Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Рысқұловтың хаттары

2360
Рысқұловтың хаттары - e-history.kz
Ахмет, Әлихан бастаған ұлтшылдар жолын қалай ұғамыз? Партия жолымен бұлардың өткендегі (төңкерістен бұрын алашорда үкіметі) қазіргі істеріне қанша баға береміз?

Т. Рысқұлов – публицистиканың эпистолярлық жанрында кеңінен қалам тербеген қарымды қайраткер. Оның хаттарында көтерілген мәселелердің ауқымды болуы – саяси-идеологиялық, қоғамдық-әлеуметтік тақырыптарды қозғағандығы. Қалың бұқара назарын аударғандағы мақсаты – тұйыққа қамалған түйінді бірлесе шешу, ел болып бірлесе үн қосу еді. Әдетте баяндау стилінде жазылған хаттарында Т. Рысқұлов қоғам үшін өзекті проблеманың дөңесінің түзуленуіне ықпал етіп отырған. Мәселен, Бішкектегі ауылшаруашылық училищесін тәмамдар тұста жазған хаты арқылы, заманында өзі сияқты балалардың басындағы халді баяндай отырып, көңіл бөлуді сұрайды. Алғашқы хатта шынайы тіршілік болмысын боямасыз бейнелеген жас шәкірт – Тұрар болашаққа деген сеніміне селкеу түсірмей, алға адымдауына батыл талпынысына, мектеп басшылығы қолдау көрсетуін өтінеді [1]. Тұрар сол уақыттарда тағдырына асқан жауапкершілікпен қараған қазақ жастарының бірі болғаны даусыз. Әкесі Рысқұлдың Алматы түрмесіндегі мехнатты күндерін, әділетсіздікпен күрестегі теперішін көзбен көрген ол алдағы өмірінде ешкімнен қолдау болмайтындығын, тек адал еңбек пен әділетті қадам ғана алға жетелейтінін түбегейлі сезінген. Ұлы Абайдың:

«Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап» [2] 

деп айтқан ғақлиясы Тұрар Рысқұловтың өмірлік ұстанымына айналған. Сондықтан да Тұрар кеудесіндегі жанайқайын замана көшіндегі өткір мәселелермен өріп, қоғам назарын аудартуды парыз санаған.

Т. Рысқұлов Коминтерн өкілі ретінде Моңғолияда қызмет атқарған жылдары жанына серік еткен де осы публицистиканың эпистолярлық жанры. Ол жазған хаттардың барлығы дерлік сол кездегі КСРО шы-ғыстанушылары ассосациясының төрағасы М. Пав-ловичтің басшылығымен шыққан «Новый Восток» журналында жарияланған.  Мәселен, Петерске жолдаған хатында Т. Рысқұлов «белгілі бір азаматтар қолындағы билікті сана таяздығынан, есеп түгендеуге құрал етіп пайдалануда. Бұл жерде Моңғолия мемлекеті ғана емес, ішкі Моңғолия, Барга, Синзян, Тибет, және т.б. барын ұмытпау керек. Және бұл қызметтің масштабты екенін ескерген жөн» [3] дейді. Т. Рысқұлов сонау 1920-шы жылдары «билікке келген басшы партияға қызмет етуді биік мансап тұтса, ол қатардағы көп шенуніктің бірі болмақ. Ал егер, билікті ұлт мүддесіне бұрып, құрал ретінде қолданса, ол мұратына жеткендігі» деп баға берген. Т. Рысқұлов билік басындағылардың ел-жер мүддесін көксеп, сол үшін қызмет атқаруын заңды құбылыс ретінде қабылдаған. Моңғолиядағы қызмет атқарған жылдарын аса  маңызды кезең деп, зор бағалаған Мініс Әбілтай бұл хаттардың қоғам үшін мәні салиқалы болғандығымен қатар, тарихшылар үшін дерекнамалық салмағы едәуір [4] деп атап көрсеткен. Шындығында Т.  Рысқұловтың Моңғолиядан жолдаған хаттары қазіргі таңда түркітану саласына қосылған елеулі тарихи жәдігерге айналғандығын уақыттың өзі көрсетіп отыр.

