Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлықбектің өлімі

2291
Ұлықбектің өлімі - e-history.kz

Осыдан бес ғасыр шамасында бұрын, 1449 жылы 27 қазанда атақты Әмір Темірдің немересі, ғалым, заманында ғылым мен өнердің қамқоры болған Ұлықбек өлтіріледі. Оны әмірліктің айналасына топтасқан дінбасылары «діннен безген» деп айыптап, Самарқаннан бас сауғалап Меккеге кетіп бара жатқан жолында өзінің ұлы Әбдел-Ләтиптің жендеттері басын шабады. Ұлықбекті өлтіргеннен кейін ол салдырған обсерваторияны қиратып, кітаптарын, ғылыми еңбектерін талан-таражыға салады. Обсерваторияны ұстаған ғалым әл-Құсшы қажылықты сылтау етіп Ұлықбектің негізгі еңбектерін Меккеге алып кетіп сақтап қалады. Ислам ренессанысының соңғы жұлдыздарының бірі осылай сөнеді.

Ислам өркениетінің алтын дәуірі – қаншама ғалымдарды тарихқа әкелді. Жаратылыстану ғалымдарымен қатар философтар, математиктер, астрономдар, ақындар да жауқазындай қаулады. Тұтас адамзат мәдениетіндегі аса ірі тұлғалар өмірге келді. Соның көп бөлігі парсы және түрік халықтарынан шықты. Осы тұрғыдан біздің ұлт үшін де бұл тарихтың маңызы жоғары. Жаратылыстану ғылымы мен философияда үлкен із қалдырған ғалымдардың алды IX-X ғасырлардан шыға бастаса, соңы осы Ұлықбек кезеңі болды. 5-6 ғасырға жуық өркендеген ұлы ақыл-ой қозғалысы кенет сап тиылды. Әдетте осы кезеңді мақтана еске алғанымызбен, өркендеуге себеп болған нақты жағдаяттарды түсіну қиын. Өйткені дін табиғаты шекті ойлардан аспайтыны бүгін мәлім, ендеше дін билік еткен жүйеде еркін ойдың, ғылымның дамуы – қарама-қайшылық секілді көрінеді. Және осы өркениеттің қалай тұншығып кеткенін, тарих алдында қалай жеңіліс тапқанын көп айта бермейміз. Сол дәуірдің әлеуметтік-саяси халін толық білгенде ғана бұл кезең туралы нақты түсінік пайда болатыны анық. Осы мақсатта он неше ғасырға шегініс жасап, сәл ой жүгіртіп көрелік.

Ұлы ғалымдар, философтар дүниеге келген осы кезең – Мұсылман ренассансы деген атпен тарихта қалғаны мәлім. Философияда әл Кинди, әр Рәзи, әл Фараби мен Ибн Сина – ең жарқын өкілдер ретінде қалды. Еркін ойға қозғау салған ең әуелі ақпарат ағының көбеюі десек тура болатындай. Ислам діні өркендеп, халифат керегесі кеңіген сайын мұсылмандар әр түрлі өркениетпен байланысқа түсе бастады. Әуелде сенім ретінде ғана орныққан діннің әлі де жүйеленбеген тұстары осы кезеңде көріне бастады. Құдайдың сипаты, адам болмысы, әлемнің жаратылуы деген секілді сұрақтар мұсылмандар үшін әлі де толық жауабын таппаған мәселелер болатын. Әлемді тануда қандай жолдармен өту керек? Тек діни мәтіндермен әлемді тани аламыз ба? деген сұрақтар өмірге келді.  Ой екіге бөлінді, бірі діни мәтін арқылы десе, екінші топ ақылға жүгінді. Осындай кезеңде ежелгі грек философтарының, хинды тіліндегі және басқа да тілдердегі әр түрлі еңбектердің араб тіліне аударылуы – мұсылмандар үшін үлкен танымдық кеңістік ашып берді. Әр түрлі мәдениеттен, әр түрлі ойдан жеткен мәліметтер еркін ойлы ғалымдарды жаңаша ойлауға, тың ізденістерге шақырды. 

