Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әліби Жангелдин – жер шарын айналған қазақтың тұңғыш саяхатшысы

7506
Әліби Жангелдин – жер шарын айналған қазақтың тұңғыш саяхатшысы - e-history.kz
Биыл қазақ баласының жер шарына саяхат жасағанына 105 жыл толмақ

Әліби Жангелдин 1884 жылы Торғай уезі, қазіргі Қостанай облысындағы Қайдауыл жерінде дүниеге келді. Әкесі орта жүздің қыпшағынан шыққан жалшы болатын. Отбасында 8 бала болды: үш ұл, қалғандары қыз бала. Өздері кедейшілік жағдайында өмір сүрді. Ерте жастан бастап Әліби білімге ұмтылғанымен, оның тұрған жерінде мектеп болмады. Бір күні Торғай кәсіптік мектебінің мұғалімі ауыл үстінен өтіп бара жатып, Әлібимен кездесіп қалды. Қолөнер мектебінің мұғалімі оның есте сақтау және тез үйрену қабілеттерінің жақсы жетілгенін байқап, мектепке шақырады. Әліби өзінің әкесімен мектеп туралы және білім алуға деген құштарлығы туралы сөз қозғағанда, ол баласын тыңдағысы да келмеді. Жас бала үйден қашуға бекінді және соған ыңғайы келетін сәтті күтті де. Көрші ауылдан Торғайға қарай бет алған керуенмен кейін жасырын ілесіп кетіп қалды. Торғайдан өзі аулында кезіктірген Ахмет Балғамбаев деп аталатын ұстазын кезіктірді.

Ол орыс тілінде білім берілетін қолөнер мектебіне меңгерушілік ететін. Осылайша болашақ саяхатшы сауаттылыққа үйрене бастады.

Оның туған ауылынан тысқары жатқан елді-мекендерде не болып жатқанын, Ұлы Даладан шалғайдағы адамдардың тыныс-тіршілігін тануға деген өшпейтін құштарлығы, құпия, ақиқатты іздеудегі қателер мен адасулары оны ерте жастан-ақ дін жолына алып келді. Кейін, үлкен қала атмосферасында (Қазан, Мәскеу), әр түрлі топтағы жастар ортасында жаңаны іздеу үстінде жүрген ол үнемі ескіні қабыл ала алмады, өткір мінезділік пен қайнаған күш-қуат Әлібиді жер шарына саяхат жасау туралы авантюралық шешім қабылдауына алып келді.

Далалық өлкенің болашақ төтенше жағдайлар комиссары Ә. Жангелдин өзінің батылдығы мен әрекет жасаудағы қайраттылығынан бұрын-соңды болып көрмеген жағдайды бастан өткерді – әлемнің жартысын шарлаған бірінші қазақ болды. Осы саяхатында тек өзінің тағдырының тәңірі туралы ғана емес, сонымен қатар өз елінің билеушілері туралы көзқарасы қалыптасып келді. Әліби астамдық пен байлық, қайыршылық пен кедейлік, бассыздық пен әділетсіздікпен қатар қадам басқан мына әлемнің қаншалықты ауқымдылығын және әр түрлілігін таныды. Туған өлкесіне көзқарасы мен пікірін қалыптастырып, өзіне мол сенім жинап, көпті көрген дана болып оралды. Әліби өзінің тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін, жақсы өмірге ұмтылыс үшін күресу керектігін ұғынды.

Саяхат туралы бірер сөз...

f6d33741f2a9ab6ffe4e82aa06d4c815.jpg

Әліби Жангелдиннің жер шарына саяхаты кезінде

Ол жер шарына жаяу саяхат жасайтындығы және өзіне сапарластар іздейтіндігі туралы хабарлама жариялады. Нәтижесінде үш адам үн қатты: Самарадан жаратылыстау мұғалімі Пламеневский, Петербургтен инженер-технолог Полевой және Мәскеу коммерциялық училищесінің ұстазы Коровин. Бірнеше күн өтті. Топ бір-бірімен хат алмасып, бір жерге жиналды. Олар күш-жігері тасыған жастар болатын. Содан көп ойланбай, 1910 жылы Мәскеуден Петербургке жаяу жолға шықты. Петербург қаласына дейін олар жиырма күн жүрді. Онда олар төрт күн тұрақтады. Оларды петербургтықтар суретке түсіріп, газет беттеріне жариялады, олар ары қарай саяхатын жалғастыруға шыққанда, Петербург тас жолы бойымен бес шақырымдай бірге жүріп шығарып салды.