1925 жылы 3 қарашада Москвада оқып жүрген бір топ қазақ жастары ел билігіндегі қайраткерлерге, атап айтқанда, Ораз Жандосов, Нығмет Нұрмақов, Смағұл Садуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Сейітқали Меңдешов, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов сынды жолдастарға арнап, көкейкесті алты сауал қойып, ашық хат жазады. Өлкелік «Еңбекші қазақ» басылымының 17 қарашадағы 404 санында жарық көрген бұл  хат сол кездегі қазақ қоғамы үшін тың серпіліс болғаны хақ. Газет оқырмандарына: «Қазақ арасында партия жұртшылығы әлі жас. Қазақ ортасындағы көп негізді мәселелеріміз әлі партия жолымен толған жоқ, түсіндірілген  жоқ. Қалың ел тұрсын, еңбекші елге басшы болып отырған көп коммунист, комсомолдарымызға ашылмаған сөздердің біразын біз төменде жеке-жеке бөліп сұрау қылып қойып отырмыз. Осы сұрауларға партия, үкімет жұмысында жүрген басты қазақ коммунистері пікірлерін білдірсе екен. Қойылған сұраулар бойынша партия көзқарасын түсіндірсе екен:

1. Қазақ арасындағы тап жігі, ру жігі дегендерді қалай ұғамыз? Қазақ тұрмысында бұл екеуінің қайсысы басым, тап жігі ме, жоқ ру жігі ме? Қайсысы қазақ тұрмысына әсер беріп отыр?

2. Ахмет, Әлихан бастаған ұлтшылдар жолын қалай ұғамыз? Партия жолымен бұлардың өткендегі (төңкерістен бұрын алашорда үкіметі) қазіргі істеріне қанша баға береміз?

3. Коммунистер қолданып отырған Маркс, Ленин жолы – капитал тұрмысында  туған жол. Бұл жол пролетариат (кесіп жұмысшылары) жолы коммунистер партиясының да ұйытқысы, арқа тірейтін белі – пролетариат. Ал қазаққа келсек, пролетариат  жоқтың қасы. Пролетариат қатарына кіретін жұмысшыларымыз қа-зақтың жалпы санын алғанда бір-екі-ақ процент. Онда да көп бытыраңқы ірі кәсіптегі пролетариат емес. Сөйтсе де біздің қазақта коммунистер жылдан-жылға көбейіп келеді. Көбейгенде көбінесе қазақтың шаруа оқығандарынан шыққан коммунистер көбейіп келеді. Тап жігімен қарағанда қазір қазақ коммунистері 95 пайыздай шаруа табынан шыққандар деуге болады. Бұлай болса қазақ коммунистерінің шаруа табынан шыққандықтары партия жолы, партия істеріне әсер бермей ме? Қазақ сықылды 98-99 % шаруа табы болған елде Маркс, Ленин жолын тура жүргізетін коммунистер партиясының болуына нендей дәлелдер бар?

4.  Қазақ коммунистеріне қалың қазақ ортасында партия құру жолында қандай қауіп-қатер, қиыншы-лықтар бар? Қалай сақтану керек, қалай жою керек?

5.  Қазақта төңкерістен бұрын шыққан коммунистер жоқ. Қазақ коммунистерінің бәрі – совет тұсында туғандар. Оның үстіне осы күнгі басты ком-мунистеріміздің көбі ескі оқығандар – ұлтшылдар арасынан келгендер оның (коммунистердің жастығы көбінің ұлтшылдар арасынан келгендіктері) партия істеріне партия басшылығына берерліктей кемшілік келтірерліктей қауіпі бар ма, болса қандай, қалай сақтану керек?

