Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Шығыс Түркістан республикасы империялар ойыны болған»

2995
«Шығыс Түркістан республикасы империялар ойыны болған» - e-history.kz

Шыңжаңда орын алған XX ғасыр басындағы аласапыран оқиғалардың белортасында қазақтар жүрді. Азаттықты мұрат еткен ел еркіндігін тежеген қатал да күшті үкіметке қарсы көзсізікпен соғыс ашты. Бөке батырдың көші, Құмыл көтерілісі, Алтай көтерілісі, Шонжы, Моридағы дүрбелең, Іле көтерілісі және Шығыс Түркістан республикасының құрылуы, оның бір жылға жетпей күшінен қалуы – бәрі де бірінен кейін бірі тізбектеліп жатқан тұтас шежіре сынды. Шығыс Түркістан тақырыбы осы күнге дейін толық зерттелмеген, жүйелі жазылмаған тақырыптардың бірі екен. Осы тақырыпқа қозғау салу мақсатында әуесқой тарихшы Ерзат Меллатпен шағын сұхбат жасадық.

– Ерзат мырза, өзің көне құжаттар мен деректерді көп қарап, Шыңжаң тарихын бір кісідей түгендеп жүрген азаматсың. XX ғасырдың басы адамзаттың қай нәсіліне де оңай болған жоқ. Сонымен қатар қазақ халқының ояну, азаттыққа ұмтылу дәуірі ретінде де есте қалды. Алаш идеясы мен Шыңжаңдағы азаттық идеясы арасында нақты байланыс болды ма?

– XX ғасырдың бастапқы жартысы Қытайдағы қазақтар үшін әрине оңай болған жоқ, 1881 жылғы Ресей империясы мен Мәнжур-Цинь империясының келісімінен кейін қазақтар шекара бөлісінің құрбаны болып кетті. 1912 жылы Мәнжур империясы құлап орынына Қытай ұлттық билігі орнай бастады. Қытай үкіметі Мәнжур империясына қарағанда анағұрлым озбыр болып шықты. 1919 жылы Орталық Пекинге төте қараған Алтай аймағын күштеп Шыңжаң провинциясына қосты. Осыған байланысты Мәнжур империясынан дербестік алған Моңғолия үкіметі Алтайды басып алмақ болып әскер шығарып басып кірді, десе де мақсатына жете алған жоқ.

1917 жылы Октябрь революциясы кезінен кейін Алаш зиялылары үшін Шыңжан қазақтары назардан тыс қалған жоқ. Әлихан Бөкейхан Алтайдағы абақ керей туралы мақала жазды, Алтай қазақтарының Алаш үкіметін қолдап жылу жинап ақша бергені туралы мәлімет бар. Райымжан Мәрсеков бастаған алашшылдар Шәуешекке барып қайтты. Содан бастап түрлі газет-журналдар қазақтар арасына тарала бастады, біртұтас ұлттық идеяға бірігу процесі жүре бастады. Жаңаша мектептердің ашылуына байланысты зиялылар шоғыры қалыптаса бастады. 1920 жылдардан бастап қазақтар мекендеген аймақтарда аудандық үкіметтер құрылып, шағын аудан қалшықтары пайда болды.

2021_01_21_12-11.jpg

Алаш зиялылары Шәуешекте, 1918 жыл

1933 жылы Шың Шысай билікке келді, оның билікке келуіне Совет одағы үлкен көмек берді, сондықтан ол Совет одағымен ара байланысты күшейтті. 1933-1939 жылдары Совет одағының қолдауымен жаңадан кендер ашылды, мысалы Майтау мұнай кені мен Көктоғай алтын кені. Әр аудан орталықтарына тас жолдар салынды. Бір бөлім қазақтар қала-қалашықтарға қоныстана бастады. 1931-1932 жылдары Талас Омарбековтің дерегі бойынша 96 мыңнан аса қазақ Шыңжаң жеріне босып барған, көпшілігі қайтып кетсе де, бір бөлімі қалып қойған, әрине арасында көптеген оқыған зиялы қауым өкілдері болды, мысалы Змят Шәкәрім, Әбдікәрім болыс сияқтыларды айтуға болады. Олар қазақ арасына барып мұғалімдік істеді, біртұтас ұлттық азаттық идея тұтастай болмаса да осылар арқылы таралды деуге болады.

