Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Гумилевтің айтып жүргені қай Омар?

2701
Гумилевтің айтып жүргені қай Омар? - e-history.kz
Еуразия ұлттық университеті Л.Н. Гумилев форумын өткізуге дайындық жасап жатыр. Жинаққа мақала беріңіз деген соң қандай тақырыпқа жазсам деп Гумилев өмірі мен шығармашылығына үңілдім

 

Осыдан бірнеше жыл бұрын пассионарлық теория туралы жазып, амал жоқ, сынап едім. Пассиионарлық теория – адамзат тарихын рет-ретімен, кезең-кезеңімен түсіндіретін тарих философиясының бір нұсқасы, бірақ дедуктивті әдіс тым күшті қолданылған, сол себепті  әдемі ертегі сияқты. Кезінде адамзат тарихын осыған ұқсастау қылып ағылшын А. Тойнби түсіндірген, оны француз Люсьен Февр сынаған. Бұл енді тарихшылардың өзара күресі, бітпейтін әңгіме. Менің айтпағым басқа.

Бұрын назар аудармаған екем, Л.Н. Гумилев 1949-1951 жылдары Карлагта отырған. Осы жерден оны 1951 жылы Сібір лагерлеріне ауыстырған. Біздің әкей Карлагқа екінші рет 1947 жылы түсіп, 1951 жылы ол да Сібірге, оның ішінде Иркутск лагеріне ауыстырылған.  «Халық жауы», яғни 58 статьямен түскендерді жиі-жиі ауыстырып отыру – НКВД-ның жұмыс әдістерінің бірі. Бұл деректерден шығатын қорытынды біреу: біздің әкей мен Гумилев бір уақытта бір лагерьде болып, бір уақытта Сібірге айдалған. Екеуінің таныс болу ықтималдығы өте күшті десем болады.

Енді келіп Л.Н. Гумилев өміріне қатысты жазған журналистерден мынадай ақпар шығып жатыр. Қайта құрудың қызған кезінде, ССРО-ның ыдырайтыны көзге бақырайып көріне бастаған, бізді Желтоқсан ызғары қысып жатқан 1987 жылы  Л.Н. Гумилевпен алғашқы сұхбат құрған  жігіттердің бірі  Қазан қаласында шығатын «Шаян» журналынан Гафазль Халилуллов екен. Бұл сұхбат «К мрачным типам себя не отношу» деген тақырыппен жарияланды. Алғы сөзінде Лев Гумилев «Татарларлардың әлемдік конгресіне» құттықтауды Арсланбек, яғни өзінің түрікше атымен жазған екен: «Мои наилучшие пожелания  Всемирному конгрессу татар.
Желаю успеха делу дружбы Татарского и русского
Народов Л. Н. Гумилев. Приветствие, присланное Л.Н. Гумилевым из больницы Всемирному конгрессу татар. По-арабски подписано-Арсланбек».

Гафазль Халилулловтың Л.Н. Гумилевтен алған үлкен сұхбатынан  бір-екі сұрақты ғана бөліп алайық:

– Лев Николаевич, и в ваших жилах течет татарская кровь...?

Бұл сұраққа Гумилев былай жауап береді:

– Да, причем, и по линии матери, и по линии отца. Я – дворянин, а ведь первоначально дворянство было конным войском при царском дворе. На эту службу шли люди, умеющие крепко сидеть в седле и здесь отличались татары. Отсюда обилие татарских корней в древних дворянских родах. Мы сегодня даже не представляем насколько тесно переплелись два народа.

Екінші сұрақ:

– Вы свободно разговариваете на татарском языке. Где вы его изучали?

Бұл сұраққа Гумилев былай жауап береді:

– Татарский я «изучал» в карагандинских лагерях, общаясь с татарами, казахами... Кстати, там моим соседом по нарам был отец известного поэта Олжаса Сулейменова.

Олжас Сүлейменовтың әкесі, қазақтың ХХ ғасырдағы алғашқы сардарларының бірі Омар Сүлейменов 1937 жылдың қырғынында Тәшкентте Түркістан әскери округында қызметте жүрген жерінде ұсталып атылған. Сонда Л.Н. Гумилевтің жазып отырған Омары кім? 