Діни түсіктерді кемелдендіру мақсатында басталған ізденістер терең философиялық ойларға алып келді. Осы бағытта бір неше сенім ағымдары, мектептер пайда болды. Бұл қозғалыс алғашқы төрт халифтан кейін билік басына Омаядтар келген кезде басталды. Осы сенім ағымдарының ішінде Мутазила деген ағым болды. Ол әлемді, құдайды ақылмен тану керек деп білді. Рационалды ойлауды алға шығарды. Тарихта аты қалған әл Кинди, әл Фарабилер де осы ағымға жақын ойларды қолдады. Бұл ой ағымдарын белгілі деңгейде саяси күштер де өз қажетіне жаратты. Ренессаныс Еуропада 15-16 ғасырда басталса, мұсылман сұлтанаттарында 8-9 ғасырларда Омаядтардың кезінде басталды. Әрі қарай 1200-1300 жылдарға дейін жалғасты. Онда да тоқтап қалған жоқ, Осман империясының кезінде Фатихтан басталып тағы бір өрлеу дәуірі басталды, Темірдің кезінде де сәл ояну болды. Арабтарға пайғамбар келмей тұрған кездегі қараңғылық кезеңінен кейін, Мұхаммед пайғамбардың келуімен басталған білімге, мәдениетке құштарлық инерциясы осы ренессанс кезеңінде еркінше күшейді. Білімге деген құштарлық, ішкі сана-сезімді оятатын, белгілі өзгерістерге жетелейтін ішкі динамизм болды. Исламның ықпалы жан-жақты болды, ғылымға да, саясатқа да, әлеуметтік өмірге де көп өзгеріс әкелді. Діннің қойған ең басты талабы – әділеттік приципін алға тартты. Яғни, мұсылмандар ғылым болсын, дін болсын, саясат болсын – бүкіл салада осы приципті ұстауға тырысты.

749 жылы билік басына Аббасидтер әулеті келді. Бұл әулет әуелгіде Мутазила бағытындағы сенімге басымдық беріп, еркін ойды, ашық пікірді барынша қолдады. Осы кезеңде Бағдатта «Байт әл-Хәкма» атты ғылым академиясын ашты. Бұл жерде араб-мұсылман философиясының негізін салған алғашқы философ Яқұб ибн Ысқақ әл Кинди жетекшілік етіп қызмет атқарды. Бағдат шаһары сол кездегі ғылым мен білім орталығы сынды болды. Бұл жерде әлемнің барлық жерінен келген ғалымдар мен дәрігерлер қызмет етті. Сабақ берді, оқыды, ғылыммен айналысты.

Жалпы исламды ғалымдар батыс трактовкаларында христиандықтағы шіркеудің, папаның ықпалымен салыстырады. Шіркеу, папа секілді институттар исламның алғашқы жылдарында болған жоқ, бұл исламға тән емес болатын. Себебі рухани иерархияны иелену, бүкіл мұсылмандардың үстінен белгілі бір ұйымның үкім жүргізуі, Алланың үкімін жерге жаюы секілді үлкен құзіретті ислам ешкімге жүктемеген. Шеих исламдық, қазылық деген секілді мемлекеттің ішкі қатынастарында белгілі бір органдарға құзырет жүктеу кейін пайда болған. Бұлар христиандармен көрші болып, мәдениет алмасу барысында Папаның прототипінде кіргізілген көшірме титулдар. Дінде алғашқы ғасырларда 12 ғасырға дейін ілгерілеу болды. Оның себебі, саяси плюрализм, діни плюрализм анық болды, еркіндік мол болды. Біреудің көзқарасын құрметтей білді, философиялық бағыттар жақсы дамыды. Сенім ағымдары арасында өзара тартыс болды, алайда жаппай қуғындау жүрген жоқ, көбінесе диалог басым түсті. Ғылыми алаңда әрбір көзқарасқа құрметпен қарап, байсалдылық таныта білді. Діни мәтіндерді әр түрлі ғалымдар XVIII ғасырға дейін трактовка жасады, одан кейінгі дәуірде осы ғалымдардың шәкірттерінің арасында жаңа трактовкалардың трактовкасын жасау кезеңі басталды. Сол кезеңнен бастап дін кері кете бастады. Имам Ғазали философтарды терістеген кезеңнен бастап исламда философия өлді деп қарастырады.