Осы жерде айта кететін бір жай, жалпы Шығыс Түркістан деген атау бұдан бұрын Қашғарияға тиеселі болған. 1931 жылы Құмылдағы ұйғыр көтерілісінен кейін 1933 жылы Сәбит Дамолла Қашқарда осы Шығыс Түркістан республикасын құрған, бірақ жалпы өмір сүрген уақыты тек 100 күн ғана. Бұларды дүңген Ма Жұңйың әскері жойып жіберді, қалдық күштерін кейінгі Шығыс Түркістан қарулы күштерінің қолбасшысы болған Ысқақбек Мононов жойды. 1944 жылы құрылған Шығыс Түркістан үкіметінде осы Шығыс Түркістан идеясы бар ұйғырлар басшылық орындарда болған, мысалы қазына министрі Әнуар Мұсабаев, жоғарғы сот бастығы Рахымжан Сабыр қажы. Екі Түркістан республикасы да ұқсас бір ту пайдаланды, бірақ бірінші Шығыс Түркістан республикасын Англия қолдап құруға көмектескен, ал екіншісін Совет одағы қолдады. Бірінші Шығыс Түркістан Қашқария жерінде болып, негізгі халқы этникалық ұйғырлар болса, екінші Шығыс Түркістан Жоңғария жерінде құрылып, негізгі халқы қазақ болған, Қазақстан територисымен іргелес үш аймақта құрылды. Десе де осы аймақтарда жерлік қазақтар ай, жұлдызды Шығыс Түркістан туын көтеріп шепке аттанған жоқ, Алтайда қазақтар Ер Жәнібек батырдың ақ туын көтерген, Майлы тауындағы көтерілісшілер де калима сөздері жазылған ақ ту көтерген. Осы қазақтардан пайдалану себебін түсінуге болады, қазақтар ат үстіндегі жауынгер халық, тау-тасты жастанып Қытай армиясына оңай алдырмайды. Ал ұйғырлар басқаша, қытайлардан олар оңай жеңілетін, оның үстіне Совет одағының ықпалы ол жерлерге жүре қоймаған, дінни фанатизм ауыр болды. Тек бір бөлім Гоминдаң әскерін алдарқату мақсатында Қашқармен іргелес жердегі қырғыздар мен тәжіктерден 400 адамдық партизан құрған.

9a931aaf-41e7-4cfb-a03f-f125b7dbd753.jpg

Шығыс Түркістан республикасының басшысы Әлихан төре

c2c12e2f-a856-4956-a287-2d17213a0b5a.jpg

Ысқақбек Мононов

– Шығыс Түркістан Ислам Республикасынының құрылуы мен күшінен қалуы арасындағы жылдам өзгерістің геосаяси жақтағы түпкі мәні неде? Ол әуелден ойыншық үкімет болды ма, әлде халық мүдесімен үндестігі бар ма еді? Кеңінен талдап берсең.

– Бұл кезде екі үкімет өмір сүрген, бұнда бастысы бірінші үкімет тасада қалып қойған, ол «Алтай қазақтарының төңкерістік үкіметі». Басшысы Оспан батыр, әскери қолбасшысы Дәлелхан генерал, 12 үкімет мүшесі болған. Олар: Оспан батыр, Дәлелхан генерал, Ләтіп, Момынбай, Асхат, Уатхан, Көксеген, Кәріп, Келес, Кәмәл, Рамазан, Молла Сіләм (ұйғыр) қатарлылар. Алтай көтерілісі 1940 жылы басталған, 1943 жылы Моңғолия үкіметінің көмегіне ие болды, тіпті Қазақстанның әскери ақылшылары болды, мысалы Арыпбай полковник. Бұл үкімет 1944 жылы қазан айында құрылған. 1945 жылы күзге дейін Алтайдың алты ауданын Қытай армиясынан азат еткен, бұлар сол кезде 4500 әскерге ие күш болған. Қытай билігі Қазақтардың айтуынша 20 мың, ал Шыңжаң өлкелік мәліметтер бойынша 10 мыңнан аса әскерді Алтайға апарған, бұл Шың Шысай әскерінің 35%-ын ұстайды.

0eb7419b-5aaf-47fe-b061-9dd9d635b708.jpg

Оспан батыр

e28928d8-1da3-4c37-b39c-b41388f6fcc0.jpg

Дәлелхан генерал

Шығыс Түркістан республикасы бақылауына алған үш аймақ жерінде қазақтар 420 мың шамасында, бұл өңірдің тұтас жан саны 700 мыңнан аса болған.

