Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Именбей өтті Иманжүсіп (төрттаған)

2998
Именбей өтті Иманжүсіп (төрттаған) - e-history.kz
«Қазақстан тарихы» интернет порталы Қуғын-сүргін құрбандары күні қарсаңында өмірі ат үстінде күреспен өткен тарихи тұлға Иманжүсіп Құтпанұлының мұралары жайлы қызықты деректерді ұсынады

Бірінші әңгіме. Иманжүсіптің мылтығы

Қуғыннан көз ашпаған, қазақ даласының төрт тарабында түгел айдауда жүрген, ғазиз басы ноқтаға сыймаған тағдырлы тұлғалардың бірі – Иманжүсіп Құтпанұлы. Арғы бабасы Тұрғанбай Сыр бойының айтулы тұлғасы, даңқты датқа болғанымен, тағдыр жолы Құтпанды және оның ұлы Иманжүсіпті сан тарапқа, алуан соқпақтарға бастады. Павлодар уезінің Ақсу елді мекенінде шыр етіп дүние есігін ашқан сәби алғыр әрі қайсар болып өседі, құдірет оған жауларымен алысып өтетін батыр болмысы сай қажырлы қайрат пен дүйім жұрты таңқалдырар бірнеше өнерді бойына сыйдырған айрықша дарын сыйлайды.

Батырдың Нұрхан есімді кенже ұлынан туған немересі Раушан Иманжүсіп бізге атасынан қалған асыл жәдігер – бесатар мылтықтың тарихынан сыр шертті. Қазіргі таңда Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы мектептің ішіндегі шағын музейдің шырақшысы болып жүгіріп жүрген Р. Нұрханқызы аса дарынды атасының өміріне қатысты бұл мұра музей қорына бертінде тапсырылғанын айтады. 

– Атам Иман Жүсіп ұстаған бұл мылтық бесатар деп аталады. Біздің музейдің ең құнды жәдігері десем болады. Оны Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданының Темірлан елді мекенінде тұратын Қалдарбек Оңалбеков есімді кісі тапсырды, – дейді Раушан Иманжүсіп.

Философия докторы, иманжүсіптанушы Р. Нұрханқызына мылтықты тапсырушы Қ. Оңалбековтің айтуынша, атасы Нұр Махамбетұлы ұзақ жылдар бойы сақтап келген.

Тарихшы Талас Омарбеков тәркілеу науқаны 696 қожалықты қамтығанын,  оның ішінде алғашқы топқа, яғни ірі байлар қатарына 562, ал екінші топқа 134 қожалық жатқызылғанын зерттеп жазады. Алғашқы топтағылар да түгелдей байлар болмағанын, біразы тек қазақ хандарының, датқаларының және билерінің тұқымдары болғаны үшін тәркіленді деген деректі айтады.  Сондай-ақ мал-мүлкі тәркіленгендердің қатарында дін өкілдері, Алаш ұлт-азаттық қозғалысына қатысқандар да айыпталып, жазаланған. Тәркілеуге ұшырағандарды әлеуметтік жағынан болыс басқарушылар, хандар, датқалар ұрпақтары; ақсақалдар, билер (бұрынғы соттар); молдалар, ишан-имамдар; алашордашылар, ұсақ чиновниктер; ауылды советтендіруге қарсы болғандар деп жіктеуге болады. Осының ішінде «датқа ұрпағы» және «советтендіруге қарсы болған» деген баптар Иманжүсіпті айыптауға толық жетіп жатыр еді.

Иманжүсіп Құтпанұлы өмірінің соңғы жылдарын Жамбыл облысының аумағына қарасты Қосқұдық бекетінде өткізгені бізге белгілі дерек. Совет өкіметі орнап, мүлікті кәмпескелеу ісіндегі асыра сілтеушіліктер  Иманжүсіптей халық қамқорының ашуын-ызасын туғызады. Жоғарыдағы мысалдардан анық көрінгендей, ұжымдастыру науқанына тек ауқатты байлармен қоса, қосақ арасында  қарапайым адамдар да ілінгенін өз көзімен көреді. Әділетсіздікке жаны қас, отаршыл-әміршіл жүйенің барлық ызғарын бойынан өткізіп сезінген батыр, халық рухын өнерімен көтеруші сері мұндай бассыздыққа төзбейді. Қолдан жасалған әрі негізі жоқ мұндай ұжымдастыру ісіне қарсылық танытқан халық өкілдері Иманжүсіптің маңына топтаса бастайды. Бұл 1929-1930 жылдар болатын.

