Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алматы атауы қайтарылғанына 100 жыл

2506

1921 жылы 5 ақпанда Алматы қаласы Верный атынан құтылып, «Алма Ата» деп атала бастады. Ал 1854 жылы 4 ақпанда алғаш Верный қаласының іргетасы қаланған болатын. Алматы атауының тарихи мәні бар екенін және бұл өңірде ертеден шоғырлы қоныстанушылар болғанын қазба және жазба деректер айғақтап келеді. Қала көне дәуірден Қазақ ССР-ның астанасы болғанға дейінгі тарихын назарларыңызға ұсынамыз.

Алматы қаласының териториясынан ерте дәуірге жататын Тереңқара және Бұтақты қоныстары табылған. Бұл қазба деректер нәтижесінде табылған тастан жасалған қарулар, керамика және сүйек пен темірден жасалған бұйымдар – қала өңірінде қола дәуірінде б.з.д. 10-9 ғасырларда тері өңдеушілер мен малшылардың қонысы болғанын айғақтайды. Бұл өте ерте кезеңдерден бастап-ақ қоныстануға ыңғайлы, жайлы жер болғанын аңғартса керек.

Алматы жері бұдан кейін б.з.д. 7 ғасырларда сақтардың қонысы болып, кейін үйсіндердің мекені болған. Бұған дәлел көптеген ескі сақ қорғандарының және қоныстардың табылуы. Ғалымдардың пікірінше бұл жердегі кейбір қорғандар сақ патшаларына тиесілі болған. Яғни бұл қаланың саяси орталық статусына ерте кезеңде-ақ жеткенін аңғартса керек. Бұл қорғандар арасынан бізге ең танымалы «Алтын адам» табылған Есік қорғаны, бұдан сырт Қарғалы диадемасы, Жалаулы қазынасы, жетісулық «көркемдік қоласы» – шамдар, құрбандық шалатын орын, қазан секілді өз дәуірінің өшпес іздері бар. Үйсін мемлекеті кезінде бұл жер аса маңызды орталықтардың бірі болғанын айтады тарихшылар.

Бұл кезеңдерден тартып Түрік мемлекеті дәуіріне келгенде қалада қолөнер мен жер өңдеу дамып, отырықшылыққа көшу молайып, қала мәдениеті қалыптаса бастайды. Қала аумағынан сол кезеңге жататын көптеген қоныстар мен қолөнер бұйымдарының қалдықтары табылған. Бұл мәдениет іздері 8-10 ғасырлар арасын қамтыған. Ал 10-14 ғасырларда бұл өңірдегі қоныстар мен шағын қалалар Ұлы Жібек жолына кіретін негізгі жолдардың біріне ілігеді. Бұл сауда-саттықтың дамуына үлкен үлес қосты. Қазба жұмыстар нәтижесінде табылған 13 ғасырға жататын 2 күміс дирхей – сол кезеңдегі көлемді сауда-саттықтың айғағы. Көлемді деген себебіміз осы дирхейде алғаш рет Алматы аты жазылған. Бұл қала өзінің ақшасын шығарғанын аңғартады. Ақша шығару өз кезегінде жеке саяси тәуелсіздік пен экономикалық дамуды көрсетсе керек.

Шыңғысхан шапқыншылығы, екінші жағынан Осман империясының күшеюі негізінде Жібек Жолындағы еркін сауда айналымы ыдырай бастады. Батыс пен шығыс арасын енді теңіз жолдары тоғыстыра бастады. Осыған байланысты Алматы қаласындағы сауда-саттық та бұрынғы екпінінен айырылып, адамдардың бірте-бірте көшпенді мал шаруашылығына қайтадан көше бастауы қала дамуын да деградацияға ұшырата бастады. Бұл процес 15 ғасырдан басталғанға ұқсайды. Қазақ хандығы көшпенді мал шаруашылығын негіз еткен, жүздік-рулық басқару жүйесінде құрылған мемлекет болғандықтан, бұл кезеңде Алматы қаласы маңызды қоныс, не қыстау ретінде болған жоқ. Алайда өзге Жетісу өлкесі секілді Алматы да Қазақ хандығы тұсында көптеген этносаяси процестерге куәгер болды. Қазақ хандығының құрылу процесі қазіргі Алматы облысы өңірінде жүргендіктен Алматы қаласын да бұл оқиғалардан шет қалды деп айта алмаймыз. Одан кейінгі жоңғар шапқыншылығы, тағы да басқа тәуелсіздік күрестерінің үлкен майдандары осы өңірлерде жүріп өтті. Мысалы 1730 жылғы Аңырақай шайқасы Алматы қаласынан 70 шақырым қашықтықта ғана болып өткен.