6.  Қазақ әлі мәдениетке кедей. Мәдениет жұмысы енді ғана қолға алынып отыр. Біздің мәдениетіміздің орыс сықылды өнерлі ұлттардың мәдениетінен айырмасы бар ма? Болса қандай? Мәдениет жұмысын күшейту жолында орыс арасындағы партия жолы, партия әдісін біздің қазақ арасында түгелімен қолдануға бола ма? Болмаса қандайлары? Осы сықылды партия пікірі сұрыпталмаған сөздер көп (шаруа, партия, үкімет құрылыстары, тағы-тағылар), бірақ бәрін бір жолда тексеруге болмайды: Әзіргі партия жолымен түсіндіруге керек қылып отырған сұрауларға, басты коммунистеріміздің пікірлерін білгіміз келеді. Құр басты коммунистеріміз десек «сен сөйле, мен сөйлеге» түсе ме деп, пікірлерін білгіміз келген. Басты коммунистеріміздің әдейілеп аттарын да жазып отырмыз. Әрқайсысына арнап ашық хатымызды жіберіп отырмыз. Аты аталған жолдастардан газет-журнал беттерінде жауап күттік:

Жолдастық сәлеммен, Ғ. Тоқжанұлы, Ғ. Ысқақұлы, А.  Жанболұлы, Уәли Орынбайұлы, Т. Қайбылдаұлы, М. Ербалаұлы, І. Жансүгірұлы, К. Бүркітұлы, Ғ. Алпысбайұлы, Ж. Әсірұлы, А. Хангелдіұлы, Ы. Жолдыбайұлы, А. Мемешұлы, Ж. Елеусізұлы, А.  Сейтенұлы, Ж. Уәлиқанұлы, Т. Тәжібайұлы, Е. Алтынбекұлы.

Басқарма – жоғарыдағы ашық хатта аты аталған коммунистеріміз жауаптарын кейін бере жатар. Әзірше газет оқушыларымызда қойылып отырған сұраулармен танысып өтсін деп басып отырмыз» [5] деп қайырылады.

Көріп отырғанымыздай жастар биліктегі мырзаларға алты сауал қойған. Тұрар алты сауалдың бесеуіне дәл, орнықты жауап беріп, бір сауалды  ашық қалдырады. Себебі ол сауалдағы Ахмет пен Әлиханға қатысты айтылған тұстарды Тұрар негізсіз деп санаса керек. Және де жастарға бағыттаған жауапта ұлт зиялыларына байланысты ақиқатын айтқан. Дегенмен  жастардың сауалына тек қана Тұрар үн қатып, тұщымды жауап береді. Газет Тұрардың жауабын 1926 жылдың 6 маусымындағы 123 (560) санында «Жастардың хатына жауап» [6] деген атаумен жариялаған. Жастардың хатына байланысты Тұрар: «Мен аттары аталып, жауап сұрағандардың бірімін. Сондықтан жастардың хатына қысқа болса да жауап беруді әрі тиіс, әрі міндет көрдім» дей келе, «Мақсұтым  – осы мәселелерге көбінің көңілін тартып, көбірек талқылануына аудара тексеріліп, дұрыс шешілуіне қайтадан назарларын салу» дейді. Т. Рысқұловтың жастар хатына берген жауаптары ашық, өткір, тұщымды. 

Әсіресе оның «Осы күні қазақ ауылының тұрмысындағы жұртшылық қатынасына рушылдық тәртіп-әдеттері қазақ халқының осы күнгі мәдениет, шаруашылық жұмыстарындағы өсуіне үйлесімсіз болғандықтан, және де ауылдағы өндіріс күштерінің өркендеуіне бөгет болғандықтан бірте-бірте жойылып келеді. Рушылдық тәртібінінің қалдықтары қазақтың көбіне күнделікті тұрмысында әлі әсері болғанмен, басқалардың еңбегімен пайдаланатын қазақ байларының қолында еңбекшілерді езу құралы есебінде ғана болып келеді. Қазақ байлары рушылдық салт-санасын кедейлерді езу үшін және соны көзден тасалау үшін ғана қолданады» деген пікірі сол уақыттың бұлтартпас шындығы еді.

