Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаш жолымен

2078
Алаш жолымен - e-history.kz
Алаш ізімен жүргенімізді білген Мағазбек ақсақал үйінің қарсы бетіндегі мектеп ғимаратына қарай бастады. Мұнда өзі бас болып, идея көтеріп Алаш ардақтыларына арнап қойдырған ескерткіш тақтаны көрсетті

Шекара шебіндегі тарихи өлке Зайсанға бақандай 25 жыл өткен соң табанымыз тиді. Бұл ауданға іргелес жатқан қазыналы Тарбағатайдың түкпіріндегі Ахметбұлақта кіндік қанымыз тамып, Зайсан қаласына не-бәрі 110 шақырым тиіп тұрған жер болса да, тағдыр жолы бізді онда жиі бастамады. 1992 жылы 7 жастағы бала алғаш көрген Зайсанына араға тура ширек ғасыр уақыт салып, сол ауылдан емес, сонау Астанадан арнайы іздеп қадам басты.

Астанадан таңғы 07.00-де шыққан ауыр сауытты автобус көлігі 1 тәулік – 24 сағат толғанда шығыстағы шағын қала Зайсанға келіп тұмсық тіреді. «Арай» автобус бекетінен онша алыс емес, 100 қадам басса, алдынан шыға келер «Астана көшесі 64» деген үйде тұратын туысқан ағам Мұратхан Қиямазановтың отбасына оларға ешбір хабар берместен, алма иісі мұрын жарған ауласына еніп кеттік.

Қалада тұрса да, бұл жақтың адамдары шаруаға ерте тұрып кіріседі, есік алдында қаңтарылған ақ Нива тұр, ауданның ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік деген бөлімін басқаратын лауазымды Мұратхан аға мен Мағрипа жеңгей бар, бір жақтан Бекзат апам шығып, құшақтай қауышып-ақ жатырмыз. Үйдегілер таңғы шай үстінде екен. Мағрипа жеңгей құйған сүті қою шайды алға тартқан бәтер нан мен сары майды соғып отырып, ел-жұрт амандығын сұрастыра, Астана жаңалықтарын айта бере қауқылдасып алдық алдымен. Шайға қанған соң, ағам жұмысына кетті, біз де көп тұрмай, асай-мүсейімізді арқалап жолға шықтық. Біз дегенде жаныма ерген серік жоқ, тек осынау жандыға тіл бітірер жансыз аспаптар ғана болмаса...

 

Қуаныш

 

Мұндағы менің негізгі мақсатым – Зайсан өңіріндегі Алаш ардақтыларының жүріп өткен жолдарын көру, ізін басу, ел ағаларының әңгімелеріне қанығу болатын. Астанадан шықпай жатып сөйлескен аудандық мәдениет бөлімінің басшысы С. Сиырбаев мырзаға ең алдымен жолығып, мән-жайды түсіндіріп алсақ болды, ол кісі бөлген көлікпен мақсатымызды орындайтынымызды сезіп-ақ келеміз.

Зайсан – қазірдің өзінде гүлденіп тұрған қала. Республикалық бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, дамытылуы тиіс моноқалалар тізімінен сызылып қалған себебі – «бұл шағын қала өзін-өзі асырап өмір сүре алады». Суы мен жарығы, отыны мен газ-мұнайы өзінен шығып жатқан өңір расында да ештеңеге мұқтаж еместей. Әли жиен тізгінін ұстаған қара Камри қала көшелерін аралата жүргізіп, Мәдениет үйінің ауласына тоқтады. Аудандық мәдениет бөлімінің басшысымен аз-кем сөйлескен соң, атынан аударып алғандай болып, өзінің қызметтік көлігін астымызға тосты, онысына, әрине, алғыс айта отырып, біз жүргізуші Тілек екеуіміз Зайсан өлкетану-тарихи музейінен Фемистокл Жүнісов ағайды ала кететін болып шештік.

Есімін алғаш естігенде таң қалған Фемистокл ағай қала шетіндегі үйінен жеткенше музей ғимаратына берілген Бобкиннің үйі жайлы мекеме директоры Қанағат Салықов мырзадан азды-көпті мағлұмат алып үлгердік. Сөйтіп тұрғанымызда аяғына ақшыл көк кроссовка, қара трико, үстіне жұқа көк футболка киген егде жастағы кісі қақпадан жүгіріп кіріп, бәрімізге кішіпейілділікпен қол беріп есендесіп жатқаны. Фемистокл ағамыз осы кісі екен.

Ересек адамның жас балаша елпілдеп, елгезек қағып тұрғанын бірінші рет көріп таңқалсам керек, жүзімдегі таңырқауды аңғарған Қанағат: «Жолың болды, Заңғар! – деді, – жүгіріп жүріп іс бітіресіңдер. Төкіл ағаң саған керектің бәрін айтып береді».