– Мына суреттегі Махамбетұлы Нұр деген кісі Иманжүсіп атама жолыққан кездегі әңгімесі біздің жадымыздан өшкен емес. «Тау жақты мекендеген бізге белгісіз бір қарақшылар маза бермей жатыр, қайта-қайта біздің малымызды ұрлап кетеді. Біз шаршадық. Қарақшыларға ешқандай күшіміз жоқ» деп Нұр Иманжүсіпке шағым айтыпты.

Сонда Иманжүсіп: «Сендерде ауылды қорғайтын бір мылтық та жоқ па?» деп сұраған. Күнделікті қоңырқай тірлігімен күн кешкен момын қазақтар: «Жоқ. Мылтық ұстамаймыз» деп шу ете қалады. «Мә, мынау менің бесатарым. Сендерге бердім. Анау тұрған Мәмбеталы деген тауы, соған барып жасырынасың да, тонаушы қарақшылар көрінгенде бір рет оқ атасың. Содан кейін көресің әуселесін» дейді екен Иманжүсіп.

Айтқандай, асуда атылған оқ дауысын естіген қарақшылар «бұл ауылда Имекең бар екен!» деп аттың басын бұрып келген ізіне түскен екен, – деп Р. Иман Жүсіп өткен күннің тамаша естелігін айтты.

Осындай батырдан қалған асыл мұраны сақтау Нұр ұрпақтарына оңай болмағанға ұқсайды. Советтік кезеңде қаншалықты қиын болғанын айтып жеткізу қиын. Себебі мен ата мен бала, аға мен бауыр бірін-бірі ұстап, сатып кететін үрей билеген қоғам мен оның сенімсіз адамдардың көбеюі кесірінен мылтық ұзақ жылдар бойы кебежеде жасырын ұсталған. Кейін онда да тығып ұстау қиындаған соң, әбден майлап, шүберекке орап, жерге көміп жасырады. Алайда бұл атақты адамның ұстаған қаруы екенін Нұр өзінің ұлы Оңалбекке айтып тапсырып кетеді. Тіпті Тәуелсіздікке қол жеткен жаңа кезеңде де үкіметтің мылтық ұстауға болмайды, тапсырыңдар» деген қаулысы шығып, елге көрсетуге, Иманжүсіп ұрпақтарына беруге жүректері дауаламапты. Тек қария «Күндердің күнінде бұл мылтық иесіне, оның ұрпақтарының біріне қайтарылады. Олар іздеп келеді, сонда берерсіңдер. Бұл – аманат» деп келер күннің жақсылығынан үміт үзбеген дейді.

Азат басын абақтыда қалдырған Ер Иманжүсіптің қайғылы тағдыры оның Мойынқұм көтерілісін басқаруымен сипатталады. Советтік өктемдік пен асыра сілтеушілікке қарсы қол көтерген батырды жазалаушы адамдар 1930 жылғы 20 желтоқсан күні ұстап, Тараз түрмесіне қамайды. Үш айға жуық тергеп, сот оның «халық жауы» деп танып, ату жазасына бұйырады. Үкім 1931 жылдың 2 наурыз күні орындалған.

Алғашында ағайынның жаласынан қиырларға айдалған Иман Жүсіп тағдыры ХХ ғасырдағы қазақ халқының тұтас тарихынан көрініс беретіндей. Бір бойында сан қырлы өнер табылатын ардақты азамат, есіл ер 68 жасында өз ажалымен емес, опасыз жүйенің, оспадар белсенділердің әрекетінен опат болды. Ал оның қолының табы қалған бесатар мылтық сұрқай замана мен жемір уақыттың белгісіндей музей төрінде сақталып тұр. 