Сол сияқты Т. Рысқұлов: «Арқалық ұлттыққа өсіп жеткенде, сол ұлтқа сол ұлттың бай тобына өз тілінде сөйлейтін ұлт зиялылары туады. Қазақ зиялылары қазақтың алдымен жоғарыда тұрған жігімен қатар туып, соның қолшоқпары болды. Ұлтшыл оқығандардың төңкерістен бұрынғы жұмыстарына келсек, бұл жұмыстар патша үкіметіне, сол кездегі ескі тәртіпке қарсы және көбінше жұртшылық қатынасының жаңа түрлерін өркендету жөнінде болғандықтан, пайдасыз емес еді. Бірақ Ақпан, әсіресе Қазан төңкерісінен кейін ұлтшыл оқығандардың белгілі бір тармағы төңкеріске қарсы болғандықтан, ескілікті көксеуге айналғандықтан, олардың бұл төңкерістен кейінгі әрекетін халықтың алға басуына зиянды әрекет деп қарау керек. ...Ең алдымен зиялылардың түр-түрлерін айыру керек» деп, өз ортасындағы әлеуметтік қарым-қатынастарды боямасыз суреттеген. Ұлт зиялылары туралы пікірлерінің ішінде Т. Рысқұловтың мына көзқарасы құнды, ол былай дейді: «...Партияда жоқ ұлтшыл оқығандарды мүлде қуып жіберу, оларды жуытпау керек пе? Жоқ, олай емес зиянды салт-саналар, саяси бағыттар, пайдасы тиердей, зияны аз тиердей қызметтерде олардан пайдалану керек».

Тұрар ел ішінен шыққан зиялы қауым, қоғам қайраткерлеріне жастардың сауал беруін жоғары бағалайды. Партия жұмысының дұрыс жолға қойылғандығы, көп жылғы еңбектің жемісі ретінде санайды жастар бастамасын ол. Ашық хат соңына қарай Тұрар: «Адал ниет, саналы жолдастар «құйыршық» болудан, «көсемдердің» етегінен, көзді жұмып ұстап соқыр еліктеп жүре беруден бас тартатын кез туды. Олар өзін-өзі билеп, сынаулы жолына қатты кірісуге белсенілулі. Бұл талапқа сүйенуге құтты болсын айтуға, бұған жәрдемдесуге тиіспіз. Аттары аталған жолдастардың ішінен ең алғашқы болып жастардың хатына осы жауаптарды беріп отырмын. Біздің мақсұтымыз жөн көрсетушілік емес, жастардың хатында қозғалған маңызды мәселелердің маңайына көптің назарын аудармақ еді.

Аттары аталып сұралып отырған басқа жетекші жолдастар, жастарымыздың хатын елеусіз, жауапсыз қалдырмас.  Біздің жауабымызда қисығы болса жөндеп, шала айтылған жерлерін кеңірек толықтырар деп үміт етеміз» деп жазады. Осыдан-ақ Тұрардың жастар хатына жауап беруді асыл парыз әрі жауапкершілік деп түсінгенін ұғуға болады.

Т. Рысқұловтың эпистолярлық публицистикасының шыңы – оның Сталинге жазған хаттары. Тұрар басын бәйгеге тігіп, ел-жер тағдыры үшін қаймықпай өткір пікір айтқан бірден-бір қайраткер. Сталинге жазған хаттарында Тұрар жеке басына шен-шекпен сұрамады, ол оған керек емес. Өзі түлеп ұшқан ауылдасының жағдайын күйттемеді де, олар Тұрарсыз да шешер еді. Ол хаттарда Тұрар бүтіндей қазақ ұлтының, Қазақстандай алып мемлекеттің тағдырына алаңдаушылығын дәлелді фактілермен тізеді. Жергілікті ұлтты басқарып отырған өзге ұлт өкілі Голощекиннің озбырлығын дәлелдейтін фактілерді Қазақстан үкіметінің құжатнамалық базасынан алып, қызметтік тұрғыда мәлімдейді. Голощекиннің ішкі Ресейдегі коллектив саясатын ешбір негіздемесіз қазақ даласына енгізуі бір ұлттың тарих алдында тағдырына балта шабу екендігін дәл айтады. Т.  Рысқұлов айтқандай 1920 жылдардың соңына қарай Голощекиннің солақай саясатының салдарынан халық санында өсім болмады.

