Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ЖАСТАРДЫ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМ РУХЫНДА ТӘРБИЕЛЕУ

2344
ЖАСТАРДЫ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМ РУХЫНДА ТӘРБИЕЛЕУ  - e-history.kz
Елбасының пікірінше, жаһандану жағдайында Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі, әлемдегі ең озық дамыған 30 мемлекет қатарына кіру мүмкіндігі, ұлттық идеяның ықпалдастырушы рөліне тәуелді болады

Қазақстан Республикасының негізін қалаған Тұңғыш Президентіміз өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының төртінші бөлімінде «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын қалыптастыруға ерекше мән береді. Осыған орай Елбасы: «Біз қазақстандықтар, біртұтас халықпыз және біздің бәрімізге ортақ тағдырымыз бар – бұл біздің Мәңгілік ел, біздің даңқты Қазақстан» - деген тұжырымдама жасайды.

Оның пікірінше, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы Қазақстан халқы егемендік жылдарында қол жеткізген негізгі құндылықтарды өз бойына жинақтайды, бұлар:

- Қазақстанның тәуелсіздігі және Астана;

- жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім;

- зайырлы қоғам және жоғары рух;

- индустрияландыру және инновация негізінде экономикалық өсу;

- Жалпыға ортақ еңбек қоғамы;

- тарихтың, мәдениеттің және тілдің ортақтығы;

- ұлттық қауіпсіздік және жалпыәлемдік, өңірлік проблемаларды шешуге толық қатысу.

Нұрсұлтан Әбішұлының ойынша, нақ осы аталған «құндылықтар барлық қазақстандықтарды біріктіреді және ел болашағының іргетасын қалайды...

Бұл мемлекет қалыптастырушы, жалпыұлттық құндылықтардың бойында жаңа қазақстандық патриотизмнің идеялық негізі жатыр» [1].

Президент Н.Ә. Назарбаев – «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасын алғаш рет 2014 жылғы 17-қаңтарда Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандық жол-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында баяндап, негіздеп берді. Шын мәнінде, бұл – мемлекеттің халқымыздың көпғасырлық арманына ғана емес, сонымен қатар тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанның өркендеуінің нақты нәтижелеріне негізделген ұлттық идеясы және мемлекеттік идеологиясы.

Демек, аталған Жолдау өзінің өзгеше маңыздылығымен, атап айтқанда, ақыл-ой дамуының сапалы жаңа зияткерлік сатысының пайда болуымен, отансүйгіш «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасының құрылуымен ерекшеленеді. Н.Ә. Назарбаев сол жылғы Жолдауын жариялап сөйлеген сөзінде: «Біз, қазақстандықтар, біртұтас халықпыз! Біздің ортақ тағдырымыз – бұл өзіміздің «Мәңгілік еліміз», беделді және ұлы Қазақстан!» – деп айтқан болатын. Демек, «Мәңгілік Ел» – ол әлемнің саяси картасында Қазақстанның тәуелсіз өркендеп жатқан мемлекет ретінде мәңгі өмір сүруін паш ететін идея. Бұл – еліміздің тұрақты дамуын, яғни әрқайсымыздың әл-ауқатымыздың жақсаруын қамтамасыз ету үшін сактап, таратуды қажет ететін құндылықтар туралы идея [2].

Елбасы 2014 жылғы желтоқсанның 21-інде «Мәңгілік Ел» идеясының жетістіктеріне қатысты ойларын Қазақстанның жетекші БАҚ өкілдерімен сұхбатында бөлісті. Президент: «Мәңгі халық» – ол сан ғасырлардан келе жатқан белгілі, славяндарға да, түріктерге де түсінікті идея, ал оны біздің ұлы бабамыз Тоныкөк айтқан», – деді.

