Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Аштық себептерін жан-жақты зерттеу қажет

1942
Аштық себептерін жан-жақты зерттеу қажет - e-history.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында тарихымыздың өткен ғасырдағы аштық сынды ақтандақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келе жатқанын, бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарап, зерттеулерді таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс деген пікір білдірді.

Осы бағыттағы іргелі жұмыстардың бірі – Парламент Сенатының бастамасымен ұйымдастырылған «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: аштық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбындағы дөңгелек үстел болғаны белгілі. Оған төрағалық еткен Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев аталған тақырыпқа қатысты жүйелі, тарихи фактілерге сүйенген терең әрі жан-жақты зерттеулер керек екенін тағы бір мәрте еске салған еді. Міне, осындай ұстанымдар біздің аштық ақиқатын тереңірек тани түсуімізге жол ашады деген сенім мол.

Сондықтан ғалымдардың алдында тұрған маңызды міндет – қазақ халқы тап келген аштықты кеңестік және жаһандық кеңістікте зерделеу деп білеміз. Сондай-ақ бұл бағытта тарих ғылымына сүйенген ізденістермен қатар, салааралық зерттеулер де қажет. 

Аштық – ортақ саяси, әлеуметтік, экономикалық шешімдердің салдары. Қазақ халқымен қоса, Украинадағы, Солтүстік Кавказдағы, Еділ бойындағы халықтардың да орасан зор зардап шегуі осыдан келіп шығады.

Сол тұстағы кеңестік билік аграрлы елді тез арада Батыспен бәсекелесе алатын индустриялы мемлекетке айналдыруды көздеді.

Орталықта индустрияландыруды ауыл шаруашылығының есебінен іске асыру жөнінде шешім қабылданды. Осы мақсатта кеңестік ауылда ұжымдастыру науқаны басталғаны белгілі. 1926 жылғы санақ бойынша тұтас КСРО халқының 82 пайызы ауылда тұрса, біздің елімізде тұрғындардың 91.5 пайызы ауылдық елді мекендерде өмір сүрген болатын. Осыған қарап-ақ, ауылға жүргізілген күштеп ұжымдастыру реформасының Кеңес Одағын түгел дерлік қамтыған саясат болғанын бағамдай аламыз.

Ғалымдар аштықтың орын алуында астық және ет дайындау науқанының әсері болғанын айтады. Бұл науқанның аяусыздықпен жүргізілгені мәлім. Кеңес Одағының астықты аудандары 1931 жылы қуаңшылыққа тап келген. Сол себепті де, 1930 жылмен салыстырғанда 82 млн центнер астық кем жиналған (1930 ж – 772 млн ц, 1931 ж – 690 млн ц). Дегенмен, осы жайсыз жағдайға қарамастан, мемлекетке астық өткізу жоспары төмендетілмеген, керісінше, көбейтілген. Оған дәлел, шаруалар егін бітік шыққан 1930 жылы мемлекетке 221,4 млн центнер астық өткізуі керек болса, 1931 жылы бұл көрсеткіш 227 млн центнер көлемінде белгіленген екен. Қазақстан, негізінен мал шаруашылығына бейімделген ел болғанына қарамастан, астық жинау науқанынан қалыс қалған жоқ.

Ал ет дайындау науқанында, әсіресе 1929-1933 жылдары, еліміздегі мал басының саны 44,7 миллионнан 4,5 миллионға дейін, яғни 10 есеге қысқарып кеткен. Ғалым Қайдар Алдажұманов келтірген дерекке сүйенсек, 1929-1932 жылдардың ішінде мемлекетке тапсырылуға тиіс мал басының саны – 11,3 миллион болса, азайған малдың нақты саны – 36,7 миллионға жеткен. Батыстың бірқатар ғалымы Қазақстандағы аштықты пан-кеңестік ауқымда қарастыруды ұсынып келеді. Мәселен, америкалық тарихшы Сара Кэмерон пан-кеңестік көзқарас арқылы Одаққа кірген бір өңірдегі азық-түлік жетіспеушілігі екінші өңірге қалай әсер еткенін, кейбір өңірлерде неліктен аштықтың Қазақстандағы секілді кең таралмағанын түсінуге болатынын айтады.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев та дөңгелек үстел барысында аштық туралы объективті ғылыми қорытынды жасау үшін сол кездегі кеңестік жүйені толықтай қамтуымыз керек деген орынды пікір айтқан еді. Қалай дегенде де, еліміздегі аштықты кеңестік кеңістікте салыстыра зерделеу оның ақиқатын ашуымызға үлкен септігін тигізеді.