Екінші әңгіме. Иманжүсіптің фотосуреті

Астана қаласының іргесіндегі Жібек жолы мен Қызылсуат ауылының ортасындағы алқап – Иманжүсіптің әкесі мен ағасы Шоңайдың жұрты болып есептелген. Жібек жолы ауылындағы И. Құтпанұлы атындағы мектепте ақын-композитор, дала серісінің құрметіне арналған шағын музей жұмыс істейді. Ордалы шаңырақтың шырақшысы – философия ғылымдарының докторы, профессор Раушан Нұрханқызы саналы ғұмырын иманжүсіптану ғылымына арнап келеді.

1990 жылдардың басында қазақтың арыс азаматтары жайлы қатқан тоң жібіп, суық көзқарастар жылыған шақта Иманжүсіптің ұлы Нұрханға әке ісі ақталғаны жайлы тілімдей қағаз ғана келіп жетеді. 1992 жылдың көктемінде ақтау туралы құзырлы мекеменің ресми мәлімдемесінен кейін Нұрхан әке қызы Раушанға: «Қолымдағы бар қағаз осы ғана, әкемнің жатқан жерін білмеймін, суреті сақталмаған. Егер осыларды тауып берсең, тірі болғанда алғысымды, өліп кетсем, аруағым разы!» деп ақырғы тілегін айтады.

«Содан не керек, жас, қайнап тұрған шағым, тоқсаныншы жылдардың басында Иманжүсіптің көзін көрген жиырма шақты адам болды – әкем, менің әпкелерім, ауылдас ағаларым, Ақмоладағы ақсақалдар, Павлодардағы үлкендер. Осы кісілерге барып жүріп, үнтаспаларға жазып, қайта-қайта сұрап алам. Ең алдымен, атамның бейнесін көргім келді, жүзімен танысуым қажет еді. Өмірде Иманжүсіп қандай болған? Көзі қандай болған, мұрнының пішіні қандай? Басының өлшемі ше? Бойы екі метрден аса деп ел аузында сипатталатын дене бітімін қалай дәлдеп шығаруға болады? Осындай сұрақтар сана түкпірінде тала туындап, мазасыз күндер мен ұйқысыз түндерге ұрындырады» дейді Р. Иманжүсіп.

Аманаттай айтылған әкесінің бір ауыз сөзіне орай ғылымға, ата мұраты селбескен ұлы да қасиетті жолда Раушан аянып қалмай, жарғақ құлағы жастыққа тимей, өлшеусіз тер төгеді. Атақты Иманжүсіп баспаған жер жоқ, көрмеген ел жоқ, шықпаған төбе жоқ – соның барлығына да барып көру, тыңдау, жазу – қаршадай қыз Раушанның мойнына түскен ауыр жүк еді. 

Атаның көзін көрген ұрпақ соңы сарқылып қалмай тұрғанда оларды сөйлетіп, мүбарак көркем бейнесін жасау ең басты жұмысқа айналады. Қанша адам айтты, қалай сипаттады – солардың сөзін бір өзгертпестен, Алматыда тұратын талантты суретші Табылды Мұхатовқа апарып тапсырады. Суретші айтылған, ауызша берілген деректер негізінде жобалап эскиздер үлгісін жасап шығады. Осындай нұсқаларды көтеріп, Раушан әлгі ақсақалдар мен апаларына қайта жол тартып көрсетеді. «Мына жері келеді, анау тұсы ұқсамай қалыпты, қабақ үстін былай өзгерту керек, бет-әлпеті былай болуға тиіс» деп ескертулер берген соң, ол пікірлерді жазып алып, Алматыдағы Табылдыға жетеді. Осылай екі араның жолын шаң қылып, 5 жылдан аса уақыт өткенде барып, кесімді сөзді ауыл ақсақалдары «О, міне, енді ұқсап қалды» дегенде қазір бәріміз көріп жүрген Иманжүсіптің суреті пайда болады. Ең қызығы сол, соншама ерік-жігер мен біраз уақыт шығындалып салынған сурет көп таратылмайды. Себеп неде?

«Адам түсіне кірмес қызықтар таусылған ба. Сұсты жүзі, қатулы қабағы, айбынды жүзі ашылған жаңа картинадан ата бейнесі менмұндалап тұрды. Көңілімізге сыр сандықтай жаттай бастадық. «Өмірде кездейсоқтыққа орын бар ма» десе, «әрине» деп жауап берер едім. Екі апта өткен соң, атақты Иманжүсіптің тарихи фотосуреті табылды ғой» деп ескі күндерді еске алады Р. Нұрханқызы.