Жоғарыдағы сұхбатқа қарап әңгіме менің әкем туралы ма деп отырмын... Әкем орысша, қазақша бірдей сөйлейтін адам еді. Бала кезімде орыс землемерлердің партиясында жалданып жұмыс істедім дейтін, кейін де Омбы, Даниловка, Жолымбет, ылғи орыс арасы болды. Егер 1949-1951 жылдары менің әкем мен Л.Н. Гумилев бір барақта болса, оған қазақшаны менің әкем үйретті деп айта аламын. Осындай қызық жағдай !

Л.Н. Гумилев  «отец известного поэта Олжаса Сулейменова» дейді. Лагерде фамилия деген болмайды, сол себепті Л.Н. Гумилев Омар деген атты ғана есіне сақтап, білетіні Олжас болған соң солай айтып отыр ма? Ол кезде Олжас ағамыздың аты дүрілдеп, бүкіл әлем «Аз и Я-ны» талқылап шулап жүрген. 1989 жылы Ленинград университетінің студенті Август Муранмен (Иван Ефимов) құрған сұхбатында Л.Н. Гумилев басқаша дүниелерді айтады.

– Как вы относитесь к книге Олжаса Сулейменова «Аз и Я» и как оцениваете ее научную значимость?

– Я был другом его отца, Омара Сулейменова, который открыл Джезказганское месторождение меди. Мы с ним лежали на одних нарах в лагере в Норильске. Омар был моим большим другом. Поэтому я отказался писать разгромную рецензию на книгу Олжаса Сулейменова, хотя лично я считаю, что научная ценность «Аз и Я» невелика. Скажите, могли бы вы убить сына своего друга?

Мен осы  Август Муран сұхбатына онша сенбей тұрмын, екеуара әңгімен түгел оқып шықтым, саханың ата-тегі-мыс делінетін мәселесінен басқа аса бір тұшымды дүние жоқ. Бірақ осы сұхбаттан кейін «Л.Н. Гумилев пен Омар Сүлейменов Норильскіде  бірге болған екен» деген әңгіме ақпарат құралдарына тарап кетті. Л.Н. Гумилев 1938 жылы наурызда ұсталды, әрине, бірден оны Норильскіге жібермейді, яғни бірнеше ай тергеу жүреді. Ендеше жылдың соңында барды деуге болады. Кейбір жазғыштардың Л.Н. Гумилев Норильскіде Омар Сүлейменовтың атылғанынан куә болды дегені бос әңгіме болуы тиіс: «Олжас Сулейменов родился 18 мая 1936 года в городе Алма-Ата, в семье первого поколения кадровых военных из национальной среды, офицера Первого Казахского кавалерийского полка. Отец Олжаса был арестован в тот же месяц. Позже, знаменитый историк Лев Гумилёв сообщил Олжасу, что сидел с его отцом в норильском лагере, где того расстреляли (№ 15 (183) от 2 мая 2011г. 45-я ПАРАЛЛЕЛЬ; Нур КЗ 13/09/2017). Олжастың өзі  «Forbes Life» журналына берген сұхбатында  «Много позже, в 1976, кажется, году, мне Лев Николаевич Гумилев сказал, что сидел с моим отцом, кавалеристом Омаром Сулейменовым, в одном лагере где-то на Севере» дейді.

Сонымен Л.Н. Гумилев форумына мақала жазамын деп осыншама мәселеге жауап іздеп отырмын. Менің ойымша  Гафазль Халилулловтың сұхбаты шынайы сияқты, көлемі де шағын, көтерілген мәселелер де аса ауқымды емес, нақты!

Л.Н. Гумилевтің қазақ тілін Карлагта жүріп үйрендім дегені қисынға келеді, бұл жерде отырғандардың ішінде де, күзетші арасында да қазақ көп болды. Сонымен бірге бұл әңгіме 1937 жылдың репрессиялары төңірегінде әлі де тиянақты жұмыс жүргізілу керек екенін көрсетеді.

Тәуелсіздік алғаннан кейін репрессияға ұшыраған қазақ азаматтарына  қатысты  алып қашты әңгімелер  көбейіп кетті. «Сәкен Магаданда тірі жүрген екен-мыс», «Мағжан Сібірде ағаш кесіп жүрген екен» деген сияқты. Мен соңғы жылдары репрессия құжаттарымен жұмыс істей жүріп анықтағаным бір нәрсе, НКВД өз ісіне аса ұқыпты болған, Мәскеуден атуға разнарядка келе ме, сөз жоқ, атылады, соттауға келе ме, соттайды.

Ендеше репрессия құжаттарымен нақты айналысатын уақыт жетті!

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?