Талай тарихтың куәсі болған атақты Бобкин үйінің ауласынан шыққан үш адам – Төкіл ағай, жүргізуші Тілек және мен бірер минутта «Қайдасың, Қуаныш?» деп тартып отырдық. Зайсан өңірінде 1867-1920 өмір сүрген белгілі бай, мейірімді жарылқаушы Бидахмет Бәбікенов аттай қалап шақырған Міржақыптың өз қолымен құруға бір кісідей қатысы бар Қуаныш ауылын көру, ондағы тарихи іздерді байқау сапарымыз оңынан болатын түрі бар.

Жолда алдымен Фемистокл ағаймен танысу басталды. Өз жайымды аз сөзбен мәлімдеп берген соң, маған ол кісінің сөйлеп отырғаны, барынша тарихи тақырыпта сөйлегені аса қажет еді. Жүнісов бұл жағынан жә демеді, қамшы салдырмайтын кәдуілгі жүйріктей, ылдиға салсаң төске озған озанның өзі болып шықты. Фемистокл аға Шығыс Түркістанның сол кезде Сарысүмбе (қазіргі Алтай) қаласында дүниеге келген екен, әкесі мұғалім адам, оқушыларға 524 жылы Афинада туып, грек-парсы соғысында аты шыққан орта ғасыр саяси қайраткері Фемистокл Неоклтегі туралы сабақ түсіндіріп жатса керек, есікті ашып сүйіншіге қоса сәбидің есімі кім болатынын да сұрапты. Атқақтай соққан әке жүрегі жөпелдемеде «Фемистокл» дей салған, сөйтіп қиырда дүниеге іңгәлап келген шақалақтың есімі грекше аталыпты. Қызық қой! Осындай өмірдегі мысалдарды көрмесе егер, белгілі жазушы Дулат Исабеков «Бонапарттың үйленуі» әңгімесінің алғашқы жолын «Балаға ат қоюға келгенде қазақтан өткен нахал халық жоқ» деп бастамас па еді?!

Зайсанның ауылдары біріне-бірі жақын, тығыз орналасқан. Байланыс жолдары да жақсы, жүйткіп-ақ отырасыз. Майқапшағай трассасы бойынан сол жаққа шұғыл бұрылып, басқа ауылдарға де тез баратыны секілді Қуаныш оңай жерден табылады. Жолдың бойы көк шалғын, тал-терегі мен қарағашы мол өскен, ерекше елді мекен екен Қуаныш. Бұл қасіретті көз жасының өтеуіне туған, ондаған адамның, жүздеген малдың бодауына пайда болған Қуаныш болатын. Неге деріңіз бар ма?

Патша әкімшілігінің қазақ жерін игерудегі сан түрлі қаулы-қарарларына иек артып, сонау Ресейден жүк тиеп жөңкіліп көшкен қарашекпенділердің қазаққа көрсетпегені жоқ. Келімсектер қарулы һәм өктемшіл орыс-казак әскерін арқа тұтты. Кісі баласының көзін қызықтырмай қоймайтын шұрайлы мекен, шүйгін шөп, мөлдір сулы Жарлы, Кендірліктің бойына олар баса-көктеп қоныстана бастайды. Атам заманнан бері бұл даланы мекен етіп келе жатқан байырғы қазақтардың көшпелі тұрмысына, дәстүрлі мал шаруашылығына және жерді сақтау мен оның құнарын жыл сайын арттырып отыратын қарекетіне қарашекпенділер шекеден қарады. Шекеден қарағаны аз, «орыстар әдейі көш жолына рұқсаттары жоқ болса да, егін сап, шатырларын тігіп, «егінімді басасың», «пішенімді жапырасың» деген сылтаумен мал басына, шаңырақ басына 30-40 тиын ақша алған. Бермесе ағаш арасынан мылтық асынған, сойыл ұстаған орыстар шыға келіп мал айдатпайды, көшірмейді» деп жазыпты замана бедерін Міржақып ата. Мұндай көпе-көрнеу қорлық Жапабай Бітібайұлы, Бекмұхамбет Сатыпалдыұлы секілді ел ағаларының шамына тіпті.  

«Ташкентте жеті жыл діни білім алып, оны Уфа қаласындағы муфтиге сынақ тапсырып, «указной» молда атанған Бекмұхамбет  Міржақыппен 1904 жылдан басталған достық рәуішті байланысын үзбей, ақыл-кеңес, жөн-жоба алып тұрған» деді бізге Фемистокл ағай. Өлкетанушының айтуынша, Бекмұхамбетке «указной» молда деген заңды құжат берілген, бұл – патша жарлығымен бекітілген діни лауазым, тәртіп бойынша берілген ресми құжат екен. Ояз бастықтарына айтқан шағымдарын ескермеген шенеуніктерге ел ағаларының қылар қайраны болмайды. Осындайда әбден ашынған Бекмұхамбет тобы Міржақыптармен астыртын келіседі де, батыл қадамға жол бастайды.  

