Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алтай көтерілісінің тарихы 2-бөлім

1815
Алтай көтерілісінің тарихы 2-бөлім - e-history.kz

Өткен бөлімде Алтай көтерілісінің басталуына қатысты тарихи-саяси жағдайлар туралы қысқаша мәлімет берген едік. Бұл бөлімде көтерілістің басталуы мен даму барысын әңгімелейміз. Оқырманға бір ескерте кетеріміз, сіздер өздеріңіз көп естіген Оспан есімін ұзақ күтуіңіз мүмкін. Себебі бірінші реткі көтерілісте Оспан басшы ретінде көзге түсе қойған жоқ, әуелі көтеріліс бастаған Есімхан, Ырысхан, Ақтекелердің бірі өлтіріліп, бірі қолға түскеннен кейін ғана Оспан көтеріліс басшысына айналды, және бастаған ісін соңына дейін жеткізе білді.

1939 жылдың соңынан бастап Көктоғай ауданы әкімінің бастығы Шүй Ырлиң «Мылтық жинау комиссиясын» бастап ел ішін аралап құрал тапсыру жұмысын жүргізеді. Әрі ел ішіне ертеден орналастырған Керім, Жақып қатарлы тыңшылар арқылы халықтың күнделікті әрекетінен мәлімет алып тіміскілеуді жиілете түседі. Шың Шыцай үкіметі Ақыт қажыны ұстаған кезде әбден шыдамы тауслған халық, молқы руының үкірдайы Есімхан Иманбайұлы бастаған 60-тай адам ұйымдасып Ақытты тартып алып, көтеріліс бастау қамына кіріседі. Есімхандардың бұл ниетінен хабар тапқан ел ішінде беделі бар Шәти деген адам: «Біздің қолымызда темірдің сынығы да жоқ, құрсанған жауға қайтып төтеп бересіңдер, үкімет алар ел бастықтарын алып болды. 70-тен асқан бір шал үшін ақ қар, көк мұзда елді қырғызғанымыз болмас, түбінде бір көрерміз, әзірше тоқтап тұрғандардың жақсы», – деген ақыл көрсетіп көтеріліс бастауға қосылмайды. Шынында қолында бір тал қаруы жоқ, әрі басынан іс өтпеген момын ел кегін ішіне бүгіп, ашуын ақылға жеңдіріп ылажсыз тоқтап қалады. Бірақ ел ішіндегі тыңшылар жағынан Есімхандардың әрекеттенбекші болған бұл жоспары әкім мен комиссиядағыларға мәлімделіп кетеді.

1940 жылы қаңтарда Шүй Ырлиң бастаған «мылтық жинау комисиясы» Есімхандар қыстап отырған жер Өндірқараға келіп «құрал тапсыру» жөнінде жиын ашады.

Жиында сол кезде ауыл медіресесінде мұғалімдік істейтін Әубәкір деген жас азамат ел атынан сөйлеп: «Ел қолында мылтық жоқ, мылтық түгіл бір атым насыбайдай дәрі де жоқ», – деп сөйлей бастағанда Шүй Ырлиң ақырып тоқтатып тастайды да, Есімханға: «Мынау қандай адам? Мәселесін жан-жақты тексеріп маған жеткізесің», – деген міндетті қолма-қол тапсырады. Ол тағы да: «Сендерде құрал жоқ дегенге сенбейміз, шынында мылтықтарыңды жасырып тапсырмай отырсыңдар. Үрімжідегі бастықтарың мылтық бар деп тапсырыс беріп отырса мылтық жоқ дегендерің не? Сендер үкіметті алдай алмайсыңдар, сондықтан мылтықтарыңды түгел тапсырыңдар. Мылтық жоқ деушілер ауыр жазаға тартылады», – деп айбар шегіп қатты қысымға алады. Жиналған ел қатты сасып қалады. Қалың ел қалайда бір ауыр зобалаң жағдайдың ел басына төніп келе жатқанын сезінеді.

