды жеңе жүріп, қазақ балаларының сауатын ашып, оларды білімге баулыды, орыс тілін үйретті. Ол еңбек еткен жаңа бағыттағы мектеп ауыл адамдарының сана-сезімін оятуға елеулі ықпал етті. Мәдина елдің сеніміне, құрметіне ие болды. 1917 жылдың май айында Бөкей губерниясы бойынша прогресшіл бағыттағы мұғалімдердің тұңғыш съезі өтті. Оның жұмысына он сегіз жасар Мәдина да белсене қатысты. Осында Алма Оразбаевамен дидарласады.
- Оқытушылықтан бөлек тағы қандай қызметтерге араласты?
- Мәдина Бегалиева балалардың ғана сауатын ашып қоймай, қазақ әйелдерінің ауыр тұрмысын жеңілдетуде, әйел теңсіздігін жоюда, мәдениеті мен сана сезімін дамытуда үлкен істер атқарды. Сол кездегі жолдастары Алма Оразбаева, Мубина Ниязовалармен бірге ол ауыл еңбекшілеріне Кеңес өкіметінің маңыз, мақсатын түсіндіріп, әйелдер арасында үгіт-насихат жұмысын жүргізеді. Ордада құрылған I үлгілі атты әскер полкіндегі ликбез(сауатсыздықты жою) мектебінің мұғалімі бола жүріп, жауынгерлердің саяси көзқарасын дамытуда үгітшілік қызмет те атқарады. Сондай-ақ Ордада қазақтың алдыңғы қатарлы жастары ұйымдастырған драмалық үйірменің және ерекше міндет жүктелген отрядтың белсенді мүшесі болады. Жас мұғалима азамат соғысы жылдарында Коммунистік партияның қатарына кіреді. Осы жылдардан бастап оның саяси жұмыстарға белсенділігі артады. Өзінің талантты ұйымдастырушылығымен танылған Мәдина Бөкей, Орал губерниялық, Сырдария округтік партия комитетіндегі әйелдер арасындағы жұмыс бөлімінің меңгерушісі болып істей жүріп, қазақ әйелдерінің бостандығы үшін күресіп, оларды қоғамдық өмірге қатыстыру жолында қызмет етті.
- Сол кезеңдерде қандай қызметі не еңбегі үшін марапатталып еді?
- Сол кездегі үлкен саяси науқан – байларды конфискациялау, ауыл шаруашылығын коллективтендіру ісінде Мәдина бар жігерімен қатысты. Түркістан аймағында конфискациялау жұмысын дұрыс ұйымдастырғаны үшін Сырдария округтік партия комитеті Мәдина Бегалиеваға алғыс жариялады. М.Бегалиева партиялық істерді атқара жүріп, өз білімін көтеруді де ұмытпады. Ол Мәскеудегі өнеркәсіп академиясының түсті металл факультетіне оқуға түсіп, 1935 жылы «Балқаш өңіріндегі мыс қорыту зауытының жобасы» тақырыбында дипломдық жұмысын қорғады. Бұл туралы Мәдина апамыз: «Квалификациялық комиссияның төрағасы, профессор И.М.Будрянский «инженер-металлург мамандығын қазақтың алғашқы қызы алып жатыр,» деп құттықтағанда мені зор қуаныш сезімі биледі»,- дейді.
- Инженер-металлург ретінде қашан көріне бастады?
- Мәдина мамандығына сәйкес Балқаштың мыс қорыту зауытының салынуынан бастап, қалыпты еңбек ырғағының қалыптасуына, мол өнім шығаруына белсене атсалысады. Білікті маман ретінде жастардың жұмыс тәжірибесінің нығаюына, кадр даярлау мәселесіне өз үлесін қосады.
- Отбасылық өмірі туралы айтып бере аласыз ба?
- Мәдина Бегалиеваның жеке отбасылық өміріне тоқталсақ, жары Ғали Бегалиев Бөкей ордасы мектептерінде ұзақ жылдар ұстаздық қызметте болды. Ол 1917 жылы Ордада өткен мұғалімдердің тұңғыш съезінде төрағаның көмекші қызметін атқарады. Осы съезде Бөкей ордасының барлық мектептері қазақ бөліміне беріліп, оған басшылық жасау Ғали Бегалиевке міндеттеледі. Ол 1922-1924 жылдары Ордадағы педагогикалық техникумда ұстаздық етті. Мұғалім мамандығын ғылыммен байланыстырып, қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы көптеген еңбектер жазып, филология ғылымының кандидаты, ғалым атанды. Бүгінде оның туған жері Казталовка ауданының Қошанкөл ауылының орта мектебі Ғали Бегалиев атында. Мәдина апай мен Ғали ағай үш бала тәрбиеледі. Қыздары мен жалғыз ұлдары білімді, тәрбиелі, маман болып өсті.
- Одан кейінгі өмірі ше? Немен әуестенді, немен айналысты?
- М.Бегалиева зейнеткерлікке шыққаннан кейін де туған жеріне келіп, жерлестерімен кездескенде Алма Оразбаева, Мубина Ниязова, Екатерина Князева, Витте Грачева т.б қайраткер жолдастарының еңбектерін айтып, өлкеміздегі жүріп-өткен тарихи оқиғаларды, елді мекендерді атап, жастығын еске алатын. Ол туған жеріне 1967, 1974 жылдары келді. Орда тарихында ұмытылмас күндердің бірі болып қалған, облыстық көлемде оздырылған «Әкелер даңқы жолымен» слетінің құрметті қонақтарының бірі болды. Ол шараға Мәдина апамыздың үзеңгі жолдастары жерлестеріміз Х.Чурин, Ә. Мәметовалар қатынасты. М.Бегалиеваның елге сіңірген көп жылдық еңбегін үкімет елеусіз қалдырмады. Ол «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, бірнеше медальдармен, Құрмет дипломдарымен марапатталды. Бұл күнде ауданымыздағы Темір Масин ауылының орта мектебі Мәдина Бегалиева атында. Заманның аумалы-төкпелі уақытында өз жолын дәл тауып, кейінге үлгілі із қалдырған Мәдина Бегалиеваның өмірі бәрімізге үлгі, өнеге.
- Иә, уақыт бөліп, сұрақтарыма жауап бергеніңізге көп рақмет!