Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Даланың алғашқы заңдары

4901
Даланың алғашқы заңдары - e-history.kz
Бірнеше мың жыл бойы Еуразия көшпелілерінің нақ ортасында Алаш туының астында болған қазақ рулары мен тайпаларының өз бетімен мемлекет құрған уақыты ХҮ ғасырдың ортасы екендігі белгілі.

Қазақ әдет-ғұрып заңдарының жалпы мазмұнынан көне дәуірлер туралы елес береді. Еуразия көшпелілерінің мемлеттілігі тарихта талай рет өрлеу, талай рет құлдырау дәуірін бастан кешті. Тарихи уақытты қабылдау циклдік жүйеге құрылғандықтан белгілі бір уақытты бір адаммен байланыстырады. Ерте дәуір сақ-ғұн кезеңіндегі тарихи уақиғалар, орта ғасырлар Жошы, Әз Жәнібек, Асан қайғы, Едіге аттарымен, бертінгі уақытта Қасым хан, Есім хан, Тәуке ханмен тікелей байланысты жүйеленеді.

"Қасым ханның қасқа жолы" ("Светлый путь Касым хана")

ac5e21a739b9de3c0a20fcdd76c99c5d.jpg

Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайы, әсіресе Жәнібектің баласы Қасым ханның (1511-1523 жж.) тұсында нығайды. Оның сыртқы саясатындағы негізгі бағыт бұрынғысынша Сырдария бойындағы қалаларды өзіне қаратып алу жолындағы күрес болды. Осы арқылы өзіне қарасты қазақ жерін кеңейте түсті. 

Қасым хан өзі билік жүргізген жылдары қазақ қоғамындағы құқық-нормаларды реттеу мақсатымен алғашқы қазақ заңы - «Қасқа жолды» жарыққа шығарды. Бұл заң қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдеп-ғұрып ережелері негізінде жасалды. Бұл заң сол кезде мұсылман елдерінде жаппай қолданылып жүрген ислам дінінің (шариғат) заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді байырғы заң болды. Билердің кеңесінде көппен ақылдасып, «Жарғы ережелеріне» («ақсақалдар ережесі», «ата-баба жолы», «жөн-жосықтар») мәнді өзгерістер енгізеді. Халық бұқарасы Қасым ханның ежелден қалыптасқан билер заңы - жарғыны жаңадан көтергенін ұнатып, оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кеткен.

Бұрынғы заң-қағидаларға енгізген ережелері мынау:
1.Мүлік заңы (мал-мүлік, жер-су, қоныс дауларын шешу ережелері).
2.Қылмыс заңы (кісі өлімі, ел шабу, мал ұрлау, ұрлық т.б. қолданылатын жазалар).
3.Әскери заң (қосын құру, аламан міндеті, қара қазан, тұлпар ат, ердің құны т.б.).
4.Елшілік жоралары (шешендік, әдептілік, халықаралық қатынастардағы сыпайлық, сөйлеу мәнері).
5.Жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас-той, мерекелер мен жиындардағы ережелер, жылу, асар т.б.) Сөйтіп, Қасым хан ел басқару ісін бір жүйеге келтірген алғашқы заң жинағын дүниеге әкелді.

Қасым ханның қазақ хандығын күшейту, қазақ тайпаларын және қазақтардың этникалық территориясын біріктіру жолындағы жеңістері елдің ішкі және сыртқы беделін арттырып, атақ-даңқын асыра түсті. Әйгілі (орта ғасырлық) тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати («Тарихи – Рашиди») атты кітабында: «Қазақ хандары мен сұлтандары арасында Қасым хандай құдіретті ешкім болған емес. Бұрындықты, тіпті, ешкім де елең қылған жоқ» - дейді.

Сонымен, Қасым хан тұсында қазақ хандығы саяси экономикалық жағынан күшейіп нығайды. Оның тұсында қазақтар өз алдына дербес халық ретінде Батыс Еуропаға, Руське мәлім болды. Русьпен дипломатиялық байланыс жасалды, ол байланыс осы күндері жалғасып отыр.

"Есім ханның ескі жолы" ("Древний путь Есим хана")

c08137a23ffd25d9544e1cc7ff9da65e.jpg

Есім хан (1598-1628/1645) ж.ж. билік құрған). Шығайұлы Есім хан (1628-1645) – Қазақ хандығының ханы, Шығай ханның баласы, атақты Тәуекел ханның туған інісі. Есім хан туралы халық жадында сақталған аңыз-әңгімелер, дастан-жырлар көп. Оны халқы «Еңсегей бойлы ер Есім» деп ардақтайды.