Ал Іле жерінде құрылған Шығыс Түркістан үкіметі әсілі алдымен Алматы қаласында құрылған, негізгі үкімет мүшелері ұйғыр ұлтын негіз еткен. Демек Совет одағы Қазақстанмен іргелес територияда қазақтар басшылық еткен үкімет құрудың тиімсіз екенін түсініп өздері әскер шығарып Құлжа қаласын алу шайқасына қатысқан, әрине бұдан бұрын тамыздың ортасында Нылкы ауданында Әкбар, Сейт бастаған қазақтар көтерілісі пайда болды, олар Нылкы ауданын басып алды, Құлжа азат болар алдында екеуі де жұмбақ жағдайда өлім құшты. Сонан Үкімет билігі ұйғырлар қолына көшті, десе де бұл үкіметті совет адамдары бақылауында ұстады, әскери басшылары дерлік орыс генералдар болды.

7a5f4520-f390-4f71-ba5d-3752a7a0add1.jpg

Іле қазақтарының көтеріліс басшысы Әкбар батыр

cc7b4e67-d736-4bc5-8d10-695c621095e5.jpg

Тарбағатай аймағы Толы өңіріндегі қазақтар көтерілісінің 

басшысы Нұрсапа Сейтжанұлы

Бұл үкіметті Совет одағы тек уақытша гео-саяси ойын ретінде ғана пайдаланды, осы үкімет арқылы Қытайдың заңды үкіметіне қысым жасап, сыртқы Моңғол тәуелсіздігін мойындату еді. Бұл 1945 жылы Ялта кеңесінде осы қаулы мақұлданды, бұл Шығыс Түркістан республикасы құрылғанына екі ай ғана болған кез болатын. Осы Ялта кеңесінен кейін Совет одағы Мәнжуриядағы Жапония армиясына қарсы соғыс ашты, Мәнжуриядағы 700 мың Жапон әскері тізе бүкті, Мәнжурияны 1946 жылға дейін ұстап тұрды, осы уақытта Совет одағы коммунистік Қытай үкіметі үшін 1.2 млн адамы бар армия жасақтап шықты, бұнда ірі державалар ара ойындардың бөлісу ниеттері айқын байқалады. Себебі Совет одағы осы шарттарға Ағылшын империясы, Америка мақұл болған соң ғана Жапонияға қарсы соғыс бастады. Ал 1945 жылы 30 мың ұлттық армия Манас өзені бойына жеткен соң Мәскеуден бұйрық келіп шабуыл тоқтатылды да келіссөздер басталды. Бұл он айға созылды, әрине бұл уақытты созған Совет одағы, олар Гоминдаң Қытай үкіметі Моңғол тәуелсіздігін мойындап, коммунистік Қытай үкіметі, армиясы күш алған уақытта барып Қытай үкіметі талабы бойынша Шығыс Түркістан үкіметін қолдауды тоқтатты. Айта кетерлігі қалаларды басып алған кезде Совет одағы тіке әскер шығарды, ауыр қаруларды енді ғана ұйымдасқан халықтың қолданып үкімет армиясымен соғысуы қиын болатын. Совет одағы стратегтер, мамандар, әскери ақылшы, дәрігерлер жіберді, мемлекеттік жұмыстар, финанс, әкімшілік жұмыстарында олар зор рөл атқарды.

ccf06e8c-07ad-4b3d-adc8-617334b23358.jpg

Совет одағынан келген әскери ақылшы Байділда Доскенов

Ал халық мүдесі үшін бұл Шығыс Түркістан деген атау сол топырақта өмір сүрген қазақтар үшін жат ұғым. Тек Құлжа маңындағы тараншы ұйғырлар қолдаған. Одан кейін бұл үкіметті қазақтар халық болып сайлаған емес, тек уақытша Совет одағының мүддесі үшін керек болды. Ал үкімет тілі ұйғыр тілі, келіссөз нәтижесі ұйғыр мүддесіне пайда берді, кейінгі Шынжаң ұйғыр автономиялық районының құрылуына себепші болды, халқының 58%, әскердің 60% қазақ болса да қазақтар мүддесі тапталды, сол үшін Оспан батыр, Қалибек хакимдер қарсы шықты.

– Сол жылдардағы ұлт-азаттық қозғалыстарда ұлттық мүдеден көрі рулық мүде басым болды дейтін көзқарас бар. Бұл қаншалық шындыққа жанасады?