Дегенмен Қазақ хандығы тұсында бұл аймақ жайлы қоныс, жылы қыстау ғана болған болуы мүмкін. Қала ретінде қайтадан жандана бастауы орыс отаршылдығы басталған тұспен байланысты болды. Ресей империясы аяғы жеткен жерлерге ең алдымен әскери қосын мен қару-жарақ ұстауға ыңғайлы бекіністер мен қамалдар сала бастады. Батыста Жайықты бойлап, шығыста Ертістің екі жағын жағалай құрылған қамалдар шебінің бірі орта тұстан Алматы жерінде де бой көтерді. Бұл бекіністің аты Верный деп аталды. Верный құрылысы 1854 жылы 4 ақпан күні басталды. Бүгінгі Алматы қаласының іргесі осылай қаланған болатын. Осы жылы күзде қамалдың құрылысы аяқталды. Алғашқы құрылыстың сапасы да, архитектурасы да оңды болған жоқ. бұл Кіші Алматы өзенінің жағасына орналасқан бес бұрышты ағаш ғимарат болатын. Кейін тас кірпіштермен қайтадан жөндеу жұмыстары жасалды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл құрылыс ең алдымен әскери мақсатта салынғандықтан, 1855 жылы 1 шілдеде бұл жерге ең алғашқы атты казактардың тобы көшіп келді. Бір жылдан кейін 1856 жылы орыс шаруаларын да көшіріп әкеле бастады. Шаруаларды қамал жанынан салынған Үлкен Алматы орталығына қоныстандырды. Орыс переселендерінің молая түсуімен Кіші Алматы бекеті және Татар көшесі (бұл қазір Райымбек даңғылы) пайда болды. Көшенің татар көшесі атану себебі – бұл көшеге татар қолөнершілері мен саудагерлері қоныстанған болатын. Қоныс аударушылардың қауырт көбеюімен 1859 жылы қала халқының саны 5000-ға жетті.

Қоныстанушылардың көбеюімен бірге қала құрылысы да қарқынды жүре бастады. Құрылыс жұмыстарына Ц.Гумницкий деген әскери-инженердің басқаруымен қоныстанушылар қатарында келген Л. Александровский деген инженер жетекшілік етті. 1867 жылы 11 сәуірде едәуір көлемді боп қалған Верный қамалының атауы бейресми түрде Алматинск деп өзгертілді. Бұл атау бекіген жоқ, сол жылы-ақ орыстар өзі құрған «Дала комиссиясының» баяндамасы бойынша Верный қаласы деп ресми түрде ат берілді. Осыдан кейін қалаға саяси мән беріліп, Верный қаласы Вернинск уезі мен Жетісу ауданының орталығы етіп бекітілді. Жетісу ауданының бірінші губернаторы Калпакопский осында тұрды. Алғашқы қала жоспарының авторы да белгісіз инженер Н.Криштановский деген болатын. Осы Криштановскийдың жоспары бойынша, қала құрылысына өзгеріс енгізіліп, оңтүстікке Алматы өзенінің маңайына дейін 2 километр, батысына қарай 3 километр созылды. Жылқы және шөп базары, 4 парк салынды. Қала аумағы үлкен төрт бөлікке бөлінді, үй құрылыстары 3 түрге бөлінді. Бірінші және екінші бөліктері қала ішінде орналасқан екі қабатты үйлер болды. Үшінші бөлігі қала сыртындағы үйлер. Әркімнің жеке құрылыс салуына жер учаскелері сатылды. Негізі әкімшілік ғимараттар қазіргі 28-панфиловшылар паркінің жанынан салынды.

Алматы қаласының алғашқы архитекторы Г.Н.Серебряников деген адам болатын. 1887 жылы 28 мамырда, таңғы сағат 4-те Верныйда аса күшті жер сілкінісі болды. Сілкініс бүкіл қала құрылысын қиратып кетті. Көбінесе үлкен кірпіштерден салынған құрылыстар жермен жексен боп кетті. 1 маусым күні Жетісу Ауданының губернаторы Калпаковский бұйрық беріп құлаған үйлер орнына қайтадан ағаш үйлер тұрғызыла бастады. Жер сілкнісі зардаптарын толық анықтау және қайта қайталанып жатқан жағдайда алдын алу мақсатында географ ғалым, Орыс географиялық қоғамының мүшесі, сол кезде Орта Азия өңірінде қазба байлықтарды іздеп, жер қабаттарын зерттеумен айналысып жүрген И.В. Мушкетов басқарған комиссия құрылды. Комиссияның қорытындысы негізінде осыдан кейін үйлер бір қабатты және көбіне ағаштан салынатын болды. Ал кірпіштен салынған күнде де сабан және жылқы қылы пайдаланылатын болды.