Жаппай аштықтың себебі туралы айтқанда сыртқы саяси факторды да назарда ұстаған жөн. Большевиктер Батыспен үнемі идеологиялық конфронтацияда болғаны белгілі. Орыс тарихшысы Виктор Кондрашин Кеңес Одағындағы және шетелдердегі коммунистер көп мәселеде қарама-қайшы көзқараста болды, бірақ оларды біріктіретін жалғыз ғана ұстаным бар еді, ол – антиимпералистік ұстаным дейді. Сондықтан елдің ішіндегі кез келген саясатты жасақтағанда не іске асырғанда кеңестік биліктің мотивацияларының бірі – капиталистік қарсыластарына есе жібермеу болғаны анық. Сол себепті де орталық билік Батыспен бәсекелестік қағидасына сәйкес кез келген жолмен елді жедел жаңғыртуды іске асыру керек деп есептеген секілді. Оған дәлел Иосиф Сталиннің сөзі. Ол 1931 жылы біз алдыңғы қатарлы елдерден 50-100 жылға қалып қойдық, оларды он жылдың ішінде қуып жетуіміз керек, онсыз бізді олар күйретіп тынады деген мазмұндағы сөзді тегін айтқан жоқ.

Идеологиялық конфронтацияның әскери кикілжіңдерге де ұласқан кездері аз емес. Мысалы, 1927 жылы Кеңес Одағы Ұлыбританиямен дипломатиялық қарым-қатынасын үзіп, соғыс жағдайына жақындады. Сол себепті елді әскери жаңғырту да маңызды міндетке айналды.

Елді аштыққа ұрындырған астық дайындау науқанының да сыртқы факторлармен тығыз байланысы болғанын білеміз. Кеңестік индустрияландырудың сәтті іске асырылуы Батыстан алынатын техникаға тікелей тәуелді еді. Ал оны алу үшін астықты жеткілікті деңгейде жинап, экспортқа жөнелту аса маңызды міндет саналды. Орыс ғалымдарының зерттеуі бойынша, КСРО 1930-1931 жылдардағы астық дайындау науқанында жинақталған өнімнің жартысын шетелге шығаруды көздеген. Бірақ «Ұлы депрессия» астықтың құнын түсіріп, жоспарланған нәтижеге қол жеткізу үшін экспорт көлемін ұлғайту қажеттілігін туғызған. Мұны сол тұстағы КСРО-ның жабдықтау жөніндегі халық комиссары Анастас Микоян мойындаған. Ол «Әрине, біз астық мәселесін шештік. Бірақ біз индустрияландыруға қажетті құралдарды сатып алатын қаражат керек болғандықтан, астық экспортының бастапқы жоспарын ұлғайтуға мәжбүр болдық. Әлемдік дағдарыс ауылшаруашылық өнімдерінің, оның ішінде біздің экспорт бағасының бірден құлдырауына әкеп соқтырды», деген. Бұл дерек астық дайындау жоспарының неге үнемі өсіп отырғанының айқын дәлелі бола алады.

Міне, капиталистік қоғаммен идеологиялық қарама-қайшылықтың, шиеленісті сыртқы саяси ахуалдың салқыны елдің ішіндегі шешімдерден сезілді. Мемлекеттің және оның халқының шынайы мүмкіндігін, өңірлік ерекшеліктерді ескермеген биліктің жедел әрі қатыгез әрекетінің себебі сыртқы саясатты қоса зерделегенде жақсы түсінікті болатын секілді. Осы жағдайларды назарға алар болсақ, Қазақстандағы аштықты зерттеу ісінде де сыртқы саяси факторды есепке алған орынды. Сонымен қатар аштық ақиқатын түсінуде салааралық зерттеулерге басымдық берген жөн.

