Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ойыл туралы ойтолғау

3762
Ойыл туралы ойтолғау - e-history.kz
Ойылдағы «Керуен-сарай» ішкі туризмнің нысаны ретінде Ордамен бірге туристерімізді тартуға қолайлы, әрине бұл ретте мемлекет пен бизнестің әртіптестігі керек

Ойыл қайда, Жем қайда, Сағыз қайда

Өткір қылыш, жүйрік ат жанға пайда.

Ат сабылып алыстан келгенімде

Қарсы алатын құрметтеп сәулем қайда» деп әуелетіп шырқалатын әнді білмейтініміз кемде-кем шығар.

Расында халқымыздың ән-жырында, күйінде оның мұраты, ой-арманы жатырғаны белгілі.

Бала күнімізден бұл әнді құлағымызға құйып өстік, дегенмен біздер (біздер дегенде Қостанай облысының Торғай өңірі жұртын айтып отырмын) іргелес облыстың Шалқар және Ырғыз аудандарын жақсы білеміз, ауылымыз аралас, қойымыз қоралас дегендей.

Бір жағынан Кіші жүз бен Орта жүз жапсарлас елміз ғой, әрине атам қазақ айтпақшы әуелден іргесі бөлінбеген жұртпыз. Әрине, Кіші жүз батырлар елі, «Кіші жүзді қолына найза беріп жауға қой» деп Алаш жұрты бекер айтпаса керек.

Кейінірек облыстың Орда ауданы туралы көп мәлімет алдым. Оған себеп – мұнда алғашқы қазақ мектебінің ашылуы (шындығында қазақ даласындағы алғашқы қазақ мектебі Ыбырай Алтынсарин қазығын қаққан мектеп деп келдік, алайда Кеңес Үкіметі тұсында Жәңгір хан негізін қалаған Орда мектебі туралы айтылмайтын еді). Кейін біздің Қостанай мен Торғай сияқты Ордадан да дүркіреп қазақ зиялыларының шығуы тегін емес еді.

Айтқандай дұрысында, Орда мен Торғай зиялыларының артында іздеушілері болды да, Қостанай зиялылары көп айтылмайды, шындығында Қостанай қазақ оқымыстыларының ең көп шыққан жері, оны мен емес, жапон зерттеушісі Томохико Уяма айтып өткен еді.

Жарайды, бірді айтып бірге кеттім.

Дегенмен тағы да Орда туралы жеткілікті мағлұматым болғанымен, Ойыл туралы тіпті білмейді екенмін.

Сондықтан Ойыл туралы кеңірек білмекке құмарлығым артып еді, оған тағы себеп болған Ақтөбе облысы Ойыл ауданының тумасы, зейнеткер Бағытов Мәкәрім деген ағамыз еді. Ол кісінің жіберген материалдарын оқығаннан кейін Ойыл өңірі туралы материал жазуға шешім қабылдадым.

Және құдай қаласа алдағы уақытта Ойылға барып, киелі жерге саяхаттап қайтармын деген үмітім бар.

Енді Ойыл туралы баяндасам.

Қазақ даласына ішкерілеп енген патша билігі 1860 жылы Ойыл жерінде бекініс тұрғызады. Кейіннен көптеген бекініс, қала маңдарында сауда бекеттері пайда бола бастайды. Тиістінше бұған дейін Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Тайманұлының ұлт азаттық көтерілісі күшпен басылған еді.

Мұрат Мөңкеұлының:

«Еділді тартып алғаны –

Етекке қолды салғаны.

Жайықты тартып алғаны –

Жағаға қолды салғаны.

Ойылды тартып алғаны –

Ойындағысы болғаны» деп, Ойыл аймағының Ресейдің отарлауына толық өткенін, Алаш жұртының бодандықтың қамытын кигенін баяндайтыны бар еді ғой.

Әбден орныққан патша үкіметі аңқау қазақтарды алдарқатудың бір әдісі сауда деп білген. Ол туралы өздерінің жазбаларында жазып кеткен. Міне, сол заманда сахарада, ХІХ ғасырда көптеген жәрмеңкелердің болғанын білеміз, Қоянды, Ақмола, Қарқара, Шар, Тайыншакөл деп толықтыра беруге болады, аталған жәрмеңкелердің ішіндегі маңыздысы және Қазақстанның батыс өңіріндегі аса ірі жәрмеңкенің бірі – Ойыл (Көкжар) жәрмеңкесі еді.

1-сурет. Көкжар жәрмеңкесінің ғимараттары

1867 жылы Ойылда атақты Көкжар жәрмеңкесі ашылады. Географиялық ыңғайлы орналасуына байланысты (қазіргі картаны қарасақ Қазақстанның үш облысының түйіскен жерінде, Ресей Федерациясы шекарасына да жақын орналасқан) Ресей империясының алыс-жақын өңірлерінен, көптеген шетелдік мемлекеттерден, оның ішінде алыстағы Ұлыбритания мен Үндістаннан, Иран мен Осман империясынан сауда делдалдары келіп сауда көрігін қыздыра түсті.

