Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Дін қайраткерінің мұрасы дәріптелді

2790
Дін қайраткерінің мұрасы дәріптелді - e-history.kz
Файзолла Сатыбалдыұлы 1920 жылы «Халқыма» атты өлеңінде «Құрбандығың болар едім жолына, Ел болсаң сен өз алдына іргелі» деп жазады. Ақынның көзі тірісінде тәуелсіздікті аңсағанын аңғару қиын емес

Бүгін «Рухани жаңғыру» бойынша Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ақын, дін және қоғам қайраткері Файзолла Сатыбалдыұлының 135 жылдығына арналған «Файзолла Сатыбалдыұлы және рухани даму мұраты» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

Конференция жұмысына отандық ғалымдар, шетелдік саяси қуғын-сүргін тақырыбын зерттеуші мамандар, ақын-жазушылар мен студент-жастар қатысты.

Шараны Еуразия ұлттық университетінің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы ашып, университет басшылығының құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар ақынның өмірі мен еңбек жолы бүгінгі ұрпаққа тұнып тұрған үлгі-өнеге екенін айтып өтті.

Академик Дихан Қамзабекұлы өз сөзінде шығармашылық жағынан – халық ақыны, діни ұстанымы жағынан – Әбу Ханифа Имам ағзам жолын дәйекті насихаттаушы Ф. Сатыбалдыұлы мұрасына байланысты осыған дейін республикалық және халықаралық деңгейде шара өтпегенін, бүгінгі ЕҰУ-дегі халықаралық ғылыми-практикалық конференция соның ең басы да ең бастысы екенін айтты. Сонымен қатар діндар мұрасына Түркия дінтанушы-ғалымдары қатты қызығушылық танытып отырғанын, оның жырлары мен дастандары Әбдіғаппар хан, Кейкі мен Амангелді батырлар оқиғасын жан-жақты ашып көрсететінін жеткізді.

Ақын Файзолла Сатыбалдұлы 1920 жылы жазған «Халқыма» атты өлеңінде «Құрбандығың болар едім жолына, Ел болсаң сен өз алдына іргелі» деп жазады. Бұдан ақынның көзі тірісінде тәуелсіздікті аңсап өткенін аңғару қиын емес. «Тырнақша қадаса да инесін, Білсін тағдыр өнер басын имесін» дейді 1928 жылы Қостанай түрмесінде жазған «Тас түрмеле» атты жырында. Ал «Шафағат яр соллаллаһ» және «Мінажат» циклымен жазған жырлары Аллаһтың хақтығына, әділдіктің күні туатынына деген сенімге толы.

Сонымен қатар ақынның «Ахмет қайтыс болды дегенде», «Мағжан түсіме кіргенде», «Ахметсафа Юсуповқа хат» сынды өлеңдері тарихилығымен құнды. Ақын «Тас мешіт» (1914), «Тоқымбет - Гүләйім» (1929), «Адамзат шежіресі» (1930), «Ұзақ жол» (1935), «Аязби» (1946) атты дастандар жазған. «Әбдіғаппар хан» атты поэмасын 1916 жылы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісіне арнаған.

Жиында сөз алған отандық ғалымдар мен зерттеуші мамандар Файзолла Сатыбалдыұлының өмірі мен шығармашылығы және діни қайраткерлігі жайлы кеңінен әңгіме қозғады. Әсіресе, артына мол поэтикалық мұра қалдырған, араб, орыс әдебиеті үлгілерінен тәржімелер жасаған қайраткер-қаламгердің аудармаларынан бөлек, өміршең өлеңдері өз алдына сөз болды. Мәселен, ғылым кандидаты, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы ақын жарларындағы кейбір олқылықтарды, яғни дін қайраткері шығармашылығында қыз сұлулығын, махаббаты жырлайтын тақырыптар кездеседі десе, профессор Сағымбай Жұмағұл ХХ ғасырдың басындағы алаш қайраткерлеріне арналған өлеңдер топтамасында Файзолла ақынның қалдырған мұрасы мол екенін дәйектеді. Алаш және дін қайраткері Ф. Сатыбалдыұлы өз дәуіріндегі Амангелді Иманов, Әбдіғаппар хан Жанбосынұлы, Ахмет байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы, Әліби Жангелдиндермен қоян-қолтық араласып, әсіресе Кейкі батыр мен хан Әбдіғаппардың ақырғы аманаты ретінде асыл сүйектерін қайта жерлеу ісіне белсене атсалысқандығы жайлы архивтік құжаттарды тарихшы маман Құрманғали Дәркенов сөйлетті.

Халықаралық конференция барысында ақын, дін және қоғам қайраткері Файзолла Сатыбалдыұлының кітабының тұскаукесер рәсімі болды. Жиын соңы конференцияға қатысушылардың естелік суретке түсуімен аяқталды.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?