Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ажал аузында

1538
Ажал аузында - e-history.kz

Польша Республикасы елдегі аса қиын кезеңдерде ел азаматтарын құтқарғандарға ризашылық ретінде арнайы сый - Virtus et Fraternitas медалін тағайындады.

Virtus et Fraternitas медалі 1917 жылғы 8 қарашадан 1990 жылғы 31 шілдеге дейінгі кезең аралығында кеңестік қылмыстардың, фашистік Германияның қылмыстарының, ұлттық себептермен жасалған қылмыстардың немесе бейбітшілікке, адамзатқа қарсы қылмыстарды құрайтын немесе әскери қылмыстардың құрбаны болған поляк азаматтарына қолұшын берген немесе оларды есте сақтаған адамдарға беріледі. Virtus et Fraternitas медалін беру туралы өтініштерді Польша Республикасының Президентіне Естелік және консультация кеңесінің оң қорытындысы мен сыртқы істер министрімен кеңескеннен кейін Витольд Пилецкийдің ынтымақтастық және ерлік институтының директоры береді.

В.Пилецкий институтының тарихшысы доктор Ежи РОХОЗИНСКИЙ Qazaqstan Tarihy порталына Варшавада Польша Республикасының Президенті Анджей Дуданың қолынан "Virtus et Fraternitas" медалін алған Қазақстан азаматы қазақ Тасыбай Әбдікәрімов туралы айтып берді.

Қиын кезеңдерде қысым көрген, қудаланған адамдарға көмектесу- батылдық пен қудаланғандармен ынтымақтастықтың көрінісі. Тривиальды көрінетін бұл бақылаулардың шынайы мәні ХХ ғасырда айқын көрінді. Екі дүниежүзілік соғыс, қанды төңкерістер, этникалық тазарту, саяси қуғын – сүргін - бүкіл әлемде ондаған миллион адамға, соның ішінде поляктарға азап пен өлім әкелді. Тарихтың сол кезеңінде поляк азаматтары қорғансыз қалмады, оларға мүлдем бөтен адамдар риясыз көмек көрсетті, мұны мыңдаған естеліктер, куәліктер және басқа да құжаттар растайды.

Бұл көмек әр түрлі формада болды, ол уақытша немесе ұзақмерзімді болды, бірақ ең бастысы, бұл поляктардың өмірін сақтап қалуға немесе олардың өмір сүру мүмкіндігін едәуір арттыруға мүмкіндік берді.

Польша Республикасының Президенті медальді соғыс немесе мәжбүрлеп жер аударудан аман қалмаған және өзге елде жерленген поляк отандастарын өз іс-әрекеттерімен есте сақтаған адамдарға естелік және ризашылық белгісі ретінде тапсырады.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін КСРО өз шекараларын едәуір кеңейтті және әкімшілік-аумақтық өзгерістердің нәтижесінде Польшаның шығыс шекарасы сыртындағы үйлерінде қалған 35000-ға жуық поляктар Кеңес өкіметі тарапынан жер аударылды.

Соңғы ірі депортация 1952 жылдың сәуірінде болды. 5000-нан астам поляк жұртынан шыққан кеңес азаматтары 1952 жылы Гродно маңынан Оңтүстік Қазақстанның мақта алқаптарындағы құл еңбегіне жер аударылды. 1939 жылға дейін бұл территориялар Польшаға қарасты болған, бірақ соғыстан кейін олар Беларуссия КСР-нің құрамына кіреді.

Жер аударылғандардың қатарында Ильич ауылындағы «Пахта-Арал» кеңшарына қоныстанған Яблонскийлер отбасы болды. Ол кезде Валентин 20 жаста болатын және дәрігерге оқып жатқан еді. Алайда студенттер аудиториясының орнына ол мыңдаған километр шалғайда жатқан Оңтүстік Қазақстанның теміржол стансасынан бір-ақ шығады. Яблонский отбасы өте қиын жағдайға тап болды – санитарлық жағдайдың нашарлығы, азық-түліктің жетіспеушілігі және аптап күннің астындағы ауыр жұмыс тұрғындар арасындағы өлім-жітімнің өте жоғары деңгейіне әкеп соқты. Ұлы Валентин ауырып қалған кезде Амелия Яблонская үш баланы асырауға мәжбүр болды.

Осы бір қиын уақытта 16 жасар қазақ баласы Тасыбай Әбдікәрімов өзінің қарапайым тамағын көршілерімен бөлісіп, көмекке келді. Осы қарапайым көмегімен ол Яблонскийлердің Қазақстанға бейімделуіне көмектесті.