«Бай-кулактарды кәмпескелеу туралы» 1928 жылы 28 тамыздағы қаулы күштеп тәркілеуге ұласып, совет өкіметі ірі байлармен қатар орта шаруалардың малын да зорлықпен тартып алды. Бұл советтік саяси науқан «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» дейтін ұранмен жүзеге асты. 1929 жылы Қазақстандағы мал басы 40 миллион болса, 1933 жылы 4 миллионға зорға жетті. Оның өзі де ашаршылық жайлаған республикаға 1933 жылдары сырттан жәрдемге әкелген мал есебінен құралды деген пікірлер бар. Соның кесірінен онсыз да 1921-22 жылдардағы ашаршылықта 30 пайызынан айырылған қазақ халқы 1931-1932 жылдары тағы да жаппай аштыққа ұрынып, тең жарымы, яғни 2 миллион 500 мыңға жуық адамы қаза болды. Кейбір зерттеушілер аштан қырылғандар 3 миллионнан да асып түседі дегенді айтады. Қазақ халқы 1723 жылдары жоңғар шапқыншылығы кезіндегі «Ақтабан шұбырынды» мен екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де дәл мұндай қырғынға ұшыраған жоқ.

«Кіші Октябрь» төңкерісін жасамақ болған Филипп Голощекиннің жосықсыз саясатына қарсы жергілікті халық талай рет бас көтерді. Кейбір дереккөздер мұндай көтерілістер мен толқулар Қазақстанның түкпір-түкпірінде бас-аяғы 372 рет болғанын көрсетеді. Кез келген толқу күшпен басылып, қатаң жазаға тартылды» [7] деп жазады тарихшы Асылхан Мамашұлы.

Тұрар Голощекин үкіметі кезіндегі қиыншылықтар туралы орталық билікке баяндап, ресми жауап күтіп отырмай, жергілікті жердегі жанашыр басшылармен ел жағдайын жақсартудың бағыттарын қарастырады. Оның Сталинге жазған алғашқы хаты еш нәтиже бермеді. Соған қарамастан Т. Рысқұлов тағы да екі хат жазады. Онда ол Орталық Комитеттің назарына ашаршылықты, қазақтардың үдере көшіп кетуін тоқтату жөнінде міндеттер қояды, орындалуын бақылайды. 1926 жылы Тұрар: «Қазақ халқы түгелдей отырықшы егіншілік жағдайға көшуі керек және көшеді дегенді кім белгіледі және қандай негізде? Осы бағытқа қарай даму тенденциясы болады, бірақ алыс болашақта аяқталады, ал әзірге даму шарттары мен мүмкіндіктерінің арақатысы, әрине, біршама басқаша екендігін көрсетеді» деп жазады. Яғни сан ғасырлар бойы көшпенділік тіршілік кешкен ұлтты стихиялы түрде отырықшылыққа мәжбүрлеудің қауіп-қатері орасан екенін ұғындырғысы келеді Тұрар. «Егер мәселеге түбегейлі бет бұрылмаса, қазақ ұлтының гендік қорын сақтап қалу қиын болады» деген ащы шындықты да жеткізеді Рысқұлов басшылыққа. 1933 жылы  9 наурызда ол И.  Сталинге хат жолдап, оның қабылдауында болады. Хатта Т. Рысқұлов былай дейді: «Қазақтардың қоныс аударуының мөлшері мен олардың жағдайы туралы мәліметтер: Жергілікті жерлерден алынған соңғы болжамды мәліметтер бойынша, Қазақстан мен көршілес өңірлерге қоныс аударған қазақтардың саны: Орталық Волгаға – 40 мың адам, Қырғызстанға – 100 мың адам, Батыс Сібірге – 50 мың адам, Қарақалпақстанға  – 20 мың адам Орта Азияға – 30 мың адам. Жұртынан көшкендер тіпті Қалмақстан, Тәжікстан, Солтүстік өлке секілді және басқа да шалғай жерлерге дейін барған. Байлар бастаған халықтың бір бөлігі Батыс Қытайға қоныс аударды. Қазақтардың орталық аудандарға қарай қоныс аударуының мұндай құбылысы Қазақстанда алғаш рет болып отыр, бұл жай ғана көшіп-қону емес, көбінесе аш адамдардың азық іздеп, босып кетуі еді. Жекелеген аудандар бойынша қоныс аударғандар аудандардағы бүкіл халық санының қырық-елу пайызына жетеді.»