Сауда жүрген жерге іскер адамдардың сауда факторияларын ашатыны да белгілі ғой, сөйтіп кейіннен мұнда сауда ісімен айналысып, тұрақты қоныстанушылар да пайда болады. Ресей империясындағы сауда ісі жолындағы татар ағайындар да келіп орныға бастайды. Малороссиядан украиндар қоныстандырылса, жергілікті қазақтар да сауда ісіне төселе бастайды. Мысалы, Меңдібай Күмісбайұлы 1870 жылдан бастап Ойыл жәрмеңке комитетінің төрағасы болды. Әрине, халықтың діни мұқтаждығын орындау үшін Ойыл мешіті де салынды. Сол заман белгісіндей мешіт қазіргі күнге дейін асқақтап тұр.

2-сурет Ойыл мешіті

Айтқандай, Ойылдағы «Керуен-сарай» ішкі туризмнің нысаны ретінде Ордамен бірге туристерімізді тартуға қолайлы, әрине бұл ретте мемлекет пен бизнестің әртіптестігі керек.

Жалпы, менің ойымша тарихи-сәулет маңызы бар мұндай ескерткіш Қазақстанда жоқ. Ескерткіш әрі әшекейлі кешен. Бұрыннан сақталып қалған сауда қатарлары тіктөртбұрышты 5 корпустан (5,30 х 80,0 м) тұрады. Екі қатарда сауда орындары бой түзеген. Барлығы 18 тас корпус салынып, олардың әрқайсысында 9 сауда орындарынан, яғни дүңгіршектерден тұрады. Есігінің көлемі (1,60 х 1,60 м) және артқы есік ойықтары (70 х 1,50м). Биіктігі (4,10м). Сауда қатарлары қарама-қарсы орналасқан ұзындығы 400-500 метрге созыла күйдірілген сапалы кірпіштен салынған. Ақтөбе облысы әкімдігінің 2010 жылғы 4 маусымдағы №180 қаулысына сәйкес жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген.

Дегенмен, тізімге кіргізу бір басқа да оны қорғау жұмыстарын жүргізу тағы басқа. Сондықтан кешенді сақтап қалу үшін мемлекет тарапынан қолдау қажет.

Асанқайғы бабамыздың:

...Ойыл деген ойынды,

Отын тапсан тойынды

Ойыл көздің жасы еді.

Ойылда кеңес қылмадың

Ойылдан елді көшірдің» деп кезінде Жәнібек ханға мұң-наласын білдіргендей Ойылдың Көкжар жәрмеңке кешенінің облыстың, Үкіметтің басшыларының назарында болғанын қалар едік.

3-сурет. Көкжар жәрмеңкесінің орны

Ойыл туралы тағы толықтырып айтар болсақ, Ойылдан талай қазақтың белгілі ұл-қыздары шыққан.

Мысалы, ұлтымыздың мақтанышы Рабиға Сыздықова мен Ишанбай Қарақұлов, Әнуар Дербісәлиндер Ойыл өңірінің тумалары, олардың ізбасарлары медицина ғылымының кандидаты Қ. Баймұханов, эпидемиолог, медицина ғылымының докторы, профессор Қ. Мәкіров, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің профессоры М. Есқайыров, ветеринария ғылымының докторы, профессор, «Парасат» орденің иегері Қ. Бияшов, профессор, медицина ғылымының докторы Н. Әжіғалиев, философия ғылымының кандидаты Т. Жұмағазин, тарих ғылымының кандидаты, доцент Х. Жабасов, алғашқы қазақ балеринасы Н. Тапалова, жазушы-сатирик Т. Құлыяс та Ойылдан шыққан еліміздің белгілі тұлғалары.

Оның ар жағында «ақ тарының атасы» атанған Шығанақ Берсиевті білмейтін қазақ кемде-кем шығар.

4-сурет. Ойылдағы Шығанақ Берсиев музейі

Бір қызығы, 1934 жылы Ойылда қазақ драма театры құрылған екен, ал Батыс Алашорда орталықтарының бірі ретіндегі Ойылдың рөлі жеке тақырыпқа арқау болатын әңгіме.

5-сурет. Ойылдағы ескерткіштер

Шынында Ойылдың тарихы тереңде жатыр. Дәл Орал қаласының іргесінен ежелгі қазақ қаласының орны табылған сияқты, Ойыл өзенінің бойынан 14 ғасырға, яғни Алтын Орда дәуіріне жататын Мәулімберді қаласы ескі сызбаларды көрсетілген екен.

Дәстүр сабақтастығы деген осы шығар.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?