Тасыбай Әбдікәрімов былай деп еске алады: «Ақсақалдар барлық ауылды аралап, әр үйге кіріп, жер аударылғандарды қабылдауды сұрады. Нан болса – бір үзім нанмен, шай болса, шаймен, сүтпен бөлісуді сұрады. «Жуық арада оларға нан да, сүт те әкеледі, бірақ соған дейін оларды қабылдап, азық-түлікпен бөлісу керек»-, деді».

Соғыстан кейінгі тойып тамақ ішпеген ауыр жылдар, мақта егістігіндегі ауыр жұмыс, антисанитария және арықтан алынатын ауыз судың ластығы жер аударылған поляктар үшін нағыз сынақ болды. Валентин ауырып, шошқа қораның ауласында өлейін деп жатқан жерінен оны замандасы Тасыбай Әбдікәрімов тауып алып, оған күнде шай, айран, қымыз, бір үзім наннан әкеп отырады. Сөйтіп Валентин ақырындап өз-өзіне келе бастайды. Кейін өзі: «мен сол кезде өлім аузында едім»-, деп еске алады.

Сөйтіп замандастар дос болып кетеді. Валентин тасыбайды Гродноның базарында сатып алған фотоаппаратымен суретке түсіруді үйретеді. Тасыбайдың болашағы үшін алаңдап, оған Ташкенттегі мелиорация және мақта шаруашылығы институтына оқуға түсуге кеңес береді. Валентин болса, аяқталмаған дәрігерлік білімінің арқасында фельдшер болып жұмыс істейді. Бұл оған мақта егістігіндегі ауыр жұмыстан құтылуға мүмкіндік берді. Егістіктегі жұмыс орнына ол велосипедке мініп алып, ауылдарды аралап, науқастарды емдеп, екпе қоятын. «Валентин доктор» туралы естелік әлі де халық жадында сақталған, жұрт оны әлі күнге дейін оны еске алады. Оның есімі Мырзакенттегі "Ұлы Отан соғысының қаһармандары" мемориалдық тақтасында жазылған.

Сталин қайтыс болғаннан кейін рақымшылық жарияланып, поляктар үйлеріне оралуға мүмкіндік алады. Яблонскийлер бұл туралы ұзақ ойланып, 1956 жылы қайтуға шешім қабылдайды. Бұл шешім оларға оңай соққан жоқ – олар өздеріне пана болған қазақ жеріне бауыр басып кеткен еді. Жас поляктар мен қазақтар арасындағы ерекше достық сақталды - Тасыбай Әбдікәрімов Валентиннің әкесінің, оның бауырлары мен әпкелерінің, сондай-ақ өз Отанына орала алмаған басқа да поляктардың қабірлеріне күтім жасауды жалғастыра береді.

Жаңа Польшада аман қалған Яблонскийлерді (Оңтүстік Қазақстанда екі әпкесінің, ағасының, әкесінің бейіттері қалған еді) алдымен елдің батысындағы Гожув Великопольскийде қоныстандырады, бірақ кейін олар өздерінің туған Гродно облысынан алыс емес Белостокқа көшіп келеді. Валентин Яблонский, қазір 90 жаста, еңбегі сіңген дәрігер және Сібір одағының жергілікті филиалының белсендісі, осы күнге дейін сол жерде тұрып келеді. Ол өз құтқарушысымен артқа ондаған жылдарды қалдырып, тек 2000-шы жылы ғана кездесе алады.

ba5f9fc9b6b9a3652e2b27917cc4d851.jpg

2019 жылы ол Варшавада Польша Республикасының Президенті Анджей Дуданың қолынан Қазақстан азаматтарының ішінде бірінші болып "Virtus et Fraternitas" медалін алды, бұл латын тілінен аударғанда "Ізгілік пен Бауырластық" дегенді білдіреді. Медаль Екінші дүниежүзілік соғыс және тоталитарлық қысым кезінде поляктарды құтқарғаны үшін ризашылық белгісі ретінде тағайындалған.

Салтанат қарсаңында өзі осыдан 70 жыл бұрын құтқарған полякпен кездескен ақсақал мен оның досы көз жастарын тыя алмады.

Тасыбай Әбдікәрімов 2020 жылғы 17 желтоқсанда 85 жасында Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында өмірден озды.

Ежи Рохозинский Пилецкий институтының кинематографистерімен бірге осы таңғажайып оқиғаны қарапайым адамдарға жеткізу үшін «Три четверти до смерти» атты деректі фильм түсіру бойынша жұмыстарды бастап кетті.  Фильм қазірдің өзінде дайын, монтаждау жұмыстары жүріп жатыр және жақын арада ол Қазақстанда ұсынылатын болады. Өкінішке орай, Тасыбай Әбдікәрімов оны көре алмай кетті…

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?