Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаш кезеңіндегі ұлттық идея және дін

2425
Алаш кезеңіндегі ұлттық идея және дін - e-history.kz
Қазіргі діни, саяси ахуалдың күрделі кезеңінде Алаш зиялылары ұстанған мемлекетшілдік, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеу, дін бірлігі идеялары өзектілігін жойған жоқ

Азаттықтың алтын бесігі болған Алматы шаһарының Ұлттық кітапханасында қалалық Дін істері басқармасы және «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Алаш Орда»: ұлттық идея және дін мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға ҰҒА академигі Хангелді Әбжанов, өнертану ғылымының докторы Шайзада Тоқтабаева, тарихшы Данагүл Махат, жас ғалымдар және Алаш арыстарының ұрпақтары қатысты.

Жиынды ашып, кіріспе сөз сөйлеген кітапхана директоры Жанат Сейдуманов рухани жаңғыру мәселесінде кітапхананың алар орны маңызды екенін айта келіп, киелі орданың атқарар жұмыстарының қатарынан Алашқа кең орын барын жеткізді. Ал жиынның модераторы тарихшы Хангелді Махмұтұлы бүгінгі рухани жаңғыру тұсында Қазақ елінің мәңгілік ел болуын көздеген Алаш идеясының өзектілігі арта түскенін атап айтты. Ғалымның айтуынша, қазіргі діни, саяси ахуалдың күрделі кезеңінде Алаш зиялылары ұстанған мемлекетшілдік, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеу, дін бірлігі идеялары өзектілігін жойған жоқ.

Конференция екі секциядан тұрды:  алғашқы бөлік «Алаш идеясының мәні мен қалыптасу кезеңі» деп аталды да, онда өткен ғасыр басындағы құбылыс болып енген алаштық феномендердің, олардың ұлт пайдасына тигізген үлесі сараланды. Өнертанушы Шайзада Тоқтабаева қазақтың біртуар ғалымы Шоқан Уәли­хановтың жазбаларындағы салт-дәстүр мен дін мәселелеріне тоқталып, көшпелі халықтың дінді ұстануы өмір салтымен ерекше үйлесім тапқанына назар аударды. «Бүгінгі жаһандану үрдісі жайлаған қоғамда халық өнері мен әдет-ғұрпы ұлттық мәдениетіміздің өзегі болуы керек», – деді ғалым.

«Ресей императрицасы II Екатерина ислам дініне қолдау көрсету саясатын ұстанды» деп есептейді кезекті баяндаманың авторы – Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының бөлім басшысы. Оның себептерін баяндамашы былай түсіндіреді: «біріншіден, патша үкіметі қазақтарды Ресеймен тығыз байланыстырмақ болды. Бұл ретте молдалар тек қана Ресей татарларынан іріктелді. Екіншіден, мұндай қадам жасау қазақтардың Орта Азиядағы мұсылман орталықтарымен байланысын шектеуге тиіс болды. Үшіншіден, бұл шаралар көшпелі қазақтардың жауынгерлік мінез-құлқын едәуір жұмсартады деп ұйғарылды. Сондықтан да қазақ даласымен шекаралас жерлердің барлығында да мемлекет қазынасы есебінен мешіттер салына бастады. Әдетте ол мешіттер патша үкіметі әкімшілігінің бастамасы немесе қазақ хандары мен сұлтандарының және старшындарының өтініші бойынша бекіністер жанынан салынды».

ХХ ғасыр басында қазақтың дәстүр-салты мен өміріне үлкен өзгерістер алып келген діни саясаттың астарын жақсы түсінген Алаш қайраткерлері бұл үрдіске белсене қарсы тұрды. Олар дін мен мемлекет бөлек болуы тиіс деп, зайырлы мемлекет құруды мақсат тұтты. Бұл туралы конференция барысында әдебиеттанушы Бауыржан Сегізбаев Алаш зиялылары қазақ даласына миссионер татар молдаларын жіберіп, халықтың ақыл-ой, санасын дінмен шырмау арқылы өзінің саяси мүддесін іске асыруды көздеген отаршыл биліктің жымысқы саясатын қатал әшкерелегенін алаш қайраткерлерінің сөздерінен дәйек келтіре отырып айтып шықты.