Бірнеше күн «мылтық тапсырып беруге» елді зорлап қысымға алған «мылтық жинау комиссиясы» Үліңгір өзенінен құлдап төменгі елге бармақшы болады. Олар аттанарда «Біз Дүреге дейін (Көктоғай мен Бурылтоғай шекарасы) барып қайтамыз, біз қайта айланып келгенше елдеріңдегі мылтықты түгел жинап дайындап қоясыңдар және бізбен бірге ауданға жиынға баратын бір топ адамдар бар, дайындықтарың болсын», – дегенді айтып Керімді (тыңшы) сол жерге қалдырып құлдап кетеді.

Өндірқарада қалған Керім жасырын тың-тыңдап мәлімет топтайды, ол Есімхан бастамашы болып көтеріліс жасамақшы болған 60 адамды тізімдеп шығады.
Ал Керімнің Өндірқарада қалуынан сезіктенген Есімхан да оны жасырын бақылайды. Сөйтіп Керімнің тыңшылық істеп мәлімет топтап жүргендігін, өзі бастап көтеріліс жасамақшы болған адамдардың барлығын тізімдеп алғанын біледі. Енді қауіп Есімхан бастаған 60 адамның басына төнеді. Жан алқымға келген осы бір қысылтайаң жағадайда Есімхан тәуекелге бел буып, Әубәкір екеуі қазақтан әйел алып мекендеген Барат деген ұйғырдың үйінен Керімді ұстап байлап, 60 тал оғымен мылтығын тартып алады. Керімді тінтіп көргенде Керімнің қалтасынан Есімхан бастаған 60 адамның тізімі шығады және бір қаншалаған жасырын мәлімет табылады.

Есімхан Керімді кісендеп тастап, ел беделділерінің біреуі Шағалақ деген адамды шақыртып алады да Шүй Ырлиң бастаған құрал жию комисиясын түгел өлтіріп көтеріліс жасайтындығын білдіреді. Олар: «Ақ қар, көк мұз – қыс мынау, қалың елдің күйзелуі шәксіз. Керімнен тартып алған жалғыз мылтықтан басқа құрал жоқ, қалың әскерге қайтіп төтеп беруге болады? Енді бір жақтан Шың Шыцай үкіметінің айтқанына көніп, айдағанына жүре бергенмен алдыңғы рет тұтқындаудан қалған ел басыларынан кейін міне тағы да 60 азаматтан айырылғалы отыр. Қайту керек? Қол қусырып қарап өлу керек пе? Жоқ, әлде жағаласып жан сақтау керек пе?» – деген мәселеге тап болады. Олар ақыры арі-бері ойлана келіп: «Нар тауекел, жағаласпай жан қалмайды, өлсек жағаласып өлейік», – деген байламға келеді. Бұл сырды тек Есімхан, Шағалақ бастаған 30-дай адам біледі. Басқа ел-жұртқа сездірмей ақылдасады да, бір мал сойып қолдарын қанға малып серт жасайды. Басы Өндірқара, аяғы Қалшағай деген жердің мойнына жасырын адам орналастырып қарауыл қояды. Жан-жақты торлап, іштен сыртқа адам шығармай тосып тастайды да шұғыл дайындыққа кіріседі. Шүй Ырлиң бастаған «мылтық жинау комиссиясы» қайталап келуін күтеді. Сол кезде үкіметке көз-құлақ болып жүретін, руы шеруші Сүлеймен дейтін азамат жарым күн алда жүріп комиссияның келе жатқандығын хабарлап және алдын-ала елді барлап отырады екен. 1940 жыл 1 ақпан күні сол Сүлеймен Өндірқараға келіп комиссияның келе жатқандығын Есімханға қабарлап, олар түсетін үй дайындауды тапсырады.

Есімхан сыр алдырмай комиссиядағыларға Зағоба, Сартерек деген жердегі Оқан зәңгінің үйін дайындағандығын айтады, және Сүлейменнен өзінің қайда түсетіндігін сұрайды. Сүлеймен нағашысы Қобдабай дегеннің үйіне түсетіндігін айтып өрлеп кетеді. Есімхан дереу Оқан зәңгінің үйіне барып үлкен дөңбек үйін босаттырады. Үй мүліктері мен адамдарын тошала үйге шығарып, босаған үйді жақсылап жабдықтайды да, күтушілерге сенімді адамдарды белгілеп орналастырады. Ал ішкі сырды Оқан зәңгіге де сездірмейді.
Үйді дайындаттырып болғаннан кейін, Есімхан құлдап барып келе жатқан комиссияның алдынан шығып жылы шыраймен қарсы алып, бастап әкеліп дайындаған үйге түсіріп, әсті-үстіне түсіп бәйек болып күтеді. Өзі солардың қасында болып сыр алдырмайды.

