Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бөгенбай батырдың дулығасы

3031
Бөгенбай батырдың дулығасы - e-history.kz
Қазақтың ерлік дәуірінің аса дарынды тұлғасы, даңқты қолбасшы Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр бабамыздың киелі дулығасын батырдың ұрпағы Кенжәлі Жабай Батырқожаұлы Музей қорына тапсырды

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп атап көрсеткен болатын.

Туған жер тарихын зерттеуде, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруда  музейлердің атқарар маңызы зор. Музей өткен уақытпен жүздесе отырып, бүгінгі өмірге тарих парасатымен қарайтын орын. Бұл ғасырлар таңбасы мен табы қалған жәдігерлер мен тарихи заттарға ой көзімен қараудың, заманалар айнасына қарап ел мен елдік жолын пайымдаудың айрықша мүмкіндігі. Адамзат баласы өзінің даму барысында көптеген тарихи-мәдени құнды мұраларды жасап, ұрпақтан-ұрпаққа беріп келеді. Өркениетті елдердің даму тарихы сол елдің музейлерінің қорларында сақталып, қорғалып, экспозициясында көрсетіліп, насихатталады. Қазақ елінің тарихы да көнеден келе жатқан құнды жәдігерлерге толық. Тарихи, рухани құндылықтар ұрпақтан ұрпаққа мұра ретінде беріліп, насихатталып, тәрбие, білім, мәдени-ағарту көздеріне айналып отырғаны белгілі. Музей – рухани тәрбие құралы.

Қазақстан Республикасы Президенті – Жоғары Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арнайы қатысуымен ашылған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейі өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беретін бірегей орын. Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселелеріндегі қазіргі проблемаларды шешу үшін, патриоттық тәрбие білім беру арқылы қалыптастырылуы керек. Әскер тарихын білу арқылы жас ұрпақ отансүйгіштікке тәрбиеленеді, ата-баба аманатына адалдық таныта алады. Патриоттық рухта тәрбиелеу – болашақ ел тұтқасын ерлікке, Отансүйгіштікке, ар-намысшыл болуға, адамгершілікке тәрбиелейді. Осы тұрғыда Әскери-тарихи музейдің атқарып отырған еңбегі ұшан-теңіз.

Кеудесіне «бұл менің елім, менің жерім» дейтін сенім ұялата білген жас қана өз елінің шынайы патриоты бола білмек. Ол үшін «баланы жастан» дейтін халық даналығын естен шығармасақ болғаны. Жас ұрпақтың көкейіне ой сала білсек, үлгі көрсетсек, заманға сай, қоғамға қажет отансүйгіш патриот, елге қызмет ететін қайраткер тәрбиелейміз.

Жуырда Әскери-тарихи музейінде керемет оқиға болды. Музей қоры аса құнды жәдігермен толықты. Қазақтың ерлік дәуірінің аса дарынды тұлғасы, даңқты қолбасшы Қанжығалы қарт Бөгенбай  батыр бабамыздың киелі дулығасын батырдың ұрпағы Кенжәлі Жабай Батырқожаұлы Музей қорына тапсырды. Бұл мұра үш жүз жылдан астам уақыт атадан балаға мирас етіп сақталып келген. Сан ғасырлық тарихтан сыр шертетін, тарихи құндылығы бар жәдігердің тұңғыш Әскери-тарихи музей қорына табысталуы – музей үшін елеулі жаңалық, үлкен мәртебе!

Қас  батырым  Бөгенбай,

Аспандағы  қырандай,

Жауға  талай  шүйілдің.

Азат  етіп  еліңді,

Ен  биіктен  көріндің, –

деп Бұқар  жырау жырлаған Бөгенбай батыр – XVIII ғасырдың бірінші жартысында жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ халқын тарих сахнасынан құрып кетуден сақтап қалған, сол дәуірдің қаһармандары Абылайхан, Қабанбай, Олжабай, Баян, Жантай батырлармен, кемел сөздің иесі, ақылгөй даналар Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Бұқар жырау, Үмбетейлермен бірге үш жүзге бөлініп, бірлігі ыдыраған елдің басын біріктіруге атсалысқан, қолбасшылық дарынмен көзге түскен алып тұлға. Үш жүз әскерінің даңқты қолбасшысы.  Бірде-бір ұрыста жеңіліс таппаған қазақтың хас батыры.