Иманжүсіп немересі бірде жолы түсіп Эстрада-цирк училищесіне, онда ұстаздық қызмет ететін белгілі әнші Қайрат Байбосыновқа барып қалады. Жас талапкерлерге сабақ өткізіп жатқан жерінен бірнеше сәтті түсірілімдер жасап, есте ештеңе жоқ, жұмыстары аяқталысымен қайтып кетеді. Үйге келісімен, әдеттегідей, түсірілген кадрларды қарап жатып, фортепианоның арғы жағында ескі бір фотомонтажға көзі түседі. Оператор жігіт түсірген әлгі жерді алай айналдырып қарайды, былай айналдырып қарайды – Иманжүсіп! Дөңгелек жүзді, өткір көзді, аздап сақал қойған, басында тақиясы бар атақты батыр! Содан түнімен ұйықтамай, таңерте бір фотоаппарат алып, кешегі жерге сағат алтыда барып алыпты. Дүние күйіп кетсе де, әлгі суретті алмайынша тыныштық жоқ, маза қашқан. Адам өз ісіне берілгенде ауруға айналатындай екен. Жетуін жетіп алғанымен, қырсыққанда фотоаппарат істемей қалады. «Осы сурет сенен басқа ешкімге керек емес. Ала бер. Жоқтайтыны адамы сен бол» депті түсірілім тобындағы бір әріптесі.

«Иманжүсіп атамның бейнесін бірден таныған себебім, оның Бәтіш деген апасының баласы Ерғали батырдан аумайтын. Қазақ «сойып қаптап қойғандай» деп сипаттамай ма, тура сол. Атамды көрген адамдар Ерғалиды білсе, шалқасынан түсер ме еді!» дейді Р. Иманжүсіп.

Музей ашылады дегенді естіп Раушан Нұрханқызына Павлодардан Қабылда Жақсыбай есімді  суретші хабарласқан екен. Бірде өнерпаздың түсіне Иманжүсіптің өзі еніпті. «Түсіме кірді, қасқыр ішік жамылған, қолында бұзау тіс қамшысы, айбынды жүзі, қаһарлы қабағы – бәрі де осы суреттегідей. Көп өтпей, бір түнде осындай картинаны жазып шықтым» дейді суретші. Суретті музей қорына Қ. Жақсыбайдың өзі тапсырған.

Бұған дейін де біз «Иманжүсіптің мылтығы», «Иманжүсіптің фотосуреті» деген мақалаларымызды жарияладық. «Адамзатта ұл тумас мендей құмай» деп жырлаған Иманжүсіп Құтпанұлының өміріне қатысты деректер мұнымен таусылмайды.

Үшінші әңгіме. «Иманжүсіп» романы

Сау басы сүргінге түскен батырдың ерлік жолы суреттелетін жазушы Зейтін Ақышевтің «Иманжүсіп» кітабының тағдырына қатысты сөз қозғаймыз.

Зейтін Ақышевты қазақ әдебиетінде өз тақырыбын адаспай тапқан санаулы қаламгердің бірі ретінде бағалауға тұрарлық. Оның қаламынан туған шығармалардың кесектігі сондай, атауының өзі оқырманды оқуға шақырып-ақ тұрады. Әділетсіздікке төзбейтін жанын шүберекке түйіп, қорлыққа қарсы тілі мен үнін құрал ғып шайқасып өткен тарихи адамдардың тұтастай өмірінің бүге-шігесі түгел жазылған туындылар қазақ қоғамының отаршылдыққа төзуінің шегіне жеткен кезеңінде жақсы оқылатыны сондықтан. Әр қазақ өз атасы мен бабасының жүріп өткен жолына үңіле отырып, болашақ буын сондай болып өссе, қалыптасса деген игі арманын сөзсіз іске асырып отырған.

