Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Есіл көтерілісі» кімнің мүддесін көздеді?

1354
«Есіл көтерілісі» кімнің мүддесін көздеді? - e-history.kz

Осыдан 100 жыл бұрын Ресей тарихшылары үшін «Батыс Сібір шаруалар көтерілісі», ал қазақтар үшін «Есіл көтерілісі» деген атпен тарихта қалған елеулі оқиғалардың бірі ақпан айында басталған еді. Кеңес дәуірінде «контрреволюция» деп айыпталған қарулы көтеріліс қазіргі Ресей тарапынан ақталып, коммунистік кеңес билігіне қарсы азаттық соғысы деп бағалану­да. Осы пікірді жақтаушылар Қазақстанда да бар.

Оның мәнісі – жалпы коммунист немесе кеңес атаулының бәрін теріске шығару дақпырты, тарихи жағдайлардың ақиқатына жетпегендік. Ал шындық басқа болатын.

1921 жылдың тамызында жаңа құ­рылған Қазақ автономиялы Республи­ка­сының Ақмола губерниясы Ресейдің Батыс Сібірінен заңды түрде бөлінген. Демек, «Сібір көтерілісінің» қазақ ауыл­дарына ешқандай қатысы болмаған. Сонда да бір аймақта өмір сүріп жатқан соң, солтүстіктегі көршіден шыққан көтері­лісшілер тарапынан да, оларды басып-жаншуға шыққан жазалаушы жасақтардың тарапынан да қазақтар жазықсыз жапа шекті.

Көтеріліс Қызылжарда басталған жоқ, Ресейден келді. Омбы, Қорған және­ Түмен облыстарында пісіп-жетіл­ген, қарулы бүлік Қазақстанның солтүс­тігін­дегі қазақ емес ұлт өкілдері тарапынан қолдау тапты, біздің елдің шетіне жеткен бетте-ақ лаулай жанып, алапат өртке айналды. Петропавл, Көкшетау, Атбасар, Ақмола уездеріндегі славян тектес диаспора үкіметке қарсы қантөгіс жасады.

Бұл кеңес өкіметінің шаруалардан азық-түлікті берсе қолынан, бермесе жолынан алу туралы әйгілі «соғыс ком­мунизмі» саясатына қарсы көтерілісі еді.

1920 жылы Батыс Сібір аумағында астық шықпай қалса да, кеңес өкіметінің басшысы В. Ленин бұл өлкеден бір миллион пұт астық алу жөнінде Сибревкомға тапсырма жүктеді. Омбы губерниясына – 35 млн, Семей губерниясына –18, Алтай губерниясына – 31 және Том губерниясына 21 млн пұт астық беру мін­деттелді. Жоспарды орындау үшін және бас көтерулерді басу үшін жақсы қаруланған, тиісті дайындықтан өткен 3 дивизия бөлу сұралды. Оның ішінде Көкшетау, Петропавл, Атбасар уездері мен Қостанай уезінің Омбы губерниясына қарайтын аумағынан 8-10 млн пұт астық дайындау, яғни тартып алу үшін үшін екі полк қажет екендігі айтылған. [ГАНО. Ф.р. 1 . Оп. 2. Д.17].

Әрине, мұнша астықты жинау оңай­ға түспеді. Петропавлда Ақмола губер­ниялық Ерекше қызмет бөлімі (ЧОН) құрылды. Ақмола, Атбасар, Көкше­тау уездерінде де осындай бөлімдер құ­рылды.