Жүз шақты жігіттің қолына сойыл, найза, ішінара мылтық ұстатып, оларды талдардың арасына жасырады да, мұжықтардың беделділерін «Ақылдасатын шаруа бар» деп келіссөзге шақырыпты. Олардың ойында  ештеңе жоқ, ауылға келгенде әлгі қарулы жігіттер қоршап, байлап-матап тастайды. Басқа амалы қалмаған Бекмұхамбет сол арада істеген қылмыстарын тізіп айтып, өлтірілген адамдардың құнсыз, таланған малдың сұраусыз кеткенін қолмен қойғандай дәлелдеп сөйлейді: «Енді сендердің құндарың да сұраусыз кетеді. Ояз басшылары алыста, көріп тұрған заңгерлер де жоқ, дәл қазір сендерді өлтіреміз» дегенде қарашекпендінің бәрі зар еңіреп жылайды екен. «Указной» молда тегінде жай адам емес, патшалық шығарған заңдарды жайып салып, көздеріне шұқып отырып көрсетеді. Тез арада өзге де бұзақыларын басты адамдары арқылы шақыртып алып, мойындарын арқан, тақымдарына қылбұрау салдырып, зар илетеді. «Бұдан былай біз де шетке шыққан адамдарыңды өлтіреміз» деп сұс көрсетеді. Осындай өктемдікке қарсы күш, қысасқа қарсы қысым көрсетілген соң, дандайсып кеткен қарашекпендер тәубаларына түсіп, амалсыз келісімге келген. Бекмұхамбет молда патша үкіметінің тиесілі деген 15 десятина үлес жерін алуға ауылдастарын көндіріп, Серғазы өзені бойынан қоныс салады. Жер бетіне жаңа қазақ ауылы бой көтереді, іргесі қаланғанына бес жыл толуына байланысты атауын «Қуаныш» қояды.

Қуаныш ауылына жеткенше «Указной» молданың тарихи батыл қадамын баяндап шыққан Фемитокл Жүнісовтің шынымен де өлке тарихын жетік білетін және жаңылмай айтып беретін көненің көзі екенін аңғардық. Бұл кісіге сұрақ қою орынсыз және білгің келгенін көз жанарыңнан, иек қағысыңнан-ақ сезіп қоятындығы бөлек әңгіме. Қуанышта біз осы ауылдың тарихынан кітап жазған Мағазбек ақсақал Тоқтаубаевпен кездестік. Үйінің ішіне су жеткізіп жатқан жұмыс бригадасын бақылап тұрған қарт адамды бұрын білмегендіктен, қызық болғанда, «Мағазбек ақсақалды іздеп жүр едік» дегенде езу тартып күліп алды. «Шырағым, сол қарияң мен боламын!» дегенде шалқамыздан түсе жаздадық.

Зайсандағы Алаш ізімен жүргенімізді білген Мағазбек ақсақал үйінің қарсы бетіндегі мектеп ғимаратына қарай бастады. Мұнда өзі бас болып, идея көтеріп Алаш ардақтыларына арнап қойдырған ескерткіш тақта бар екен, соны көрсетті. Қуаныш ауылын құрғандардың ең басында Жақаң – Міржақып Дулатұлы есімі қашап жазылған.

Аудан жеріндегі қызықты орындардың бірі – Қуанышқа жақын жердегі Көкжыра ауылы маңындағы алып дарақ. Бұл үйеңкінің жасы қаншада екенін тап басып ешкім айта алмайды. Ауылда алып ағаштың бар екенін ертеректе естіген Фемистокл аға былтыр ғана көруге жол түскенін айтты.

Көкжыра ауылынан шыққан, кейін Дайыр, Қаратал ауылдарында мектеп директоры қызметтерін атқарған Қанағат Салаховтың анасы қайтыс болып, жетісіне қатысқан өлкетанушы қара алып ағаш өсіп тұрған маңға арнайы барып, өлшеу құралдарымен өлшеген. Дарақтың орта тұсынан есептегенде 9 м-ге жуық шығыпты. Биіктігі шамамен алғанда 25-30 м-ге тақау. 

«Бұл ағаштың бар екенін бұрын осы ауылдың тұрғындары айтып жүретін. Тіпті облыстық «Дидар» газетінің бір тілшісі келіп, ауыл тұрғынынан сұхбат алған да екен. Ағаш өсіп тұрған маңға бау-бақшасы тақау орналасқан көкжыралық тұрғын газет тілшісіне ағаштың жасы 47 жыл деп көрсетіпті. Мен мұнымен келіспеймін», – деді өлкетанушы Ф. Жүнісов.