Есімхандардың жоспары мынадай болды: Есімхан бірқанша сенімді адаммен комиссия мүшелерінің қасында болып, бір жағынан алдаусыратып, енді бір жағынан бақылауға жауапты болады. Комиссия мүшелерін жайғастыру үшін, ең алдымен Сүлейменді ұстау керек. Ол қолға түспей кетсе бір өзі ондаған жігітке төтеп беретін мерген жігіт деп естіген, сондықтан ең алдымен Сүлейменді ұстау керек делінеді.

15-тей мылтықты азаматты ауыл маңына жасырын орналастырып, комиссия мүшелері ұйықтаған кезде басып кіріп жойып жіберу міндеттеледі. Басып кірушілер қарда аяқ дыбырын шығармау үшін етіктің сыртынан киз байпақ киеді, және олардан егер бірер қауіпты жағдай туындай қалса шегінбеуге ант алады. Керімнен қолға түскен мылтқты Әубакірге беріп, «Егер күтпеген жағдай туындай қалғанда кім шегінсе соны атып таста», – деп бұйырады. Олар осы күні ауыл көлемінде сенімсіздеу делінген адамдардың комиссия мүшелерімен қатынас жасауына қатаң бақылау жүргізіп, комиссиядағылармен қатынас жасау мүмкіндігін үзіп тастайды. Үйге басып кіретіндер пышақ, үй ішінде істетуге қолайлы қысқа қол тоқпақпен қаруланады. Сүйтіп 1940 жылы ақпан айының 1-і күні кеш бата жоспар бойынша әректеке кіріседі.

Ең алдымен Еңсеген Шағалақұлы, Кенжебай қатарлы 4 адам барып Сүлейменді байлап жатқан кезде Сүлеймен: «Сендер бір істі істегелі жатқан сияқтысыңдар, менің де тілегенім осындай бір әркет еді, мен де тілектеспін. Бірақ маған сенбессіңдер, мықтап байлаңдар», – дейді. Осыдан соң сол кездегі комиссияда аударушы болып жүрген руы молқы Қамилан деген жігітті басқа бір үйде жатқанда ұстап байлайды да, Оқан зәңгінің баласы Қабытайға қойнына тамақ тығып беріп, үйлерінің иттерін алдаусыратып алысқа алып кетуге мажбүрлеп жұмсайды. Алғашқы әрекет осылай орындалып болғаннан кейін түн ортасы мөлшерінде комиссия мүшелері жатқан үйге басып кіреді. Олардың есікке қойған күзетшісін Бағжол деген азамат жайғастырып жібереді де қалған азаматтар апыл-ғұлып үйге кіреді. Олар үйге басып кіріп келе жатқанда алғашқы дыбырдан оянып кеткен Шүй Ырлиң жан дәрмен тапаншадан екі рет оқ атады. Үй іші қараңғы болғандықтан сасқалақтап атқан оқ адамға дарымайды. Басып кірген азамат Еңсеген Шағалақұлы Шүй Ырлиңмен алысып жүріп оның бүйіріне пышақ тығып жығып өлтіреді. Ал қалған азаматтар комиссияның қалған мүшелерін жайғастырады. Осы рет өлтірілген «мылтық жинау комиссия» мүшелері – Шүй Ырлиң әкім, Көктоғай аудандық сақшы мекемесінің Жау фамилиалы мекеме бастығы, Үрімжіден келген екі юан (өкіл), екі қорғаушы – 7 адам еді.

Таң атысымен қалың ел болған оқиғадан толық хабар табады. Халық Есімхандардың бұл әрекетін толық қолдап, тәуекелге бел буып ұйымдасады да, сойыл, шоқпармен қаруланып, алда болатын аса үлкен айқасқа шұғыл дайындалады. Айналаға қарауыл орналастырады. Өлтірілген комиссия мүшелері бір дана бесатар мылтық, қалғаны жан құралдармен қаруланған екен. Сөйтіп көтерілісшілер қолына Керімнен түсірілген бір дана бесатарды қосқанда екі дана ұзын құрал түседі.

