Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алтын адам – қазақстандық Тутанхамон

7490
Алтын адам – қазақстандық  Тутанхамон - e-history.kz
Қазақстан президенті Н. Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақаласы қоғамда қызу талқыға түсті

Негізінен тарихи-философиялық толғамдарды жинақтаған мақаланың басты өзегі қазақ халқының рухани-мәдени әлемін қамтиды. Екі үлкен бөліктен тұратын мақаланың алғашқы «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» деген бөлімінде қазақ археологиясының әлемдік зор табысы – Алтын адам «біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық» екенін және оның «қазақстандық Тутанхамон» деген атқа ие болғанын жазады. 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған алғашқы «Алтын адам» туралы нақты деректі «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясынан алып ұсынамыз.

Алтын адам (V ғ.) – Алматы облысы Есік қаласының солтүстігіндегі Есік өзенінің сол жақ жағалауындағы темір дәуірінен сақталған сақ обасынан табылған алтын киімді сақ жауынгерінің мүрдесі.

1969-1970 жылдары археолог Б. Нұрмұханбетов тауып, ғалым К.А. Ақышев әлемге жариялаған. Топырақ қорғандармен ұштасып жатқан қорым солтүстіктен оңтүстікке қарай 3 шаршы шақырым жерді алып жатыр.

40-тан астам обадан тұратын қорымның оңтүстік шетінде биіктігі 6 м, диаметрі 60 м үйінді төбе астынан екі қабір ашылды. Біреуі ертеректе тоналған.  Екіншісінен жасы 17-18 шамасындағы сақ жауынгерінің мүрдесі ашылды. Қабір шырша бөренелерден жасалған, көлемі 3,3х1,9 м, биікт. 1,5 м, сол жақ бөлігіне қойылған сақ жауынгерінің басы батысқа қаратылып жатқызылған.

Қабірдің оңтүстік және батыс шеттерінде металл, қыш, ағаштан істелінген ыдыстар, зергерлік бұйымдар қойылған. Қабір ағаш қақпақпен жабылып, темір құрсаулармен бекітілген, еденіне тақтай төселген, ал адам қойылатын жеріне алтын жапсырмалармен безендірілген төсеніш салынған.

Алтын адам киімі 4 мыңға жуық алтын әшекейлермен безендірілген.  Әшекейлер барыс, бұлан, таутеке, арқар, ат, түрлі құс бейнелерін беретін «аң стилінде» жасалған. «Аң стилі» – әлемдік өнер атаулының ішіндегі биік белестердің біріне айналған ерекше құбылыс. Біздің бабаларымыз ежелгі металлургия ісін дамыта отырып, технологиялық жетістіктерге қол жеткізді.

Археологиялық қазба жұмыстарынан соң табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен соғыс қару-жарақтары қоршаған ортамен тығыз байланысты болу себебінен және арғы дүниетанымдық негіздерге орай жануарлар әлемімен байланыспай тұрмайды. Әр түрлі жануарлар бейнесін көшпелілердің өркениетті тұрмысында терік орнығып, өздеріеің табиғатпен бірлігінің белгісіндей айғақтап, рухани және мәдени болмысын айқындап отырған.  

Алтын адамның бас сүйектің сол жағынан жаһұт тастармен әшекейленген алтын сырға табылды. Бас киімі кейінгі қазақ киімі үлгілеріне ұқсас, биік, шошақ төбелі, ұзындығы 70 см шамасында. Мойнында дөңгелек жүзік сияқты алтын алқа, іш көйлегі, көкірегінің тұсы, жеңі алтын тоғалармен өрнектелген, саусағында екі алтын жүзік, камзолы құрастырылмалы ауыр белбеумен буылған.

Белбеуге аңға ұқсас бейнелер, 16 тоға жапсырылған, оң жағында қызыл қынапты ұзын семсер, сол жағында алтын пластиналар жапсырылған қынға салынған темір қанжар – ақинақ, шалбар балағы да алтын тоғалармен әшекейленген.

«Бұл жауынгер талай тылсым құпияның бетін ашты. Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасаған. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге, бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті» делінген Президент мақаласында.

Есік обасынан алынған археологиялық мәліметтерге қарап, бұл адамның б.з.б. V-IV ғасырларда өмір сүргені анықталды. Киім үлгісі, жерлеу рәсімі, Алтын адамның Жетісу жерін мекендеген сақтардың көрнекті елбасының ұлы немесе жас көсем, әскербасы екенін айқын көрсетеді. Елбасы кешегі мақаласында «Дала халқы өз көсемдерін осылайша ұлықтап, оның мәртебесін күн секілді құдірет деңгейіне көтеріп асқақтатқан. Қорымдағы сән-салтанатты жасау-жабдықтар ежелгі бабаларымыздың зияткерлік дәстүрлерінен де мол хабар береді» деп дәйектейді.

Көне дәуірдегі материалдық мәдениет, өнер, мифология, т. б. салалардан мол дерек беретін Алтын адам сол кездегі сақтарда мемлекетінде өркениет ертеден қалыптасқанын дәлелдейді.

Алтын адам – Қазақстанның азаттық символына айналды. Оның тұлғасы Алматының бас алаңына орнатылды, төбе бөркіндегі қанатты тұлпарлар бейнесі Елтаңбамызға енді.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?