Заманында дарынды ақын, аспандағы аққуға үн қосқан әнші, қобыз бен домбыра, сырнай мен сыбызғының тілін білген композитор Жаяу Мұсаның бүкіл өмірін арқау еткен «Жаяу Мұса» романын 1981 жылы жарыққа шығарған қаламгер көп суытпай шартты түрде ғана емес, болашақта да солай аталуға тиіс – «Иманжүсіп» атты жаңа шығармасын жазуға отырады.

ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ даласының, саяси-әлеуметтік, экономикалық ахуалын, қарапайым тіршілік еткен адамдардың тұрмыс-жайын кең полотнада көркем сипаттайтын шығарманың соңғы нүктесі 1982 жылдың қаңтар айында қойылып, «Жазушы» баспасына ақпан айында тапсырылады. Алайда аталған баспа кітапты 1983 жылы басып шығаруға жоспарға енгізген жерінен Баспасөз комитеті тоқтатып тастайды. «Иманжүсіптің» сергелдең тағдыры осылай басталады.

Баспасөз комитетінде отырған жауапты мамандар кітапты басып шығаруға қарсы келтірген уәждері

«– Иманжүсіп ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Арқа өңірінде атышулы баукеспе ұры болған;

– Ол ел тонаған. «Бір түнде сегіз қызды алып қашқан»;

– Ресей жерінен көшіп келген орыстарға күн көрсетпеген, оларды сабаған, малын айдап алған, үйлерін өртеген;

– Осында және бұлардан басқа да қылмыстары үшін патша заманында екі рет жер аударылған;

– Ауыл шаруашылығын коллективтендіру кезінде банда ұйымдастырып, колхозға қарсы соғыс ашқан;

– Осында қылмыстары үшін оны советтік право қорғау орындары атып өлтірген; т.т.» дегенге саяды.

Алайда осы аталған тұжырымдардың бірде-бірі дұрыс еместігін білетін шығарма иесі ешқандай пікірмен келіспейді. Шығармадағы сюжеттік оқиғалар мен кейіпкерлер есімі, оқиға өтетін жерлер мен уақыттың барлығының да тарихи негізі бар деп есептейді. Сталиннің қаһарлы саясаты кетіп, орнына жылымық кезең келгенімен, репрессиядан көрген үрейдің ызғары толық жойылмаған еді. Әдебиетке бұрынғыдай көпе-көрінеу қиянат жасайтын, тарихи шындықты таптық көзқараспен өлшеп пішетін және осындай оспадар пікірін дұрыс деп санап, жалпы оқырманға таңатын идеологиялық бөлім басшыларының шектен тыс сақтығының кесірі «Иман Жүсіпке» де тиді.

Белгілі жазушы Бекежан Тілегенов «Тұйық өмірдің құпиясы» атты роман-толғауында орталық партия комитеті басшыларының тарапынан қазақ рухын көтеруге тиіс, ұлт тарихын танытып, тұлғалардың көркем бейнесі сомдалған сәтті шығармаларды қуғындау процесі қалай жүргенін ашық жазады.  Социалистік көзқарас тұрғысынан, яғни таптық жіктелуді анық сипаттайтын ортанқол шығармаларды алға шығарып, есесіне халық игілігіне арналуға дайындалған керемет кітаптарды қуғынға ұшырату сол заман идеологтарының «сүйікті ісіне» айналғандай екен. «...Өнерге басшылық жасаған хатшылардың бірде-бірінің соңынан жақсы атақ ерген жоқ еді. Өз басым орндай басшылардың талайын көрдім. Ешқайсысы өнерді, әдебиетті жете түсінбеймін деп қысылып-қымтырылмайтын еді. Жалпы творчество атаулыға баға беруден именбейтін. Нені жазып, қалай жазуды, қандай спектакль қойып, фильм түсіруді бір өзім ғана білемін деп ойлайтын. Ондай бастықтардың өзінің талғамы, интеллектуалдық өресі жөніндегі пікірі де жоғары болушы еді. Білмейтінім бар-ау деп бір мезет болса да күмәнданбайтын, бәрін де білетін. Өнердің қай саласында болсын, менің пікірім соңғы пікір деп санайтын. Осындай өзі туралы асқақ пікір, белден басып өсиет айту, сөз жоқ, өнер мен әдебиеттің қай саласында болсын, зиянын тигізбей қоймады».

