Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сара Есова - әйелдер құқығы үшін күрескен алғашқылардың бірі

2958
Сара Есова - әйелдер құқығы үшін күрескен алғашқылардың бірі - e-history.kz

Көпшілік үшін Сара Есованың есімі оның күйеуі, 1937-1938 жылдардағы сталиндік қуғын-сүргін құрбаны болған Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы, Ораз Исаевпен байланысты

Ал, Сара Есова алғашқы комсомол және журналист қыздардың бірі болып саналады, оған «Отанын сатқанның әйелі» деген таңба тағылса да, елдің Орталық мемлекеттік музейін басқара алған жан. Qazaqstan Tarihy порталы Қазақстандағы әйел құқығы үшін күрескен алғашқылардың бірі болған Сара Есова туралы баяндайды

Сара Есова 1903 жылы Қызылорда облысының Қара шеңгел ауылында балықшы Сәтбай мен оның жары Ажардың отбасында дүниеге келгені белгілі. Алайда, Сәтбайдың Ес батырдың баласы және XVIII-XIX ғасырларда Хиуа мен Қоқан хандықтарына, Ресей империясына қарсы шайқасқан атақты Ақтан батырдың немересі болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Сараның отбасы үлкен болған. Сәтбайдың бауырлары Дүйсеғали мен Өтеғалидың үйлері бұларға көрші тұрған, үш отбасына ортақ екі сиыр, бір жылқы мен бір есектері болған. Сарадан басқа Ерғали, Мариям және Тұрсын деген тағы үш баласы бар отбасының материалдық жай-күйі мәз емес еді, сол себепті де отбасы Қазалы уезінің Итемген деген ауылына көшеді, бұл жерде отағасы алдымен балықшы болып, кейін қарапайым шаруа болып еңбек етеді. Сара алтыға толғанда отбасы Түркістан теміржолының бойындағы Соло төбе станциясының маңына барып қоныстанады, бұл жерде Сәтбай Нарзулла Раджибаев деген өзбектің дүкенінде жұмыс істейді, ағайынды Раджибаевтар сол ауылда мектеп те ашқан екен. Бір жылдан кейін, жеті жасқа толған Сара осы мектепке оқуға барады. Мектепте Сара 1915 жылға дейін оқиды да, одан әрі Орынбордағы «Бағбустания» деген атпен танымал әйелдерге арналған татар училищесіне оқуға барады. Училищенің негізін қалаған татар педагогы Багбустан Мукминова. Оқу оқыған төрт жылдың ішінде Сара Есова ислам негіздерін, татар және орыс тілдерін, арифметика, қолөнері, тарих, география және жаратылыстану ілімдерін меңгереді. 

1919 жылы Сара училищені бітіріп, Ақмешітке оралады да, бастауыш қазақ-татар мектебіне мұғалім болып орналасады. Сол жылы жас қыз комсомол мүшелігіне өтіп, социализм құрылысына ден қоя араласып кетеді. Оның басшылығымен өңірде панасыз қалған балаларға арналған интернаттар мен балалар үйлері салына бастайды, олардың қажеттіліктеріне арналған қаражат жиналады, Сара өзі алыстағы ауылдарды аралап, жергілікті әйелдерге көпәйелалушылық және қыздарды қалың малға сатумен күресудің маңыздылығын түсіндіреді. Бұл жолда оған Алма Оразбаева, Нағима Арықова, және Мәдина Бегалиевалар көмектеседі, бұларды кейін Қазақстандағы әйелдер қозғалысын ұйымдастырушылар деп атайды. Осы әйелдердің көмегімен Қызыл киіз үйлер тігіліліп, сол жерде әйелдерге құқықтық мәселелер бойынша кеңестер беріледі, сауатсыздықты жою бойынша жұмыстар жүргізіледі, тіпті медициналық көмек те көрсетіледі. Бұл жұмыста оларға, әсіресе комсомол Ғани Мұратбаев көп көмектеседі. Осы кісінің арқасында Есова журналистикаға келеді. Ғани Мұратбаевты Сара Есова былай деп еске алады: «Ғани тек қоғам қайраткері ғана емес, сонымен қатар ол өнер қайраткері де болды. Ол әнді қатты жақсы көретін, өзі де әнді жақсы айтатын. 1921 жылы, Орынбордағы Қазақстан комсомолының І съезі кезінде, Ғанидың тапсырмасы бойынша біз Ерғали Алдоңғаровтың үйінде көркемөнерпаздардың үлкен кешін ұйымдастырдық, бұл кешке Александр Затаевичті де шақырдық. Сол жылы Затаевичке Ғани Мұратбаевтың, Ерғали Алдоңғаровтың, Алма мен Мәдина Оразбаевалардың әндері қатты ұнады. Затаевич тіпті Ғанидың орындауындағы «Дудар-ай» мен «Қатын жырау» өлеңдерін «Қазақ халқының 1000 әні» жинағының бірінші томына енгізді»