Мемлекет басшысы бұл ұғымда біздің мемлекетіміз, халқымыз, мәдениетіміз бен тіліміз мәңгі болсын деген барлық игі тілектеріміз жатқанын, ал ол мақсатқа жету үшін күресуге тиіс екенімізді атап өтті. Н.Ә. Назарбаев: «Бұны жай ғана айта салып, ұмытып кетуге болмайды. Мен халыққа және жастарға арнап айтамын – соған жету мақсатында біз құлшына жұмыс істеуге тиіспіз. Ол үшін бізге мықты экономика қажет, әлемде достарымыз болуы керек. Сол мақсатта біз күллі әлеммен сауда жасауға тиіспіз, елдің қауіпсіздігін қорғайтын мығым жүйеміз, білімі де, біліктілігі де жоғары халқымыз болуы қажет. сонда ғана біз әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіре аламыз, «Қазақстан-2050» бағдарламасын орындап, «Мәңгілік Ел» жолымен жүретін боламыз», – деп ойын жалғастырды [3]. Елбасының пікірінше, жаһандану жағдайында Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі, әлемдегі ең озық дамыған 30 мемлекет қатарына кіру мүмкіндігі көбінесе ұлттық идеяның ықпалдастырушы рөліне тәуелді болады. Мұндай жағдайда жалпыұлттық патриоттық идея өте қажет, өйткені сол ғана этностарды, елді ортақ мақсатқа жұмылдыра алады. Қазақстанда бұл үдеріс тәуелсіздік алумен қатар басталды. Жаңа саяси жағдайларда 2010 жылы қабылданған «Қазақстанның ұлт бірлігі доктринасы» маңызды құжатқа айналды. Доктринада алға тартылған ұлттық бірлік ұстанымдары да мемлекетіміздің ұлттық идеясы қалыптасуының негізін қалады [4].

Қазақстанның ұлттық идеясы дерексіз, ойша құрылған конструкциялар емес, ол шынайы өмірге сай қалыптасып, мемлекеттің, ғылыми қоғамдастық пен азаматтық қоғамның бірлескен күш-жігерінің жемісіне айналуда. Ол өзіне қазіргі қазақстандықтардың ұлттық психологиясын, этностық және діни, либералдық-демократиялық құрылымдардың өзара қатынастарын біріктіруде. Оның өміршеңдігі мемлекет мүдделерінің дүниежүзілік қоғамдастықтың даму векторына сәйкес келуі арқылы айқындалады. Әрқайсымыз үшін «Мәңгілік ел» идеясы өз елімізге, отанымызға адалдығымыз бен сүйіспеншілігімізді білдіреді. Барлығымыз Қазақстанды әлеуетті және табысты мемлекет ретінде көргіміз келеді. Елбасының пікірінше, ол үшін бізде ғасырлар бойы бостандықты аңсаған халықтың ұлы тарихы бар. Қазақстанның даңқын асырған белгілі тұлғалар мен батырлардың ұлы есімдері бар.

Басты жетістігіміз – тәуелсіздігіміз бар, ал оны біз бүкіл қоғамның ең жоғарғы құндылығы ретінде сақтап, аялауға тиіспіз. сондай-ақ біздің барлығымыздың тағдырымыз да, арманымыз да біреу – ол еліміздің ұлылығы. Бүгінгі Қазақстан – қалыптасқан мемлекет, үлкен геосаяси маңызы бар ел. Бірақ ең бастысы – ол орасан зор әлеуеті және өркендейтін болашағы бар ел. Қазақстанның 10-15 жылдан кейін қандай болатыны көп жағдайда мүлдем жаңа жағдайларда білім алып жатқан студенттерге, жастарға тікелей байланысты болғандықтан, Мемлекет басшысы жастарға ерекше басым көңіл бөледі, өйткені нақ осы ұрпаққа жаңа, қазіргі заманға сай Қазақстанда өмір сүріп, жұмыс істеу бұйырған. Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандық жол-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында Елбасы жастарға ерекше рөл берілетін іс-қимылдардың нақты жобасын ұсынған болатын.

Президент қандай жас қазақстандықтарды көргісі келеді? Оның қазақстандықтарды, бәрінен бұрын, бәсекеге қабілетті және кәсіби шеберлігі жоғары мамандар ретінде көргісі келеді. Бүгінгі таңда жаңа білім меңгеру және жақсы мамандық алу бірінші орынға шықты. Бүгінгі күні білім ұзақ мерзімдік «Қазақстан-2050» стратегиясының аса маңызды басым міндеттерінің бірі деп танылады. Ел Президентінің республикамыздың алдына қойған әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына кіру міндетін жүзеге асыру ісінде білім саласы елеулі рөл атқарады. Жоғарыла айтылғандай, Қазақстандықтардың алдында тұрған аса маңызды міндет – жалпыұлттық «Мәңгілік Ел» идеясын өмірге енгізу қоғамымыздың барлық саласында ойдағыдай жүргілілуі керек. Оның іргетасы оқу орындарында салынуға тиіс. Студенттердің «Қазіргі заманғы Қазақстан тарихы» пәнін оқып-үйренуі үдерісі білім алушылардың бойларында: рухани-адамгершілік қасиеттерді, Отанды сүю мен азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыруға, ұлттық санасезім мен төзімділікті дамытуға, зайырлы құндылықтарды нығайтып, жастардың лаңкестік пен экстремизм идеяларынан саналы түрде бас тартуын қалыптастыруға, көпэтностық Қазақстан жағдайында өнегелі қарым-қатынас орната білуді үйретуге бағытталуға тиіс. «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын алға тарта отырып, Мемлекет басшысы жастарға үлкен сенім білдіріп отыр, ал оны ақтау – әрбір ұл мен қыздың ар-намысының ісі. Қазақстан қоғамында қазіргі кезде бұрынғы ұрпақ¬тардан айтарлықтай өзгеше, мүлдем жаңа зияткерлік тап: жаңа бағдар ұстанған, құндылық ұстанымдары ұтымды экономикалық іс-қимылдар арқылы табысқа жетуге бағытталған жастар табы қалыптасты.

