Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Қара өлең» мен Абай позиясының өзара байланысы

2437
«Қара өлең» мен Абай позиясының өзара байланысы - e-history.kz

I

Авторлық өлең бір адамның ғана толғанысы болса, қара өлең бүтін бір халықтың толғанысы дедік қой.

Халық айтса қалып айтпайды емес пе. Бір автор, бір халықтың ғана клеткасы болса, қара өлең сан мыңдаған автордың тудырған үлкен қазына көзі ғой. Ендеше қара өлеңге жекелеген адамның ойымен бағам жасау тіптен қиын. Оның өзге жандарға да тигізген әсері мол. Мұны айырықша айтып отырғанымыз Абайға да қара өлеңнің тигізген үлкен әсерінің болғандығы турасында.

Абайдың қасында менің өлеңім өлең ғой дейтін үстірт пікірлерде ұшырасып қалады. Бұл малданушылық абайтанудағы шымылдықтың тек бірі ғана ғой. Ал, Абай қазақтың қара өлеңінің деңгейін көтеруші аққайнарының бірі болғандығы шүбәсіз. «Желсіз түнде жарық ай», «Жазғұтыры», «Ерекше естен кетпес қызық қайда» бұның бәрі тұнған қара өлеңнің өз лирикасы емес пе?!.

         «Дүние бір қисық жол бұраңдаған,

        Бақ тайса басқа жолмен құралмаған.

        Болса да қырық жыл қырғын ажалды өлер,

        Бұйрықсыз шыбын шақпас бір Алладан».

Ал Абайдағы:

          Адам ғапыл дүниені дер менікі,

          Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі.

          Мал қалып, тән қалып, жан қалғанда,

          Ойлашы сонда болар не сенікі.

Байқасақ алдыңғы өлеңмен соңғы өлеңнің ортасында парқ барма? Бұл форма жағынан парқ емес, тіпті айтылу ой құрау жағынан, мәдениет, ой түю жағынан, және дүние сырын ашу жағынан екеуінде еш парық жоқ. Қара өлеңмен Абай арасында айырмашылық жоқ. Сондықтан да Абай кемеңгер болып тұр емес пе?!. Зере әжемізден халық фольклорына сусындап өскен хәкімді, осы қазақ неге сүйеді деген сұрақ көлденең шығады. Ойымызша бұл - өз төл бастауын сүюден келіп шығады.

Қара өлең:

          «Адамның сөйлейді ғой тіл мен жағы,

          Күркірер жігіт күндей барда бағы.

          Сенімен мен тең бе деп күпсіну,

          Белгісі білімсіздік ол баяғы» десе Абай:

          Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы,

          Боқтан сасық боласың өлсең дағы.

          Менімен сен тең бе деп мақтанасың,

          Білімсіздік белгісі ол баяғы.

Ұлы ақын өзінің ұлттық топырағында туады дегенде, қазақ ақындары үшін ең алдымен қазақ өлең-жырының түп атасы болған қара өлеңге уызында жарығандық, өзіндік ақындық жолына негізгі үлгі еткендік ескерілсе керек. Арғы-бергі нағыз ақындар шығармашылығына осы тұрғыдан көз жіберсек бұл ойымыз бұлтарыссыз дәлдене түседі.

Қара өлең:

          «Базарға базарлауға әркім барар,

          Біреу күміс ал біреу алтын да алар.

          Ақша да, алары да көп болса да,

          Кейбіреу босқа алақтап құры қалар».

Абай:

          Базарға қарап тұрсам әркім барар,

          Іздегені не болса сол табылар,

          Біреу астық алады, біреу маржан,

          Әркімге бірдей нәрсе бермес базар.

