Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтардың балаға ат қою дәстүрі

4886
Қазақтардың балаға ат қою дәстүрі - e-history.kz
Бала туса, бұл қазақ үшін үлкен қуаныш. Өмірге жаңа келген бөпеге ат қою өте маңызды нәрсе.

Жаңа туған сәби болашақта сыйлы, үлкен адам болсын деген үмітпен ата-анасы балаға ат қою үшін жасы үлкен, құрметті кісіні шақырған.

Қазақтар кісі есімін әртүрлі себептерге байланысты қоятын болған. Сыртқы келбетіндегі ерекшеліктерге қарай ат қойған. Туа бітке қалы бар балаларға Қалдыбай, Меңдібай, Меңдігүл, Меңдіқұл, Анарбай, Анар, артық саусағы барларға –Қосбармақ, Қосекен, Артық, Артықбай, Артығали деген аттар қойған. Көздің, шаштың, терінің түсіне байланысты аттар: Қаракөз, Қарашаш, Сары, Аппақ, Ақбөпе, Қарабала. Мұрны үлкен балаларды Мұрынбай, таңқы танауларды –Таңқыбай, Таңқай деп атаған.

Ырымдап қойылатын аттар да жиі кездеседі. Балалары жиі шетіней беретін отбасында жаңа туған сәбиге Тоқтар, Тұрсын, Тұрсынкүл, Жүрсін, Өлмес деп ат қойған. Егер ылғи қыз бала туа берсе, оларды Ұлбала, Ұлтай, Ұлтуған, Ұлжан, Ұлболсын деп атаған. Шала туған балаларға Шалабек, Шалабай, Лекер, Жартыгүл деп ат берген.

Балаларына жын-перілердің көзі түсіп, алып кетпесін деген үмітпен, оларға жағымсыз ат қойған: Жаманкүл, Итжемес, Шоқпыт, Елеусіз, Көтібар, Тезекбай, Шылғаубай.

Есімдерден баланың дүниеге келген уақытын да білуге болады: Айжарық, Таңатар, Жұмабике, Бейсенбай, Дүйсенкүл, Базарбай, Қауыс, Шілдебай, Мамыркүл, Айткүл, Рамазан.

Кейбір есімдер сәбидің туған күні болған оқиғаларға байланысты: Бигелді, Жауғашты, Үдербай (үдеру –шұғыл көшу), Аманжол, Байкөшкен, Жаңбырбай,  Дауылбай.

Көшпелі халықтар балаларына жердің атын да қоятын болған: Еділбай, Жайлаукүл, Адырбай, Таубай, Алтай, Үшкемпір (құдықтың аты), Мешітбай. Мынадай есімдер ұзақ ғұмыр тілеуге байланысты:  Өмірзақ, Мыңжасар, Бекжан, Есенаман, Мұңайтпас. Күш-қуат, қайраттылық тілейтін есімдердің құрамында «ер», «батыр» деген сөздер, сондай-ақ мықты аңдардың, құстардың, металдардың, қару-жарақтың аттары кездеседі: Ербол, Батыржан, Ителгі, Жолбарыс, Қошқар, Нарабай, Тұлпар, Темірбек, Найзабек, Семсер, Шоқпар, Балтабек.

Қазақтың көптеген есімдері әртүрлі тілек тілеудің көрінісі: байлық (Тайбағар, Айранбай, Жылқайдар, Байжігіт), ақыл, дарындылық: (Ақылжан, Данышпан, Көке, Өнербай, Қаламбай), жомарттық, қайырымдылық: (Мырзабай, Фаиз, Жомарт, Исмет), бақыт, табыс: (Бақдәулет, Жеміскүл, Салтанат, Нұргүл), сұлулық: (Айгүл, Нақыш, Гүлжан, Перизат, Меруерт), ұрпағы ата-анасының, халқының тілегі болсын деп: (Нұрсұлтан,Өмірсерік, Асқар, Есмұрат), ұрпағы құрметті әрі басшы болсын деп: (Бибол, Раис, Әмірбек, Әкімжан, Мәлік), мінезі жақсы болсын деп: (Жібек, Патсайы, Мақпал).

Атақты адамдардың атын беру дәстүрі де кең тараған: батырлар (Қобыланды, Жанатай, Алпамыс), тарихи тұлғалар (Абылай, Төлеби, Майқы, Шыңғыс, Зұлқарнай), әдебиет, өнер қайраткерлері (Абай, Шоқан, Құрманғазы, Бұхарбай, Олжас).

Халықтардың, тайпалардың, рулардың құрметіне де ат қойған: Өзбекәлі, Қырғызбай, Дулат, Қоңырбай, Естекбай, Ноғайбай.

Ислам дінінің таралуына орай Алланың 99 атына байланысты есімдер қоя бастаған (Рахман, Рахим, Мүбәрак), халифтердің, пайғамбардың және оның туыстарының (Абдолла, Әли, Әбубәкір,Мұхамбет,Хадиша, Фатима, Айша), діни ұғымдар (Ясин,  Аят, Дайыр).

Көзіне бірінші түскен затты да кісінің атына қоя салатын болған: Саптаяқ, Сәтен, Көсеубай, Пістегүл.

Кеңестік кезеңде қазақ есімдерінің саны қоғам өміріндегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді білдіретін сөздермен толықты: Кеңес, Сайлаукүл, Советбек, Космос, Трактор, Мира.

Революционерлер мен көрнекті саяси қайраткердің құрметіне қойылған аттар: Тельман, Марат, Мэлс, Клара, Инесса, Индира, Эрнест.

50-жылдарда Батыс еуропалық үлгідегі есімдер кең таралды: Роберт, Рудольф, Аэлита, Луиза, Дина, Диана және т.б..

Кейінгі кезде қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілуіне байланысты нағыз қазақи есімдерге қызығу арта түскені байқалады.

Ат қою – үнемі жаңарып, жанданып отыратын әрі халықтың тарихи-мәдени өмірімен тікелей байланыстағы процесс.

 п.ғ.д., профессор А. Қалыбекованың «Қазақ халық тәрбиесінің асыл мұрасы» кітабынан алынған мақаланы Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық кеңесі ұсынған, Алматы, 2011, 390 б.


 


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?