Соған байланысты өзінің республика жастарымен көптеген кездесулерінде Н.Ә.Назарбаев: «Әр адамның бойына істей білу, оқып-үйрене білу, өмір сүре білу, қазіргі әлемде өмір сүре білу қасиетін сіңіру керек», – деп жиі ескертеді [5].

Атап айтқанда, Президент 2015 жылы сәуірдің 10-ында Астанада «Елбасымен бірге - жаңа жеңістерге» деген жастар форумында: «Сендер экономиканың кеңестік жүйесін және өркендеуіміздің сол заманғы қиын бастауы болған кезді білмейтін тәуелсіздіктің алғашқы ұрпақтарысыңдар. Сонымен қатар сендер жаһандық әлем жағдайында өмір сүріп жатқан алғашқы ұрпақсыңдар, сондықтан сендер өркендеуіміздің талаптарын барынша айқын түсінуге тиіссіңдер», – деді. Сөзін ары қарай жалғастырған Ұлт көшбасшысы жастарға: «Бүгінгі таңда көптеген жетістіктеріміздің нәтижесінде Қазақстан дамыған елдердің алғашқы отыздығына кіре алатын жағдайға жетті. Іс жүзінде біз экономиканың дамуы серпіні, бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындар, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және басқадай салалар бойынша осы елдердің қатарындамыз. Енді біз әлемдегі жетекші елдердің экономикасына халықтың өмір сүруінің нақты деңгейі және сапасы жағынан теңесуге тиіспіз. Ол үшін, ЖІӨ көлемі, әр қазақстандыққа есептегенде, дамыған елдердегі шамадан екі есе артық болуға тиіс», – деген ойын жеткізді [5]. Осы форумда Елбасы жастардың назарын ғаламдық бәсеке ғасырының: «Өзгер, әйтпесе тайып тұр!» деген қатаң ұстанымы бар екеніне аударды. Ал бұл талап ең жоғарғы міндеттерді нақ осы жастардың алдына қояды, өйткені жас кезінде адам жаңа жағдайларға тез бейімделеді.

Сөзін қорыта келе, Елбасы: «Бүгін мен отансүйгіш жас ұрпақтың өсіп, қанаты қатайып келе жатқанын көріп отырмын. Сендер қазіргі Қазақстанның асқақ мұраттарында тәрбиелендіңдер. Өздеріңнің еңбектеріңмен, білімге құштарлықтарыңмен және нақты істеріңмен сендер мәңгілік Отанымызды – мәңгілік елімізді даңққа бөлейсіңдер. Мен балғын, жас азаматтардың тәуелсіздік мұраттарын абыроймен жүзеге асырып, Отанымыздың жеңістері эстафетасын жалғастыратынына сенімдімін», – деді [5]. Бүгінгі күні жастар саясатын жүзеге асырудың мемлекеттік ұстаны-мын айқындайтын маңызды құжаттар: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы» «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР Заңы және «Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 27 ақпандағы қаулысы Елбасының бастамасымен қабылданған.

Бұл нормативтік құжаттар мемлекет дамуының қазіргі кезеңінде мемлекеттік жастар саясатын қалыптастырудың және жүзеге асырудың құқықтық негіздерін айқын белгілейді. Аталған құжаттарды орындау мақсатында Қазақстанда жастар арасындағы үдерістерді басқарудың жаңа институттық үлгісі құрылған. Оған Білім және ғылым министрлігі құрылымында 2012 жылы Жастар істері жөніндегі комитет, ал өңірлік деңгейде Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма жатады. Сонымен қатар, 2013 жылы құрылған «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы Мемлекеттік жастар саясатын дамыту ісіндегі маңызды қадам болып саналады. Оның атқаратын қызметі – жастардың бәсекеге қабілетін көтеру және оларды Қазақстанды жаңғырту үдерісіне тарту мақсатында Мемлекеттік жастар саясаты институтын ғылыми-талдамалық және ақпараттық кеңес беру қызметімен қамтамасыз ету.