Оқиға туылғаннан кейін Есімхан, Нүсіпхан Меңдібайұлы Қарабұлғындағы қарақас руының беделді адамдарының бірі Ақтеке биге, Кәсіп Балапанұлын жоғары жақтағы елдерге жіберіп хабарлайды, әрі көтеріліске қатынасуын талап етеді. Енді бір жақтан Алтай аймағының төменгі аудандары мен Көктоғай, Шіңгіл аудандары арасында пошта тасып жүрген Жаршан Бақашұлы мен Сұлубай екеуін ұстап алады да Сарсүмбе мен Көктоғай, Шіңгіл ауданның байланысын үзіп тастайды. Ал Шіңгіл ауданы әкімшілігі ел ішіне шығып мылтық жинамақшы болғанда Шіңгілдің Сартоғай деген жеріндегі Ноғайбай, Зәтелбай бастаған адамдар мылтық жию комссиясындағыларды өлтіріп, көтеріліс бастамақшы болады. Бірақ мылтық жинау комиссиясы ел ішіне шыға бере-ақ өздеріне қауіп бар екендігін сенімді адамдарынан біледі. 1939 жылы желтоқсанның 31-і күні Көксеген үкірдайдың ауылынан аттанып «Сартоғайдағы Ноғайбай ауылына барамыз», – деп алдаусыратып лақап таратады да Сартоғайға түспей қашып Шіңгілдің аудан қалашығына кіріп кетеді.

Мылтық жинау комиссиясы 1940 жылы ақпанның соңында Дүреден өрлеген жолда Қарабұлғындағы қарақас руының беделді адамдарының бірі Ақтеке биге Көктоғай қалашығындағы «жиынға» баруды тапсырып кетеді. Халел, Рахат қатарлы басшыларынан айырылған ел, қалған бас көтерер адамымыз Ақтекеден тағы айырылатын болдық деп уайымдайды. Әкесі мен ағасынан айрылған Сайып Халелұлы Ақтеке биге жиынға бармауын айтады. Бірақ Ақтеке би: «Ұлық әмірі ғой, барайын, тағдырдың жазғанын көрермін, бір қайырлысы болар», – дегенді айтып жолға шықпақшы болады. Ақыры Ақтекені тіліне көндіре алмаған Сайып 1940 жылы ақпанның 2-і күні Ақтекені шығарып салмақшы болып аттанады. Сайып кеткеннен кейін Сарноғай (ауылдық сақшы бөлімінің бастығы, халықты зарилеткен жендет) қасында екі әскері бар Халел тәйжінің үйіне келіп, «Сайыпты іздеп келдік» дейді. Сайып үйде жоқ болғандықтан Халел тәйжінің кіші ұлы бала Қазезді Сайыпты тауып шақырып келуге жұмсайды. Бала іздеп жүріп Сайыпты Қарабұлғынның мойнынан Ақтекені шығарып бара жатқан жерінен тауып, Сарноғайдың «дереу келсін» деген бұйырығын жеткізеді. Істің күрделі екенін, ендігі бұғалық өз мойнына түсетінін сезіп қатты шиырыққан Сайып Ақтекемен ақылдасып бір байламға келе алмай тұрғанда, Есімхан хабар жіберген Нүсіпбай келіп Есімхан жазған хатты береді. Есімхандардың мылтық жию комиссиясын түгел өлтіріп, көтеріліс жасап шыққанынан хабар тапқан Ақтеке мен Сайып тәуекелге бел байлап үйлеріне қайтады. Сайып жол-жөнекей бірнеше сенімді адамды өз ауыл маңындағы тоғайға жасырып қояды. Ол үйіне келсе Сарноғай бір әскермен ат суғаруға кетіпті де, бір әскер мылтықтарын шарбаққа іліп қойып тұр екен. Сайып аттан түсіп амандасатын кісі сияқтанып қолын созады. Анау да амандаспақшы бола бергенде ұсынған қолын шап беріп ұстай алып әскердің қаперсіз орайынан пайдаланып алып соғып өлтіріп жібереді. Осыдан кейін ат суаруға барған Сарноғайға барады да, суатта ат суарып тұрған Сарноғайды шақырады. Сарноғай «не болды?» деп сүрайды. Сайып: «әкең Шың дубан (Шың Шыцай) өліпті, соны саған естіртейін деп едім», – деп айғайлайды. Сарноғай «мынау не дейді?» деп суаттан жарғабаққа шыға бергенде олар бассалып ұстай алады. Келген мән-жәйін сұрағанда, «арнаулы Сайыпты ұстағалы келгендігін» айтады. Ақтеке, Сайыптар ақылдаса келіп, «әйтеу қолымыз қан болды» деп Сарноғай мен қасындағы әскерлерді де өлтіріп тастайды.