Бұл шумақтардағы халық өлеңі мен хәкім туындыларындағы өзара үндестікті дәлелдеп жатудың тіптен қажеті жоқ. Қара өлеңнің өн бойындағы аңғартары – қазақ халқының таным-түсінігі бойынша табиғат адамға тәуелсіз. Бірақ адам мен табиғаттың барша болмыс-тіршілігі тек қана бірлікте, үйлесім-келісім үстінде жалғасын табатыны қара өлеңде мейлінше айқын айтылып отырады. Адам табиғатты өзінің мәңгілік «жанды» серігі ретінде қарап, сырласады, мұңын шағады, аялап-әспеттейді, тіптен кейде жалынып-жалбарынып отырады. Қара өлең шумақтарына зейін қойғанда табиғат туралы атаулар, сөз тіркестері, образды ұғымдар сол табиғатты «адамданған», «жанданған» алып тұлғасымен көз алдына елестеткендей болады. Мәселен, тек қана жер бедерінің атауын көктей шолып көрелік: арқа, төскей, шат, қолтық, сырт, табан, бел, мойнақ, шоқтық, мұрыншақ, төбе, көз (қайнар, бұлақ), бет, беткей, бастау, балақ, аяқ (су аяғы), қайқаң, өңір, иық, қаптал, бауыр, бүйір (шет жатқан жер), жон, сауыр, қабырға, бөктер, алқым, иек, қылта, сағақ, қабақ, шықшыт, т.б. Міне, осынау мейлінше мол жер бедерінің атаулары тек қана тіршілік иелеріне тән ұғымдармен аталады. Қоршаған орта, табиғат аясындағы бір тал шөптен бастап, Тәңірінің өзі жаратқандай көк тіреген тауларға дейін баршасының атауы «жанданған». Мұны, әсіресе, топонимдерден айқын көруге болады. Халқымыздың таным-түсінігі, дүниені қабылдау түйсігі табиғи ортаның кез келген көрінісін алдымен белгілі бір жанды бейнеге ұқсатып алып, сонан соң ғана ат қойып отырған. Мәселен, Сарыарқа, Айдарлы, Қызбел, Өгізтау, Бетпақдала, Қарқаралы, Қарамұрын, Айғыржал, Қыземшек сияқты жер аттарының қай-қайсысы да «жанданған» тұлғасымен өзінің қасиет-бітімін көз алдына елестетеді. Сол сияқты «жалаңаш беткей», «сыңсыған орман», «түгін тартса майы шығады», «долданған теңіз», «тулаған толқын», «көк жүзі», «жер беті», «тау етегі», «бойшаң ағаш», «құдықтың бүйірі», «шөптің буыны», «күн көзі», «жұлдыз жымыңдады», «көктемнің қарасы көрінді», «жер бүйірі қызды...» деп келетін сөз орамдарынан табиғаттың «жанданған» тұлғасы ғана емес, сонымен бірге «жанданған» мінез-қасиетін де аңғарамыз. Сондықтан да қазақ жылдың төрт маусымын атағанда «қыс келді», «күз түсті», «көктем туды», «жаз шықты» дейді. Тіліміз бен танымымыздың дұрыс тәрбиесін көрген жан еш уақытта «жаз түсті» немесе «қыс шықты» деп айтпайды. Себебі біреудің екеу болып, жан-жануардың өсіп-өнетін мезгілі көктем болғандықтан «көктем туды» дейді. Жазда шықпайтын жер астында шөп қалмайды, яғни «жаз шықты» дейді. Күзде жиын-терін болмақ, ағаштар жапырақ тастап, өнімін төгеді, сондықтан «күз түсті» дейді. Ал, қыс болса, «Басқан ізі сықырлап келіп қалды» деп Абай айтқандай, сырмалатып-борандатып жеткен соң «қыс келді» дейді. Жылдың төрт мезгілі барша қасиет-көрінісімен, мінез-қылығымен тағы да «жанданған» қалпында бейнеленіп тұр. Тек қана «жанданған» қалпы емес, мұнан әрі сол тілді тұтынған ұрпақ тағылым алып, өзінен-өзі таным биігіне көтеріледі. Әр сөздің мәні дүниетанытқыш қызмет атқарады.