Тарихи жағдай тұрғысынан қарасақ, әрбір сұлтанаттардағы ғылымға деген қамқорлық, ойға еркіндік секілді факторлар әсері жоғары болды. Қазіргі кезде мұсылмандар тек діни мәтіндерге сүйеніп пәтуа айтады. Мұсылман ренессансы кезінде тек діни мәтінді ғана негізге алған жоқ. Алғашқы мұсылман ғалымдары жан-жақтан әр түрлі материалдарды үнді, иран-парсы тілінен, грек тілінен аударды. Ежелгі эллиндік мәдениет үлгілерін әкелді. Аристотель, Платон секілді грек философтарын қайта жарыққа шығарды. Омаяд сарайында қызмет еткен дәрігерлер сыныбы өте жоғары білімді адамдар болған. Солар әр түрлі тілдерден ежелгі философиялық кітаптарды аударды. Омаядтар болсын, одан кейінгі Аббасидтер болсын, кейінгі Орта Азияда пайда болған түрік-ислам сұлтанаттары Селжұқтар мен Қарахандарда болсын дәрігерлер негізінен мұсылман еместер еді. Христиан, үнді дәрігерлерін ұстады. Ешбір дін мен ұлт өкілін алалаған жоқ. Қазіргі таңда осы тарихты түгел діни тарих етіп түсіндіру басым. Жалпы адамзат қандай діни сеніммен өмір сүрсе де, тұтас адамзаттық өркениет жемістерін пайдаланады. Мемлекет мұсылмандардыкі болғанымен, әр түрлі ғалымдар әлемнің түкпір-түкпірінен келіп жатты. Себебі ертеден қалыптасқан сауда жолдары, саяси маңызды каналдар бар, бұның ешқайсына ешкім тиым салған жоқ. Ислам ахиреттік шарттарды белгілеп қойғанымен дүнияуи ойды, әрекеттерді шектеген жоқ.

Философия ежелден сирек қана адамдар айналыса алатын аса күрделі ой ағымдары екені мәлім. Орта ғасырда дінмен үндескен философия қанша дамығанымен ол тұтас халықтық бола алған жоқ. Сол кезеңнің атақты философтарының бірі Әр-Рәзи діни мәтіндер Құдайды да, болмысты да таныта алмайды деген пікірін ашық айта алды. Ол материа тек рухани Құдайдан пайда болуы мүмкін емес деді. Ол Рационалды пікірін мұнша ұшқары білдіре алды, және өмірінің соңына дейін дәрігерлікпен айналысып, әлсізге демеу болып, еш қудалау көрмей өз ажалымен дүниеден өтті. Әр-Рази адам әлемді тек өзінің ақыл-ойы арқылы ғана тануы керек деді, оған қарсы пікір айтушылар: «жалпы жұрт бірдей философ бола алмайды ғой, қарапайым халық қалай ақиқатқа жетпекші?» деп уәж келтірді. Осының өзінен ол кезеңде еркін ойды қудалау былай тұрсын, оның есті, жоғары саналы данышпан адамдардың ғана айналыса алатын ісі екенін анық мойындауды да көреміз. Осындай әр түрлі философиялық ағымдардың көбеюі ғылымға жол аша алды.