Және де бұл мәселенің терең қарастырылып жүзеге асырылуын қадағалап қоймай нақты ұсыныстар, міндеттер қояды. Ол:

«1. Қазақтарды өнеркәсіп  кәсіпорындары жүйесі бойынша және ауыл шаруашылығында еңбекке орналастыру;

2. Мал дайындау комитетін міндеттеп, ашыққандарға 400 мың пұт астық бөлу;

3. Қазақтарды отырықшыландыру жоспарын қайта қарау, өйткені еңбекке жарамды адамдар мен жұмысқа жегілетін малдың азаюына байланысты 30 млн рубль еңбек қатысуы халық үшін шама жетерлік емес;

4. Қазөлкекомды бір ай мерзім ішінде Орталық Комитетке қоныс аударушы қазақтар бұдан былайғы орналастыру туралы дайындаған іс-шаралар жоспарын, сондай-ақ осы мерзімде Қазақстанда мал шаруашылығын дамыту жоспарын табыс етуге міндеттеу;

5. КСРО ХШОБ-қа үстіміздегі жылы халық санағын жүргізу мен негізгі қазақ аудандарындағы шаруашылықтардың жай-күйін есепке алу, сондай-ақ сол аудандарда көктемгі егіс аяқталысымен  егістіктің алқаптарының есебін жүргізу ұсынылсын» [8] деп белгілеп береді. Бұған қоса ол көршілес Қырғыз бен Башқұрт мемлекетінің үкімет органдарына қазақ қоныс аударушыларына жағдай туғызуды, оларды жұмыс орындарымен қамтамасыз етуді сұрап хат жолдайды, телеграммалар жібереді. Публицистиканың жетістігі  – нәтижелігі, ықпалдылығында болса, Тұрар Сталинге жазған хаттары арқылы мақсатына жеткен деп айтуға негіз бар.Тұрар бұл тарихи хаттарында салыстыру, анализ жасау, ой тастау сияқты тәсілдерді ұтымды қолданған. Мәселен: «Патша тұсындағы переселендер басқармасы көшпенділерге жер бөлгенде, әрбір отбасына кем дегенде отыз бас ірі қара, жайылымдық жер бөлетін еді. Республика басшылары жергілікті ерекшеліктерді ескерместен, көшпенділерді отырықшылыққа мәжбүрлеп көшіргенде, қолдағы азын-аулақ қаржыға еуропалық үлгідегі ірі қалашықтар, алып колхоздар, колхоз-совхоз комбинатын салуды көздеп, көзжұмбайлыққа салынып, жобақұмарлыққа ұрынды. Отырықшылыққа көшіру процесін 1933 жылға дейін аяқтауды ұйғарған болатын, яғни ғасырлар бойы қалыптасқан тұтас өркениетті өте аз уақытта басы бүтін басқа жүйеге көшіру ақылға сыймайтын іс еді» деп, тарихи фактілерді жайып салады.