        Бұл орайда, қара өлең бүгінгі таңда адамзат баласын алаңдатып отырған экологиялық апаттың айғақ-нышандарын айтып үрей шақырмайды. Жалпы болмыс құпиясы мен проблемасына үреймен қарау қара өлең табиғатында болмайды. Платон айтпақшы, философия адамдарға қалай өлуді үйретсе, қазақтың қара өлеңі адамдарға қалай өмір сүруді үйретеді. Қайтсе де адам мен табиғат үйлесім тауып, дүние-тіршіліктің шырайы келісетінін жалықпай қайталайды. Сондықтан да қара өлеңнің толып жатқан нұсқалары «ауылымның қонған жері боз бетеге», «Ендеше тау жайлаймын, тау жайлаймын», «Қазығұртты жағалай тас болады», «Тау көрінер алыстан мұнарланып», «Қара Ертіс, қайран өзен Нарын, Күршім», «Көктейді тамыр болса жалғыз терек», «Шүйгін жерге мал жайсаң өрістейді», «Жаз жайлаудың суында жайын семіз...» деп басталып, табиғат туралы бірде сүйсіну, бірде сағыну сезімдері айтылса, енді бірде парыз-қарызы жоқ ақыл-кеңес түрінде ой өрбітеді.

II

Қара өлеңде айтылатын ой ғасырлар бойы қалыптасқан, дәлелдеуді қажет етпейтін ой. Халық айтса қалып айтпайды. Бұл тезис талай өмір сынағынан өтіп, дәлелденген, замана өзі тудырған шындық.

Егер ер жігіт сүйгеніне қосыла алмай, құба жонда құлазып, шарасыз күй кешер болса, оның жүрегін жұбатып, жанына ең алдымен дәру болатын – қара өлең.

Мұндайда:

        Көшкенде жылқы айдаймын белеңменен,

          Қара көк өзі сұлу дөненменен,

        Кеткенде жерің шалғай, әттең, құрбым,

        Жүремін сені жоқтап өлеңменен.

– деп, жігіт қоңыр әнге салар еді. Қоңыр әнге салған соң көкіректі кернеген өксік басылып, сабыр сабасына түсетіні аян.

Немесе ойын-тойға жиналған қыз-бозбала бір сәт тосылып, бірден арқа-жарқа бола кетуді әбес көріп отыратын сәттер болады. Мұндайда ұршықтай үйіріліп қара өлең тағы да көмекке келеді.

         Қарағайлы дегенде қарағайлы,

         Қарағайды көп жылқы аралайды,

        Жақсы-жайсаң осындай бас қосқанда,

        Бекер қарап отырған жарамайды .

–   деп әлдебіреу сызылтып қоя берсе болды, әрі қарай осы бір ауыз қара өлең әсем ән мен тәтті күйдің, жарқын күлкі мен жарастықтықты әзілдің қақпасын айқара ашып тастағандай күй кешесіз.

        Одан әрі қара өлең қыз-бозбаланың қолтығынан демеп, татаусыз шындығымен нандыра еліктіріп, қанаттандырып жібере алады.

        Тақияма таққаным тал-тал моншақ,

        Кер биеге жарасар кер құлыншақ,

        Өлгеннен соң қаларсың қу сүйек боп,

        Дауысыңның барында қалшы-ау шырқап – дейді.

Мұнысына нанасың. Алдау-арбауы жоқ ащы шындықты көлденең тарта отырып, бірден-бір кісілікті қисынға шақырса қалайша нанбайсың?! Нанасың. Нанасың да, мына опасыз жалғанды Адам деген атыңа лайықты етіп өткізу үшін, әндей әсерлі де мазмұнды тірлікке ден қоясың.

Адамның күні – адаммен. Осы тойда бірін-бірі танымайтындар танысып-біліседі, әзіл-қалжыңын жарастырады, бір-біріне үздіге көз сүзіп ғашық болады. Осының бәріне дәнекер, бәріне қолғанат болатын тағы да қара өлең. Егер осы тойда сүйген қызына үздіге көз салып отырған жігітке ән кезегі келгенде:

        Айым да сен, қарағым, күнім де сен,

        Қасқа тісің ақсияр күлімдесең.

        Ай мен күндей жанымда жүрер болсаң,

        Ауыт басып, адасып сүрінбес ем .

