Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ ДНҚ-сын зерттеу жұмыстары II бөлім

1932
Қазақ ДНҚ-сын зерттеу жұмыстары II бөлім - e-history.kz

Жақында генетика мен тарихты қатар зерттеп жүрген тарихшы Жақсылық Сәбитов caa-network.org сайтына берген сұхбатында қазақ халқының ДНҚ-сын зерттеу жұмыстарындағы соңғы жаңалықтармен бөлісті. Онда ғалым қазақ халқының генетикалық шығу тегі мен Алтын Орданың, көне сақтар мен ғұндар арасындағы ұқсастықтар туралы сөз етеді. Бұл жазбамыз сол сұхбаттың мазмұнын негіз еткен екінші жазбамыз.


Қазақтардың Митохондриальды ДНҚ-сы Хайнән аралдарынан Ұлыбританиялықтарға дейінгі халықтармен сәйкес келеді

Жақсылық Сәбитовтің сұхбатындағы тағы бір қызықты ақпарат – қазақтардың митохондриальды ДНК-сына байланысты айтқаны. Жоғарыда біз бұл жүйе бойынша қазақтардың ДНҚ-сының алуантүрлілігі орыстардан үш есе көп екенін айтқанбыз. Бұның себебі – қазақтардың көшпенді халық болғандығы және көп әйел алу дәстүрінен болса керек. Басқа да көшпенді халықтар секілді қазақ халқында да бір ғана адамнан тұтас қауым, рулы ел боп тарайтын «Түп ата эффектісі» деген түсінік бар. Бұл жалпы көшпенді халықтардың ерекшелігі. Сонымен бірге арғы ата эффектісі батыстан, шығыстан, оңтүстіктен келген әйелдердің есебінде жүзеге асқан. Біздегі ДНҚ-жобасында Хайнань аралымен сәйкес келетін және Ұлыбритания тұрғындарымен сәйкес келетін бар митохондриальды ДНҚ жүйесі кездеседі. Ұлы Жібек жолында батыстан шығысқа, шығыстан батысқа гентикалық ағындар жүріп жатты. Және осы әртүрлі гендер әсіресе митохондриалды жағынан қазақ даласында да із қалдырды. Себебі түп ата эффектісі өте маңызды болып саналатын патриархалды ортада бұған белгілі деңгейде сұраныс бар болатын. Және шынымен де, Рашид ад-Динде айтылуынша, Шыңғысханның аталас інілері Хасар мен Белгудейден бір ғасырда мыңға жуық ұрпақ тараған. Осыны дәстүрлі орта негізінде қарастырсақ бұл сан тіпті де көбейе түседі. Негізінен көшпенді халықтарда осы түп ата эффектісі аса көрнекі көрініс тапқан, сондықтан да митохондриальды ДНҚ осындай халықтарда алуантүрлілікке ие.

Жақсылық Сәбитов ДНҚ-ны зерттеуде адамдар арасында кездесетін сәйкестіктер туралы да тың ақпараттар береді. Бір қазақтың митохондриальды ДНҚ-ның екінші бір қазақпен сәйкес келу мүмкіндігі өте төмен. Сондықтан Қазақстанда әлдебір қылмысты ашу үшін немесе жақын туыстықты анықтау керек болса митохондриальды ДНҚ негізінде зерттесе тез тауып алуға мүмкіндік зор. Қазақтарда митохондриальды ДНҚ-ның алуантүрлілігі өзіндік ерекшелік, егер сіздің осы ДНҚ-ыңыз әлдебіреумен сәйкес келіп жатса ол сөзсіз жақын туысыңыз немесе арғы шешелеріңіз бірге туысқан болуы әбден мүмкін. Егер Y-хромосомасы бойынша қарасақ, онда туыстардың, жақын және әлдеқайда алыс туысқандардың гаплотиптері сәйкес келетін гомоплазия эффектісін көреміз. Осыған қарай сіз өте жақын туыс секілді көрінуіңіз мүмкін. Y-хромосоманың STR-маркері жақын туыстықтың көрсеткіші болып есептелмейді.