Жазушы Сәбит Мұқановтың бөр­кіне қы­зыл шүберек байлап, көзге түсе­тіні нақ осы кез. ЧОН-ның белсенді қызметкері ре­тінде «тап жауларымен» аяусыз күрес­кен.­ Бұл жөнінде Сәбең өзі былай жазады:
«Продразверстка жұмысы қанша қиын­шылықпен жүрсе де, 1921 жылдың қаңтар айының жоспарын Пресно­горь­ковкадағы райпродком орындады да, телеграмма арқылы Россияның Социа­листік Федеративтік Советтік Респуб­ликасының Халық комиссарлар Со­ве­ті­нің Председателі Владимир Ильич (Ульянов) Ленинге рапорт берілді. Ра­порт­қа қол қоюшы бес кісінің бірі болу бақыты – менің де маңдайыма жазылды!..» .

Сәбең бір ауданның жоспарын орындап тастап, «Қызылжардан Преснов­каға барған кезде, продразверстка­­ның халі аса нашар екен, азық-түліктің барлық түрі де планды мөлшерден әл­де­қайда кем орындалыпты. Сол күні рай­продкомның комиссары Дерявинді Ленин прямой проводқа шақырыпты. Деря­виннің Ле­нинмен сөйлесуі түн ортасы ауа біткен...»

Кешікпей, Ресей жақта көтерілістің басталып кеткені туралы үрейлі ақпар тарай бастады: «Шортан, Челнок болыстарында астық бермегендермен қақтығыс болды, 2 адам өлді, екеуі жараланды...Есіл уезінде Шевченко бастаған 800 банды пайда болды, оларға 300 атты және 500 жаяу әскерді алты пулеметпен жіберіп, далаға айдап шықтық. Қызыл әскерлер ерлік көрсетіп, 111 бандыны қылыштап өлтірді, көп қару-жарақты қолға түсірдік, басшысының көзін жойдық...» [ГАНО. Ф.р. 1 . Оп. 2. Д.17].

Бұрыннан Кеңес өкіметіне қарсы күштер астыртын ұйымдасып, қарула­нып,­ 1921 жылғы қаңтарда біздің өлке­де де қанды қырғын басталып кетті. Кейінгі зерттеулерге қарағанда, Есіл көтерілісіне қатысушы топтар мей­лінше қаруланған, сапты әскердей саты-саты бағыныштылық тәртібімен жүйе­ленген. Омбыда құрылған «Сібір шаруа­ларының одағы» деген астыртын ұйым­ның өкілдері Қызылжарда да болған.

Билікке қарсы көтерілгендер қа­шанда шектен тыс қатыгез болғаны та­рихтан белгілі. «Есіл көтерілісі» – со­ның бір айғағы. Көтерілісшілер қы­зыл әскерлерді, төтенше комиссия, төң­керіс трибуналы мүшелерін, милиция қызметкерлерін қырып-жойғаны туралы жантүршігерлік мысалдар бар.

Петропавлдан 1921 жылғы 11 ақ­панда алынған жедел хабарда: «...Пет­ропавлдың солтүстік жағын­дағы Ново­николаевка маңында көтеріліс­шілер­мен қатты ұрыс­ жүріп жатыр. Олар басып алған дерев­ня­ларға артиллерия­дан оқ атылды. Жау шегінді. Алайда, аз уақыттан кейін күш жинап, қайта қарсы шықты» деп хабар­ла­ған. Әскери мәліметке қарағанда: «Жазалаушы отрядтағы 120 найза Ново­ни­колаевкаға шегінуге мәжбүр болды. Ес­туімізше, көтерілісшілердің саны мың­нан асады, винтовкасы барлары елу шақты. Оларды бұрынғы казак әскер­ле­рі бастап жүр. Петухов пен Мамлют арасындағы жол жабық, телеграф байланысы қиылған».

1921 жылғы 14 ақпан күні көтеріліс­ші­лер Қазақ АССР Ақмола губерниясы­ның орталығы Петропавлды басып алды. Ертеңіне Омбыдан 21-дивизия­ның 249-полкі мен 85 артиллерия дивизионы, «Қызыл сібір» броньді пойызына қосылған жергілікті қызыл әскер­лер қарсы шабуылға шықты. Қала үш рет қызылдарға, үш рет көтерілісшілер қо­лына өтіп, ақыры қару-жарағы мықты қызыл әскерлер жеңген. Келесі аптада көтерілісшілер Көкшетауды басып алып, қанға бөктірді де, күш қосып, Ақмола мен Атбасарға аттанды.

