Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Көне Талхиз

4316
Көне Талхиз  - e-history.kz
«Менің Елім – Моя страна» мотожорығы Ұлы жібек жолы бойында орналасқан, сауда-экономикалық маңызы бар ортағасырлық қалалардың бірі – Талхизде

«Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы осы жазда Қазақстан Халқы ассамблеясының 20 жылдығына орай «Менің Елім- Моя страна» атты мотожорығын ұйымдастырған болатын. Ол үшін арнайы еліміздің 25 тарихи киелі мекенін белгіленді, мақсат қасиетті жерлерді қастерлеу, кие тұту.

Тарихи деректерге қарасақ Талғар қаласының бұрынғы аты – Талхиз. Зерттеушілердің топшылауынша, ТАЛХИЗ қаласы /қазіргі Талғар/сол дәуірде 21 гектар жерді алып жатырған көрінеді. Жеті жүздей үй, төрт жарым мыңдай тұрғын болған деседі. 1978 жылдан бастап Талхиз қаласының орнын қазып, зерттеуді бастаған Жетісу археологиялық экспедициясының маман - зерттеушілері. Талхизға өте жақын орналасқан «Туник»деген тағы бір шағын қала болған екен. Бұл туралы М.Пірімбетова мен Ә.Сәтбаевтың «Талғар тарихы ұрпаққа мұра» кітабында жан-жақты баяндалған.

Тарихы тереңде жатқан Талхиз бен Туник қалаларының өз заманында өркендеп, дамуына Ұлы Жібек жолының әсері мол болғаны аңғарылады. Тарихшыларымыз Талхиздің /қазіргі Талғар/ он үшінші ғасырға дейін сол дәуірге лайықты жақсы дамығанын дерек көздеріне сүйене отырып айтып та, жазып та кеткен.

Көне қала - Талхиз екі бөліктен тұрған деген болжам айтады зерттеуші тарихшылар. Көшелері тас төселген жолдармен байланыстырылған. Қалада су құбыры жүргізілген. Қыштан құйылған 22 су құбырының бөліктері қала орнын қазып, зерттеу барысында ескі қала орнынан табылған.

Тағы бір жаңалық Талхизді ЮНЕСКО-ның Мәдени мұра тізіміне енгізуді ұсыну туралы шешім қабылданған күннен бастап бұл көне қаланың тағдыры мені бейжай қалдырған емес. Талғар және басқа да тарихы терең жеті қаланы ЮНЕСКО тізіміне тіркеу жұмыстары кең түрде жүргізілді. Аталған мәселе, «Ұлы Жібек жолын» мәдени мұра ретінде тізімге енгізу туралы бастама 2004 жылы ұлттық құндылықтар мен жәдігерлерге арналған Азия елдері арасындағы халықаралық ғылыми конференцияда көтерілген болатын. Қытай, Қазақстан және сол жиынға жиылған бірқатар мемлекеттердің ғалымдары «Ұлы Жібек жолын» құнды жәдіргерлердің халықаралық тізіміне тіркеуді бірауыздан мақұлдады.

Себебі, «Ұлы Жібек жолы» – әлемдік деңгейдегі тарихи бренд. Бұл көне керуен – мәдениет, тарих, сауда-саттықтың негізі ғана емес, байланыс пен қарым-қатынас құралы. Бүгінгі ғаламтор желісінің қызметін атқарды. Кез келген дипломатиялық келіссөздер, бірнеше ел арасындағы ақпарат тасымалы және тағы басқа байланыс құралдарының қарқынды дамуына бұл ұлы жолдың тигізген септігі мол. «Ұлы Жібек жолы» ірі қалаларды аралап өткенін тарихтан білеміз. Сондай тарихи маңызы зор, аса құнды көне қаланың бірі осы – Талхиз.

Халықаралық мәдени мұра тізіміне енгізу үшін ұлы керуен басып өткен көне қалаларды тауып, зерттеп, тарихи маңызын дәлелдеу қажет болды. Археологтар мен тарихшылар мұндай көне қалаларды тапты, мұндай жәдігерлердің «Мәдени мұра» екеніне халықаралық комиссияның көзін жеткізу үшін аянбай еңбек етті. Бұл бағытта қыруар шаралар атқарылды. Мұнда қаншама ғалымның қара еңбегі, ұзақ ізденісі мен маңдай тері бар.

2004 жылы басталып, он жыл бойына ұзақмерзімді зерттеу мен тынымсыз еңбектің нәтижесінде Талхиз 2014 жылы Катар елінің астанасы Доха қаласында өткен ЮНЕСКО-ның №38 сессиясында қаралып, бүкіләлемдік «Мәдени мұра» тізіміне енді. Мұндай қалалардың жаһанның бүгінге дейінгі тарихындағы мәні мен маңызы дәлелденіп, әлемдік археологияда баға жетпес құндылық екеніне көз жетті. 

Әлбетте, сол сәттен бастап көне қала халықаралық мекеменің ерекше бақылауына өтті. Бұл дегеніміз бұған дейін зерттелген тарихи құндылықтарды әрі қарай қорғауда мемлекетке, билік өкілдеріне, отандық ғылым мен ғалымдарға жүктелетін жауапкершілік екі есе артады. Енді сол мәдени бағалы мұра үшін халықаралық қауым алдында жауапты боламыз деген сөз.

Сан ғасырлық тарихы бар Талхиздің басынан өткізгені ол өз алдына бөлек әңгіме. Біздің бұл жолғы басты мақсатымыз-бүгінгі Талғар қаласы тарихының тым әріде-сан ғасырлар қойнауында жатқанынан оқырмандарымызды қысқаша ғана хабардар ету болатын.

Талхиз қаласының суреттері интернет желісінен алынды 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?