22a5d90fe01882800796b8675db77b59.jpg

«Прага Пресса» газеті, 1936 жылдың 5 қарашасы 

Саяхатшылар күніне қырық-елу километрден жүріп өтетін. Бастапқы кездері олар асықпай, өте баяу жүрді, кейін жүруде шынығып алып, адымын алшақтатты. Азықтануға қаражат табу үшін, жол бойында ақылы кештер ұйымдастырып, дәріс оқыды. Халық оларды барлық жерде құптап, оң шыраймен қарсы алып жатты. Соңында Әліби шекараға түскенінде, адамдар Әлібидің портретімен мыңдаған карточкаға тапсырыс бергендіктен, ол өзінің фотоаппараты арқасында тамағын тауып жеді. Жолаушылардың аса маңызды спорттық мақсаттары да болмады. Оларға күн көру үшін, қаражат тауып, жай ғана шекараның арғы бетіне қоныс аудару емес, әр елді аралап олардың қонақжайлылығын көру қажет болды. Жер шарына саяхат төрт жылға жуық жалғасты.

5f66e52dde49b3334ebeded5caf9dc29.jpg

640eaff1fd8aadcb731d2abcd3d6d7cf.jpg

1b70f21892454031d26c54cd232dc454.jpg

45796026f552da0c7f45784ee82dc86d.jpg

«Мен фотоаппаратпен теңіз және темір жолдарымен өткенімді есептемегенде, он екі мың километр жолды жаяу жүріп өткен екенмін. Күндізгі уақыттары өзім өткен жолдардағы орындарды суретке түсірдім, түнде оларды шығаратынмын. Жүріп өткен жолымда дәріс оқыдым, баяндамалар жасадым, фотосуреттерімді саттым, яғни осымен өмір сүрдім. Польша, Австрия-Венгрия, Сербия, Болгария, Түркия, Сирия, Палестина, Африка, Египет, Абиссиния жерлерін жүріп өттім. Қайтар жолымда Араб түбегін, Месопотамияны, Парсыны, Үндістан, Цейлон аралын, Малайзия архипелагын, Сиам корольдігін, Аннам, Қытайдың оңтүстік бөлігін, Формоз аралы арқылы оралдым. 1912 жылы Жапонияда болдым. Таяу Шығыстағы Түркияда болғанымда, маған түрік тілін меңгергендігім үлкен көмек болды. Үндістанда аристократтар көбіне ағылшын тілінде сөйлейді, ал үнді тілі – шаруалар шоғырының ғана тілі екен. Түркияның, Аравияның, Ауғаныстан, барлық Таяу Шығыстың интеллигенциясы түрік тілінде сөйлейді. Шет елдерде болғанымда, барлық елдерде үш тілдің арасында өзара бәсекелестік орнаған. Бұлар: ағылшын тілі, неміс және француз тілдері. 1911 жылы 7 маусымда Астрабад, Керманшах арқылы мен Персия астанасы Тегеранға келдім. Аяғым Парсы жеріне тигенде, жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Анау таулардың арғы жағында туған далам жатқандай сезіндім. Отбасым, туып-өскен қазақ құмдары еске түсті», – деп жазады Әліби өзінің кітапшасында.

