Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Гаухар Алдамбергенова: «Қыздар Университеті – отандық жоғары білімнің қара шаңырағы»

2212
Гаухар Алдамбергенова: «Қыздар Университеті – отандық жоғары білімнің қара шаңырағы» - e-history.kz
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген көкейкесті мәселенің бірі һәм бірегейі – латын әліпбиіне көшу

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті 75 жылға жуық уақыт белесінде Қазақстанда педагогикалық кадрлардың қалың шоғырын дайындауға сүбелі үлес қосып келе жатқан ұлағат ұясы. Отандық жоғары білім беру саласында өзіндік ерекшелігі бар дара оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен болашағы жайында университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері Гаухар Алдамбергеновамен сұхбаттасқан едік.

– Гаухар Төремұратқызы, алғашқы еңбек жолыңыздан бастап білім беру, ғылым саласында еселі еңбек етіп келесіз. Бүгінгі атқарып отырған қызметіңіздің жауапкершілік жүгінің зор екендігін дәлелдеп жатудың өзі артық болар. Сіз басшылық жасайтын Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті – өзіндік ерекшелігі мен дәстүрі бар іргелі оқу орны. Әңгімеміздің әлқиссасын аталған білім ордасының ерекшелігі жайынан бастасақ.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті – еліміздегі бірден-бір тек қыздар оқитын жоғары оқу орны. Орта Азия аймағында мұндай оқу орны жоқ. Әлемде де саусақпен санарлықтай. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Тәңір жазса, бұл институт болашақ қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі  сөнбесін дейік» деген пайымы 75 жылға жуық тарихы бар университеттің өзіндік ерекшелігі мен маңызын айғақтап тұрғандай. Алдына қазіргі уақыт талабына толық жауап бере алатын педагог кадрларды даярлауды мақсат етіп қойған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті өзінің қызметін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «2016-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы білім мен ғылымды дамыту жөніндегі» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүргізеді. Университеттің 6 факультетіндегі 28 кафедра 42 бакалавр мамандығы, 23 магистратура мамандығы және 4 PhD докторантура мамандығы бойынша мұғалімдер дайындайды. Сонымен қатар, сырттай оқу бөлімінің студенттері 20 мамандық бойынша қашықтықтан оқыту технологиясын пайдаланып, білім алады. Бүгінде оқу орнында жалпы саны 7 мыңға жуық студент, магистрлер мен докторанттар оқиды. Оларға 55 ғылым докторы, 230-дан астам ғылым кандидаты мен 90-ға жуық PhD докторы мен ғылым магистрі дәріс береді. Университеттің 30 ұстазы «Қазақстан Республикасының Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанды. Екінші дүниежүзілік соғыстың қиын-қыстау кезінде – 1944 жылы ашылған бұл бірегей білім ұясын осы жылдар аралығында мыңдаған түлек бітіріп шықты. Қазіргі күнде мұнда студенттердің сапалы білім алып, ғылыммен, өнермен, спортпен айналысуы үшін, олардың бойында халқымыздың ұлттық құндылықтарын дарыту орайында бірқатар жұмыстар жасалып, университет отандық жоғары оқу орындары арасында үлкен беделге ие болып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Қыздар университетінің өзге жоғары оқу орындарынан басты ерекшелігі ретінде білім беруде халқымыздың ұлттық құндылықтарын басшылыққа ала білуінде деп айтар едім. Қазақтың «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең – қызыңды тәрбиеле» деген сөзінің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Қыз – болашақ ана, қыз – отбасының ұйытқысы, қыз – асыл жар. Бүгінде ұрпақ тәрбиешісі ретінде әспеттелер болашақ мұғалімдерді ата-анасынан алған тәрбиесін оқу ордасындағы тәрбиемен шебер сабақтастыра білу кез келген білім ордасынан кездестіре білмейсіз. Ұжым өз қызметінде ғұлама ғалым әл-Фарабидің: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген дана сөзін басты ұстаным ретінде пайдаланады.

– Гаухар ханым, халықаралық аренада әйелдердің саяси көшбасшылығы уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Қоғам мен мемлекет тарапынан да нәзік жандылардың іскерлік белсенділіктері мен саяси ықпалдарына деген сенім жоғары деңгейде көрініс табуда. Еліміздің әлем елдерінің алдындағы оң саяси имиджін бұдан да мықтырақ ету үшін демократиялық қағидаттарға негізделген гендерлік саясаттың арнасын кеңейту қажеттігі турасында сөз қозғалып келеді. Бұл тұрғыда Қыздар университетінде қандай жұмыстар атқарылуда?