– Бұл шындыққа жанаспайды. Себебі Қытайдағы қазақтар негізінен керей, найман, онан қала берсе албан, уақ рулары. 1940-1946 жылға дейін рулық қақтығыс болған жоқ. Ал Оспан батыр мен үш аймақ соғысы кезінде Оспан батыр әскеріне қарсы соғысқан тек бір рудан құралған әскерлер емес. Мысалы, Оспан батыр күштеріне алдыменен Алтай атты полк жұмсалды. Полк Алтайдың қазақтары керей тайпасын негіз етіп құрылған, ал онан кейін Қобық атты полкі жұмсалды, олар Тарбағатай 6-атты полкі (негізі Тарбағатай керейлері) мен Тоғызтарау атты полкін (қызай руын негіз еткен) біріктіріп құрылған, сондықтан рулық соғыс деуге болмайды. Десе де бір жағын Гоминдаң үкіметі, бір жағын Совет одағы каруландырып бір-біріне айдап салды, бұл империялар ойыны. Ал шын мәнінде Алтайдағы, Тарбағатайдағы, Іледегі қазақтардың көтерілісі де, ұйғырлар мен қырғыздардың көтерілісі де азаттық, еркіндік үшін болған көтеріліс. Тәжірибесіздік пен білім-ғылымның аздығы, тұтас елдің, көптеген ел, ру басыларының надандығы жарық еткен жалынды жаппай қолдап кетуге мүмкіндік бермеді. Кешегі батыр бабаларымыздың «азаттық үшін, еркіндік үшін!» деген асыл мұратын бүгінгі таңда тар рулық көзқарасқа салып өлшеу – барып тұрған надандық, әруақты сыйламағандық.

– Шығыс Түркістан Ислам Республикасының мәдени, оқу-ағарту жақтағы әлеуеті туралы не айта аламыз, ұстанған бағыты қандай болды? Шығыс Түркістан халқын біріктіре алатын идея дайын болды ма?

– Оқу-ағарту жағынан едәуір алға басарлықтар болғаны рас, жерлік аудандарда қазақ мектептер саны көрнекті артқан, әсіресе Тарбағатай, Алтай аймағындағы қазақтар арасында ұйғыр ықпалы төмен болды. Мысалы 1949 жылы маусымда үш аймақ оқу-ағарту комитеті құрылған, оқушы саны 56 982 адамға жеткен. Құлжа қаласында бір техникум болып, онда 2059 оқушы болған. Бұқаралық сауатсыздықты жою курстарына 10353 адам қатынасты, Алтай аймағындағы сауатсыздықты жою курсына 1828 адам қатынасты. Үш аймақ көлемінде әртүрлі мәдени көңіл ашу, спорттық қимылдар көбейді. Тарбағатай аймағында Басбай Шолақұлы бас болып 1948 жылы 15 қыркүйекте аймақ бойынша дене-тәрбие жарыстары өткізілді.

577c5dea-2dbb-40a2-8c1e-5bb9dfa02d85.jpg

Сол кезде шығып тұрған газеттер

Ал Шығыс Түркістан дегенде бұл үш аймақ – Жоңғария немесе бұрынғы Моғолстан мемлекетінің жері, көшпенді ұлттар мекені. Басқа жеті аймақ Гоминдаң үкіметінің қолында болды. Бұндай жағдайда ондай бірігу туралы идея болуы мүмкін емес, тіпті үш аймақ жерінде де ұлттық қайшылықтар өмір сүрген. Бұл заңсыз үкімет құрудың кесірі!

– Шығыс Түркістанға 1930 жылдары Қазақстан жерінен көптеген зиялылар қашып өтті. Оның көпшілігі Райымжан Мәрсеков, Зият Шәкәрімұлы секілді Алаш идеясын ту еткен тұлғалар мен жәдиттік мектепте сабақ берген мұғалімдер, молдалар. Оспан батыр, Қалибектер бастаған көтерілістің, аты өзгеріп Үш аймақ үкіметі болған бұрынғы ШТР үкіметінен безуіне осындай тұлғалар ала келген ақпараттар себепші болды деуге бола ма?