Түрік халықтары үшін аса ірі ұстаз, философ атанған Әбу Насыр әл Фараби араб-мұсылман философиясын немесе фәлсафаны шын мәнінде құрушы деп атауға болады. Оның еңбектері бір жағынан философияны онша түсіне бермейтін былайғы жұртқа да үлкен оқулық сынды болды. Әл Фараби қазіргі кейбір деректер бойынша атеист болған жоқ, ол дін мен фәлсафаны ең жақсы ұштастыра білген тұлға болатын. Бұл жерде әл Фарабидің де мутазила бағытына жақындығы болғанын байқаймыз. Ол «Қайырымды қала тұрғындары» трактатында исламның рухани әлемінде қоғамдық-саяси мәселелер шешуші орынды иеленетінін көрсетті. Платон «Мемлекет» шығармасында: «кемел қоғамды философ басқаруы тиіс, ол рационалды қағидаларға сүйеніп, мемлекетті басқарып қана қоймай, қарапайым жұртқа да осы қағидаларды жеткізе алатын еді», – дейді. Әл Фарабидің ойынша, Мұхаммед пайғамбар да Платон ойлағандай, мәңгілік ақиқатты қарапайым халыққа жеткізе алған мінсіз басшы болды.

Бұдан тыс, шииттердің ішінен шыққан Исмайылшылар қозғалысы да еркін ойға барынша мүмкіндік берді. Бұл ағымдардың негізінде ешқандай да саяси қозғалыстар, партиялар өмірге келген жоқ. Керісінше сарайдағы уәзірлер, билік маңындағылар мен оппозиция осы ағымдардағы беделді философтарды өз мүделеріне пайдалануға тырысты. Мысалы, Аббасидтердің алғашқы құрушысы билікке келу үшін Хорасаннан шыққан Әбу Мүсілимді пайдаланды. Орта Азиядағы халықтардың Омаядтарға рационалды қарсы шығуына араб ұлтшылдығы да себеп болды. Мұсылман тарихшылары ашық айта бермейтін нәрселері де бар. Мысалы, арабтар Бұхара, Самарқан, Балых, Мерв деген қалалардағы түркілер исламды қабылдағаннан кейін де «Жиза» деген салықты алып отырды. Жиза – мұсылман еместерден алынатын салық болатын. Бұл салықтың көлемі сонша көп болған жоқ. Әдетте батыстық шығыстанушылар асыра сілтеп «Халифаттар мұсылман еместерден аса көп көлемде салық алып тұрған» деп жатады. Бұл салықтың мөлшері мұсылмандардан алынатын салықтан да аз болған. Бірақ осы салықтың мұсылмандардан алынуы – белгілі деңгейде бөлектеуді көрсетті. Бұл осы өңірдегі халықтардың наразылығын тудырды. Соңы көтеріліске ұласты. Осының ішінде Әбу Мүсілим Хорасани, Мұқанманың қозғалыстары – тек саяси емес, діни мәнге де ие қозғалыстар болатын. Болардың идеялық негізінде батнилер, каматилер деген діни ағымдар тұрған еді. Бұларды Аббасилер Омаядтарды құлату мақсатында қолданды. Кейін Аббас бин Саббах билікке келгеннен кейін Әбу Мүсілимді өлтіртіп тастады. Мутазилиттер болсын, исмаилшылар болсын діни ой ағымы ретінде өмір сүріп жатты. Ханафи ғалымдарының көбі сенім жағынан мутазила бағытын ұстанды. Сенім жағынан кейін, имам Матридуи бір арнаға салды. Содан кейін Ханафи ғалымдары мутазиладан алыстап кетті. Мутазила ағымы X ғасырда әлсірегенімен XII-XIII ғасырларға келгенде қайтадан күшке енгенін көреміз. Мысалы Хорезмдегі құранға тәпсір жасаған Замахшари, Рази деген үлкен ғалымдар осы бағытты ұстанды. Исмаилшылардың ішінде Ихуан Сафа деген бір шағын топ болды. Осылар 50 томнан тұратын әлемдегі ең алғашқы энциклопедияны жасады. Бұл еңбектің бүгінге санаулы томдары ғана жеткен, осы ағымды батыс шығыстанушыларды көбірек зерттеген. Бұл кітаптарда XI-XII ғасырда-ақ XV-XVI ғасырдағы Еуропадағы ренессанс кезеңінде Волтер, Руссолардың кезіндегі кең тараған ойларды қозғаған. Бұл кітаптардан Еуропаның қаншалық шабыт алғанын білмейміз, бірақ батыс шығыстанушылары осындай мағлұмат береді. Жалпы ағымдардың ықпалып қазіргі көп партиялы саяси жағдаймен салыстыруға келмейтін еді, бұлар саяси мәнге ие болғанымен, бірақ көбінесе сенім жағынан діни-философиялық ауырлыққа құрылды. Жалпы Исламның алғашқы кезінен бастап дін мен саясат бөлінген жоқ, сондықтан діни сенімге ие болған адамдар өзінің ойларын саяси аренада да іске асырды.