Өстіп Қарабұлғында мекендеп отырған елдер Ақтеке, Сайып, Даба қатарлы ел беделділерінің бастауында көтеріліс жасап, Есімхандарға қосылады. Нәтижеде басы Өндірқара, аяғы Қарабұлғын аралығындағы ел алғашқы көтерісшілер қосынын қалыптастырады.

Көтерілісшілердің алғашқы шабуылы Көктоғай қалашығына бағытталды. Көктоғай 1937 жылы қалашық басқару мекемесі болып құрылған, содан бастап 1941 жылға дейін қалашық болып тұрып 1941 жылы ауданға өзгерген. Көтеріліс бұрық ете түскен кезде, қалашық құрылысы аз, әрі бытыранды болатын. Аудан әкімшілігі мен сақшы мекемесі 2 километр аралықта орналасқан, Көктоғай қалашығы мен көтеріліс туған аралық 200 километр аралықта еді. Сол кезде Көктоғай қалашығында, үкімет орындарынан басқа, отырақтанып орналасқан 20-дай орыс отбасы уақыттық қыстап қалған «Мықанс» деп аталатын 200-дің үстінде қазақ отбасы орналасқан қоныс бар еді. Көтерілс басшылары ақылдаса келіп алдын-ала жедел қимылдап, дереу Көктоғай қалашығына шабуылға өту шешіміне келеді. Көтерілісшілердің бұл жоспарынан хабар тапқан Сүлеймен «Сендердің құралдарың аз, қаншалық көп адам барғанымен рөлі болмайды. Маған сеніп 10-20 адам қосып берсеңдер ебін тауып сақшы мекемесі мен аудан әкім жамбылын босатып алып беремін», – дегенді айтады. Бірақ көтерісшілер Сүлейменге сенбейді де кісендеп тастайды.

Көтерілісшілерден 150 азамат Көктоғай қалашығына жорыққа аттанады. Қалған азаматтар түгелдей сойыл, шоқпармен қаруланып Буырылтоғай, Сарсүмбе, Шіңгіл аудандарын бағытқа алып қарауыл қояды да, елді қорғап бекініс алады. Осы кезде көтерілісшілердің қолында не бары 5 қана мылтық болды.

Көктоғай қалашығына шабуыл жасау үшін шыққан көтерілісшілер екі топқа бөлінеді. Бір топты Мағауия залың, Амандық деген адамдар бастап аудан әкімі жамбылына басып кіру, екінші тобын Нәби, Қадырбай, Қамиландар бастап сақшы мекемесіне басып кіру міндеттелді. Есімхан, Ақтеке, Сайыптар жалпы басшылық жасайды.

Жоспарлы орналастыру бойынша – Мағауия, Амандық бастатаған топ әкім жамбылына бастап кіріп әкімшілікті тартып алады. Екі бесатар, жеті дана тоғызатар, жиыны 9 дана мылтық олжа алады.