Фемистокл ағайдың келіспейтін себебі, мұндай алып ағашты бала кезінен білетін, көрген, қазіргі кезде жасы сексеннен асып кеткен ауыл қарттары әлі де бар екен. Және алып ағаштың мұндай қалпына жету үшін жарты ғасыр уақыт аздық етеді деген түйсігі де жоқ емес. Сондай-ақ бұл Зайсанның арғы да бергі қуыс-қуыстарын түгел аралаған Фемистокл аға ағаштың тек өңірде ғана емес, Шығыс Қазақстан облысы бойынша да алып екеніне сенімді. Қалай болғанда да бұл Алаш кезеңінің тарихи оқиғаларының куәсі болған, қайғы мен қуанышты жылдардың жалғыз да жансыз дерегі.

Ағаш ауылдың күншығысқа қараған бетінде орналасқан екен. Ешкімнің бақшасында емес, жеке тұр. Маңында бірер теректер мен қарағаштар өскен екен. Алып дарақтың тамырлары да жер бетіне адырайып шығып тұр, әсіресе ауыл жақ бетіндегі үлкен тамыр топырақ бетінен 1,5 м шығыңқы.

Мұның қай ағаштың түрі екенін анықтап сұрағанымызда Ф. Жүнісов ойланбастан «үйеңкі» деп жауап берді. Жасы жетпіске тақап қалса да, әбжіл қимылдап, ширақ жүретін Фемистокл аға мен көлік жүргізушісі Тілек және мен – үшеуіміз құшағымызды жазып, алып ағашты құшақтадық. Жартысы бос қалды. Демек, мұндай алыпты құшақтау үшін алты адамның құшағы қажет болып шықты.

«Бұл алып ағаштың қашан, кім екені белгісіз. Бірақ шамалап болсын жасын анықтауға болатын шығар. Ол үшін арнайы мамандар келіп жатса, әкеп көрсетуге дайынмын. Жұртшылық Алматының Жаркенті маңындағы әйгілі алып ағаштан басқа дарақтарды біле бермейді. Мұндай бәйтеректер әр өңірде де бар. Тек зерттеу керек. Насихаттауымыз керек», – деді өлкетанушы Фемистокл аға.

Алып ағаш ауылдан тысқары тұр. Қоршалмаған. Адамдар қызықтауға тиісті көненің көзі қазір малға сая, көлеңке қызметін атқарып тұр. Өкініштісі сол, жергілікті тұрғындар мұны білсе де, қаперге алмайтын секілді. Алматы облысындағы белгілі Әулиеағаштан кейінгі үлкендігі жағынан шығыстағы бірінші ағашпен осылай танысып қайттық.

 

Зайсан

 

Зайсан – тарихы қандай бай болса, тарихи орындары да сондай сақталған, ғасыр жасаған мекемелерінің сыртқы келбетінің өзі құнды деректер бере алуымен ерекше қала. Қуаныш және өзге де ауылдарды аралап келіп, қалаға кіргенде Фемистокл ағадан ертеңгі күні тек қаладағы тарихи ғимараттар жайында бейнекөріністер жасауға көмектесуін өтіндік. Себебі бұл өлкеде ол бармаған жер, шықпаған төбе жоқтығын білгендей едік және қарапайым болғаны сонша, айтсаң бәлсініп жатпайтын, шіренбейтін, мақтанбайтын мінезі сырына қанығып алғандай едік. Расында да оның білмейтіні жоқ, оқымағаны, оқымайтыны тағы жоқ. Өзін-өзі оқып, өзін-өзі көтерген адам деп іштей сүйсіндік де.

Қаланың арық суы сылдырап аққан, бойы толған теректер өскен орталық көшелерінің бірінде орналасқан ескі ғимаратты бейнетаспаға түсіру басталып кетті. Алдымен өз заманының белгілі байы, алаштың адал жақтасы Жүніс Татановтан қалған тарихи жәдігер – үйін нысанаға алдық. Ешбір оқу-білім алмаса да, тума талантымен сәулетшілік қыры танылған Баязит Сәтбайұлы есімді жобалаушы инженер бұл ғимаратты Зайсан қаласында болған 1900-1915 жылдар арасында салады. Зайсаннан шыққан байлардың өмірін қарап отырсаңыздар, олардың аста-төк қазынаның ортасында елге қарайлас, мұң-мұқтажын шешкіш қабілетін де байқар едіңіз. Мысалы, Бидахмет Бобкин мырза қуғындалған жылдарға дейін кем-кетікке жәрдемдесіп, жолын көтеріп, жоғын тапқызған. Сол секілді Алаш партиясының Зайсан өңірінде жандануына, жиындар өткізіп, бір ұлттық идеяға біріктіруге қосқан Жүніс Татановтың да үлесін жоққа шығаруға болмас. «Татановтың өз өмірі туралы деректер тапшы, тек оның үйі 1918 жылдары «Алаш» партиясының өкілдері жиналыс жасап, штаб пәтері ретінде пайдаланылғаны туралы құжаттар сақталған» дейді Төкіл ағай.Үй иесі Жүніс Татановтың кейінгі тағдыры өте аянышты: ішімдікке тойып алған үш революционер-большевик оны үйінің ауласында атып өлтірген. Есіл ғұмыр-ай, есерсоқтардың жолына кез болған дейсің шарасыздан.