Университетте «Қазақ аруы» атты курс оқу үдерісіне енгізілген. Бүгінгі күннің талабына сай тұлғаны қалыптастырудың өлшемдері басқаша. Құндылықтар да өзгеріп барады. Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Қыз бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қараған ләзім. Бүгінгі қазақ бойжеткендері ертеңгі еріне адал жар, перзенттерінің салиқалы анасы. Олардың бойында тағылымды тәрбие болғанын қалайтынымыз белгілі. Ұлт болашағын тәрбиелеуге сүбелі үлес қосатын болашақ мұғалімдердің сан қырлы болуына, олардың қоғамдағы әлеуметтік және отбасындағы этноәлеуметтік рөлдерді мүлтіксіз атқаруына себепкер болуына «Қазақ аруы» курсының тигізер септігі зор деп ойлаймын. Қазақстанда отбасы, әйел және бала сұрақтары бойынша жеткілікті құқықтық негіз және қоғамның отбасы маңыздылығын, оның жас ұрпақты тәрбиелеудегі рөлін түсіну қалыптасқан. Осы саясатты нығайту мақсатында университет жанында Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеулер институты қызмет атқарады. Осы тақілеттес ғылыми орталық ТМД аймағында бірден-бір екенін ерекше атап өткім келеді.

Институттың стратегиялық мақсаты – 2018-2021 жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарын 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70 сессиясында қабылдаған Тұрақты даму мақсатының «Барлық әйелдер мен қыз балалардың гендерлік теңдігін қамтамасыз ету және құқықтары мен мүмкіншіліктер ауқымын кеңейту» туралы 5-ші мақсаты бойынша жүзеге асыру. Институт гендерлік теңдік идеясын дамытуды білікті педагог кадрларын дайындау және ғылыми-зерттеулер арқылы іске асырады. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеу институты еліміздің эгалитарлы саясатын іске асырудағы шешуші орталық. Институт барлық әйелдер мен қыз балалардың гендерлік теңдігін қамтамасыз ету және құқықтары мен мүмкіншіліктер ауқымын кеңейтуді негізге алған. Осы орайда ерекше атап өткім келеді, Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеулер институты 2019 жылы ЮНЕСКО деңгейінде халықаралық мәртебе алуды жоспарлап отыр.