– Барлығын тұтастай алашшылдармен байланыстыра беруге болмайды, үйткені Қытайдағы қазақтарда XX ғасырда өзіндік ерекшелікке ие ағартушылық пайда болды, әрине, бұған Совет одағынан барған зиялылардың үлесі бар. Мысалға Алтай қазақтарының діни бағыты Бұқарлық бағыттағы ислам. Ақыт қажы да сол бағытта. Ал Оспан батыр Шығыс Түркістан үкіметін бастапта ұнатпаған, бұған себеп 1945 жылы күзде «Алтай қазақтарының төңкерістік үкіметі» күшін жойды, қарулы күштері таратыла бастады, Алтай аймағындағы билік орындарына советтік адамдарды қоя бастады, керісінше Алтайды азат еткен жерлік қазақтар шетке қағылды. Тарбағатай аймағында да осы жағдай, 80% қазақтардан тұратын Шәуешекке ұйғыр әкім сайланды, Іле жерінде бұдан да ауыр, тоғыз ауданның тек үшеуінің әкімі қазақ болған. Құлжа қаласындағы орталық үкіметте қазақтарды шетке қағу аса ауыр болуы Оспан батыр мен Қалибек хакімге ұнамады. Тағы Оспан батыр жанында 1930 жылдары келген алаш қайраткері Ғаббас деген кісі болған, ол бұның бәрі Совет одағының сұрқия саясаты екенін Оспанға айтқан деген дерек бар. Десе де ол кісілер 1946 жылы күзге дейін әрекет жасаған жоқ, үйткені оған мүмкіндік жоқ еді. 1946 жылы маусымның ортасында Шығыс Түркістан республикасы таратылып Шыңжаң біріккен үкіметі құрылды, онда да қазақтар игілік көре алмаған соң олар Гоминдаң үкіметімен бірігуіне тура келді, әскери қақтығыс осы кезде басталды.

1946 жылы жазда Шығыс Түркістан республикасы күшін жойған соң Шыңжаң біріккен үкіметі құрылды. 25 үкімет мүшесінің 10-ын Үш аймақ иеленді, бірақ көбі ұйғырлар болды. Ұлттық армия амандық сақтау күштері ретінде ықшамдалып, адам саны 14 мыңға азайтылды, көптеген кеңестер одағынан келген әскерлер, офицерлер, мамандар бір түнде бұйрық бойынша қайтып кетті. 30 мыңға жеткен Ұлттық армияның сірә қаншасы советтік әскерлер екені анық емес, десе де мөлшері 1/3 нен кем емес сияқты, үйткені Айранбак, Жың, Шиху соғыстарында ірі қамалдарда заманауи қаруланған әскермен соғысу бұрын соғыс көрмеген бұқара үшін аса қиын, қамалды алғанның өзінде уақыты ұзақ болар еді.

Біріккен үкімет құрылған соң Оспан батыр Гоминдаң үкіметімен келісімге келіп үш аймаққа ашық қарсы шығады. Бурылтоғай ауданын басып алды, Көктоғай, Шіңіл екі ауданның рубасыларын көндіріп, Құлжадағы Үш аймақ үкіметіне салық төлеуден бас тартты. Сонан кейін қақтығыстар болып, Оспан батыр Бәйтік тауына қарай көшеді, Бәйтік тауына Моңғолия әскерлері шабуыл жасайды. 1947 жылы күзде Оспан батыр Гомин үкіметінің қолдауында Алтай аймағын басып алды, Ұлттық армияның екі полкі жойылып кетті. Дәлелхан генерал мен Нүсіпхан Тарбағатай аймағына шегініп қайта әскер жасақтап, Совет әскерлерінің көмегімен Алтай аймағын қайта басып алды, Оспан батыр 20 мың қазақты бастап Боғда бетіне шегінді. Осыдан соң Сауан ауданында Қалибек Үш аймаққа қарсы соғыс ашады. Ол жеңіске жете алмай 13 мың адаммен Манасқа шегінді. Осы уақытта ішкі Қытайда коммунистер мен Гоминдаң арасында соғыстар болып, 1948 жылы коммунистер басым орынға өтті. Осы кезден бастап Құлжада Үш аймақ басшылары коммунистік қытайлармен байланыс орната бастады.

c6dca81d-dc84-44a4-a1e3-3c20c647a8f4.jpg

Қалибек Хакім

1949 жылы Совет одағының көмегімен коммунистік Қытай билігі орнай бастады, 100 мың қытай әскері Шыңжаңға кірді, Гоминдаң әскері тізе бүкті. Үш аймақ армиясы бір оқ атпай берілді. 1950 жылы бағынған Гоминдаң әскері жер-жерде бүлік шығарды, осы орайда Оспан батыр, Оразбай әкім бастаған қазақтар көтерілді, олар төрт ай шайқасып жеңіліске ұшырады.