Сонымен қатар Тұрардың эпистолярлық публицистикасына мәселеге, фактіге маңыз беру, орнын айқындап беру, сол арқылы  шешім шығаруға ықпал ету тән. Тұрар Сталинге хатында: «Қоныс аударушылар өздерімен бірге көрші өлкелер мен Ташкент, Сібір, Златоуст теміржолдары бойына індет ауруларын таратты. Совет тарапынан, атап айтқанда, РСФСР ХКК тарапынан белгіленген ішінара шаралар мәселені шеше алмайды. Орталық Комитеттің қаулысымен дер кезінде жәрдемге босатылған азық-түліктің едәуір бөлігі көздеген жерге жетпеді. Бұл мәселенің маңызы зор болғандықтан, Сізден осы хатпен танысуыңызды және аштан өлу қаупіне душар болған көптеген адамдардың өмірін сақтап қалу үшін, осы іске ара түсуіңізді  өтінемін» [8] деп жазады. Тұрар Рысқұлов Мәскеуге ауысқан кезден 1926 жылдан бастап саяси қуғынға ұшырап, атылғанға дейін яғни, 1937 жылға дейін РСФСР ХКК төрағасының орынбасары қызметін 11  жыл атқарған ол өзінің туған отаны үшін, ондағы адам төзгісіз қиын жағдайларға  жаны шырылдап, қаншама кабинеттердің есігін тоздырды, биік мінберлерден сөз сөйлейді.

Алайда Қазақстан билігіндегі Ф. Голощекин сияқты дүмбілез басшылар Сталинге «Қазақстанда бәрі дұрыс, гүлденіп жатыр» деп жалған ақпарат беріп, Тұрардың мәлімдемелерін жоққа шығарумен болады. Дегенмен Сталин Тұрар Рысқұлов хаттарының негізіне үңіледі.

Негізінен Тұрар жазған хаттарды жіктер болсақ, әуелі белгілі бір билік өкіліне (Ленин, Сталин, Голощекин және т.б.) жалпыхалықтық ауқымды мәселені уақыт оздырмай шешу керек тұста жазылған. Екіншіден, белгілі тұлғаларға (Павлович, Петерс, Рудзутак, Куйбышев және т.б.) ой бөлісу үшін, баға беруге арналған. Үшіншіден, жеке адамдарға (мектеп директоры, қазақ жастарына) өмір құбылыстарын түсіндіру, баяндау үшін жіберілген.

Ал хаттардың тақырыбы бірде «КСРО Саяси бюросының бас хатшысы Сталин жолдасқа», «Қазақ жастарының ашық хатына жауап», «Моңғолиядан хат» және т.б атаулармен берілген. Тұрар хаттарындағы көтерілген мәселелер заман өтсе де өзектілігін жоймақ емес. Ал Т.  Рысқұлов хаттарының кейбірінің мазмұны әлі де зерттеуді қажет ететін дерекнамалық маңызы зор тарихи құжат болып қалатыны анық.

 

Сілтемелер:

1. Күзембаев Е. Тұрар. Алматы, 2010.

2. Абай. Алматы: Арыс, 2001.

3. Рысқұлов Т. Архив құжаттары. Түркістан: ХҚТУ, 2004.

4. Әбілтай М. Т. Рысқұлов Моңғолияда. Алматы: Қазақстан, 1996.

5. Ораз, Нығмет, Смағұл, Сұлтанбек, Сейітқали, Тұрар, Нәзір жолдастарға Ашық хат // Еңбекші қазақ, 1925, 17  қараша.

6. Рысқұлов Т. Жастардың хатына жауап // Еңбекші қазақ, 1926, 9 маусым.

7. Мамашұлы А. Голощекин басқарған жылдары қазақ халқының тең жартысы аштан қырылды // Азаттық радиосының сайты http://www.azattyq.org/a/kazakhstan_golochekyn_famine/ 24326163.html.

8. Рысқұлов Т. Шығармалар жинағы. 3 томдық. Алматы: Қазақстан, 2007.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?