– Жаңа сөзіңізде жақсы қыз бала тәрбие турасында жақсы айтып өттіңіз. Расында да ұлттың болашағы, ұрпақтың келешегі – қыздарға тікелей байланысты екендігі белгілі. Бұл орайда оқу орнындағы игілікті істерге тағы бір тоқталып өтсеңіз.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне келген сапарында «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» деп атап өтіп, оқу орны ұжымының алдына нақты міндеттер қойған болатын. Осы орайда тағылымды тәрбие мен өрісті білімнің іргелі ордасы атанған, көзіқарақты зиялы қауым «ізеттілік пен үлгі-өнеге отауы» деп ат қойып, айдар таққан  Қыздар Университеті өз қызметінде қазақстандық патриотизмді, Елбасының «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын басты бағдар ретінде ұстайды. Еліміз тәуелсіздік алып, өркениетті мемлекеттер санатына қосылу жағдайында адамгершілік-этикалық идеялар көрініс алған қазақ халқының рухани-мәдениетін зерттеу, тәрбиедегі озық дәстүрлерін бүгінгі қоғам талабын ескере отырып зерделеу көкейкесті мәселенің бірі болып отыр. Бұл турасында Елбасы: «Арды бағалайтын, белсенді, жоғары моральды, әдепті және рухани байлығы мол адамдардан тұруы керек. Қазақстанның бірегей халықтарының ұлтаралық және мәдениетаралық ынтымағы мен жетілуін қамтамасыз ете отырып, қазақ халқының көп ғасырлық дәстүрлерін, тілі мен мәдениетін сақтаймыз және дамыта түсеміз» деп атап өткен болатын. Кейінгі жылдары қоғамда орын алып отырған келеңсіз жайттар мен оқыс оқиғалар, бүгінгі тәрбие саласындағы инновациялық көзқарасты педагогикада жүйелі түрде пайдалануға байланысты тиімді идеяның болмауы да адамгершілік тәрбиені, соның ішінде моральдық-этикалық тәрбиені дағдарысқа әкелуде. Бұл мәселенің шешімін, ғасырлар бойы өзінің көкейкестілігін жоғалтпаған, керісінше, әрбір қоғамдық формацияда болған өзгерістерге байланысты жетіліп отырған қазақ халқының озық моральдық-этикалық дәстүрлерінен іздестіру қажет. Өйткені, қазақ халқының озық этикалық дәстүрлерінің негізі болып қаланған гуманистік идеялар, адамгершіліктің басты құндылықтарымен байланысты және адамзат моралінің негіздерін мағыналы түрде жан-жақты меңгеруде, адамдар арасында таза адами қарым-қатынасты тәрбиелеуде жетекші құралдардың бірі болып табылады. Моральдық-этикалық дәстүрлерді халық даналығының негізгі бір көрінісі ретінде қабылдау бүгінгі білім беру жүйесі үшін аса маңызды. Бұның, әсіресе болашақ мұғалімдер үшін пайдасы зор. Олай дейтініміз, оқушылардың моральдық-этикалық мәдени деңгейінің дұрыс қалыптасуы мұғалімнің тұлғалық адамгершілікті моральдық-этикалық қасиеттеріне, осы бағытта меңгерген тарихи-теориялық, практикалық, білім, іскерлік, дағды деңгейіне байланысты айқындалады. Нәтижесінде бұның барлығы қазақ халқының моральдық-этикалық тәрбиесіндегі озық дәстүрлерін зерделеуге бағыттайды. Бүгінгі өзгерістер – әлем тарихында болмаған жаңа мүмкіндіктер мен жаңашылдықтар дәуірі. Бұл тұрғыда Қыздар Университетінде заман көшіне ілесу мақсатында жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Түрлі тағылымға толы іс-шаралар арқылы қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін дәріптеп, қаракөз қыздарды құндылықтар мен ізгі қасиеттерге баулып, ар тазалығын жоғары ұстайтын тұлға, қоғам қажеттілігін қанағаттандыратын ұстаз маман дайындауды мақсат етіп келеміз. Білім мен ғылымның қарашаңырағы – Қыздар Университеті өз қызметінде тәрбие саласын, қазақстандық патриотизмді, Мемлекет басшысының Мәңгілік ел идеясын кеңінен насихаттауды басты назарда ұстайды. Қазіргі күнде оқу орнында болашақ мамандарды тәрбиелеу мақсатында 38 ұйым қызмет атқарады. Қаракөз студенттеріміз университет қабырғасында білім нәрімен сусындап қана қоймай, рухани құндылықтарды сақтай отырып, қоғамдық қажеттіліктерін қанағаттандыру жұмыстарына белсене қатысып отырады. Қыздар Университетінің студенттері адамгершілігі жоғары тұлға ретінде әртүрлі қоғамдық акциялар мен қайырымдылық акцияларына белсенді қатысып отырады. Болашақ әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, дефектологтар, музыкалық білім беру мұғалімдері Алматы қаласындағы Аналар үйлерінде жүйелі түрде ақысыз негізде қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, оқу орны студенттерінің бастамасымен қайырымдылық жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылады. Іс-шараның басты мақсаты – университет ұжымы мен студенттерінің санасына мейірімділік, сүйіспеншілік, қайырымдылық сияқты ізгі ұғымдарды қалыптастыру. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен жеткіншектерге көмек көрсету, оларды рухани тұрғыда қолдап-қуаттау. Дана халқымызда «қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген ұлағатты сөз бар. Қайырымдылық – ұлтымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Жанашырлыққа жан риза» дегендей Қыздар Университетінің студенттерінің көмекке мұқтаж жарымжан азаматтарға қамқорлық көрсетіп, жүрек жылуын ұсынуы һәм сауабы мол іске атсалысуы – көпке үлгі болатын игілікті іс деп білеміз. Әлеуметтік әділдік, теңдік, өзара сыйластық пен қамқорлық туралы ниетті тек қана мемлекет емес, азаматтық ортаның өзінің көтеруі – қоғамымыздың кемелденгенін, жаңғырғанын көрсетеді. «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасын қолдау мақсатында университет ғалымдары мен студенттері Жасыл ел мемлекеттік бағдарламасын қолдау мақсатында арша, емен, акация ағаштары өскіндерін арнайы зертхана жағдайында ең тиімді әдістермен өсіріп, Медеу шатқалына отырғызуда. Іле Алатауы табиғи жүйесін қайта қалпына келтіру мақсатында 350 түп арша, 250 түп акация мен 150 түп емен отырғызылды. Сондай-ақ, «100 мектеп» бағдарламасы аясында салынған мектептер аумағына 200-ге жуық түп арша, емен отырғызылды. Бұның барлығы адамгершілік қағидаттарынан туындаған игілікті істер екені рас.

