Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Талапкер туралы татымды туынды

3144
Талапкер туралы татымды туынды - e-history.kz
Кітапта қазіргі Талапкер ауылы орналасқан аймақтың өткен ғасырлардағы тарихи кезеңдеріне шолу жасала келіп, XX ғасырда елді мекенге, ұжымдық шаруашылыққа айналуы тарихи көркем тілмен баяндалады

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және «Туған жер» арнайы жобасы аясында еліміздің барлық өңірлерінде сол аймақтардың географиясы, табиғаты, экологиясы, өткен және қазіргі тарихы, мәдениеті, халқы туралы зерттеулер жүргізіліп, тарихи-танымдық еңбектер жазылып, оларды тәуелсіз еліміздің қазіргі дамуымен байланыстыра қарастыруға бағытталған игілікті істер атқарылуда.

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты ғалымдары да осы бағытта өздерінің жұмыстарын жандандыруда. Бұрын көп зерттелмеген Ақмола өңірінің өткен тарихына қатысты әртүрлі деректер жинақталып зерттелуде. Елбасы өзінің жоғарыдағы аталған мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкені халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп көрсеткен болатын.

Ғылыми институттың негізгі зерттеу нысаны ұлттық тарихымыз болғандықтан, оның өлкетанушылық бағытында да бірнеше еңбектер жарық көрген болатын. Солардың бірі – қазір Астана қаласының бір бөлігіне айнала бастаған Талапкер ауылы туралы 2011 жылы жарық көрген, көлемі 6,8 баспа табақ болатын «Талапкер ауылы: кеше және бүгін» тарихи-танымдық кітап. Авторлары: осы ауылдың тумалары – ғылым кандидаты Сейітқали Жахияұлы Дүйсен және ауылдың шежірелі ақсақалы Сабыр Мәлғаздаров.

Кітапта қазіргі Талапкер ауылы орналасқан аймақтың өткен ғасырлардағы тарихи кезеңдеріне шолу жасала келіп, XX ғасырда  елді мекенге, ұжымдық шаруашылыққа айналуы тарихи көркем тілмен баяндалады. Ауылдың іргесін қалап, шаруашылықты басқарған, еңбек еткен ізашарлар мен олардың фотосуреттері, мектеп ашқан алғашқы ұстаздар мен шәкірттері, кеңестік дәуірде ауылдың өсіп-көркеюіне өзіндік үлестерін қосқан еңбек озаттары, облыс, республика көлеміне танымал болған ауылдан шыққан белгілі азаматтар, кешегі Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып майдан даласында опат болғандар тізімдері мен аман-есен оралғандар есімдері және бірқатарының өмір жолдары баяндалған. Сонымен қатар ауылда құрылғаннан бастап кейінгі жылдарға дейін қоныс қылған, кейін басқа жақтарға қоныс аударған жерлестердің аты-жөндері де берілген. Соңында ауылдың тәуелсіздік жылдарындағы дамуы туралы деректер жинақталған.

Қорыта айтқанда, бұл кітаптың ауыл-село тарихын жазып, зерттеушілерге әдістемелік көмек болатындай қажеттілігі бар деп білеміз.

 

Жабай ҚАЛИЕВ, ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институты Ғылыми-ақпарат бөлімінің басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?