– Солтүстік Шыңжаңды мекен еткен қазақтар үкіметке қарсы көптеген көтерілістер жасады. Жеңіске де жете алды. Баркөл, Аратүрік жақтың қазағы үкіметтің қысымынан азып-тозып, Чиңхай, Гансуге ауған көшті бастады. Мори, Шонжыдан да, Алтай, Тарбағатай, Іледен де үздік-создық көтерілістер көп шықты. Көп соғысты, көп тозды. Бірақ тұтас қазақ бір ауыздан уәделесіп бірге шыға алмады. Қазақтардың біріге алмауына басты себептерді талдап айтып берсең.

– Иә, қазақтардың наразылығы, әсіресе Алтай қазақтарының наразылығы 1919 жылы Алтай аймағының орталық үкіметке төте қараған статусын жойып Шыңжаң провинциясына күштеп қосуынан басталған. Десе де ең көлемді көтеріліс Баркөл жерінде басталды. Бұл 1931 жылы Әліп бастаған көтеріліс болып, қарулы күштері мың адам болған. 1932 жылы Әліп ауылымен қырғынға ұшыраған соң аман қалған баласы Елісхан оны жалғастырды. 1934 жылы Әліпке ас беріп, Баркөл, Алтай, Санжы өңірінің қазақ рубасыларын жинап бірігуге шақырған, десе де қолдау таппады. Сосын ол 200 дей әскерімен 1936 жылға дейін соғысты да Гәнсу жеріне кетуге мәжбүр болды, бұның соңы Тибет асқан қазақтың трагедиясының негізгі болды. Ал Гәнсуге қотарыла көшкен (1939 жылдың басы) соғыса көшкен көштен соң Баркөл жерінде болған, соғысқа қатысқан, артынан Алтайға кері көшкен қазақтарды тұтқындауға шешім қабылданған, оның кесірі көп адамды шарпыды. Әсіресе Алтайдың шығыс аудандарында қатты дүмпу тудырды. Осыдан соң 1940 жылы Есімхан мен Ырысхан бастаған көтеріліс басталды, бұның соңын Оспан батыр жалғастырды. Іле қазақтары 1944 жылы күзде көтерілсе, Тарбағатай, Еренқабырға қазақтары 1945 жылдың басында көтерілді. Біріге алмаудың себебі сенімсіздік. Мысалы, Елісханды Алтай қазақтарының басшысы Шәріпхан қолдамады, үкіметке төтеп беру мүмкін емес деп қараған, әйтпесе бұл арада рулық қайшылық жоқ қой. Ал Оспан батыр үш аймақ үкіметінен бет бұрған соң барып Совет одағы Іле қазақтарын әдейі Оспан батыр күштеріне айдап салды, тіпті Алтайдың батыс аудандарындағы қазақтарды да айдап салды. Біріге алған күнде де екі империя ортасында ондай тәуелсіз ел болу өте қиын еді.

d45dff2d-a305-4bcd-bdd9-d243dfb81255.jpg

Елісхан

– Бүгінгі таңда тарихқа айналған Шығыс Түркістан Республикасынан аларымыз бар ма? Әлде қазақ халқы үшін қажеттілігін жойған тақырып па?

– Әрине аларымыз бар ғой, бұл Қытайдағы қазақтар тарихы. Өкінерлігі осы тарихи оқиғаға дұрыс баға берілмей келеді, керісінше бұны халықара ұйғыр ұлт азаттық қозғалысы ретінде танып кетті! Бұған Совет одағы мен Қытай үкіметі мүдделі болған сияқты, ал үш аймақ жерінде ұйғыр тек 146 мың болып, қазақтан 3 есе аз болған. Тағы көтеріліс соғыстардың денін қазақтар бастаған, Құлжа қаласын да басып алған ұйғырлар емес қой, орыс, татар жансыздары, қазақ партизандары, осының бәрін жазып, дәлелдеп халқаралық деңгейге көтеру керек, бірақ қазақтар Шығыс Түркістан құрамыз деген емес, бұл жат термин болатын. Дегенмен шын тарихты зерделеп, бүгінгі оқырманға ұсыну, қателіктерді танып, сәтсіздіктерден сабақ алу біз үшін парыз.

– Уақыт бөліп сұхбат бергенің үшін рахмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?