Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Көшпенділер өркениеті»: Сандықтың сіз білмейтін сыры көп

5108
«Көшпенділер өркениеті»: Сандықтың сіз білмейтін сыры көп - e-history.kz
Сәкен Сейфуллин: «Сыр сандықты ашып қара, Ашып қара, сырласым. Сым пернені басып қара, Басып қара, жырласын!»

Көшпенділерге қолайлы жиһаз 

Қазақ тұрмысында ерте кезден пайдаланылып келе жатқан ең ежелгі жиһаздың бірі – сандық. Көшпенді халық сандықтың ішіне киім-кешектер, дүние-мүлік, ас-ауқат сақтап, үстіне көрпелерді жинаған. Ал, кейбір сандықтың түрлері керует ретінде де пайдаланылған. Көші-қон науқанында сандықты арбаға, түйеге немесе атқа жегу қолайлы болған. Сандықтың аузы көп жағдайда құлыптанып тұратын. Оған ішкі құлып немесе аспа құлып орнатылған. Сандықты жерге қойғанда түбін дымқыл тартпау үшін астындағы төрт жағына ағаштан аяқ орнатылған. 

0e758f5d9906a02942dec13ea405eaeb.jpg

Сандығы көп ауқатты отбасы

Салт-дәстүріміздегі сандықтың рөлі 

Сандық – қазақ халқы үшін қалыңдық жасауының ажырамас бөлігі. Қыз ұзатылғанда киім-кешегі, әшекей бұйымдары мен дүние-мүлкі сандыққа салынып, бірге жіберілген. Сондай-ақ қалындықтың артынан баратын көрпе-төсек сандықтың үстіне жиналған. 

Қыз үйінен ұзатылып, құтты жерге қонған кезде «Сандық ашар» рәсімін өткізген. Бұл – қазақ халқындағы ежелгі жоралғылардың бірі. Келін түскенде оның сандығына арнаулы мата салынады. Ол тойға қатысқан әйелдердің бәріне жыртылып таратылады. Жұғысты болсын деген ниетпен таратылатын «жыртыс» кәделі сый болып есептелген. Келіншектер жыртыстан құрақ көрпе тіккен.

9878c21c91187766a434a71dcaee0f31.jpg

Сандық жасау – ерекше шеберлік
 

Шеберлер сандықты қайың, қара тал, емен ағаштарының сүрегінен ойып жасаған. Сырты темірмен, мыс жапсырмамен, қатырма ою өрнектермен көркем етіп безендірілген. Сандықтардың көлемі тұрмыста қолданылуына қарай әр түрлі болған. Кіші сандықтар 30-60 сантиметр болса, үлкендері 60-120 сантиметрге дейін жетіп,ішінде сақталатын затқа қарай, арнайы атауы да болған. Мысалы, шай мен сары май, нан сақтайтын сандықты «шай сандық» десе, киім-кешек, маталарға арналғанын «мата сандық», ал ең үлкенің «жүк сандық» деген екен. 

Ежелгі бабаларымыз жалғыз сандықтың өзін өрнектермен нақыштап қана қоймай, зергерлік өнердің әр түрлі әдістерін пайдалана отырып, алтын, күміс басқа да небір құнды асыл тастармен өрнектеген. Ондағы әшекейлердің байланыстары өте күрделі. Шеберлер ағаш бұйымдарын көбіне сүйек пен әрлеген. 

Оңтүстікте сандықты бояумен сәндеу, ою жүргізу басымырақ болса, солтүстік, орталық, шығыс өңірлерде түсті металдармен безендіру жиі кездеседі. Ал, батыста бедерлеп ою ойылып, қосымша түрлі-түсті бояулар жағылып көркемделеді екен. Бүгінде сандықпен қыз жасауын арнайы алып бару дәстүрі еліміздің көп аймақтарында сақталған. Сол себепті ұсталар сандық жасау дәстүрін жалғастырып, үйлесімді етіп бесік те жасап береді. 

bd896670ab002340844e0fff90b70931.jpg

Сандық Мысырда пайда болған 

Сандық өз тарихын тереңнен алады дейді. Тутанхамонның қабірінен табылған ежелгі сандық бұл жиһаздың Ежелгі Мысырдан бастау алғанын дәлелдейді. Оның сыртында соғыс пен аңшылық кезіндегі суреттер бейнеленіпті. Кейін келе Еуропаға да тез тарап, итальялықтар оны «кассоне» десе, ежелгі римдіктер «арок» деп атаған. Аты басқа болғанымен, сандықты барлық жерде зат сақтау үшін пайдаланғаны анық. 