Әуезовтің «Қилы заманы», Есенберлиннің «Хан Кенесі», Есенжановтың «Ағайынды Жүнісовтері», Сүлейменовтің «Қыш кітабы», Мағауиннің «Алдаспан» жинағы, «Көкмұнары», Абдуллиннің шығармалары сауатсыз, можантопай басшылардың кесірінен уақытынан кеш шыққанымен қоймай, әбден күзеліп, құйрық-жалы қысқарып, жұқалау болып жарияланып жатты. Мұндай тағдырлы шығармалардың қатарында «Иманжүсіп» те бар еді.

Бір қызығы, Иманжүсіп тағдырын суреттей отырып, ХІХ және ХХ ғасыр басындағы қазақ өмірінің тұтас кезеңдерін көз алдымыздан өткізетін шығарманы партократ басшылар ұнатпағанымен, баспа тарапынан ұсынылған пікір білдірушілердің бәрі де жақсы баға берген. Бұл жөнінде жазушы Зейтін Ақышев «...Романның қолжазбасы төрт жыл сергелдеңге түсті. Бұрынғы екі рецензияның үстіне тағы да жабық төрт рецензия ұйымдастырылыпты. Олардың ешқайсысы қолжазбаны «жарамсыз екен» деген жоқ, тек ұнатқан пікірлер бiлдiріпті. Комитет басшылары бұларды да құлаққа ілмеді» деп жазады.

Орталық партия комитеті басшыларының  жекелеген жазушылар тағдырына ғана емес, оның ұзақ жылдар бойы ішкі әлемін тербеткен туындысының да жолын тосуға көп «еңбек сіңірген» секілді. Осындай салғырттық пен шектен тыс сақтық, өз ұлтының тарихынан бас тарту мен туған халқының тарихы мен мәдениетін орыс мәдениетінен кейін қою сипаты, қазақ жүрген жерінде іні қалпында қалуы ұлттық және тарихи санасы ерте оянған сауатты қаламгерлерге тиген ауыр соққы еді.

Зейтін Ақышев бұл жағдайды бастан бір кісідей кешіріп жатқандықтан, Қазақстан КП Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысына өтініш жазуға мәжбүр болады. Жазбада хат иесі идеология басшысының бұған дейін Мемлекеттік қауіпсіздік жүйесiнде көп жыл басшылық жасағанын ескерте келіп, кітаптың бас кейіпкері Иманжүсіп Құтпанұлының советтік жүйеге қарсы әрекетін тексеремін десе қолында тұрғанын дәлелдермен жеткізіп береді. Осылайша бұл хаттың нәтижесінде көпке созбай, жазушыға кітапты шығаруға болады деген хабар келеді. Бұл аталған жағдайларға қарап, басшылық архивтегі Иманжүсіпке қатысты құжаттарды көтеріп, тексеріп, тұлға бойынан теріс мінездер туралы ештеңе таба алмағандығын айтуға болады.

Баспасөз комитетінің басшысы кітапты басуға рұқсат бергенімен, «кітаптың аты өзгертілсін, сыртында «Иманжүсіп» аты болмасын» деп ауызша нұсқау берген. «Бұйрық қатты, жан тәтті», жоғарыдан түскен нұсқауды орындамауға батылы бармаған баспадағылар кітапқа «Шынардың шыбығы» деген солқылдақ, негізсіз әрі жараспайтын атау қояды. Бұл жағдай сіздің есіңізге нені түсіреді?

Естеріңізде болса, атақты жазушы Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» трилогиясының алғашқы кітабы ретінде «Хан Кене» романын жариялайды. Бұл тағдырлы кітаптың төресі. Себебі, советтік цензурадан тайсақтамай, тежеусіз күштер мен көзқарастарды талқандап жеңіп шыққан алғашқы тарихи роман. «Хан Кене» де жарыққа шығар-шықпастан «тағдыр тәлкегіне» түсті. Тарихымызға қатысты ұлттық көзқарасты қалыптастыруға негіз қалаған, сөйтіп тыңнан жол салған романның аты, амал нешік, «Қаһар» деп өзгертілді. Ұлттың өткен өмірін, шеккен азабын шынайы әрі көркем суреттеп жазғандардың алды итжеккеннен бір-ақ шығып, ауыз күйген кезге тап болса да, роман «Қаһар» атымен де оқырманға жол тартуы қуанышты жайт еді. Сөзсіз тарихи оқиға болды. Сол секілді Иманжүсіп тағдыры арқау болған «Шынардың шыбығы» әупірімдеп бір ажалдан аман қалды, 1987 жылы басылып шықты, жұрт қолына жетті, жабылып оқи бастады.