Тәуелсіздік жылдарында да отандық білім беру саласындағы өзгерістер мен жаңашылдықтар орын алып, реформалар табысты жүзеге асырылуда. Ғасырға жуық уақыт мерзімінде мұғалім мамандарын, ұстаздарды қайта даярлау мен біліктілігін арттыруды сәтті жүзеге асырып келе жатқан оқу орнының бұл орайдағы рөлі қандай болмақ?

Қазақстан өркениетке қарай өнегелі жолмен дамудың жаңа өнеркәсіптік кезеңіне қадам басты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында білім берудің жаңа сапасына көтеретін жаңғырудың негізі ретіндегі адам капиталы болатынын атап көрсетті. Сонымен қатар, стратегиялық құжатта білім беру жүйесінің рөлі өзгеруі тиістігін және білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру қажеттігін міндеттеді. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау керектігін де алға тартып отыр. Осы межелерді орындау барысында еліміздегі орта мен жоғары білім беру жүйесінде бірқатар стратегиялық міндеттер қолға алынды. Атап айтқанда, шағын жинақты мектеп мәселесі, критериалды бағалау жүйесінің тиімділігі, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту, педагогикалық жоғары оқу орындарының түлектеріне «өмір бойы білім алу» қағидасының қолжетімділігін арттыру сынды басымдықтар бар. Біздің ойымызша, аталған міндеттерді жоғары дәрежеде орындау үшін мұғалімнің мәртебесін көтере түсу керек. Бұл осы аталған міндеттердің орнықты іске асуына ұйытқы болмақ. Сондай-ақ, педагогтардың кәсіби біліктілігін заманауи технологиялар арқылы көтеруге де басты назар аударған абзал. Білікті, білімді кадрлар даярлауда және технологиялық дамыған елдердегі ғылыми жұмыстар жүйесінде жоғары оқу орындарының үлкен маңызды рөл атқарады. Бұл тұрғыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті ғылым мен білімді өзара үйлестіріп, ғылыми зерттеу жұмыстарын ғылым мен технологияның жаңа нысандарына бағыттап жүргізуді басты мақсат етіп келе жатқанын атап өткім келеді. Білім мен ғылымды дамыту және қыздарға педагогикалық білім беру, белсенді азаматтық ұстанымы бар мамандар даярлау басты миссиясы болып табылатын оқу орнында өткізілетін халықаралық деңгейдегі ғылыми конференциялар, жүзеге асып жатқан түрлі жобалар саладағы мәселелерді шетелдік әріптестермен бірлесе шешіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.  70-жылдан астам уақыт белесінде Қыздар университетінде ұйымдастыру мәдениеті қалыптасып, тиімді кадрлық менеджмент пен корпоративті басқару ісі жүйеленді. «Мұғалім – адам жанының инженері». Нағыз ұстаз шәкірт жанына үңіліп, дұрыс жолға сала білуі де қажет. Дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпағымен кеңеймек. Өскелең жасты  еліміздің тұтқасы етіп тәрбиелеу – әрбір ата-ана мен мұғалімге байланысты. Ал, осы жауапкершілікті абыроймен атқару ардақты ұстаздарға жүктелген мәртебелі міндет. 73-ші оқу жылын өткеріп отырған Қыздар университеті кемел келешекке осындай айқын мақсат қойып отыр.

– Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамда үлкен серпіліс тудырды. Осы бағдарлама аясында оқу орнында қандай іс-шаралар атқарылуда?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген көкейкесті мәселенің бірі һәм бірегейі – латын әліпбиіне көшу. Бұл – жаңа өмірге, соны кеңістікке бастар баспалдақ, өскелең ұрпақтың ой-өрісі мен дүниетанымының тереңдей түсуіне негізгі алғышарт. Осы орайда биылғы жылдың маусым айында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Қыздар Университетінің базасында Қазақ алфавитін латын графикасына көшіру жөніндегі орталық ашылды. Орталықта университеттің профессор-оқытушылары мен студенттері латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиі бойынша оқып, жазуды меңгереді. Сондай-ақ, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және жетілдіруге бағытталған қосымша кәсіби білім беру бағдарламаларын жүргізу жоспарланып отыр. Бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейтін орталыққа білікті тіл мамандары жұмылдырылған. Олар жаңа әліпбидің орфографиясы мен орфоэпиясын қалыптастыру бағытында арнайы сабақтар мен курстар өткізеді. Жаңа әліпби бойынша оқу-әдістемелік кешен жасалып, алдағы уақытта арнайы оқу құралдары да жарық көрмек. Қазіргі күнде оның арнайы тұжырымдамасы бекітіліп, негізгі басым бағыттары түзілген. Орталықтың ашылу рәсімінде Қыздар Университетінің ғалымдары құрастырған латын графикасын үйретуге арналған арнайы бағдарлама көпшілікке таныстырылды. Жоба атауы – «Латын графикасына өтуге байланысты интерактивті үйретуші бағдарламалар жасаудың лингвистикалық негіздері мен мультимедиялық технологиялары». Аталған жобаның бағдарламасында Android, iOS, Windows платформасындағы лингвистикалық сөздік, латын әрпіне автоматты түрде аударма жасайтын арнайы сайт пен дыбыс және бейне материалдарымен сүйемелденген сандық электронды оқулақтар бар. Сонымен қатар, латын графикасын үйрету үшін балаларға арналған ойын бағдарламалары мен мобильді қосымшалар енгізілген. Ғылыми жаңалық орталықта тәжірибеден өтеді. Жаңа заманның жастары өзгермелі уақытта өмір сүруге қабілетті болып қана қоймай, оқиғалар мен үдерістердің ортасында, көш басында болуы тиіс. Бұл терең түйсіне білгенге бәсекелестікке апарар жолдың басы, ұлттық кодымызды көздің қарашығындай сақтаудың негізі. Қазіргі мемлекетімізге ұлтты ұйыстыра алатын, тың бағыттағы рухани ағым керек. Латын әріпін енгізудің басты өзегі де осында жатыр. Сондықтан да жаңа әліпби еліміз үшін қажетті, уақыт талабынан туындап отырған жаңа атрибут, аса маңызды фактор деп санаймын.

Орталықта бұдан өзге қандай жұмыстар атқырылып жатыр?

– Орталықта жаңа әліпбиді үйретуге байланысты бірқатар жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Мысалы, жақында латын графикасына негізделген әліпбиді үйрететін арнайы курс ашылды. Оқу орнының Біліктілікті жетілдіру орталығының мұрындық болуымен ұйымдастырылып отырған курстың мақсаты – Мемлекет басшысының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында курс қатысушыларына латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін үйретудің оңтайлы технологияларын меңгерту, олардың әліпбиді оқып, үйретуге қатысты теориялық және практикалық білімдерін жетілдіру. Латын графикасын қабылдап болғаннан кейін оны оқыту мәселесі бірінші кезекке қойылды. Қыздар Университетінің педагогикалық жоғарғы оқу орны екендігін ескере отырып, өз тарапымыздан биылғы оқу жылынан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және балабақша мен орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауды көздеп отырмыз. Еліміз бойынша латын әліпбиіне өту Білім және ғылым министрлігінің білім берудің барлық деңгейінде 2025 жылға дейін қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру кестесін бекіту туралы бұйрығы негізінде білім беру орындары мен мектептердің бірінші сынып оқушылары жаңа әліпби бойынша 2020 жылдан бастап оқытылмақ. Осыған орай ашылған курсқа Алматы қаласы мен Алматы облысының мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілері, мектепалды даярлық топтарының тәрбиеші-мұғалімдері қатысуда. Бірнеше күнге созылатын курс барысында қатысушылар латын графикасына негізделген қазақ әліпбиімен оқып, оның негізгі өзекті мәселелерімен танысады. Айта кетейін, алғаш рет ұйымдастырылып отырған курсты Қыздар Университетінің ғалымдары мен тіл мамандары өткізеді.