9b6c06584e10dd94110e22857c55a517.jpg

Сандықтың түрлері 

Жағылан – сандықтың көне түрі. Қазақ даласында ХVІІІ-ХІХ ғасырда кең тараған. Киім-кешек басқа да бұйымдарды ішіне салып қояды. Оның негізі жұқа тақтайлардан құрастырылады, сырты түгелдей былғарымен қапталады, бет жағы ғана әр түрлі әдіспен көркемделіп, ұзындығы 60-70, ені мен биіктігі 30-35 сантиметр болады. Сыртындағы былғарыға қошқар мүйіз, қос мүйіз, сыңар мүйіз сияқты ою-өрнектер жүргізіледі. Жағыланның бетінің дәл ортасынан дөңгелек, екі шетінен жапырақ тәрізді дөңес көздер көксауыр былғарымен ойыстырылады да, төрт бұрышындағы дөңгелек жұлдыз тәрізденіп бастырылған өрнектің ортасына күміс көздер орнатылады. Кейбір жағыландар қызғылт былғарымен де қапталады. 

Әбдіре (абдыра) – зат сақтайтын үлкен сандық. Сыртын қаңылтырмен әшекейлеп қаптап қояды. Этнографтар абдыра сөзін түркі тілінде «абық», «абыт» (бірдеңені «тығу», «жасыру») сөзінен шығуы мүмкін деп те жорамалдайды. Қазір де әбдіре-сандықтың түрлері жасалып, тұрмыста қолданылып жүр. 

Қолсандық – ұзатылатын қыздарға арнап жасалатын, киім-кешек, әртүрлі заттар салынатын бұйым. Ол бұрындары қыз жасауының құрамына кіретінді. Көлемі шағын, ұзындығы 45-50 сантиметр, ені 20-30 сантиметр, биіктігі 15-20 сантиметр болып келеді. Ағаштан жасалып, бір түсті бояумен сырланады. Сән қуған адамдар оның беттеріне нұсқалы, бедерлі оюлар ойғызған, түрлі-түсті бояулармен сан қилы ою-өрнектер салғызған. Оны жасатқанда неше түрлі шұға, асыл тастар, сүйек пен күміс әшекейлермен де безендірткен. 

Бөгіребас – кесе, аққұман тәрізді үй әбзелдерін салуға арналған сандықтың түрі. Көлемі бойынша, өзге сандықтарға қарағанда кіші болады. Оны төрт тағанға тақтай құрастырып, сыртын өрнектеп бояп жасайды.

f9e426ce1a573fb0473c34bf57fc2d47.jpg


Сандық — сыр мен құпияның, адамның ішкі сарайының символы 
Бұл орайда, Сәкен Сейфулиннің «Сыр сандық» өлеңінен үзінді келтірудің өзі жеткілікті. 

Бір сандық бар емес түрде, 

Емес түрде көрнекті. 

Бір түкпірде беті перде, 

Беті перде өрнекті. 

Бір сандық бар, ол сандықта, 

Ол сандықта бір сандық. 

Сырдың кілті қол сандықта, 

Қол сандықта сыр сандық. 

Сандық іші қызыл-жасыл, 

Жасыл жібек перделі. 

Толған қымбат сақтаулы асыл. 

Асыл сым бар пернелі. 

Сұлу жандық сұлу сүйген, 

Сұлу сүйген сыршылым. 

Жібек талдап түйін түйген, 

Түйін түйген түршілім. 

Сыр сандықты ашып қара, 

Ашып қара, сырласым. 

Сым пернені басып қара, 

Басып қара, жырласын! 

Сұлу сымда перне әуені, 

Перне әуені жыр айтар. 

Көңіл ашар тербеу әні, 

Тербеу әні сыр айтар. 

Шыққанбыз дос, шыңға талай, 

Талай сырды ойланып, 

Ақтарарлық алтын сарай, 

Алтын сарай қойманы. 

Дайындаған Гүлжанат ӘБДІМОМЫНОВА

1cbefd42847841978e32d3fab2356c46.jpg

7770ee8827c978ce383419dfd279388f.jpg

5b6d98c8d874606d65722844865f0248.jpg

77a91d63bfdf17a38953e2905cc0af5b.jpg

c73ab5f4dc58fca7fd72e503ea1f1455.jpg


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?