Сонымен тоқырау қалай басталды? Жоғарыда баяндағанымыздай фәлсафа бәрі бір тұтас халықтық бола алған жоқ. әлеуметтік психология тұрғысынан қарап көрсек, тобырға ақиқатқа өз біліміңмен жет дегеннен көрі, мынау ақиқат осыны ұстан деген ақыл артықырақ көрінері анық. Ал көп кімнің жағында болса, күш сонда. Күш саяси ықпал тудырады. Осы ықпал кімнің қолына түссе билік соныкі. Өз кезегінде патшалар мен билеушілер өз тағының берік болуын көздей бастады. Ал олардың бұл сұранысына ортодоксальды діни бағыттар сай келді. «Патша Құдайдың жердегі көлеңкесі, оған бағыну керек» немесе «Тағдырды Алла жазады, оған адам еркі жүрмейді» деген ұғымдарды адамдар санасына берік қондыру арқылы билікті сақтау оңайға түсті. Ол өз кезегінде еркін ойды, пікірді тежеді. Дінтанушылар исламда Құдай адамның ойлауына шек қоймайды деп қарайды. Алайда философтар тарапынан келген осындай түсінік бар. Ислам философтарының кейбір ойларына имамдар тарапынан белгілі шектеулер қойылды, бірақ сол бөгеттеп асып өту әрекеті жасалмады. Мысалы, «материя бірінші пайда болды ма, әлде рух бірінші пайда болды ма?» деген ежелгі грек философиясының өзекті сұрағы әл Фараби мен ибн Сина тарапынан жауап берілді, бірақ бұларды кейін Ғазали жоққа шығарды. Осыдан кейін бұл мәселеге тоқталмайтын болды. Ислам тарихына зер салғанда осы оқиға айрықша көзге түседі. Бірақ оның өзіне толық тиым салынды деген пәтуа жоқ, кейін XV-XVI ғасырларда Осман империясында, Әзірбайжан територияларында Хуруфилер қозғалысы деген болды. Бұлар әр түрлі сандар арқылы Алланың сырлы жұмбақтарына үңілу, тағдыр мәселелерін талқылау секілді еркін ойлы ағым болды. Осындай ағымдар әр ғасырда шығып отырды. Кей кзеңдерде билік қазылардың пәтуасымен бұндай ағымдарды басып-жаншып, өкілдерін аяусыз жазалады. Ал кейбір өңірлерде, кезеңдерде олар ешқандай шектеу, қуғындаусыз өз ғылымдарымен айналысып жатты. Алланы тану мәселесінде де танымның шегі туралы мәселе ортаға қойылды. Кейбір ғалымдар адам танымының Алланы тани алмайтыны, адамның сана-сезімінің бұл шектеулерден аса алмайтындығын айтты. Бірақ бұның өзі тұжырым ретінде ғана қалып қойды. XII-XIII ғасырдан кейін мұсылмандар философиядан алыстады, XVI-XVII ғасырларда философия өлді десек те болады. Дін X-XI ғасырдағы тәпсірші ғалымдардың ойларымен шектелді. Бұдан кейінгі кезеңде сол ғалымдарға комментарий жасаушылар, одан кейін комментарийге комментарий жасаушылар шықты, жаңа ой, жаңа талдау ортаға шықпады. Бар болса да өте аз, және оның өзі көп тарамады. XIII ғасырдан бастап тек комментатрлар кезеңі басталды.

