Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аяқталуға жақын

3868
«Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аяқталуға жақын - e-history.kz
Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу туралы мәселе көтерген болатын

Осыдан кейін іле-шала елімізде үлкен жұмыстар қолға алынып, өңірлерде «Ұлы даланың ұлы есімдері» деген тізімге кімдер лайық деген тақырыпта талқылаулар басталған болатын. Артынша бұл жоба Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына жүктелді. Өз кезегінде аталмыш мекеме Мемлекет тарихы институты секілді жетекші ұйымдармен тізе қоса отырып қазақ тарихының қалыптасуы  ұлт жолында тер төккен ұлы тұлғалардың тізімін жасап шығарғаны белгілі.

Кеше осы жобаға байланысты Ұлттық академиялық кітапханада тағы бір маңызды кездесу болып өтті. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология, Мемлекет тарихы инс­титуты мамандарының ұйытқы болуымен өткен бұл дөңгелек үстелде қазірге дейін атқарылған жұмыстар пысықталды. Қосымша ұсыныстар талқыланып, алдағы уақытта ашылатын энциклопедиялық саябақ туралы мәліметтер берілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінге дейін біршама жұмыстар атқарылған. «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасында атқарылып жатқан бұл жобаның негізгі авторы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев екенін барлықтарыңыз білесіздер. Бүгінге дейін біршама жұмыстар жасалды. Жан-жақты талқылаулар, пысықтаулар болды. Мұндай жұмыстарға кәсіби тарихшылар, көрнекті қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері және жоғарғы оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, докторанттар мен жас ғалымдар, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. Өйткені бұл бір ғана институтқа жүктей салатын дүние емес. Жалпы халықтық жоба. Ортақ жоба. Қазір шамамен 100 тұлғаның тізімін жасадық. Ол соңғы нұсқа емес. Әлі толықтырылады. Талқыланады, ұсыныстар ескеріледі. Әлі де пікірлер мен ұсыныстар келіп түсіп жатыр. Бүгінгі отырыстың басты мақсаты да сол. Мүсіндік композиция құрамы, Ұлы даланың ұлы есімдері деген тізімге қосудың критерийлерін анықтау жұмыстары үлкен дискуссияға айналып отыр. Мүсіндік ескерткіштерді орналастырғанда хронологиялық принцип сақталынады. Тарихи кезеңдерге сәйкес орналасуы (ежелгі дүние, орта ғасыр, жаңа заман, қазіргі кезең) ескеріледі. Бұл қағидалар тарихи оқиғалардың, құбылыстар мен үдерістердің, ұлы мәдени және тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметінің бірізділігін, тарихи оқиғалардың ұзақтығы, сәйкестілігін түсінуге үлес қосады. Осы ұсыныстар негізінде жақында Сақ дәуірінен қазіргі кезге дейінгі уақытты қамтитын 100 тұлғаны анықтап алып әкімшіліке ұсынылады. Ескерткіш қойылатын орынға қатысты мәселе де әлі маңызды болып тұр. Әзір жаңа Теміржол вокзалы, Экспо аумағы секілді жерлер ұсыныып жатыр. Әкімшілік лайық деп тапқан жерге энциклопедия паркі ашылады. Сол жерге 100 тұлғаның бас мүсіндері мен қысқаша өмір-жолы, атқарған еңбегі туралы ақпарат тақта қойылады. Бұл ақпарат үш тілде болады», - дейді Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдин.

Мемлекет тарихы институты директоры Бүркіт Аяғанның айтуынша, бұл бұрын-соңды тарихта болмаған жоба: «Бұрындары мұндай ауқымды жоба ел тарихында болмаған. Ұйымдастыу жұмыстары да оңай болған жоқ. Бірақ соған қарамастан бір жылдай уақытың ішінде көп жұмыстар атқарылды. Бұл бір ғана институттың еңбегі емес. Жалпы халықтық жоба. Тарих және этнология институты тек координатор қызметін атқарып отыр. Тізімге енгізілген тұлғалар туралы зерттеу жұмыстарымен отыз шақты автор айналысып жатыр. Біздің институт осы  еңбектерді жүйелеу жұмыстарымен айналысып отыр. Себебі тарихты жазушылардың стилі әркелкі, бәрін бір арнаға әкелу керек. Ғылыми кеңес бақылауға алу кеерк. Ортақ стиль сақталу керек. Екіншіден еңбектер ғылыми, обьекті түрде болу керек. Ең соңында жазылған жұмыстар антифлагиаттан өтетін болады. Біреу біреуден алды деген әңгімеден сақ болу керек» деп атқарылған жұмыстардың маңыздылығына тағы бір мәрте тоқталып өтті.

Бас қосуға жиналған қоғам­дық ұйым өкілдері, жоғары оқу орындарының ғалым-оқыту­шылары және тарихшы мамандар өз кезегінде тұщымды ойларын айтып, ұсыныстарын беріп жатты. Мәселен белгілі зерттеуші-журналист Мейрам Байғазин Ұлы тұлғалар тізіміне Жұмабек Тәшеновтің  есімі кірмей қалып жүрмесін деп алаңдаушылық білдіріп, астанада ескерткіш қою мәселесінің әлі де шешілмей келе жатқанын айтса, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, т.ғ.д. Задаш Дүкенбаева әл-Фараби тану ғылымының негізін қалаған тұлға Ақжан әл-Машанидың есімін жүз тұлғаның арасынан көре алмай отырғанына өз ренішін білдіріп өтті.

Ашық аспан астында «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты энциклопедиялық саябақ ашу туралы мәселе басында айтып өткеніміздей Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың 21 қарашасы күні жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған болатын. «Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады. Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр. Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан, біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек», делінген мақалада.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?