Ал сақшы мекемесіне шабуылға өтушілер алғашқыда 10 адам басып кіреді, олардың басып кіріп келе жатқанын сезіп қалған сақшы адамы мылтық атады. Бұрын мұндай істі бастан кешіріп, мылтық даусын естіп көрмеген ел жапырылып қайта қашады. Олар қайта шабуылға өткенше сақшы мекемесі адамдары қорғаныс алып үлгереді де, алдырмай қояды. Соғыс тактикасын білмейтін, әрі құрал күші әлсіз көтерілісшілер сақшы мекемесін босатып ала алмай, күн кеш болып соғысты ертеңге қалдырып дем алады. Осы жағдайдан пайдаланған сақшы мекемесі өз маңайында отырған орыстарға дереу құрал таратып беріп, мықты бекініс алады. Ертеңінде көрерілсшілер қанша шабуылға өткенімен құрал күші басым сақшылар маңына да жолатпайды. Соғыс барысында Мағауия, Сәтіш, Қапас Қобдабайұлы қатарлы 3 адам құрбан болып, Алтай деген азаматтың екі аяғын оқ қырқып кетеді. 3 күн соғыс жүргізіп сақшыны ала алмаған көтерілісшілер азық-тұліктен тарығып, енді бір жақтан өзендегі елге алаңдап қайтуға мәжбүр болады. Көтерілісшілер қайтқан кезде Көктоғай қалашық маңын мекендеп отырған қазақтардың бір бөлімі олармен еріп өзенге кетеді. «Үкімет бізге тиспейді» деген бір бөлім ел көтерісшілерге ілеспей қалып қояды. Көтерісшілер шегініп кеткеннен кейін сақшы адамдары қалған елге келіп олардың елдерін түгел қырып тастайды. Соғыста екі аяғын оқ қырып кеткен Алтайды орыстар иттеріне талатып өлтіреді. Сүйтіп көтерілісшілердің Көктоғай қалашығына жасаған шабуылы сәтсіздікке ұшырайды.

Көктоғай қалашығын тартып ала алмай келген көтерілісшелер: «Қыл бүлдіргесіне тиспегенде үкіметтің істеп отырғаны анау, ал, мынадай күрделі қарсылық жасап отырған бізді оңдырмас», – деген тұжырымға келіп, Қарабұлғыннан елді көшіріп Өндірқараға келеді. 1940 жылы наурыздың басында көтеріліс жасаған 500-дей отбасы Үліңгірді өрлей көшіп Сартоғайға бет алады. Көтерілісшілер астыртын адам жіберіп, Шіңгілдің Сартоғайындағы ел бастықтары Ноғайбай, Зәтелбайлармен байланыс жасап бір ақылға келеді. Көктоғай көтерілс басшылары Жәкайыл, Хасбит деген адамдарды жіберіп, Шіңгіл ауданындағы ел басылары Көксеген, Уатхандарға ел басылары атынан қол қойып мөр басқан хат жолдап, көтеріліске қосылуды талап етеді. Бірақ Уатхан, Көксегендер «Қазір қыс ші, қатын-бала күйзеледі, істің артын бағайық», – деген тұжырымға келіп, әр келген хатты үкімет орнына тапсырып береді. Оның үстіне ел ішіндегі тыңшылар Хасбитты ұстап алып сақшыларға тапсырады. Жағдайдан алдын-ала хабар тапқан Шіңгіл аудандық үкімет дереу мықты бекініс алады. Шіңгіл қалашығы маңындағы елдердің жақсы аттарын жиып акетеді.

Көктоғай ауданындағы малшылар көтерілісінен хабар тапқан Шың Шыцай үкіметі көтерілісшілердің құрал күші әлсіз, қарсылық көрсету қуаты төмен деп межелеп Шонжыдан 200 әскерді Шіңгілге жіберіп, көтерілісшілерді бастықтыруға аттандырады. Олар Шіңгілге келіп, сол кезде үкімет қызметімен Шіңгілде жүрген Алтай атты әскерлер полкінің командирі Ырысбекті және сақшының Лю фамилалы басшысын өздеріне жол бастаушы етіп ертіп алып, 1940 жылы наурыздың орта шенінде түйе ылаулап азық-түлік, ат жемі қатарлқы қорымен Шіңгілді құлдап келіп Нәзір тәйжінің ауылына келіп түседі. Көтерілісшілерді бастықтыруға шыққан әскерлер 30 әскермен қорды Нәзір ауылына орналастырып тастап, құлдап Ноғайбай ауылына келіп Мұса Тұрықбайұлы мен Жақсыбайды жол бастауға алып кетеді. Бастықтырушы әскерлердің қимылы құпя әрі тез болғандықтан бұлардың келгенін Есімхандарға хабарлауға үлгіре алмай қалады. Жағдайдың күрделесіп тиімсіз болып бара жатқанын сезген Мұса мерген ебін тауып көзге елеусіз Құндығын деген адамның кемпірі Нүйріңге «Жау келіп қалды, ебін тауып Есімханға жеткіз, мүмкіндік бар жауды адастырып отырып үстіне алып барамын», –дегенді тапсырады. Кемпір су алғалы бара жатқан адам болып өзен бойына шелегін суатқа тастап, бір байталды ұстап ноқталап жайдақ міне салып Есімхандарға барып хабар жеткізеді. Есімхандар шұғыл соғысқа әзірленіп шеп құрады. Көтерілісшілер біраз құралын екіге бөліп орналастырып қорғаныс алып бекінеді. Шептің бір жағында Нәби молла, енді бір жағына Нәсиқ жауапты болады. Қалған азаматтар шоқпар, сойыл, найза мен бетпе-бет соғысқа шығуға сайланады. Осындай жағдайда көтерілісшілер қолында кісендеулі жүрген Сүлеймен, көтерілс басшыларынан соғысқа шығуды талап етеді. Бірақ көтерілс басшылары Сүлейменге сенбегендіктен соғысқа шығуға рұқсат етпейді.