Жалпы ғылым-білімнің, технологияның құлдырауы әр түрлі себептерге байланысты. Бір ғана нәрсені себеп қылып көрсетуге келмейді. Алайда ең басты нәрсе – еркіндік. Еркіндік бар жерде ғылым да, білім де дамиды. Саяси плюрализм өмір сүреді. Ақыл-ой еркіндігі, мүлік еркіндігі, сенім еркіндігі – мұның барлығына ислам тарапынан кепілдік берілді. Сол кездегі мемлекет билеушілері де осы нәрселерге кепілдік беруге тырысты. Осы ғасырларда кәсіп иесі де, ғылым мен білім иесі өз ісін өрге сүйреп, тыныш өмір сүре алды. Сол үшін де әр түрлі ғылым салалары дамыды. XV-XVI ғасырларда ғалымдарды қудалау болды, бірақ жаппай сипат алған жоқ. Одан кейінгі кездерде де жаппай сипат алған жоқ. Бірақ жалпы кейбір діни-саяси ағымдар ғалымдардың ой еркіндігін шектеуге тырысты. Әділетсіздікке қарсы шыққандарды бейтараптандыруға тырсты. Соның бірі, Ұлықбекті де өзінің ұлы әсіре діншілдердің үгітімен өлтірді. Ұлықбектің шәкірті әл-Құсшы бір деректерде 200, енді бірінде 300 адамды бастап, Ираннан Табризге өтіп, Стамбулға қашып келген. Дәл сол уақытта Мұхаммед фатих Стамбулды алған. Стамбулда обсерватория салып берген. Бұл обсерватория сол инерциямен 200 жылдай жұмыс істеп тұрды. Бәрі бір Еуропаның техникалық прогрессивті дамуы – мұсылман әлемінің артқа кетуіне себеп болды. Еуропалық христиандар өткеніне толық саралай қарап, діннің шынайы болмысына қайта оралуға тырысты. Заирлылықтың жарыққа келуі, дінді саясаттан, ғылымнан, қоғамнан бөлуінің арқасында Еуропа алға шыға бастады.

Ұлықбек өмір сүрген, билік жүргізген Самарқанд қаласы – сол кездегі берісі Орта Азия, әрісі бүкіл мұсылман әлеміндегі соңғы ғылым ошақтарының бірі болатын. Әмір Темір ұзақ жылдық жорықтарында тапқан олжасын, бағындырған елдердегі ғалымдарды тек Самарқанға жинады. Неше түрлі сәулет ескерткіштері, медреселер, мешіттер болды. Білімдар ғалымдар, мистик ақындар осы қалада өмір сүрді. Міне осындай ортада өскен ұлықбектің өзі де білім мен ғылымға құштар боп өсті. Атасы секілді жорықтар жасағаннан көрі ғылыммен айналысып, дүниенің сырына үңілгенді ұнатты. Оның ең ірі жетістігінің бірі сол кезең үшін ең жоғары деңгейде дамыған обсерватория салдырды. Бұл обсерваторияның рөлі кейін XVII ғасырда Галилей телескоп ойлап тапқанға дейін жоғары болды.

Осы жағдайдан бүгінгі түсінеріміз, қоғам тек ой еркіндігі, иелік еркіндігі, пікір еркіндігі секілді еркіндік аталымдары толық, бір уақытта қамтамасыз етілгенде ғана дамитынын байқаймыз. Бұл күнде оны демократия деп атаймыз. Бұл әрине орта ғасырлардан әлде қайда дамыған ұғым екенін айтпасақ та түсінікті.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?