– Жақында бұқаралық ақпарат құралдарынан университет ғалымдарынан жасақталған кәсіби-танымдық экспедиция Алматы облысының бірқатар аудандарында болғандығы туралы бхабардар болған едік. Осы шара жайында айтып өтсеңіз...

– Педагогика ғылымдарының кандидаты Г. Абдрасилова жетекшілік еткен экспедиция мүшелері маусым айының алғашқы күндерінде Кербұлақ, Сарқан, Панфилов, Іле және Жамбыл аудандарын аралады.

Кәсіби-танымдық экспедиция барысында университет ғалымдарының жоғары біліктілігі мен ұйымшылдығының арқасында жоспарланған жұмыстар өз деңгейінде орындалды. Төл тарихымыздың негіздерін ғылыми түрде дәйектеп, мәдени-рухани құндылықтарымызды жаңаша сараптауды мақсат еткен ғалымдар іс-сапар барысында аталған аудандардағы білім беру мекемелерімен ынтымақтастық орнатып, аймақтағы киелі жерлер бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырудың жоспарын түзді. Мектеп оқушыларының ғылымға деген қызығушылығын арттырып, кәсіптік бағдар беріп, осы аймақтардағы «Қазақстанның 100 киелі орындарының» тізіміне кіретін нысандарға әрі көпшілікке беймәлім киелі, қасиетті орындарға экскурсия жасады.

Еліміздің қасиетті жерлерін түгендеу, қағазға түсіру тізімдеумен аяқталмайтыны анық. Әлі де ашылмаған,  айқындалмаған тарихи нысандар бар. Осы орайда іздеу жұмыстарын ары қарай жалғастыру, аймақтағы тарихи тұлғаларды, киелі орындарды анықтау мақсатында жергілікті тұрғындармен бірлесе зерттеулер ұйымдастыру, сонымен бірге зерттеулер нәтижесін оқулықтарға енгізу алдағы уақыттың еншісінде.  Университет ғалымдарының бастамасы Қазақстанның түкпір-түкпірінде осындай  экспедициялар ұйымдастыруға үндейді. Мұндай іс-сапаралар жастар арасында патриотизмді насихаттап, ел мен жерді құрметтеуге шақырады.

– Жоғары оқу орындарының түлектерінің алдында тұрған басты міндет – университеттен алған білімдерін тәжірбиемен ұштастыра отырып, еңбек нарығында бәсекелестік қабілеті жоғары кәсіби тұлға болу екендігі белгілі. Осы орайда биылғы оқу жылында Қыздар Университетін қанша білімгер бітіріп, үлкен өмірге жолдама алды?

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден-бір дара жолы – білім жүйесі. Орта мектеп – білім жүйесінің ең басты буыны. Орта мектепте  қаланған білім негізі оқушының болашағына жол ашады», деп атап өткен болатын. «Қазіргі кезеңдегі басты мәселенің бірі жаңа технологиялардың дамуы кезеңінде болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуында ұстаздардың атқаратын рөлі ерекше. Егемен еліміздің болашағы, оның әлемдік өркениеттегі  өз орны, ең алдымен білім мен тәрбиенің бастауы – ұстаз қолында» деген Елбасы әрқашанда ұлттың болашағы педагогтың қолында екендігіне баса мән беріп келеді.  «Ұстаздар ұстаханасы» атанған Қыздар Университетінің түлектерінің қатарында есімдері елге танымал қоғам қайраткерлері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, белгілі ғалымдар мен ұстаздар, даңқты спортшылар бар. Биылғы оқу жылында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетін бакалавриаттың 43 мамандығы бойынша 1538 студент пен магистратураның 23 мамандығы бойынша 168 магистр бітіріп отыр. Түлектердің 1020-сы күндізгі, 518-і сыртқы бөлім бойынша тәмәмдады. Олардың 276-сы үздік диплом иегері. Ұстаз – болашақ ұрпақтың бағбаны, шәкіртінің бойына біліммен бірге тәрбие сіңіруші, жанына жарық сәуле сеуіп, көкірегін нұрландырушы. Қара шаңырақ білім ордасының қабырғасынан түлеп ұшқан жас  маман иелерінің басты мақсаты – келешегі кемел егемен еліміздің болашақ жастарын тәрбиелеуге, білімі мен біліктілігін арттыруға, мемлекетіміздің дамуына сүбелі үлес қосу болмақ.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Жандар АСАН

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?