Ал Мұса мергендер жазалаушы әскерлерді таң атқанша теріс бастап, таң ата көтерілісшілер бекініс алып жатқан жердің үстіне алып келеді. Жазалаушы әскерлер көтерілсшелер құралының әлсіз екенін біліп қоршай шабуылға өтеді. Пулеметтен оқ боратып көтерілісшілердің басын көтертпей қояды. Жағдай барған сайын күрделесіп, көтерілісшілер аса ауыр жағдайда қалады. Осы бір қысылтаяң жағдайда Сүлеймен соғысқа шығу талабын қайта ортаға қойып, опасыздық етпейтінін айтып, ант беріп жалынады. Көтерілісшілер ақылдаса келіп рұқсат етіп, Сүлейменге құрал береді. Қолына құрал тигеннен кейін Сүлеймен шабуылға өткен жазалаушы әскерлерден арыт-артынан 4-5 еуін ұшырып жібереді. Өрекпіген жау қайта қашады. Осы орайда сойыл, шоқпармен қаруланған көтерілісшілер қосыны лап беріп шабуылға өтеді. Жазалаушы әскерлер қоян-қолтық соғысқа табан тірей алмай әскери қорына да қаруға мұрсасы келмей, Шіңгіл қалашығына қарай зытады. Қашақан әскерлерді көтерілісшілер Ұтыбұлақ деген жерге дейін қуа соққылайды. Соғыс барысында жаудан 10 адам өліп, сақшы бастығы жарланып қашып кетеді. Көтерілісшілерден бір Айқан деген азамат құрбан болады. Осы кезден бастап бұрынғы Шың Шыцай үкіметінің көз-құлағы делініп келген Сүлеймен «батыр Сүлеймен» аталып көтерілісшілер ішіндегі белді жетекшілердің бірі болады.