Төкіл ағайдан тегінің Жүнісов болуына орай қандай да бір байланыс бар-жоғын сұрап та көрдік, ол кісі біздің балаң сұрағымызға жылы жымиып қоя салды. Ғимарат советтік үкіметтің меншігіне өткен соң, оған ұзақ жылдар оқу бөлімінің мекемесі орналасыпты. 1961 жылы қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов дүние салғаннан кейін жазушының құрметіне М. Әуезов атындағы мектеп деп аталып, осында көшеді. Қызығы сол, осы мектепте біздің жолбасшымыз Фемистокл Жүнісов Жүніс Татановтың туған немересімен бір сыныпта оқыған екен! Өкінішке қарай, ағайдың өз сыныптасымен байланысы болмай шықты.

Зайсан уезі қазақтарының үш съезі өткен шаңырақ ретінде қарай бастадым бұл тарихи орынға. Баязиттай ұлы шебердің қолтаңбасы қалған орданың мүсініне мін жоқ, өрнегіне барлық өнерін салып жасаған екен жарықтық. Екі жағынан адам енетін, ортасында үлкен қақпа орнатқан, сол қақпа арқылы аулаға кіретін зәулім үй өз уақытында керемет сарай болғанына дау жоқ. Бір үлкен, екі кіші қақпаның жоғарғы жағын доғалдау етіп жасап, оны ою-өрнекпен көркемдеу – шеберліктің шыңы. Қақпа бағандарының іргетасы да ірі, ұзындығы бір метрге жуық, бағанға ортасынан екі қатар жолақ жасалған, төменгі бөлігіне дөңгелек шығыршық орналастырылса, жоғарғы бөлігінде төртбұрышты әсем өрнек қойылған. Бұл үйді тұрғызуда қызыл кірпіштерді қалаудың да сан алуан әдісі толық меңгерілген, үйдің сыртқы келбетін ажарландыру мақсатында терезелерден бөлек, оның жоғарғы тұсына айрықша мән береді: үш кірпішті төңкерілген пирамида үлгісінде қаласа, оның үстіңгі жағын доғал және дөңгелек екі фигураны алма-кезек жасап отырған. Әр кірпішіне дейін сөйлеп тұрған мұндай ғимарат қаланың әр тұсынан шығады, ең қызығы сол, мұның бәрі бір ғана кісінің – Баязит Сәтбайұлының қолынан шыққан.

«Әйгілі шебер Зайсан қаласына келген Алаш ұлт-азаттық қозғалысының Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Райымжан Мәрсек, Отыншы Әлжан секілді жетекшілерін ертіп, қаланы аралататын әдеті болыпты» дерек деректі бізге Қалихан Алтыбаев ақсақал да айтып берген.

1918 жылы Зайсанда Алаштың «Теңдік заман» атты бөлімшесі жұмыс істеп, Алаш жасағы құрылған екен. Уақытша үкімет кезінде құрылған Қазақ комитетінің облыстық ұйымын Райымжан Мәрсек басқарып тұрған, кейін өзі орталықтағы Алаш қозғалысына тікелей араласқанда зайсандықтарға да бағыт-бағдар сілтеген. Ұйым жұмысына ұстаздық қызметін осы өлкеден бастаған Міржақып та бас-көз болып жүрген. Алайда 1918 жылдың көктеміне қарай большевиктер барлық жерде үстемдікке жетіп, Алашорда қайраткерлері Орынбордан ығысқан болатын. Сол жылдың 24 сәуірінде Міржақып идеялық серіктері Ахмет Байтұрсынұлы, Райымжан Мәрсек пен оның інісі Шерияздан, Қанағат Сүлейменұлымен бірге Қытайдың Шәуешек қаласында болды. Менің тарихшы досым Еркін Рахметуллин: «Осы сапардағы Алаш Орда басшылығының басты мақсаты: 1. «Алаш Орда» үкіметінің Шығыстағы эмиграциялық бөлімін ашу;  2. Босып барған ел мен жергілікті қазақтардың басын қосып, Алаш Орда үкіметінің азаматтары ретінде Қытай үкіметіне ресми тіркету; 3. Оларды жерге қолтықтаса орналастырып, дербес автономиялық басқару жүйесін құру болатын» деп тұжырымдайды. Алайда ол жақта шет қонып, қиыр жайлаған елдің жағдайы да мәз емес, байырғы тұрғындардың қытай билеушілерінің қысымында болып, Алаш идеясына еліге қоймайтынына көздері жетеді.