– деп шырқап қоя берсе, осы өлеңнің тек өзіне арналғанын қыз да жазбай таныр еді. Жазбай таныған соң, ән кезегі келгенде ол да өзінің сезім-күйін білдірері сөзсіз. Сөйтіп бірер ауыз қара өлең «қызға қырық үйден айтылатын тыйымнан» өтіп, дәстүрлі жөн-жобаны дүрліктірмей-ақ екі жастың жан сезімін жалғастырып кете барады.

         Баспадым жардың шетін құлай ма деп,

          Ішпедім арық суын лай ма деп,

          Жаманмен дос болуға жасқанамын,

          Күн туса ердің құнын сұрай ма деп.

Мұндағы өмір-тіршілік те бір жардың шетінен жүргендей сыры мен сынының мол екені, арық суындай лайсаңға үйір болсаң тәнің ғана емес, жаныңның да азатына осы өлең айтылған сәтіне дейінгі халық тәжірибесінің таныған, бір ауыздан тоқтаған шындығы. Яғни өмір тәжірибесінің ешкімге де күмән келтірмейтін ақиқаты. Сол ақиқатқа мойын ұсынғандықтан да өзіне серік болар досқа ойсыз ұрынбай, жауапкершілікпен қарау керектігін айтып отыр. Өмір ұдайы мамыражай қызық-қуаныштан тұрмайды ғой, қиындық-кедергісі де баршылық, сондай басыңа күн туған шақта әлгі талғамсыз ұрынған досың саған ердің құнын сұрағандай күй кештіреді дейді. Бұл да ақиқат. Алайда, сол ақиқатты жалаң ақылгөйлікпен айтып тұрған жоқ. Образды ойға бағынған силлогизм тәсілімен жеткізіп тұр. Мәселен, А дегеніміз – жардың шеті, лай су – сыры мен сыны мол өмір. В дегеніміз – жаман жолдас – өмірдің көп сынының бір көрінісі. С дегеніміз – өмір сынына тап болып, жаман жолдастың табасына ұшырағаның. Яғни А дегенің өзінен-өзі С болып шығады – жардың шетін бассаң, бірде болмаса бірде опырылып, опат болатының сияқты жаман жолдаспен дос болсаң да опық жейтінің ақиқат дейді. Белгілі ғалым Сәбетқали Ақатаев қара өлеңнің осынау образды-силлогизмнен тұратын ерекшелігін былайша сендіре дәлелдейді.

          Қамыстың ат байладым тармағына,

          Адамның жолдас болма азғанына,

          Адамның жолдас болсаң азғанына,

          Тағдырдың іліндім де қармағына.

«Өлеңнің логикалық сипатын аңғару қиын емес» – дейді С. Ақатаев, – оның сөйлем сайын объектісі мен предикаты ауысып отырғандықтан, әр жолы дербес оймен байланысады. «Қамыстың тармағына ат байлау» – «Жаман адаммен дос болу» – «Тағдырдың қармағына іліну» предикативтік жалғаста тұр (қасиеті бар). Осы үш ойдан тұратын тұжырым – жамандық. Дұрыс адам қамысқа ат байламайды. Қамыс осал, ол ат байлауға жарамайды. Қамыс сылдыры... атты үркітуі де мүмкін. Қамысқа ат байлайтын адамды өлеңнің екінші жолы меңзеп тұр. Ондай адаммен қатар жүруден сақтандырады. Ал егер ондай жағдай болған күнде зұлымдық басқа түскенмен бірдей – силлогизмнен туған жаңа ой: «Ендеше тағдырдың қармағына іліндім дей бер...»

Формальдық логикалық схемаға қандай мағына салып бажайласаңыз да, белгілі бір ақиқатқа келіп отырасыз. Қазақ өлеңі де осыған саяды. Өлең шумағына басқа мазмұн салып байқаңыз. Қандай мағына телісеңіз де, өлең ақиқатты қаузаған бағытынан жаңылмайды.