Атағы жер жарған қазақтың хас батыры Бөгенбай батыр дулығасы мен сауыт-сайманын ұлы Тұраналыға мұра етіп қалдырады. Тұраналы қасиетті дулыға мен сауыт-сайманды ұлы Бапанға, Бапан Күнкейге, Күнкей Кенжалыға қалдырады. Ал Кенжалы Батырқожаға тапсырады. Батырқожа бабадан қалған қазынаны ұқыпты сақтап, баласы Жабайға мұраға қалдырып кеткен. Жабай – Батыр бабаның жетінші ұрпағы. Осылайша бабадан балаға жеткен асыл мұра біздің заманымызға дейін жеткен. Батырдың тор-көз сауыты киелі деп саналып, екіқабат әйелдерге, науқастанған жандарға жұлып-жұлып таратылып, тек дулығасы ғана қалған. Дулыға қарапайым, жеңіл әрі берік. Дулығаның мойынды, иықты қорғайтын шығыршық сауытынан ештеңе қалмаған. Сансыз көп жорықтың соққысының іздері сақталған. Батырдың сауыты аумалы-төкпелі заманда, ашаршылық пен түрлі зобалаң кездерінде темірлері таттанып, шіріген. Қалдықтарын жұрт ырымдап, таратып әкетіпті. Қазір шіріндісі де қалмаған.

Бөгенбай батыр ұрпағының қайсыбірінің қолында батырдан қалған қымбат белгі бар: дулыға, айбалта, найзаның ұшы, белбеуі, қамшы, сусын іштетін шарасы. Мұны кезінде 1993 жылы Алматы қаласындағы дипломдық жұмыс жазып жүргенде кездескен батыр атаның ұрпағы марқұм Әлихан Барлыбаевтың (Саққұлақ бидің немересі) аузынан естіген едім. Әлекең батырдың айбалтасына 1965 жылы ие болғандығын айтып, көрсеткен болатын. Батыр бабамыздың айбалтасы – ұрпақтан ұрпаққа жеткен асыл қазына. Бұл кісіде батырдың белдігі де сақталған болатын. Осы асыл мұраға бүгінде ұрпақтары ие болып отыр. Әлекең сол кезде Бөгенбай батырдың қамшысы бар, оны ұрпағы Бапан би кезінде Тұрлыбек Кемелұлына сыйлапты деген болатын. Бөгенбайдың Тұранәлі, Бапан, Қоңқай ұрпақтарынан тарайтын Кенжәліқызы Нұрғайша  тұрмысқа шыққан кезде әкесі батырдың су ішетін шарасын берген екен. Оның ізін Ерейментау маңынан іздестіруге болады. Батырдың қорамсағы Семей музейінде болуы мүмкін. Оны 1932 жылы батырдың ұрпағы, марқұм Тұрсынбай Ерғалиев тапсырған екен. Ал қылышын батырдың немересі Бапан би Омбы генерал-губернаторына сыйға тартыпты. Ол Санкт-Петербург, Мәскеу, Омбы музейлерінде болуы мүмкін. Осы құнды жәдігерлер тек бір отбасының қолында шүберекке түйіліп сандық түбінде жатпай, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беретін еліміздегі тұңғыш Әскери-тарихи музейден өзінің лайықты орнын тапса нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ел қорғаны болған батыр бабамыздан қалған асыл мұра тек бір әулеттің ғана емес, барша қазақ жұртының бойтұмарына айналары сөзсіз.

Талай қанды жорықта батыр бабамыздың басын ажалдан аман сақтап қалған, қаны мен тері сіңген асыл мұра ұлтымыздың рухын көтеріп, өскелең ұрпақтың бойына ұлтшылдық сезімін дарытары сөзсіз. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін-жерін қорғаған, аты аңызға айналған батыр бабамыздың дулығасы Әскери-тарихи музейдің мерейін асқақтатып, болашақ ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде рух беретін киелі де, қасиетті жәдігер болмақ.

Бұл ұлт рухын көтерер, ұрпақ еңсесін тіктер, бабалар абыройын асқақтатар іс. Алдағы уақытта да бабалар көзіндей болған құнды жәдігерлерді жинақтап, ұрпаққа аманаттау басты міндет.

 

Тұрар САТТАРҚЫЗЫ, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының  Әскери-тарихи музейінің офицер-кеңесшісі

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?