Сол кезде де «өлең айту, күй тарту күнә» деп, елді азғырған «указной» молдалар аз болмаған. «Указной» молдалардың әшкере қылықтары туралы Құрбанғали Халиди кітабында аз жазылмаған», – дейді магистр, National Digital History порталының шығарушы редакторы З. Кәрімхан. Солай бола тұра, «указной» молда атанған кейбір адамдардың үлкен қайраткерге айналғанын көруге болады деп, Зайсан өңірінде өткен Бекмұхамбет Сатыпалдыұлының өмірі мен қызметінен тарихи әңгіме шертті. «Діни отарлау миссиясы және Науан хазірет» атты баяндамасында автор Алаш зиялыларының діни көзқарасына одан бұрын өмір сүрген және ұлт болашағы үшін күрескен Наурызбай Таласұлы мен Шаймерден Қосшығұлұлының өмірдегі ерліктерін баяндап берді.

Конференцияның «Алаш және ұлттық идея» атты екінші секциясында ғалымдар дін мен діл тазалығы үшін арпалысқан Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Ғұмар Қараш, Смағұл Сәдуақасов сынды қайраткерлердің ағартушылық күрестері жайында кеңінен мағлұматтар келтірді. «Смағұл Садуақасұлының қазақ балаларының болашағы үшін атқарған ұшан-теңіз еңбегі еш ұмытылмайды» дейді тарихшы Д. Махат. Ғалымның айтуынша, оқу-ағарту саласында жақсы мектеп, сапалы оқулық, білімді мұғалім – үштағанының қалыптасуына алаңдаған Смағұл арыстың «Оян қазақ, қорған қазақ» деп, елді білімге, бірлікке үндеген идеясы бүгінгі күні де үлгі тұтуға лайық.

Алаш арыстарының соңғы тұяғы Қайым Мұхамедхановтың ғылыми мұрасы мен қызметі жайында қайсар тұлғаның қызы Дина Қайымқызы мазмұнды баяндама жасады. Өзінің ұстанымынан бір қайтпаған Қайым Мұхамедхановтың әр басқан қадамы ұрпаққа өнеге дейді арыстың қызы. Профессор Д. Мұхамедхан жиын барысында еш жерде әлі жарияланбаған тарихи фотосуретпен таныстырды, онда 1911-1912 жылдарда Семей қаласында Алаш қайраткерлерінің жас шағы бейнеленген. NDH порталы бұл туралы алдағы уақытта арнайы мақала әзірлеп жариялайтын болады.

«Алаш мұрасы – мәңгілік құндылық. Болашағы бар елдің мұраты мәңгілік құндылықтарға негізделуге тиіс. Рухани жаңғыру да осы мұраттармен тығыз байланысты. Бәсекеге қабілетті, дамыған 30 елдің қатарына біз өз тілімізбен, ділімізбен кіруіміз қажет. Сондықтан біз Алаш идеяларын терең ұғынып, оларды басшылыққа алсақ ешқашан адаспаймыз» деді жиынды қорытындылаған Хангелді Әбжанов.

Шара барысында «Адырна» қоғамдық бірлестігі экспедиция ұйымдастырып, соның нәтижесінде әзірленген «Алаш арыстары: ұлттық дәстүр және дін» атты деректі фильмі көрсетілді. «Семей, Павлодар, Астана, Қарағанды, Жезқазған, Қарқаралы, Баянауыл өңірін аралап құнды да қажетті деректерді жинаған экспедицияның қоржыны тоқ» дейді бірлестік жетекшісі Арман Әубәкір. Алдағы уақытта да бірлестік жұмысын жандандырып, республика бойынша ірі экспедиция ұйымдастыру көзделгенін жеткізді.

Сондай-ақ ұлт келешегі үшін титімдей еңбек етіп «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі атынан конференцияға қатысқан ғалымдарға алғысхаттар мен сертификаттар тапсырылды.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?