Қара өлең телегей терең зердемен қабысады. Заттар мен құбылыстардың шығу тегі, адам өмірінің мәні мен мақсаты, тіршілік заңдылықтары, қозғалыс пен тоқырау, даму мен сему, баяндылық пен өткіншілік, кеңістік пен уақыт ағымы секілді іргелі сауалдардың үдесінен шығады. Осы сұрақтарды мәселе ретінде қозғап, оларға жауап беру үстінде өлеңнің шартты авторы ұлттың қолы жеткен барлық рухани игіліктерді мейлінше айқын айғақтайды. Қара өлең – халықтық мәдениеттің көрінісі. Адамның ақыл-ойы жететін тұңғиықта осы өлең жүреді. Оның назары түспейтін болмыстың шеті де, шегі де жоқ, қозғаған мәселесі дүниені басқа аян болған заңдықтарымен қатар қойылып, сыры мен қыры, мәні мен сәні, ортақтығы мен дербестігі, саны мен сапасы, тегі мен ұқсастығы шендестіріле шешімін табады. Заттар мен құбылыстардың жаппай ара байланысын, оның өрбу, тоқырау әлде сему қуатын тыстан іздемей, ішкі болмысынан табу – қара өлеңнің ең машық қасиеті. Қозғалыс пен өзгеріс бірегей заңдылық ретінде қаралып, заттардың төл қасиетінде тіршіліктің қайнар көзі тасаланып жатқанын мегзеп отыру, осыны тұспалдап түсіндіру – қара өлеңнің негізгі мазмұны.

Қара өлеңнің табиғатқа қатынасы сезімдік-поэтикалық қатынас. Қара өлең арқылы қазақ табиғатты кең дүниемен, космоспен астастыра айтады. Сол кең сарай табиғат аясында өтетін өмір, тіршілік біртұтас тұлға танытып, ұлы ырғақпен, ұлағатты үндестікпен көрініс тауып отырады. Кең дүние, табиғат, космос – универсум ретінде Адам – Қоғам –Табиғат үшеуінің тарихи-әлеуметтік тұтастықтағы жалпы атауы.

Адам – Қоғам – Табиғат ұдайы жанды қарым-қатынасқа түсіп отырады.

Кез келген халықтың көркемдік-поэтикалық мәдениетінде уақыт сынынан ерекше сүзіліп орныққан дәстүрлі ерекшелік болады. Көркемдік-поэтикалық мәдениеттің құнарлы өрістерінің бірі фольклор болса, оның дәстүрлі қасиет жүйесін танудың үш түрлі мәні бар. Бірінші, зерттеп отырған объектінің көркемдік табиғатын, мазмұнын және заңдылықтар жүйесін айыру қажеттілігі. Екінші, мәдениеттің жалпы типологиялық мәні мен төл сипатын бажайлау жайы. Үшінші сөз өнеріндегі стильдік заңдылықтарды тану көп ретте текстологиялық проблемаларды шешуге, сөздер мен сөз тіркестерінің семантикасын бажайлауға көмектеседі. Осының қай-қайсысында да стильдік тәсілдерден гөрі стиль қалыптастыратын факторларға мән беріп отыру айрықша қажет. Себебі стиль қалыптастыратын факторлар баяндаудағы, ой жеткізудегі тілдің табиғатындағы, төл болмысындағы қасиеттер заңдылықтары. Мұның өзін күрделі эпитетика, көркемдік үлгілер, поэтикалық айғақ («репрезентатив»), образды астар сияқты алан саламен тарата талдауға болса, осылардың ішінде образды астар, образды емеурін проблематикасы қазақ сөз өнерінің оқшау сипаты ретінде назар аудартады. Әсіресе, қазақтың қара өлеңіндегі силлогизммен өріліп шығатын поэтикалық бейнеліліктің негізгі сипаты деп емеурінді, астарды, жұмбақтауды, тұспалдауды, ымдауды, оспақтауды, долбарлауды, меңзеуді айтуға болады. Бұлардың баршасы бүкіл өмір салтымызды, таным-түсінігімізді көктей өтіп, өнер тілінде, моральдық-этикалық қарым-қатынас орайында аяқ аттаған сайын кездесіп отырады. Жай ғана кездесіп қоймайды, халқымыздың төл бітімді психологиясын қалыптастыруға, салт-дәстүрімізді сабақтауға, әсіресе, образды-символикалық зердемізді шыңдауға айрықша ықпал еткен, қазір де бұл міндетінен танған жоқ. Қара өлең уақыт, заман тынысын танытып, сол уақыт, заман туралы халықтың ой-ниетін, арман-аңсарын білдіруге келгенде нәрестедей шыншыл. Қоғамның лүпілдеп соққан жүрегі сияқты қара өлең уақыттың, заманның әлеуметтік идеалын алдымен танытып отырады.Бұл орайда, қара өлең адам қоғамының барша өмір салтының, салт-дәстүрінің, моральдық-этикалық нормаларының, сұлулық туралы таным-түсініктерінің, сезім-күйлерінің поэзиялық үлгідегі энциклопедиясы немесе галериясы сияқты.