Қаланы қалпына келтіру ісінде үлкен үлес қосқан инженер-архитектор А.П.Зенков деген болды. Зенковтың әкесі де Верный қаласының алғашқы құрылыстарында жұмыс істеген алғашқы переселендердің бірі. Зенков өзі Омбыдағы Кадет корпусында оқып бітірген соң Санкт-Петербургтегі Николаевтың инженерлік училищесін бітірген. Ол алғашқы болып жер сілкінісне қарсы төзімді құрылыс жобасын жасады. 1910 жылы болған тағы бір жойқын жер сілкінісі Зенковтың жоспарының оң болғанын көрсетіп берді. Қаланың осы кезеңіндегі жасылдануына аса үлкен үлес қосқан неміс оқымыстылары Отто және Эдуард Баумдар еді. Эдуард Баум орманшы болған, сонымен қатар қалада кітапхана, театр, музей секілді мәдени орындарды ашып, қаланың тек жасылдануына ғана емес, мәдени өркендеуіне де себепші болған. Эдуард Баумның қаланы жасылдандырудағы еңбегі туралы Семенов-Тян-Шанский өзінің естеліктерінде атап өткен болатын.

1488280642183095845.jpg

1909 жылы шыққан «Россия. Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» атты жинақта Верный қаласы туралы мынадай мәліметтер берілген: Жетісу ауданының барлық мекемелері Верный қаласында орналасқан, Түркістан және Ташкент епископтары да осында. Қала халқының саны 37000 адам, оның 26000-ы орсытар, қалғаны татар, доңған, тараншы, сарт және қырғыздар (қазақтар) делінген. 2100 тұрғын үй, 9 шіркеу, 4 мешіт, 18 оқу орыны, кішігірім аудандық музей, 66 зауыт пен фабрика бар, және мұнда 313 жұмысшы істейді. Осындағы қала халқының үлес салмағынан-ақ негізгі тұрғындар отарлаушы таптың өкілі екені көрініп тұр. Осының өзінен орыс патша үкіметінің қазақтарды Америка құрлығындағы жабайы үндіс тайпалары қатарында ғана көргені аңғарылып тұрған секілді. Бұл ғасыр бойы айтылып келген «біз сендерге қала салып бердік, сендерге техниканы үйреттік» деген ұранның жалғандығын, қаланы тек отарлау мақсатында ғана салғанын ап-анық аңғаруға болады. Сонымен қатар осы кітапта қала кірісі 119515 сом, шығыны 119113 сом деп жазған.

Қаланың екінші және соңғы архитекторы француз архитекторы, қоғам қайраткері Поль Гурдэ. Ол 30 жылға жуық уақытын Алматы қаласында өткізіп, жарты өмірін қала аритектурасына арнады. Ол салған ғимараттардан бүгінге еш өзгеріссіз аман жеткені бұрынғы Колпоковский атындағы қалалық училище ғимараты. Бұл қазіргі Гоголь көшесі 37-үй деген мекенжайда тұрған екі қабатты ескі үй.

1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін қала басшылығына Уақытша үкіметтің тағайындауымен жаңа басшылар келді. Наурызда Шкапский мен Алашорда қайраткері Тынышпаев комиссар болып тағайындалды. Алайда 1918 жылы 2 наурызда Верныйда советтік билік жеңске жетті. Аудандық атқару комитеті жасақталып, басшысы болып большевик П.М. Виноградов деген сайланды. Совет үкіметін орнатуға сіңірген еңбегі үшін Қазіргі Қарасай батыр көшесінің атауы 1956 жылдан 1990 жылға дейін Виноградов атымен аталып келді.

Ал 1921 жылы 5 ақпанда қала Верный атынан құтылып «Алма-Ата» деп ресми ат берілді. Ресми формада «Алма-Ата» атауы 1993 жылға дейін келгенімен ел ішінде әуелден-ақ «Алматы» атымен аталып кеткен болатын.

1926 жылдан бастап Түрксіб теміржолы салына бастады. Теміржолдың Алматыны басып өтуінің маңызы аса зор болды. Ол Алматыны тоғыз жолдың торабына айналдырды. 1927 жылы 2 наурызда Алматыны ҚазақАССР-ның астанасы ету туралы шешім қабылданды. Содан бері қала халқымен қатар экономикасы да өсті, еліміздің мәдени-рухани астанасына және ең ірі экономикалық қалаға айналды. 1997 жылы астана Алматыдан Ақмолаға көшірілді. 1998 жылдың 1 шілдесінде Алматы қаласының міртебесіне қатысты жаңа заң қабылданды. Бұл заңда Алматы ғылыми, мәдени, тарихи, қаржылық және өндірістік орталық болады деп көрсетілді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?