Зайсаннан шыққан тағы бір ардагер өлкетанушы Марат Мағзұмов «Алаш қайраткерлері қайтар жолда Зайсанға келді» деген еді. Бұлар Шілікті жазығындағы Күзуін шекара бекеті арқылы өтіпті. Себебі, сол Күзуін жерін ол кезде Қытайға қараған жұмық елінің біраз бөлігін үкірдай лауазымымен атақты Еңсе қажының баласы Таңғыт жайлайтын. «Алаш делегациясына тілеулес, бүйрегі бұрған адамдар Қытай жерінде аз болмаған. Солардың бірі – Таңғыт Еңсеұлы. Бұған дәлел – алашордалықтардың Қытайға өткенде жайлауда отырған Таңғыт ауылына баруы. Олар Таңғыттан әскер және басқалай көмек сұрайды. Таңғыт бұған қарсы болмайды» дейді Еркін Ерлан баласы. Амал не, арғы беттегі халықтың саяси санасы пісіп-жетілмегендіктен және Алаш қозғалысының түпкі идеясын түсінген тұлға болмағандықтан, арыстар бұл сапарын Зайсанда тәмамдайды.

Айтуды ұмытып барамыз: осы Шілікті жазығы – Қазақстан ғана емес, әлемдік археология ғылымында аты қалған киелі өлке. Бұл жердің арғы бетінде Таңғыт қажы, бергі бөктерінде Бұтабай секілді ел ағалары алаштың асыл азаматтарымен ниеттес, мүдделес болғанын Шілікте сапар шеккенде толық көз жеткіздік.

 

Шілікті

 

Ұзындығы 60 шақырым, ені 30 шақырып аумақты алып жатқан Шілікті жазығы – тарихи оқиғаларға бай өлке. Тек ХХ ғасырдың басында бұл өлкені алты жұмықтың қожан, бұрымбет балалары жайлап, бұрымбет руын Зейнолла Бұтабайұлы басқарса, қожан елінің биі болып Қоңыр Мәжитұлы ел биледі.

Шілікті ауылынан не-бары 5 шақырым қашықтықтағы Жалшидың жанында Зейнолла кесенесі тұр. Мұнда бізді Шілікті ауылының байырғы тұрғындары Жәлел ақсақал мен Саяш мырза бастап барды. Жалши десе дегендей, қалың ши өскен және сол шидің түбірі қатты әрі шоғырлы, кей тұсы көлік өтетіндей ашық болып шықты. Ши адам бойынан да асып жатыр, тіпті аттылы адамның бойын жасыратын да тұстары жоқ емес. Қанша жалды әрі биік болғанымен, қызыл шырайымен көзге түсетін Зейнолла мазары алыстан менмұндалап тұрды.

Қуаныш ауылында болған жер дауы Шіліктінің тарихында да бар. 1896 жылы басталған патша үкіметінің Щербина экспедициясы 1899 жылы шығыстағы Тарбағатай өңіріне де келіп жетеді. Ә. Бөкейхан құрамында бар бұл жоба қазақ даласын зерттеуге шыққан, анығырақ айтқанда Ресей империясының қоныстандыру және экономикалық  статистка саясатын жүзеге асыруға бағытталған. Бұл сапар Әлихан Бөкейхан үшін үлкен тәжірибе болғаны айқын.

Шығысқа жеткен экспедиция Ертістің оңтүстігін тұтасымен Тарбағатай, Сауыр, Сайхан тауларының қойнауларын түгелдей картаға түсіріп, нақты көлемін өлшеп шығады. Шілікті алқабында көп аялдап, зерттеу жұмыстарын жан-жақты тиянақтады. Сөйтіп патшалық Ресейдің мүддесіне қызмет еткен әйгілі экспедицияның қорытынды материалдарының салдарынан орыс көпестері мен помещиктері Зайсан, Тарбағатайдың ең шұрайлы, нулы жерлерін иемденген де, жергілікті қазақ халқы тау-тасқа ығыстырылады.

Мұндай саясат оң жамбасына дәл келген орыс көпесі А.И. Сорокин мүмкіндікті бос жібермейді, Шіліктінің шұрайлы жері Сарытұмсықтан қыстау салады. Саз аталатын шұрайлы шабындықтың шөбін түгел шауып маялатып, түпкілікті орныға бастайды. Мұндай озбырлыққа жергілікті ел ағалары төзбей қарсы тұрады. Өйткені жер – еркіндіктің кілті, одан айырылу – бәрінен айырылумен бірдей еді.

Шығыстың тарихи очерктерінен мол деректер келтірген жазушы марқұм Ғалым Байбатыров бұл оқиға туралы: «Күздің алғашқы қары жауған бір түнде Сорокиннің барлық малын, жиған шөбін халыққа таратып, қоралары мен үйлерін талқандатқызып, ең аяғы күл-қоқысына дейін Қандысуға ағыздырып жібереді. Сонан кейін осы жерге үйір-үйір жылқы айдатып, із де қалдырмайды. Кейін Сорокин заң орындарының адамдарын ертіп келгенде ешқандай заттық айғақпен Зейнолланың әрекетін дәлелдей алмайды. Ауызша айтылған куәліктер ғана бар. Зейнолла сегіз ай Зайсанда қамауда жатады. Ел наразылығынан, әрі жоғарыда болған тосын да батыл әрекеттерден қауіптеніп, жағдай одан ары шиеленісіп кетеді деп ойлап, ояз бастықтары Зейнолланы қамаудан босатады» деп жазады.