       Дүние қудым сені жалықпай-ақ,

       Судағы ұстатпайсың балықтай-ақ.

       Көрсетіп бірде алдыңды, бірде артыңды,

     Қойдың ғой дидарыңды танытпай-ақ –деген жолдары басы жұмыр пендеге бір-ақ рет берілер жарық дүниенің барша тылсым сырын білгісі келіп шарқ ұрған, шарқ ұра жүре тұрып өмірдің ащылы-тұщылы дәмін татқан адамның сергек санасын танытса;

        Жолықсаң біздің жақтың тентегіне,

        Өмірдің қарамайды келтеңіне,

        Қонаққа жалғыз атын сойып берер,

        Жүген ұстап қалады ертеңіне –деген шумақ көшпелі өмір салттың өмір сүру тәсіліне айналған салт-дәстүрін, одан ары ұласып тұтас этиникалық рәсімнің орныққан нормасын білдірсе:

       Бойың түзу мылтықтың теміріндей,

       Көзің қара ағаштың көміріндей

       Жалғызбен бір болған жалғыз сәтің,

      Жаманның өтіп кеткен өміріндей –деген жолдары әрі қазақ қызының бітім болмысына тән ортақ сұлулық образды теңеумен тап баса елестетіп, әрі жақсы өткен жалғыз сәттің жаманмен өткен ғасырдан артықтығын тағыда халықтық талғам-түсінік тұрғысында жеріне жеткізе айта білсе;

       Ауылым көшіп барады таудан асып,

       Таудан асқан бұлттармен араласып,

       Алыс ұзап кеткенде, беу, ғарағым,

     Ақ қағазбен жүрейік амандасып –деген шумақта туған жердің құдірет табиғатын, сол табиғаттың бел баласындай адамдарын, олардың көшпелі өмір ырғағындағы сағыныш сәлемдерін көрсетсе;

       Белбеуім белімдегі он екі кез,

       Шетіне әсемдікпен салдырдым жез,

       Жолымды құдай менің оңдайды екен,

       Жанына жақсылардың келіппін кез –деген жолдар әлдеқашан ұмыт болған киім үлгілерінің жалт етіп жанар тоқтатар этнографиялық бір айғағындай, назар аудартса;

       Қағаздың қасың сұлу сиясындай,

       Тоғайдың мойның ұзын миясындай,

       Қолымды қайтсем саған жеткіземін,

     Сұңқардың жатқан жерің ұясындай – деген шумақ қыз көркіне үздігіп отырған жігіт былай тұрсын, сол сүреттей сұлулыққа өзгені де күмәнсәз сендіре алса; сендіре отырып көрікті қыздың оңай олжа, жеңіл сауға бола қоймайтынын қиядағы сұңқардың ұясына теңеп бір гәпті сездіріп қойса; одан әрі, бәлкім, жігіттің шыққан жері сай келмей ме екен, әлде қолы қысқалықтан мұратына жете алмас па екен дегізгендей тыңдаушы-оқушысын тіптен қобалжыта түседі. Осы орайда «қара өлеңнің алғашқы бір немесе екі жолы негізгі айтар ойдан бөлек тақырыпты қозғайды, кейде түсініксіз сөз тіркесі болып келеді» дейтін бұрынғы-соңғы ой жосығының осынау бір рухани асыл қазынамыз туралы шұғыл қайырылған пікір екеніне тағы бір көз жеткізуімізге болады.

(Жалғасы бар)

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?