Жазалаушы әскерлер Шіңгілге қашып кеткенен кейін, көтерілісшілер Нәзір ауылындағы қорды басып алу үшін аттанғанда, Шың Шыцай үкіметінің ел ішіне орналастырған Сияқалдай деген адам көтерілісшілер алдынан шығып «Сендер тапжылмай жатыңдар, қорды қорғап жатқан әскерлерімен қосып әкеліп үстеріңе түсіремін», – дегенді айтады. Көтерілісшілер Сияқалдайдың сөзіне сеніп бекініс алып жата береді. Ал, Сияқалдай қорды қорғап жатқан әскелерге барып Ырысбектердің соғыста жеңіліп Шіңгілге қашып кеткенін, қорды қорғап жатқан әскерлермен қордың қашып Шіңгілге қайтып жете алмайтындығын айтып Сартоғай жазығындағы бір үлкен төбеге әкеліп бекіндіріп тастайды да, өзі Шіңгіл қалашығына барып қайталай күш әкелуге кетеді. Шіңгілге хабар үшін келген Сияқалдайды Шіңгіл үкімет орыны «Тыңшылық әрекетті жақсы істемедің, сондықтан ауыр зиянға ұшырадық», – деп атып тастайды. Бірқанша уақыт тосып межелі мерзімде келмегенен кейін, қорды алғашқы түсірген Нәзір ауылына келгеннен кейін-ақ көтерілісшілер алданғанын біледі. Көтерілсішілер жау бекінген жерге келіп соғыс жүргізсе де жан-жағы мидай биік тақыр төбеге бекінген әскерлер маңына да жолатпайды. Күндіз кешке дейін соғысып еш бір нәтиже шығара алмаған көтеріліс басшылары, кешке ақыл құрап осы төбеге бекінген қор мен қорды қорып жатқан әскерлерді басып алу аса маңызды деп қарайды. Сөйтіп олар «Бүгін түнде бар құралды екі топқа бөліп екі жерден атыс берейік және бір семядағы ағайынды екеудің бірі немесе үштің бірін өз еріктерімен шығарып, оларды өлдіге балайық та бекінген әскерлердің ту сыртына шығарып жіберейік, әскерлердің алдыңғы жағынан атыс берген кезде сыртына өтіп алған азаматтар басып кіретін болсын», – деген байламға келеді. Осы шешім бойынша 40 азамат өз еркімен тізімделіп, қаншалық қырғын болса да шегінбеуге ант береді. Сөйтіп 40 азамттың мойндарына ақ шүперек байлап, тірідей жаназаларын шығарып қор орналасқан шоқының сырт жағына өткізіп жібереді. Бұл азаматтар орналасып болғанан кейін бір жағындағы құралды қосынға Сүлеймен батыр, енді бір жағындағы құралды қосынға Мұса мерген басшылық етіп, әскерлердің алдыңғы жағынан екі жерден атыс береді. Бекінген әскерлер барлық назарын алдыңғы екі жерге аударып пиломет, бесатармен көтерілісшілерге қарсы соғыс жүргізіп жатқан орайда әскерлердің ту сыртына өтіп кеткен 40 азамат таяу жерге дейін тықырын сездірмей жақындап келіп алады да лап қойып шабуылға өтеді. Барлық назарын алдыңғы жақтағы соғысқа аударып жанталаса соғыс жүргізіп жатқан әскерлер ту сыртынан тап берген тұтқиыл соққыға төтеп бере алмай барлық қорымен түйелерін, 30-ға тарта лаушыларын тастап 15-тей адамы өліп, қалғаны Шіңгілге қашады. Ал 40 жігіт ішінен Түркістан Тоғызұлы дейтін азамат құрбан болып, басқалар аман шығады. Көтерілісшілер лаушылардың түйелерін өздеріне беріп елдеріне қайтарады. Азық-түлік, ат жемі, киім-кешектерді өртеп жібереді. Осы реткі шайқаста көтерілісшілер Шың Шыцайдің жазалаушы әскерлерінен бір дана пулемет, 13 дана жапон бесатары бір қаншалаған оқ олжалайды. Бірақ көтерілісшілер пулеметтің қандай құрал екенін көрмегендіктен оны атуды да білмейді. Руы қарақас Құсбек деген ұста бірнеше күн айналсып зерттеу арқылы пулемет атудың тетігін меңгеріп алады да, көтерілісшілерге үйретеді. Сөйтіп бесатардан басқаны білмейтін көтерілісшілер ауыр тиіптегі соғыс құралының бірі пулеметті де қолдана алатын болады. Осы реткі жеңіске жеткен көтерілісшілерге Шіңгіл ауданынан Ноғайбай, Зәтелбай бастаған бір бөлім елі қосылып, 1940 жылы наурыздың 20-ы күні Есімхан, Ақтеке, Ноғайбай, Зәтелбай, Сүлеймен, Мұса мерген, тағы басқа ел беделділері жетекшілігіндегі зор көтерілісшілер қосыны болып қалыптасады.

Осыдан кейін көтерілісшілер іле-шала Шіңгіл қалашығына бірнеше рет шабуыл жасаса да Шіңгіл қалашығын босата алмайды. Өйткені Шіңгілдегі Шың Шыцай үкіметі Бұлғындағы шекара қорғау полкін қалашыққа кіргізіп алып, оған Шіңгілдегі барлық әскери күшті қосып 250-ден артық қаруланған қосын ұйымдастырып, мықты бекініс алғандықтан көтерілісшілердің Шіңгіл қалашығына жасаған шабуылын тойтарып тастап отырады.

(Жалғасы бар...)

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?