Бүгінге дейін аштық тақырыбы негізінен тарихшылардың ғана зерттеу объектісі болып келеді. Тарихшыларымыз тақырыпты жан-жақты ашу үшін оған экономикалық, демографиялық, этнологиялық және т.б. көзқарас тұрғысынан зерттеуге талпыныс жасап жүр. Дегенмен, бұл іске салалық кәсіби мамандарды тартпай, толымды нәтижеге қол жеткізу қиынға соқпақ. Өйткені, аштықтың себеп-салдары сан тарапты, аса күрделі. Оны зерделеу ісінде тарихшыларымызға ғана сенім артып отыра беру жеткіліксіз. Мәселен, аштықтың ішкі және сыртқы саяси, әлеуметтік, экономикалық себептерін зерттеуге кемінде мемлекеттік басқару, халықаралық қатынастар, әлеуметтану, экономика салаларының мамандарын тарту қажеттілігі білініп тұр. Ал оның салдарын зерттеуге демографтар, этнологтар, медицина мамандары, оның ішінде эпидемиологтар, психологтар және т.б. сала білгірлері жұмылатын болса, аштықтың шынайы картинасы түсінікті бола түсетіні сөзсіз. Осы орайда Сенат ұйымдастырған дөңгелек үстелде сөз алған ғалым Сара Кэмерон аштықтың халқымызға ұзақ мерзімді әсерін түсіну үшін медициналық зерттеулер жүргізу қажет екенін айтты. Бір мысал. Тарихта «Қысқы соғыс» деген атпен қалған Кеңес Одағы мен Финляндия арасындағы қақтығыс тұсында финдер ұрпағын аман сақтап қалу үшін 80 мың баланы өзге елдерге, көбінесе Швецияға эвакуациялауға мәжбүр болған. Зерттеулер осы жағдайдағы психологиялық жарақаттың келесі буынға берілгенін дәлелдеп шыққан. Зерттеушілердің қорытындысы бойынша кішкентай кезінде эвакуацияланған фин аналарынан туған қыз балалар эвакуацияға ілінбеген аналардан туған құрбыларымен салыстырғанда психологиялық ауруларға екі есе жиі шалдығады екен. Сол секілді қасіретті аштықтың да біздің болмысымызға, сана-сенімімізге, психологиямызға салған таңбасын зерттеу қажет.

Бүгінде аштық тақырыбы қоғамда қызу талқылануда. Түрлі пікір-таластардан байқағанымыз, даудың көбі аштыққа кім кінәлі, бұл ұлтқа қарсы қасақана жасалған қылмыс па, әлде қылмыс емес пе деген бағытта өрбуде. Сондықтан да, аштық тақырыбы тек құқықтық мәселеге айналып бара жатқандай. Ал шындап келгенде, біз осынау нәубеттің себеп-салдарын терең, жүйелі әрі жан-жақты зерттейтін кезеңде тұрмыз. Әсіресе, аштықты ұлттық шеңберде ғана емес, кеңестік әрі әлемдік кеңістікте, бірнеше саланың басын біріктіре отырып зерттеуге міндеттіміз. Осындай ауқымды зерттеулер жүргізілмей, аштыққа қандай да бір кесімді баға беру мүмкін емес. Себебі аштық бір қарағанда бәрімізге қолмен қойғандай түсінікті тақырып болып көрінгенімен, оның ашылмаған тұсы тым көп екенін мойындауымыз керек. Сондықтан ғылыми ортаны алда ұзақ мерзімді әрі кешенді зерттеу жұмыстары күтіп тұр.

Жасұланбек МАЙЛЫБАЙ,

мемлекеттік басқару магистрі

www.egemen.kz

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?