Мен өз басымнан өткен жағдайды мысалға келтірейін. Біз алғаш зерттеуді бастаған кезде, STR-маркері бойынша менің ең жақын туыстарым шоландықтар боп шықты. Бірақ SNP-маркерімен тексеріп көргенде, мүлде олай емес екені анықталды, тек гомоплазия екені, біздің ДНҚ-мыздың бір бағытқа қарай мутацияланғаны белгілі болды. Сондықтан Y-хромосомада SNP-маркері өте маңызды, ол генетикалық тыртық секілді, яғни сіздің ата-бабаңызда әлде бір белгі болса, ол сіздің ДНҚ-да да солай жазылған. Және сол бөлікте кері мутация болмайды. Біздің арғын руы туралы мақалада, SNP-маркері бойынша мутация төрт ата ауысқанда бір-ақ рет болатынын анықтадық. Әр түрлы адамдар арасындағы осы SNP-мутацияларын есептей отырып, олардың қандай деңгейде (мысалы 4 атадан, 8 атадан қосылатын туысқандар дегендей) туысқан екенін анықтай аламыз. Ал аутосома бойынша зерттеулер аз. Менің ойынша, патриархальды қоғамдағы көп әйел алу – моногамия негіз болған еуропа халқы мен полигамия негіз болған қазақ халқының аутосома бойынша туыстығын зерттегенде, екеуіне екі түрлі сипатпен қарап, екі түрлі зерттеу керек екенін түсіндіреді. Себебі, бізде біреуді 5 атадан қосылатын туысқан деп тапса, бұны еуропалық туысқандық жолымен, ДНҚ-ның басқа-басқа бөлектеріндегі екі-үш линия бойынша сәйкестіктерін зерттегендіктен айтып отыруы мүмкін. Шын мәнінде ол 8 атадан қосылатын туысқан болуы мүмкін. Сондықтан бұл үш басқышты туысқандықтан біз әр түрлі картиналарды көреміз.

Қазақтың ең жақын туысы қарақалпақ

Қазақтар ДНҚ-бойынша қай халықтармен ең жақын деген сұраққа Жақсылық Сәбитов былай жауап береді. Аутосома бойынша қазақтарға ең жақын үш халық бар. 1) Қарақалпақтар – аутосома бойынша қазаққа ең жақын халық; 2) Қазақпен жақын араласқан ноғай халқы. 3) Қырғыз халқы екен.

Орта Азия халықтарының ішінде қазақтардан басқа ДНҚ бойынша қырғыздарға да жақсы зерттеу жасалып жатыр. Оларда генетикалық контексте палео-ДНҚ негізінде және рулық-туысқандық структурасы бойынша жаңалықтар бар. Тарихшы мақаланың әлі жарияланбағанына байланысты жаңалықтар туралы ашық айта алмайтынын жеткізді.

Бұдан басқа қарақалпақтарды, түркімендерді және өзбектерді, пуштундық хелей, хазарларды және т.б. зерттеудің болашағы зор. Қазірше бұл халықтарға генетикалық генелогия және генетиканың таралуы негізінде тереңдей зерттеулер жасалған жоқ.

Зерттеру тек жеке азаматтардың қаржысымен жасалып жатыр

Жақсылық Сәбитов жобаның әуелгіде жеке адамдардың қаржысына тәуелді басталғанын айтады. Өз ата-тегін генетикалық жолмен анықтау мақсатында өзіне тест жасатқан әр азамат ортақ деректер базасына да өз үлесін қосады. Бізде қазір азаматтық ғылым мен азаматтық белсенділер және өзін-өзі тестілеген адамдар негізінде құралған қазақтардың ортақ деректер базасы бар. Бұл азаматтық ғылымға жұмсалған қаржы 300-400 мың доллар тұрады. Яғни 2007 жылдан бері адамдар өздерін зерттеу үшін осынша қаржы жұмсады. Ал қазірге дейін мемлекеттің тарапынан бізге жасалған арнайы финанс бағдарламасы жоқ. Бұрындары грант ұтып алуға көптеген ғылыми емес факторлар себеп болып, бұл аса қиын болды. Алғаш ғылыми зерттеу басталған кезде біз мәскеуліктердің көмегіне жүгіндік. Мәскеуліктер 1500 қазақ жинап берді, соларды зерттеп, зерттеуді бірге жасаған Мақсат Жабағин осы ғылыми жинақ негізінде кандидаттық дисертация қорғады. Қазір генетиктермен бірге қазақ жүздері, сондай-ақ рулары бойынша ғылыми мақала жазу жұмысын жүргізіп жатырмыз.