Тағы бір аса тарихи маңызы бар оқиға 2016 жыл желтоқсанның 1-інде Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне арналған, Елбасының қатысуымен Астанада жастардың кезекті форумының өтуі болды. Форумға Қазақстанның барлық өңірлерінен 1000-нан астам адам, оның ішінде кәсіпкерлер, өнеркәсіптің әртүрлі салалары қызметкерлері, ғалымдар, студенттер, танымал спортшылар және ірі жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты. Осы форумда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы еліміз үшін тәуелсіздік таңы атқан тұста мемлекеттілікті қалыптастыру жолында орын алған қиындықтар жайында баяндады, форумға қатысушылардың назарын республикада жастардың өз қабілеттерін танытуы үшін берілген бірегей мүмкіндіктерге, заман шарттарына және қарқынды өзгеріп жатқан әлем талаптарына сай келетін сапалы білім алудың маңыздылығына аударды. Н.Ә. Назарбаев: «Жас ұрпаққа қамқорлық, оның қазіргі өмірі мен болашағы үшін қам жеу қашанда менің саясатымның басты мағынасы болған. Әрбір жас қазақстандықтың жақсы білім алатын, отбасын құратын, жеке тұрғын пәтерге ие болатын мүмкіндігі бар», – деді [6].

Сонымен бірге, ол жиынға қатысушылардың наза¬рын дамыған елдер студенттері арасында жастардың серпінді күш алып жатқан инновацияларына көбірек аударды. «Қазақстандық студенттік ортада осындай бастамалардың көбеюі үшін қолайлы өріс құру, меңін ойымша, өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы. – бізде қазірдің өзінде елдің жетекші оқу орындарында алғашқы сәтті мысалдар бар. Осы тәжірибені кеңейте түсу керек. Ал бұл – Білім және ғылым министрлігінің, жоғары оқу орындары басшыларының, кәсіпкерлердің ұлттық палатасының міндеті». Бұған қоса, Қазақстан Президенті: жастар үшін туризм, құрылыс, халыққа қызмет көрсету, жеңіл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларында еңбекпен қамту және кәсіпкерлікті дамыту мүмкіндіктері мол екенін айтты. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев форум жұмысына қатысқан спортшыларға, шығармашыл жастарға, барлық жас өнер қайраткерлеріне алғыс айтты. Елбасы: «Мен сендердің мәдени бағдарлама аясында және ЭКСПО-2017 – «Болашақ энергиясы» халықаралық көрмесі барысында Қазақстанды лайықты таныстырып, ел даңқын асырғандарыңды қалаймын», – деді [6].

Сөйтіп, өзінің кезекті сөйлеген сөзінде Президент жастар алдына таяу болашаққа қатысты айқын да түсінікті міндеттер қойып, ойларын бөлісті, ел тағдыры, оның дамып, өзгеріп жатқан әлемдегі орны жайында баяндады. Оған қоса, бұл міндеттердің жастарымыздың өмірде де, еңбекте де дұрыс шешімдер қабылдауы үшін көмегі тиетініне деген сенімін білдірді. Қорытып айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында жазылғандай егемендік алғаннан бергі жылдар ішінде Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында қоғам дамуының барлық саласында түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылды, соның ішінде «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық» идеясының қалыптасу барысында жастарды жаңа қазақстандық патриотизм рухында тірбиелеудің тиімді жүйесі мен құрылымы жасалып, іске қосылды.

Талғатбек ӘМИНОВ

Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері,

т.ғ.к., қауымдастырылған профессор (доцент)

ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Назарбаев Н.Ә. Тәуелсіздік дәуірі. – Астана, 2017. – 508 б.

2. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандық жол-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы. – Астана, 2014 жыл 17 қаңтар.

3. Н.Ә. Назарбаевтың БАҚ өкілдерімен сұхбаты. Егемен Қазақстан, 22 желтоқсан 2014 ж.

4. Қазақстанның ұлт бірлігі доктринасы. - Астана, 2010 ж.

5. Елбасымен бірге - жаңа жеңістерге» жастар форумы. – Астана, 2015 жылғы 10 сәуір (http://www.inform.kz)

6. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Жастардың республикалық форумы. - Астана, 2016 жылғы 14 қазан (http://www.inform.kz)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?