1921 жылғы ақпан мен сәуір арасын­да­ғы ұрыстар ірі әскер құрамалар­дың соғысымен пара-пар екендігі сол кезде-ақ бағаланған. Көтеріліс жа­лыны бүкіл Сібір аймағын, оның ішін­де Түмен, Омбы, Қорған, Челябі, тіп­ті, Екатеринбург гу­бернияларының бір­қатар уездерін шар­пыды. Петропавл мен Көкшетау кескілескен соғыстың оша­ғына айналды.

Зерттеушілердің есебі бойынша, көтерілісшілердің саны 30 мың мен 150 мыңның арасында. Деревнялар мен казак-орыс мекендерінде ерікті жасақтар құрылған, кей жерлерде милиция қызметкерлерінің өзі көтерілісшілер жағына шыққан. Соғыстан оралғандар, тұтқында болғандар, бұрынғы әскери қызметшілер мен мамандар қарсылық қолын бастап, соғыс тәсілдерін үйреткен.

Көтерілістің ауқымы күн сайын ке­ңейіп, алғашқы үш аптада-ақ Трансібір темір жолының билігін қолына алып, темір жол табанын талқандады. Мысалы, 7 наурыз күні қызыл әскерлер мінген 18 вагон тіркелген жолаушы пойызы Мамлют стансасына кіреберісте апатқа ұшырады. Сол сияқты Макушин стансасы аймағында көтерілісшілер темір жол көпірін бұзып тастады. (СҚО МА, 351-қор,5-тізбе, 35-іс). Көтерілісшілер жолда кездескен кеңестік, коммунистік билікті талқандай отырып, 14 ақпанда – Петропавлды, 21 ақпанда – Тобыл мен Көкшетау қалаларын, 10 наурызда – Сургутті, 21 наурызда Березов пен Обдорскіні басып алды.

Көтерілісшілер басып алған жерлерде өздерінің болыстық және ауылдық шаруалар кеңестерін құрып жатты. Көтерілістің негізгі бағыты да, мазмұны да коммунистерге қарсылық түрінде өрістеді.Тобыл көтерілісшілер штабы 1921 жылғы 25 наурызда Сібір жұрт­шылығына: «Біз Совет өкіметі деп алдап келген коммунистер өкіметіне қар­сымыз!» деген ұран таратты.

Әр жерде көтерілісшілер әртүрлі ұранмен ұрысқа шықты. Мысалы, Кро­тов ауданында қара айқыш салынған қызыл ту көтерген шаруалардың: «Біз астық үшін соғысамыз. Астық қам­ба­да шірімеуі керек!» десе, Кусеряк ауда­нында «Билікке князь Михаил Алек­сандровичті шақырамыз!» деп күрең түсті ту көтеріп, «Еркін сауда жасасын!», «Коммунистер жойыл­сын!», «Пар­тиясыз Советтер үшін», «Ша­руа­ларға ерік берілсін!» десіп шық­қа­ны тарихи әдебиеттерде жазылып қал­ған. Бәріне ортақ үгіт «Коммунистер би­ліктен кетсін!» деген мазмұнда болған.

Зерттеушілер кейін нақтылағандай, көтеріліс қарулы күшпен басып-жаншылып, облыс аймағы 1921 жылдың аяғы мен 1922 жылдың басында тынышталды. Бірақ одан елдің жағдайы жақсарып кеткен жоқ, ақыры Солтүстік Қазақстандағы 1921-1922 жылғы алапат аштыққа әкеп соқты.