Жақсылық Сәбитов болашақтағы жоспары барлық қазақ руларын зерттеу екенін айтты. Біріншіден, барлық қазақ руларын зерттеп, әр ру бойынша сапалы мақалалар жариялау керек. Екіншіден, міндетті түрде зерттеуді қажет ететін көрші халықтар бар, бұлар қырғыздар, қарақалпақтар, өзбектер, түркімендер, қалмақтар және монғолдар. Олардың да әр қайсында зерттеуді қажет ететін өзіндік еректешіліктері бар, қырғыздарда да қазақтар секілді өздері «санжыра» деп атайтын шежірелері бар. Олардың санжырасы алғаш XVI ғасырда жазылған, оны бүгінгі санжырамен салыстыра қарасақ, алғашқысы анағұрлым дәл екенін байқаймыз. Сондықтан бізге жақын қоныстанған осы халықтар зерттеуді аса қажет етеді. Сонымен қатар бұл зерттеулер пәнаралық болуы және жергілікті тарихшылармен бірлесе жасалуы керек. Егер бұл зерттеулерді еуропалықтар мен америкалықтар секілді географиялық таралуын ғана зерттеп, ру мен генелогиясын жазып алмасаңыз, онда сіз беткі қабаттарын ғана байқай алуыңыз мүмкін. Мысалы, америкалықтар Алматы мен Катон-Қарағайдағы қазақтарды зерттеп жазған мақаласын алайық. Олар Катон-Қарағайда наймандарды, ал Алматыда албандарды ғана зерттеген де барлық қазақтар осындай деген шешімге келген. Бұл әрине дұрыс шешім емес. Дұрыс нәтижеге жету үшін тереңдей зерттеп, үлкен жинақ жасау керек, барлық тарихи ақпараттарды жазу, шежіремен салыстыру керек. Сонда ғана сіз генетиктерді ғана емес, тарихшыларды да қызықтыратын терең ғылыми нәтижеге жетесіз.

Қазір Қазақстанда ДНҚ-ны тестілеу белгілі категориядағы адамдар арасында ғана қолданылып жүр. ДНҚ-тестін кәдімгі көлік сыйлаған секілді, бір-біріне сыйлық ретінде бергендер де болды. Яғни ДНК-тест үшін 70 доллар бере алатын, тереңірек зерттеуге 700 долларға дейін лақтыра алатын қалталы адамдар арасында ғана бұл кең таралды.

Қазақстанда ДНҚ-тест жасала ма?

Қазақстанда ДНҚ-тест жасалады. Егер коммерциялық тестілеу тұрғысынан қарасақ, Қазақстандағы тестілеу бағасы АҚШ-пен салыстырғанда 2-3 есеге жоғары, АҚШ-тың өзіндік бірнеше жеңілдіктері бар. Кейін 2013 жылы Мұхтар Тайжан үш тапсырмалы лаборатория жасауға бастама жасады. Бұнда қазіргі Қазақстан халқын зерттеу, палеогенетиканы зерттеу, жануарлардың көне түрлерін зерттеу кіреді. Жалыплай оған 300 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінді. Лоборатория жасалды, бірақ онда кадрлық құрам өте әлсіз болды да көп қателіктер орын алды, жарияланған мақалалар да өте аз. Қазір олар өздерінше бірдеңе жасағысы келеді, бірақ ақша баяғыда-ақ орынсыз жұмсалып кеткен.

Алайда Қазақстанда жасалған тест пен АҚШ-та жасалған тесте бағасынан басқа да өзгешеліктер бар. Коммерциялық анализ деген бар және ғылыми анализ деген де бар. Ғылыми анализ реагенттерді жеткізіп беруші фирма беретін стандартты негіз етеді. Біз ғылыми анализде 27 STR-маркерімен анализ жасай аламыз, ал АҚШ-та 12 ден 700 ге дейін STR-маркерлерімен анализ жасауға мүмкіндігі бар. Оларда өздерінің коммерциялық стандарты бар, сондықтан олар ғылыми стандарттан 25 есе асып түсетін 700 STR-маркеріне дейін анализ жасай алады. Осы жобамен айтсақ, айырмашылық жер мен көктей. Сонымен бірге біз АҚШ-та жасатқан Y-хромосомаларының толық деректерін өз зерттеулерімізде жиі пайдаланамыз. Бір жағынан АҚШ-та жасалатын анализды сіз жер бетіндегі кез-келген нүктеден жасата аласыз.

Қазақстанда 27 STR-маркерімен тест жасату 150 доллар тұрады. Кейбір делдалдар 70 долларға жасалған анализды 500 долларға да сатып жүр. Егер Алматыдан тест жасатқысы келетіндер болса TreeGene компаниясымен хабарласса болады. Ал мүмкін болса осы салада әлемдік көшбасшы боп отырған Family Tree DNA компаниясына ешқандай делдалсыз тікелей шығуды кеңес берер едім.

Тарихшы-ғалым Жақсылық Сәбитовтың аталған сұхбатында айтылған ойлар негізінен осылар. Бұл тарихты тың, жаңа жолмен тануға әуестенген әрбір адам үшін қызықты болады деп білеміз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?