Есенберлиннің кітабына қатысты «Қаһар» дегені кімдікі екені түсініксіз. Ханның қаһары ма, әлде халықтың қаһары ма? Оған мән беріп жатқан басшылар болмады» дегендей, біз сөз етіп отырған шығармаға байланысты «Шынары не? Неліктен шыбық? Қайсар тұлғаның образын аша алатын лайықты сөз бе?» деген сауалдар көптің көкейінде қалды.

Төртінші әңгіме. Иманжүсіп музейі

Астана қаласының іргесіне тиіп тұрған Жібек жолы ауылында Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы мектеп жұмыс істеп тұр. Оқушылардың көптен күткен күні – 25 мамырда даңқты тұлға есімі берілген білім ордасына жолымыз түсті. Бізді бастап апарған немересі, философия ғылымдарының докторы Раушан Нұрханқызы. Бұл кісі – саналы ғұмырын атасының мұрасын жинауға, зерттеуге, насихаттауға арнап келе жатқан қажырлы қайраткер. Мектептің кіре беріс залында Иманжүсіп бабамыздың бюсті мен шағын өмірбаяны жазылған баннер қарсы алды. Екінші қабатқа көтерілгенімізде батыр тұлғаның ерлік істері мен қызметіне сүйсінген белгілі қаламгерлердің сөздері ілінген екен.

Музей шырақшысы Р. Иманжүсіп бірден өз кабинетіне бастады, онда Иманжүсіптің жеке басынан бөлек ол өмір сүрген ортаның, яғни ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне жататын кезеңнің тарихына қатысты қазыналы кітаптар жинақталған екен. Шамамен екі мыңға жуық. Бұл рухани байлықтың арасынан өткен жылдың соңында біздің портал ұжымы шығарған жинақты да көзіміз шалып қалды.

Музейдің өзі осы кабинеттің қарсы бетіне орналасқан екен. 60-70 шаршы метр аумақта кең бөлме, ортасында үлкендеу витриналар қойылған, қалған мұралардың барлығы қабырға бетіне орналастырылыпты. Раушан Нұрханқызы – музейді ұйымдастырушы әрі бар мұраның тарихын беске білетін шырақшысы, сондай-ақ оны екі тілде де жеткізе сөйлеп беретін гиді де. Ол кісі біздің көкейіміздегіні түсінген секілденді, бірден құнды жәдігерлер жайлы айтуды бастады. Мұражайдағы аса бағалы заттардың бірі – Иманжүсіптің бесатары. Өмірінің соңғы кезеңдерін өткізген Жамбыл облысының аумағынан табылған мылтық жайлы арнайы мақала арнаған болатынбыз.

Бұдан кейінгі тағы бір құнды мұра – Иманжүсіптей дала серісін өз көзімен көрген Жұмабай Орманбаевтың естелік кітабы. «Дала перзенттері» деген сериямен республикалық басылымдарға зерттеулер ұсынған Ж. Орманбаев Иманжсіүпке арналған кезекті материалының атауы «Аяулы аға шылауында» деп аталған. Ал қолжазба күйінде қалған естелік кітабын шығару Р. Нұрханқызының көптен ойлаған мақсаты болып тұр.

Иманжүсіптің атының жүгені Құлманбеков Мұқатай есімді азаматтың сақтап қалуына байланысты. Иманжүсіптің жанына ерген сенімді жігіттердің бірі болған ол Иманжүсіпті атқан күннің ертесінде Мұқатайдың да өмірін қиған. Ал жүгенді ол кісі баласына аманаттап, қалайда батырдың ұрпағына жеткізуді тапсырыпты. Ұзақ жылдар үйдің төбесіне көміліп жасырылған жүген қазір іріп-шірудің аз-ақ алдында тұр. Және бір құнды мұра – Иманжүсіп бабамыздың кенже ұлы Нұрханға жасатқан ер-тұрманы.