Осыдан кейін Зейнолла болыс жер мәселесіне байланысты ұлттың көсемі ретінде таныла бастаған Әлихан Бөкейханға ақыл сұрап хат жазады. Ол хаты Орынборда үзбей шығып тұрған «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 36-санында «Жауап хат Зейнолла Бұтабайұлына» деген атпен жарияланған.

Ұлт қамқоры Әлихан Бөкейхан та болған жайға қатты қынжылады. Мұндай келеңсіздіктің бүкіл қазақ жеріне де ортақ екенін жасырмайды, хатта Шілікті өңірі туралы «Карл Риттердің «Азия» деген кітабына қарағанда, бұл өлке бұрынғы уақыттағы көл асты болады. Шілікті өлкесінің ащылы жері бұл күнде жоғалған көлден қалған, көл суы кеткен соң, мұндағы тұз қаңсып жер ащы болған. Мұнда егін шаруасы қол емес, Шілікті – мал кіндігі. Бұл жерде Еуропаның Әлпі (Альпі) деген тауындағы Швейцария жұрты болса, мал шаруасын іс қылып, сиыр сауып, ірімшік қайнатып, жүні жақсы шұға болатын қой бағып дүрілдетер еді» деген аз-кем хабар береді [7, 165]. Сақтар заманынан қалған Шіліктінің экономика үшін таптырмас жер екенін тәптіштеп түсіндіреді. Сонымен қатар жауап хатта Шілікті өңірін жайлап отырған рулар мен олардың жерінің тепе-теңдігі, шабындық үшін қанша жер керектігі, оларға тиесілі шаңырақ пен түтіннің  саны қанша болуы керектігі де сөз болады. Жауаптың соңғы мазмұны мынадай: «Закон жолына салса 54-жайлауда артық жер жоқ. Мұнда күнелтетін қазаққа карта бойынша 13 мың 831 десятина жер сыбаға керек. 54-жайлаудан қазынаға жер алынбайды. «Палуан алып та жығады, шалып та жығады» дегендей, күшке салса онысын өзі біледі. Шілікті болысындағы төртінші ауыл Бұрымбеттің 16 қыстауы 55-ші жайлаумен бөліктес. Зейнолла Бұтабайұлының алдырып отырған жері 144-ші қыстау жерінде болса да 9 маусым 1909 жылғы Министрлер Кеңесінің насихат-бұйрығына сүйеніп, қыстау тұрған жер – қой өрісі, көктеме, пішендік деп жолдауға ғана болады. Бай орысқа жер берем деп қыстаудан көшіретін Закон жоқ» деген екен.Зейнолла Бұтабайұлы 1924 жылы қайтыс болды. Ел-жұрты, ел үшін еңіреп туған ерін ақтық сапарға құрметпен шығарып салған. Зейнолла мазарын атақты сәулетші Баязит Сәтбайұлы салғанын әйгілегендей, жоғарғы маңдайшасына өзінің есімін айшықтап тұрып жаздырған да екен. Мұның себебін тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен Саяш Нәсіретов аға, біріншіден, халық «Жәжең» деп атап кеткен Зейнолланы онсыз да ел-жұрты таниды деп білсе, екіншіден, сәулетші Сәтбаев аздаған қулық жасаған болуы мүмкін екендігімен түсіндірді.

1925 жылы тұрғызылған кесене екі бөліктен тұрады. Алдыңғы негізгі бөлігі сегіз бұрышты болып басталып жоғары көтерілген, артқы шеңберлі бөлікке жалғасатын тұсы кішірейіп барып біткен екен. Маңдай беттегі ағаш есіктің маңын әшекейлеу де кесененің айрықша салтанатпен салынғанын айғақтайды. Кіреберісі дарбазалы пештақпен безендірілген. Бұрыштарындағы қалпақшалары төбе деңгейіндегі төртқырлы қысқа бағандармен бітеді, кіреберіс пештақ шағын шатыр арқылы төбедегі доғамен үш қыр бойымен жалғасады. Ішіндегі қабірханаға екі бүйірі мен батыс жағындағы ойықтар арқылы жарық түседі. Бұл ойықтар әшекейлі дарбазалық қуыстармен кезектесе жасалған. Зейнолла кесенесі қасбеттерінің әсемделуіне сәнді қалаудың сан алуан тәсілдері пайдаланылған.