Оның жер шарына жасаған саяхаты «Жер шарын саяхаттаушы Н. Степанов» кітапшасында сақталған. Бұл оның революциялық лақап аты болатын. Кітапшада «Николай Степанов, ол – Әліби Жангелдин» деп жазылған. Бұл кітапша олардың жүріп өткен жерлеріндегі астаналар мен ірі қалаларда тіркелу мүмкіндігін беріп отырды. Мысалы Варшавада 1910 жылы 18 тамызда Польшадан шыққанда: «Путешественник вокруг света пешком с целью научного образования без средств Николай Степнов /Али-Бей Джангильдин/ вышел из Варшавы 18 августа ст.ст. 1910 года» деп жазылған. Онда Әліби болған барлық елдер мен қалалардың орыс генералдары консулдарының белгілері қойылған. Қойылған қолдар сәйкес мөрлерімен бекітілген екен. Әліби: «Бомбей муниципалитетінің бедерлеп басылған мөрі ерекше қызық. Бұл мөрлерге қарап отырып, барлық ондағы елдер мен қалалар атауларының жазуын оқып отырып, сол жерлер бойынша қайтадан шексіз-шетсіз қиялмен саяхат жасайсың», – деп жазады. Шекараның арғы жағынан оралған Әліби өзінің туған жері — Торғай облысына келді. Өзімен бірге «Көк» деп аталатын кинематографиялық аппаратын алып келді, аппарат сол уақытта ғана шыққан еді. Аппаратымен бірге ол 40 ораулы таспа алып келді. Олардың мазмұнына Испания, Үндістан, Қытайдың порттағы жұмыскерлерінің өмірлері арқау болған. Онда осы адамдардың өмірлері туралы және оларға ағылшындар мен америкалықтардың қарым-қатынастары айтылған.

Әліби – кездейсоқтықтың өзі жастық шағының өзінде көрінген, өзінің арманының жолында мұғалімімен бірге үйінен қашып шыққан қайран қаларлықтай ерекше адам. Ол Жер шарының тұңғыш қазақ саяхатшысы, тұңғыш қазақ кинодокументалист-зерттеушісі, қазақ туризмінің негізін қалаушысы, рухани күші мен қуатын жия отырып, халық әндерін домбырада үніне салып, нақышына келтіре орындаған икемді және дарынды келген талап иесі, мәдениет ұйымдастырушысы болып қалыптасты.

Ұлы Шыңғыс Жангелдиннің әкесі туралы естелігі...

«50 жылдардың бас кезіндегі бала күнімдегі әкеммен бірге отанға жасаған сапарымыз есімде қалыпты. Маған барлығы жоғары ықыласпен қарады. Мен қалалық бала болатынмын және дастархан үстінде ақсақалдардың бірі асату батасын беру ретінде әйтеуір бір астан кішкене ұсынғанында, мен бір сәтке сасып қалдым: басқа адамның қолынан тағамды қалай алу керек? Алайда әкемнің назарын көзіммен шалып, оны құрметпен қабылдау керектігін ұғындым да, бой ұсына ауызымды аштым. Және соңғысы, балалықты еске алудағы жадыма қалғандардың бірі: әкемнен Амангелді Имановқа ескерткіш ашуды өтінді. Ашылу салтанатында ол өзін нашар сезінді, алайда сонда да мені өзімен бірге алып барды. Біз қатар тұрғанбыз, әкем қолымнан мықтап ұстап тұр. Мен осының барлығы тезірек аяқталса екен деп ойладым, оған тұрудың өзі ауыр екендігін сезіндім. 1953 жылдың тамыз айында әкем орнынан тұрмады, онымен қош айтысу Абай атындағы опера және балет театрында өтті. Көп адам болды, көпшілігі жанымнан бірдеңе айтып, басымнан сипап өтіп жатты. ҚазССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Даниял Керімбаев келді, барлық лек Ташкент көшесінің бойындағы орталық зиратқа жылжыды. Даниял Керімбаев жол бойы бізбен бірге жүріп отырды. Осы зиратта әкеммен қатар анамды да жерледі».

b8aba49838f6d59686a76603c0cb9de8.jpg

Ерлі-зайыпты Жангелдиндер ұлдары Әли және Шыңғыспен бірге

Алматы қ. 1940 ж. Ш.А. Жангелдиннің отбасылық мұрағаты

32b1f81baffa93fd24b1ad42e8513cba.jpg

Ерлі-зайыпты Жангелдиндер ұлдары Тәңірберген, Шыңғыс, Әли, Темірлан, Раухатпен бірге

Алматы қ. 1946 ж. Ш.А. Жангелдиннің отбасылық мұрағаты

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасына мұрағат материалдарын ұсынғандығы үшін алғысымызды білдіреміз.

Мирас НҰРЛАНҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?