Раушан Иманжүсіптің айтуынша, қазақтың қос бірдей перзенті, дала серілері – Иманжүсіп пен Сәкен Сейфуллиннің бірге түскен суреті болған. 1927 жылы Октябрь революциясының 10 жылдық мерекесіне Шиеліде жатқан батырды Сәкен Қызылордаға шақырады. Нұрхан ақсақалдың айтуына қарағанда олар сол мереке кезінде суретке түскен. Ал Иманжүсіп Құтпанұлының өзінің фотосуреті қалай табылып, оған дейін ел аузындағы әңгімелер бойынша салынған портретінің тарихы жайлы өткенде жазған болатынбыз.

Мұражайға қойылған заттардың көбін батыр ұрпақтарының фотосуреттері көшірмелері, Балуан Шолақ, Қажымұқан секілді ұлы адамдардың тағдырына қатысты тарихи кітаптар және тұлғаның туыстары тұтынған киімдер, тұскиіздер, кілемдер, басқа да бұйымдар құрайды. Иманжүсіптің әйелі Әсемгүлдің шәлісі, 11 жасында батырды көрген, әнін естіген көнекөз қария Зүлфия апаның қамзолы, 20 ғасырдың басында қазақтар киген қасқыр ішік, түлкі тымақ, елтірі тон – осылардың барлығы да Раушан Нұрханқызының ел-елді аралап, жерді көріп жүріп жинаған, тынымсыз еңбегінің арқасында табылған құнды дүниелер. 

Музейді алғашында жабдықтау үшін 1 миллиондай теңге бөлінген. Оған осы тұрған мұраларды орналастыру, басқа жақтан алдыру секілді шаруалар атқарылған. Портреттерінің нұсқаларын жасау, бюстін мектеп залына орнату, кейбір құнды дүниелердің ақысын төлеу секілді жұмыстар тағы бар.

«Сөре, витриналар жетіспейді, стендтер мен баннерлер жасап, декорация орналастыру да қыруар қаржыны талап етеді. Қаржы бөлінеді, оны күтіп отырмыз.

Халық арасында Иманжүсіп туралы әңгіме көп. Жиналмаған заттары мол. Иманжүсіпке деген ықылас, Иманжүсіпке деген ықпал, Иманжүсіпке табыну, Иманжүсіпті аңсау – барлығы халықтың өшпес махаббаты! Тоқсаныншы жылдары Ерейментау жеріне келген Президент Нұрсұлтан Назарбаев басқа композиторлардың емес, неге тек Иманжүсіптің әнін шырқады? Өйткені, онда өшпес, қайсар рух, мұқалмас жігер мен отты намыс бар! Жігіттің жігіті айта алатын өрлік, асқақтық шақырып тұрады» дейді Раушан Нұрханқызы.

Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен елімізде Рухани жаңғыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Советтік цензураның кесірінен туған тарихтың төрінен еріксіз ысырылған төл тұлғаларымыздың есімін жаңғыртуда бұл бағдарламаның орны айрықша. Павлодарда туып, Ақмолада өсіп, Өскемен мен Жетісуға айдалған, Мойынқұм-Шу өңірінде қарсы күреске шыққан, елдің мүддесі мен халықтың азаттығы жолында басын бәйгеге тіккен ер Иманжүсіп тағдыры ұрпаққа үлгі. Арғы атасынан билік үзілмеген, өнерімен елдің көңілін жадыратқан өнерпаз адамға қашанда құрмет керек-ақ! Және бұған кіндігінен тараған ұрпақтың, туған немересінің жүгіріп жүру жеткіліксіз. Музейден қайтар жолда бізді ойлантқан дүние осы еді.

Мақаланы жазу барысында қажетті материалдар беріп қол ұшын созған философия докторы, профессор, ондаған кітаптардың авторы, cаналы ғұмырын батыр баба мұрасын жинастыруға, зерттеуге жұмсаған қажырлы қайраткер, қазіргі таңда Иманжүсіп Құтпанұлы музейінің шырақшысы Раушан Нұрханқызына зор алғысымызды білдіреміз.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?