Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Махмұт Башташ: Жастардың тілді ұмытпасы үшін мұндай құрылтайлар керек

1868
Махмұт Башташ: Жастардың тілді ұмытпасы үшін  мұндай құрылтайлар керек - e-history.kz
Еуропаның Скандинавия түбегіндегі қазақтардың жағдайы жаман емес, әрқайсысының тіршілігі бар, өз күндерін өздері көріп жатыр. Солардың бірі – норвегиялық қазақ Махмұт Башташ

–   Еуропа, оның ішінде Норвегия қазақтарының арасынан Қазақстанға табан тіреген ең алғашқы этникалық қазақ өзіңіз екенсіз. Тоқсаныншы жылдардың басында қазақ жеріне келудегі мақсатыңыз қандай болды?

–    Мен шешемнен атажұртымыз Қазақстан туралы көп естідім, әрнені сұрай беретінмін. Тек 1989 жылдан бастап атамекенді бір көрейін деп ниеттендім. Әрі шешем де «бар, атажұртыңды көр, топырағын басып, ел-жұртыңмен таныс» деген  соң, Мәскеу арқылы Алматыға ұшып бардым. Осылай совет үкіметінің қабырғасы қақырар кезеңде атажұртқа келу бақыты бұйырды. Ондағы мақсатым – ежелгі аталар мекені Қазақстанды көру, танысу деген ниет болатын.

–   Сізді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ең белді, беделді мүшесі деп білеміз. Скандинав түбегі елдеріндегі қазақтардың бүгінгі тіршілігі қандай? Тілдік ахуал алаңдата ма?

–   Скандинавия түбегіндегі қазақтардың немесе Еуропа қазақтарының алғашқы буынының, кейінгі орта буынның да жағдайы жаман емес. Әрқайсысының өзіне тән тіршілігі бар, өз күндерін өздері көріп жатыр. Бұл жаққа келгендердің барлығы алғашында Түркияға жеткендер ғой. Одан туған келесі ұрпақтың көбі Еуропаның көптеген іргелі оқу орындарында білім алған. Олардың арасында аты шыққан айтулы кәсіпкерлер де жоқ емес.

Махмұд Башташ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен қазақтардың 1-інші Дүниежүзілік құрылтайында, Алматы, 1992 жыл 

Жоғары білім алып шыққандар әр түрлі жерлерде қызмет етіп, қазақ атын жаңғыртуда. Оқу тауысып, кейіннен академик, инженер, дирижер, дизайнер, спортшы болып танылған, құзырлы мекемелерде ресми қызмет атқарған қазақтың жастары әр салада бар деп айтуға болады.

–   Кіші құрылтайларды жүйелі түрде өткізу – қазақ халқының байырғы салт-сана, тұрмысын, әдетін және тілін сақтаудың бірден-бір жолы ма? Бұл бағытта қандай шаралар атқарылды?

Еуропада құрылған қазақ футбол құрамасы, 1974 жыл

–    Дұрыс айтып отырсыз, Еуропа қазақтарының кіші құрылтайларын жүйелі түрде өткізу – алмағайып заманда, яғни жаһандану үрдісінде қазақтың салт-дәстүрін, тілін сақтау үшін, ел-жұрт, ататегін, мекенін ұмытпау үшін өте қажет болып тұр. Заманауи техникалық мүмкіндіктер, айталық, теледидар, интернет, т.б. естіп оқып, көріп үйренуге болар, алайда бұлар барлық қажеттілікті өтей ала ма? Мәселе сонда. 

-   Қолыңыздағы тарихи фотосуреттегі Ақбай ақсақал мен әженің шаңырақ көтергендеріне 100 жыл толуын салтанатпен атап өткен екен. Өте қызықты тағдыр. Кеңірек айтып өтсеңіз.

-    Сіз айтып отырған Ақбай деген кісі Моңғолия қазақтарынан шыққан. Ақсақалдың әжемізбен бас құрап, шаңырақ көтергендерінің 100 жылдығын құттықтау Норвегияда бір журналда 1980 жылдардың ішінде шыққан екен. Қолыңыздағы сурет те сол журналдан алынған. Тарихи суреттің астында мынадай сөздер жазылған: «Бұл суреттегі Моңғолияда өмір сүрген Ақбай мен оның жұбайының үйленгендеріне 100 жыл толыпты. Ақбай ақсақал 118 жаста, әжеміз 114-те екен. Ғасырдан да астам ғұмырларында 9 баласы дүниеге келіпті, одан 130 немере-шөбере көріпті. Ақбай ата ұзақ жасауының себебін таза ауа, таза да табиғи тамақты пайдаланғанына байланысты дейді. Отау құрғандарының 100 жылдығын тойлағанда 600 кісіні қонаққа шақырып, үлкен той жасаған. Ұлан-асыр тойға кеткен шығынды жергілікті әкімдік пен басқа да ресми құзырлы орындар көтерген».

– Қазақстанның интеллигенция қауымымен, кәсіпкер мамандарымен араласып тұрасыз ба? Екі ел арасындағы байланыс қандай деңгейде?

– Менің Қазақстанда байланысым үзілмейтін жақсы достарым бар. Олар хабарласып, менің өзім де оларға қоңырау шалып, байланысып, хал-жай сұрасып тұрамыз. Қазақ елі тәуелсіздік алғалы бері 25 жылда достығымыз үзілген емес, ондай достарды әрқашан құрметтеп, сыйлап тұрамын. Олардың ішінде білімді, мәдениетті, ғылым мен саясатта да беделді жандар баршылық. Досыңды достай көріп, сыйлап тұрсаң, достық үзілмейді екен. Соған көзім жетті.  

Дүниежүзі түркілерінің үшінші форумы делегаттарымен, Түркия Едірне қаласы, 2014 жыл

– Биыл Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына, алғашқы құрылтайға 25 жыл. Аз да, көп те уақыт емес. Мерейлі датаға орай тілегіңіз болса, айтыңыз.

– Биылғы жылы өтетін құрылтайдың мерейлі тойы қарсаңында атажұртымыздағы, сырт жақтағы барша дүние қазақтарына тілерім: қиын да қысылтаяң кезеңде тұрмыз, сондықтан бізге ең алдымен тыныштық, бірлік, береке керек. Әрбір жанның отбасына аманшылық, мықты денсаулық, жұмыстарына сәттіліктер тілеймін. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жұмыстары елімізге, шеттегі қазақтарға және тарихи отанымыздағы туыстарымызға пайдасы тие берсін.

– Сұхбат бергеніңізге көп рақмет.

Өз тілшімізден

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?