Есім хан билік басына ағасы Тәуекел өлгеннен кейін келді. Бұл кезде Қазақ хандығының шығысындағы жағдай Тәуекелдің тұсындағыдан әлдеқайда күрделене түскен еді. Мұнда ойрат тайпаларының бірігу процесі жүріп жатты. Сондықтан ол көршілерінде болып жатқан жағдайды жіті қадағалап, олардың тайпалары арасындағы алауыздықты өз пайдасына шешуге ұмтылып бақты.

Ойраттардың бір жағынан Ембі, Жайық, Еділ бойындағы ноғайлармен шарпысуы, екінші жағынан орыс қамалдарының гарнизондарымен қақтығысуы Есім хан саясатының ықпалды болуына елеулі жағдай жасады. Ақырында үш жақты соғыстың өздеріне қырғын таптыратынын сезген ойрат әміршілері Есім ханның үстемдігін мойындап, тату көршілікте тұру мақсатында ұсыныс жасап, елшілерін жіберуге мәжбүр болады.

Хандығының шығысындағы жағдайды осылайша өз пайдасына шешкен Есім хан оңтүстігін де ойдан шығармайды.

Есім ханның «Ескі жолы» - дәстүрлі қазақ қоғамындағы заңдар жиынтығы. Есімхан 1598–1628 жылдары билік құрған кезінде, өзіне дейін көп өзгеріске ұшырай қоймаған Қасымның заңдарын іс жүзінде қолданды.

Бұл заң ережелері:

  • Жерге қатысты заңдарды
  • Малға байланысты ережелерді
  • Мүліктік қатынастарды
  • Қылмыстық іс туралы (ұрлық, кісі өлтіру, қасақана жарақат келтіру)
  • Әйелдердің қоғамдағы жағдайы туралы
  • Әскери міндеттілік туралы
  • Дәстүрлі шаралар мен кедейлерге көмектесу туралы мәселелерді қарады.

Тәуке ханның "Жеті жарғысы"

8d7fb228fa0f855e6a5747f797e923ca.jpg

XVII ғасырдың аяқ шенінде қазақтардың әдеттегі құқық (право) нормалары бір жүйеге келтіріліп, толықтырылды. Тәуке хан билік құрған кезде тұжырымдалған заңдар «Жеті жарғы» деген атпен мәлім, мұның өзі сөзбе–сөз алғанда «жеті ереже» деген сөз. «Жеті жарғыда» орта ғасырдағы қазақ қоғамының патриархаттық-феодалдық правосының негізгі принциптері мен нормалары баянды етілген. Ғылыми әдебиетте бұл заңдық құжат (документ) «Тәуке ханның ережесі» немесе «Тәуке ханның заңдары» деп аталады. Деректемелерде «Жеті жарғының» авторы кім болғаны жөніңде мағлұматтар жоқ. Тарихи аңыздарға қарағанда, оны жасаушы Тәуке хан дейді: ол Күлтөбе деген жерде үш жүздің өкілдері болған билердің басып қосып, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» заңдарын «Жеті жарғы» деп аталатын нормаға біріктірген екен деседі.

«Жеті жарғыны» жасау қолданылып келген әдеттегі правоның нормаларын қазақтың феодалдық қоғамының жаңа қажеттеріне бейімдеу, бұл орайда ол нормалардың феодал ақсүйектердің мүдделеріне сай келетіндерін ғана сақтау мақсатын көздеді. Сөйтіп, Тәуке ханның «Жеті жарғы заңдары» қазақ қоғамының сол замандағы әлеуметтік және құқық нормалары заң жүзінде баянды етілді.

«Жеті жарғыға» әкімшілік, қылмысты істер, азаматтық право нормалары, сондай-ақ салықтар, діни көзқарастар туралы ережелер енгізілген, яғни онда қазақ қоғамы өмірінің барлық жағы түгел қамтылған.

Мазмұны жағынан «Жеті жарғы» үш бөлімнен турады: біріншіден, қазақтың ежелгі әдет –ғұрып заңдарын қамтыған «Қасым ханның қасқа жолына» негізделген, екіншіден, одан соңғы өзгерістер, соның ішінде «Есім ханның ескі жолына» негізделсе, үшіншіден, Тәуке ханның дәуіріне, саясатына сай енгізілген жаңалықтар.

«Жеті жарғы» жеті заңнан құралды:
1. Жер дауы заңы (земельный закон)
2. Отбасы-неке заңы (семейно-брачный закон)
3. Әскери заң (военый закон)
4. Сот заңы (судебный закон)
5. Қылмыстық істер заңы(уголовный закон)
6. Құн заңы (закон о Куне)
7. Жесір дауы заңы (закон о вдовах)

Сөйтіп, «Жеті жарғының» біздің заманымызға дейін жеткен заңдары осындай еді.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?