Күшпен басылған қөтерілісшілер­дің қалдығы саптағы әскердей қарула­нып, Қытайды бетке алып қашты. Олар­дың келе жатқаны туралы 5 сәуір күні Баянауыл­дан телеграф арқылы хабар­ алған Қар­қаралыдағы белсенділер қала­да­ғы «Ха­лық үйіне» жиналып, жоспар құрып отырғанда, таңғы сағат 4-те бан­дылар тұтқиылдан басып кіріп, қыра бастаған. Түрмедегі тұтқындарды бо­сат­қан.­ Қиырда жатқан қорғансыз қалада екі күн ойран салып, 71 адамды өлтірген. Қар­қаралыда басшы қызмет атқарып жүр­ген 5 орыс коммунисі соларға еріп кет­кен. Куәгерлердің айтуынша, олар өзде­рін «халық әскері» деп атаған, «Ком­му­нистерсіз кеңестер жасасын!» деп ұрандаған.

Есіл көтерілісінің Қазақстан жерін­де, қазіргі Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның аумағында болғаны – шындық. Қазіргі ұрпаққа осы оқиғаның жергі­лік­ті қазақтарға қалай әсер еткенін, қазақ­тардың бұл көтерілісті қалай қабыл­дағанын түсіндіру – міндет.
Ол кезде губерния аумағында қазақ­тар­ мен басқа ұлттардың саны деңгейлес болған.

Кеңестік билік заманында Есіл көте­рілісі – кеңестік, социалистік билік тәртібіне қарсы, яғни, ұлтына қара­мас­тан, еңбекшілер мүддесіне қарсы ба­ғытталған қылмысты бүліншілік, контрре­волюция деп бағаланды. Ал соң­ғы отыз жылда, Кеңес үкіметі құлап, Одақ ыдырығаннан кейін, кейбір жеке­леген авторлар «Есіл көтерілісінің» қанды қырғын зардаптарын ақтап алуға бейім. Бұл көтеріліс «тоталитарлық, коммунистік жүйеге қарсы бағытталған, демократия, бостандық үшін күрес еді» деп баға беретіндер бар.

Осы орайда «Есіл көтерілісі» туралы ақын Мағжан Жұмабайұлы жазып, «Бостандық туы» газетінің Омбыда, 1921 жылғы 19 наурызда шыққан 1-санында жа­рияланған «Еңбекші қазақтарға» деген бас мақаладан үзінді ұсынуды жөн көр­дік: «Совет өкіметі билік тізгінін қолына алғаннан бері нелер қатерді, нелер қиындықты бастан кешіп, барша соғыс майдандарында, ішкі һәм сыртқы жауларын жеңіп, қылышын қынабы­на салып, қолына мылтық орнына бал­ға алып, барлық күшін шаруа майданы­на беріп, соғыс уақытында қарауға мүм­кін болмаған халық мұқтажына керек­ті нәрселерді табуға кірісіп жатқанда, «ха­лықты қырғыштығынан шен алған» алтын иықты төрелер, казак-орыстар сарай толған бидайынан аш-арық жұ­мысшыларға түйірін бергісі келмей, мұжық жуандары Совет Үкіметіне ты­ныштық бергісі келмейді.
[Бұлар кімдер?] Олар – орыс шаруасы мен қазақтың арқасында казак-орыстың қамшысын ойнатқан залым төрелер. Еңбекшілерді зар еңіреткен, көздерінен жас орнына қан тамызған патшашыл жауыздар. Қой терісін жамылып жүрген қасқырлар. Бұлардың мақсаты не? Бұлар бұрынғы патша заманын, Колчак заманын қайта орнатпақ. Қаншама қан төгіп алған жұмысшылардың фабрика-зауыттарын, крестьяндардың да, қазақтардың да жерлерін тартып алып, халықты бұрынғысынан жаман зарлатпақ.»