1920 жылы Сара Есова коммунистің партия билетін алады да, Ғани Мұратбаевпен бірге Түркістанда Комсомол ұйымының орталық комитетінде жұмыс істей бастайды. Екі жылдан кейін, 1922 жылғы күзде, партияның жергілікті облыстық комитетіне мұсылман қыздары арасында жұмыс ұйымдастыруға көмек қажет болғандықтан, Сараны Жетісуға жолдайды. Бұл жерде Есова кітапхана, мектептер мен халық үйлерін ашып, жергілікті әйелдерді өңірдің саяси жұмысына тартуға тырысады. Сара Есова Совет үкіметінің алғашқы жылдарында қазақ әйелдерін азат етуде олардың осы уақытқа дейінгі өмір салты үлкен кедергі, олардың бұндай өмір салты әйелді қоғамның тең құқылы мүшесі ретінде санайтын советтік қарым-қатынасқа толығымен қарама-қайшы деп санады. Ол бұл тәжірибені патриархалдық-рулық және феодалдық қатынастардың сарқыншағы деп атады, оны жою әйелдердің өздерінен білім алу бойынша ұзақ әрі ыждаһатты жұмысын талап етті. Ол әйелдер арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді, Қарақалпақ автономиялық облысында, Сырдария мен Алматы округтерінде әйелдердің құқықтары үшін митингілер ұйымдастырды. Жетісу облыстық комитетінде жұмыс істеп жүрген кезінде С.Есова журналистикаға әуестенеді. 1923 жылы ол «Тілші» газетінің жауапты редакторы, екі жылдан кейін араб тілінде шығатын «Теңдік» газетінің, казкрайкомның «Әйел теңдігі» журналының редакторы болады, ал 1924 жылдың басында «Жетісу әйелі» газетінің жұмысын басқарады. 1929 жылғы ақпанда Сара Есова Білім беру саласы жұмысшылары одағының республикалық комитетінің төрағасы болып сайланады. Бұл лауазымды ол 1932 жылғы қазанға дейін атқарады. Бұл кезде ол Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Ораз Исаевпен тұрмыс құрған еді. Ол жолдасының істеріне жиі көмектесетін: Қастеевтің айтуынша, 1930 жылы Исаев оған 1000 рубль береді, бұл қаржыландыруға өтінішті Исаевтың қабылдау бөлмесінде отырған оның хатшы-референті әрі әйелі Сара Есова машинкада басып, даярлап береді. Үш ай өткеннен кейін Әбілханға тағы да екі мың рубль береді: Әбекеңнің өзі айтқандай, осы ақшаның арқасында ол үйлену тойын жасап, Сақыш Қастеевамен тағдырын қосады. О. Исаев пен Т. Жүргеновтің қамқорлығын Қастеев ешқашан ұмытқан емес. Қырық жылдан астам уақыт өтсе де, өзінің 60 жылдығын тойлау кезінде осы мерейтойға қатысып отырған Сара Есоваға және олардың басқа да туыстарына қаратып, жоғарыда аталған көрнекті мемлекет қайраткерлеріне деген ризашылығын тағы да білдіреді.