Кесене жайлы анықтамалық деректер бойынша, кесененің жалпы ұзындығы 9,4 м, ені 5,78 м, биіктігі 8,8 м. Мазар шикі кірпіштен тұрғызылып, сырты күйдірілген кірпіштен бунақталып қаланған. Зерттеушілер қазіргі кезде Шығыс Қазақстанда қаптама ретінде күйдірілген кірпіш қолданылған екі кесененің бірі де осы Зейнолла мазары деп түсіндіреді.

Халық архитекторы Баязит Сәтбайұлының кірпіш дайындап, оны күйдіретін арнайы пештері Зайсан қаласында орналасқан болатын. Әр түрлі пішінді құйма қалыптарда күйдіріп дайындалған кірпіштерді қапқа салып, түйеге артып Зайсаннан алпыс шақырымнан астам Шіліктіге жеткізген деседі.

Жалпы қазақ тарихында мазарлар тегін салынбаған: олардың зираттан айырмашылығы болатыны секілді елге қадірлі, сыйлы азаматтарға арнайы салынған қабірханаларды мазарлар деп танимыз. Зейнолла кесенесін кейде «Зейнолла күмбезі» деп жазып та жатады. Бұл дұрыс болғанымен, тарихи ескерткіштің ерекшелігіне сай бұлай айтып-жазу дұрыс бола бермейді. Себебі кесененің екінші бөлмесі күмбезді болып келеді. Кесененің алдыңғы бөлігі оңтүстік шығыс Азияның сәулет өнеріне ұқсас күрделі үлгіде орындалған.

Ескерткішті айнала қарап шыққанымызда Зайсан қаласындағы бай-көпестердің дүкен-үйлеріне қарағанда, Зейнолла кесенесіне автор барлық талантын жұмсағандай көрінді. Кесене мемлекет қорғауында. Қызығы да сол, Баязит шебердің қолынан шыққан Зайсандағы атақты саудагерлердің үйлері мен дүкендері кірмей қалған тізімде тек осы Зейнолла кесенесі ғана бар. Бір Зайсанның өзінде 32 ірі ғимараттың мемлекеттік қорғауға жатпай, тек Зейнолла мазарының бар болуы нені білдіреді?

Меніңше, бұл құрылыстың өте күрделі орындалғанында. Қаладағы сақталған қазіргі ғимараттардың ешбірі де бірін-бірі қайталамайды, алайда Зейнолла мазарының төменгі бөлігінен басына дейін, қасбетінен артқы есігіне дейінгі бүкіл өрнектер тамаша ойластырылған. Кесенені айнала шолып шыққан адамға анық көрінеді: қабырғаларында шеңбер, сызық түрлері өзгеше реңк береді.

Бізге жол бастап, жөн нұсқаған адамның бірі – жасы сексеннің бесеуінен асса да, еңкеймеген, тік қалпында жүретін Жәлел ақсақал ел аузында сақталған әр түрлі әңгімелерді баяндап берді. «Алғашқы жылдары мұндағы екі бөлмеде екі адамның денесі жерленген болатын. Ұрпақтарының айтуынша, ол Жәжеңнің өзі және шешесінің мүрдесі делінеді. Сол жер үюлі топырағы болмаған, тегіс жер екен» деді Жәлел Мағжай баласы.

Зират ішінде екі адамның жатқаны белгілі бола тұра, кесененің алдыңғы бөлмесіне бір құлпытас қойылыпты. Кесененің арнайы қоршауы бар, сонда да ауланы қалың шөп басқан. Ұзын өскен ши, қалақайдың ұзын сабақтары адам жүрісіне кедергі. Тіпті басына барған жолаушылар орнатылған орындықты таппай қалу әбден мүмкін.

Ескерткіштің орналасуындағы тағы бір ерекшелік, шекараның дәл түбінде. Шіліктіден ары елді мекен жоқ. Тек халық арасынан шыққан атақты архитектор Баязит Сәтбайұлының ешбір шекара бөле алмас нағыз өнер туындылары арғы бетте де сайрап жатыр. 

Осылай Зайсан өңіріне жасаған Алаш жолымен деген сапарымызда біз арыстарымыз бен асылдарымыздың іздерін басып, олар қылған қыруар қызметтің тарихи маңызын сезгендей болдық. Шекара бойындағы елдің қаңырап, ауыл адамдарының қала жаққа босуы, тікенек сым тартылған мемлекеттік маңызы бар стратегиялық елді мекендердің құлазып жатуы көңілге қаяу түсіргенімен, бір сапарда өлшеусіз деректер мен мол материалдарды қолға түсіре алғанымызға іштей шаттанулы күйде едік. Әсіресе сырттағы қазақ пен іштегі қандастың басын бір ортаға жинап, алты алаштың азаттыққа қол жеткізетін тәтті үміттің жемісін қазіргі таңда кейінгі ұрпақ – яғни біздер жақсы түсінуге тиіспіз деген ауыр оймен Астананы бетке алдық.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?