«...Көтерілісті бастап жүрген Колчак генералдарының жаңқасы, офицер­­лер, прапорщиктер, поптар, казак-орыс­тың жуандары. Бұлар еңбекшілерге не бермекші? Еңбекшілердің мойны­на құлдық қамытын қайта кигізбекші. ­Олар Совет Үкіметінің күшімен жасал­ған, өлдім-талдым дегенде дүниеге кел­ген, Қазақтың жас автономиясын жой­мақшы!
Қазақ бауырлар, жолдастар! Сіздер ол жаулардың тіліне елігіп, соңынан ермеңіздер. Аты өшкір үкіметтің заманында көбірек тепкі көрген, езілген, құлдықта жүрген халықтың бірі – біздің қазақ халқы болатын. Қазақ халқын өткен уақытта ешкім қатарға алып, адам санына қоспады. Туып-өскен жерінен, Сарыарқа сары белінен еңіретіп зарлатып, қуып шығатын кім еді? Бұлар сол қараңғы уақытта Совет Үкіметіне қарсылық жасап жүргендер! Олар өтіп кеткен қайғылы қара түнді қазақ хал­қына қайта орнатпақшы!..»

«Бұл Совет үкіметінің дұшпанда­ры, қаражүз жауыздардың жасаған көте­рі­лісі, бүліншілігі Қазақ автономиясы­ның жері Қызылжар уезінде де болды. Қазіргі уақытта сол бұзақылардың аман қалғандары қашып, қазақ арасына тығылмақ. Совет үкіметінің дұш­паны, еңбекшілердің дұшпаны ондай бұзақылардың, жауыздардың қазақ арасына жасырынуы мүмкін емес!
Ел арасына бұзақыларды ұстауға шыққан қызыл армияға жәрдемдеріңізді аямаңыздар.
Жасасын, Совет Үкіметі! Жасасын, Қазақ Жұмқұрияты! Жасасын, істі қазақ еңбекшілері!» («Бостандық туы», 1921, 19 наурыз. №1).
Кең-байтақ Қазақстан аумағының үштен біріне таралған газеттегі осы мақа­ланың ізін баса, 3 сәуір күнгі екін­ші санының бірінші бетінде Мағжан атамыздың талдау сипатты тағы бір ма­қаласы «Екіден – бір» деген тақы­рып­пен басылды. Жоғарыдағы бас ма­қаламен сарындас, бірақ, қазақ хал­қы­ның ұлт-азаттық қозғалыстарын кең­ қамтыған көлемді мақалада: «...Біз, қазақ елі, төңкеріс жасаушы һәм төң­керіске өз бетімізбен жол салушы емес­піз. Бұл басқышқа жеткеміз жоқ. Сон­дықтан біздің алдымызда екі ғана жол бар: Азаттық не құлдық. Не совет бос­тандығы, не Николай-Колчактың құлдық қамыты!» деген сөз бар. Халқының қамқоры, адал ұлы Мағжан Жұмабай баспасөздің қуатты күшін пайдаланып, бар дауыспен шырқырайды. Үгіттейді, түсіндіреді: «Міне, қазаққа осыны ұғындыратын мезгіл жетті. Аралықты мүмкін емес екендігін талай тәжірибелер көрсеткендей болды. Қазақ енді көруге тиіс. Алдымызда екі жиын қара тұр. Біреуі – ел болам деген қазақты шетінен бауыздау керек деп, қылышын даярлап тұрған Дутов, Иванцов, Ринов сықылды қара жүздер. Екіншісі – құлдықта езілген сорлы елді «қатарға кір, ел бол»деп құшағын жайып тұрған Ленин, Сталин сықылды адал ерлер. Енді ойла, оқы, қазақ! Екіден – бір.
(«Бостандық туы», 1921, 3 сәуір. №2).

Халық арасында беделі зор, сүйікті ақын­ның баспасөз арқылы таралған осы­нау сөздері кезінде оқырмандарын бей­жай қалдырмағаны анық.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры

www.egemen.kz

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?