1932 жылы, екінші баласына екіқабат Сара Есованы Марксизм-ленинизм институтында оқу үшін Алматыға жолдайды. Онда ол КСРО халықтарының тарихы пәнінің оқытушысы мамандығына оқиды. 1937 жылы институт бітірген Сараны Қазақ педагогикалық институтының жалпы тарих кафедрасын басқаруға жібереді. 1937 жылғы күзде Сара Есова алғаш рет сталиндік репрессиялармен бетпе-бет ұшырасады: оны Казкрайком хатшысы Ізмұхан Құрамысовқа қатысты түсінік беруге тартады. Ол чекистердің қысымынан қорықпай, «контрреволюционер» Құрамысовты «саяси сауатты және жігерлі партия қызметкері» деп көрсеткен екі адамның бірі болады. Алайда, көп уақыт өтпей өзіне де «контрреволюционер» кебін киюіне тура келеді, оны да революцияға қарсы деп айыптайды. Бұл 1938 жылдың жазында, жұбайы Ораз Исаев тұтқындалғаннан кейін, бірнеше күннен соң орын алған оқиға еді. Тұтқындалғанына үш айға жуық уақыт өткеннен кейін, 1938 жылғы 29 тамызда Ораз Исаевты атады, ал Сара тоғыз ай тергеуде болады. Сара Есованың тұтқындалғанына Лениннің жесірі Надежда Крупскаяның қарсылық білдіргені белгілі. Ол тіпті Есованың ісі бойынша Сталинге де жүгінген деп та айтылып жүр. Тоғыз ай тергеу барысында чекистер Есованың күйеуінің контрреволюциялық ісіне қатысы барын дәлелдей алмайды, сөйтіп 1939 жылғы 9 наурызда Сара Есова босатылады. Алайда, ақталып шыққанымен Есова оқытушылық жұмысына қайтып орала алмады. Күйеуінің қазасынан кейін ол отбасының негізгі асыраушысы болып қалады, өзінің он және төрт жастағы екі ұлынан басқа, кәрі анасы мен інісі Тұрсын да Сараның қолында болатын. Босап шыққаннан соң екі айдан кейін Сара Есова Орталық мемлекеттік музейге ғылыми қызметкер болып орналасады, одан соң тарих-революция бөлімінің меңгерушісі болады. Соғыс аяқталғаннан кейін, 1947 жылдан бастап директордың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, ал 1955 жылы музей директоры болады, осы лауазымда он жеті жыл бойы қызмет етеді. Есованың бұдан кейінгі өмірі музеймен байланысты болды деп айтуға болады. Есова алғашқылардың бірі болып елімізде музей қорларын жинақтаудың ғылыми принциптерін енгізді дейді әріптестері. Оның тікелей қатысуымен елімізде этнографиялық және тарихи материалдарды жинау бойынша ірі экспедициялар ұйымдастырылып, жиналған жәдігерлер кейін 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде көрсетілген. Оның бұл жұмысы партиялық номенклатура тарапынан жоғары бағаланып, бір жылдан кейін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Әріптестерінің есінде Сара Есова адал, турашыл, жарқын жанды адам ретінде қалған. Райхан Қосмамбетова: «Оның есте сақтау қабылетіне көпшілік таңғалатын. Жетпіс жасында ол Блоктың «Он екі» поэмасын жатқа оқитын. Есенинді, Блокты ерекше жақсы көретін, өте көп өлең білетін. Іссапардан қайтып келе жатып, жолдан әбден шаршағанда Сара Сәтпайқызы бізге жатқа өлең оқитын. Ешқашанда жаңылмайтын, Алматыға жеткенше оқитын»

Сара Есованың өмірін зерттеушілер, 1982 жылы 52 жасында дүниеден өткен үлкен ұлы Нұрланның өлімі оған қатты соққы болды дейді. Екі жылдан кейін, 1984 жылғы 15 сәуірде, Сара Есова да бақилық болды.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?