Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алыстағы асқақ тау

2354
Алыстағы асқақ тау - e-history.kz
Ұзақбай Қараманұлы өзінің принципшілдігі, парызға адалдығы, білімдарлығы мен біліктілігінің арқасында лайықты бедел алып, көптің құрметіне бөленді

Ұзақбай Қарамановтың жұбайы Ұлдай Қарамановамен сұxбаттасу туралы тапсырма берілді. Тақырыптың салмағы ауыр, зілі басым. Бойымда қорқыныш пен үрей қатар тұр. Белді бекем буып, ару қала Алматыға ат басын тіредік. Қарамановтың шаңырағына жеттік. Дауысы немесе түр сипаты көзге суық көрінгенімен, тілдесіп, сөйлессең жүрегі жылы жұбайы бізді құшақ жая қарсы алды. Бұрынғы премьер-министрдің жарына мүлде ұқсамайды. Үлде мен бүлдеге оранбаған. Барынша қарапайым. Зәулім сарайда ұзын-сонар әңгіме басталды. Көптен бері көкейімде жүрген сауалдар өз жауабын тапты. Сонымен... 

Өмір деген – белгілі бір бағытқа жүйтки жөнелген жүрдек пойыз секілді. Әр адам дәм-тұзы таусылғанда діттеген аялдамасынан түсіп, орнына басқа бір жолаушы жайғасады. Осылай өмір жалғаса береді. Оның тым қысқа әрі жалған екендігін Ұзақбай Қараманов дүниеден өткенде тағы да көзіміз жетті. Осыдан тұп-тура бір жыл бұрын бақилық сапарға аттанған Ұзақбай аға жайлы қалам тербеудің өзі үлкен батылдықты қажет етеді. 

Ұзақбай Қарамановтың аты елге ғана емес, көршілес елдерге де белгілі. Ол өзінің тариxи есімін тұңғыш премьер-министр орынтағына жайғасқанда-ақ шығарып үлгерді. Құрылыс және сәулетшілік салада да өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан тұлға. Астана мен Алматы секілді алып қалалардағы теңдесіз ғимараттардың авторы екендігін жұрт жақсы біледі. Оның елім деп еміреніп, белшене кіріскен ерлікке бергісіз тірлігі – Арал мәселесінің ден қойғаны. Туған жер топырағының құрдымға кетіп бара жатқанына көз жұмып қарай алмады. Өмірінің соңына дейін күресті. Сыр елінің бұл проблемасында Ұзақбай ағаның өлшеусіз сүбелі үлесі қалды. 

Бірнеше жыл Елбасымен иық тіресе жұмыс істеп, өзінің іскерлігі және ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, ел абыройын асқақтатып, беделін биіктете білген Ұзақбай ағаның xалық қалаулысы болып, елдің көкейінде жүрген күрмеулі мәселелерге нүкте қоя білгендігі өз алдына бір тақырып. Десе де, оның қай істің болсын көзін тауып, мақсатын айқындай білуі – ел ағасының еңбекке бар зейін-қабілетін қойғанының көрінісі болса керек. 

Тау тұлғалы азамат өмірінің өнегелі тұстарын тек еңбекпен екшелемей, «отбасы» атты ұғымға ерекше мән берді. Жұбайы Ұлдар апамен қол ұстасып, үлкен өмірге алшаңдап аяқ басқаннан бастап, бір-бірінің жүрек үнін айтқызбай ұға білетін. Балаларына қамқор әке, немерелеріне аяулы аталық маxаббатын төкті.  

Ұзақбай Қараманұлы өзінің принципшілдігі, парызға адалдығы, білімдарлығы мен біліктілігінің арқасында лайықты бедел алып, көптің құрметіне бөленді. Көп жылғы жемісті еңбегі жоғары мемлекеттік наградалармен лайығынша бағаланды. 

Ұзақбай Қараманұлы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің бірнеше грамотасымен және «КСРО Мемжабдығының үздігі» төсбелгісі, II дәрежелі «Барыс», «Парасат» ордендері, «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» медальдары мен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Алғыс хаты, «Халықаралық Аралды құтқару қорына 20 жыл» Алғыс хатымен марапатталған. Сонымен қатар ол – «KazGor» жобалау академиясының, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, Қазақстан Республикасындағы қоршаған ортаны қорғау аясында атқарған белсенді қызметі үшін Еуропаның «Алтын глобус» жүлдесінің иегері, Халықаралық Еуразия экономикалық академиясының толық мүшесі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, Құрметті жерге орналастырушы, Алматы, Қызылорда қалаларының, Арал, Қазалы аудандарының Құрметті азаматы. 

Ұзақбай Қараманұлы мемлекеттік маңызды қызметтерді атқара жүріп, ғылымнан да қол үзбеді. Бірнеше ғылыми-зерттеу еңбектің, көптеген мақаланың авторы. 

Ұзекеңнің қабағын бағу – менің басты міндетім еді

Ұлдай Қараманова: Біз Ұзақбай екеуміздің отандасып, бір шаңырақ астында бақытты да баянды ғұмыр кешкенімізге 58 жыл уақыт болыпты. Осы кезең аралығында ол кісінің жұбайы, қамқор досы, сырлас құрбысы бола білдім. Екеумізді тоғыстырған тағдыр қаншама қиындықты төтесінен қойса да, оған барынша төтеп бере білдік. Осы ретте басты қажет қасиет – шыдамдылық дер едім. «Премьер-министрдің жарымын» деп көкірегімді ешуақытта кермедім. Барынша қарапайымдылықты жаным сүйді. Ең әуелі ол кісінің киімі таза, тамағы тоқ, көңілі көк болса ғана менің ұйқым тыныш болатын. Өмірдегі басты кредом – қандай жағдай болсын, ақылды әйел болып, намысты қолдан бермей, сабырға жеңдіру еді. Осы үшеуі мені өмір жолымнан еш адастырмады. 

Ал, Ұзекеңнің қызметтегі бітім-болмысы жауапкершілікпен өлшенетін. Қай істің болсын көзін тауып, тілін түсінетін. Ғұмырының 30 жылын құрылыс саласына арнады. Еңбекке жанымен берілген жан еді. Әзілді де орнымен әспеттеп, дос-жаранды арттырып жүрді. Әжемнің бір айтқаны бар еді: «Алла өмір бердің бе, әдемі өлім бере гөр» деп. Сол секілді менің жолдасым да сексеннің сеңгіріне шыққан шағында мәңгілік сапарға аттанып кете барды. Артында қалған 6 немере, 1 шөберенің атасы атанды. 

Сөз соңында айтарым, Ұзекеңнің әрбір тыңғылықты ісі мен артында қалған тірлігі, оның жүріп өткен даңғыл жолы бүгінгі күн үшін тариxпен пара-пар. 

Халқы үшін қалтқысыз еңбек еткен мемлекет және қоғам қайраткері Ұ. Қарамановтың өнегелі өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі болары анық. 

«Тау алыстаған сайын асқақтай түседі» дейді дана халқымыз. Бүкіл ғұмырын Тәуелсіз елі мен халқының өсіп-өркендеуіне арнаған, көптеген жоғары лауазымды мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқарған Ұзақбай Қараманұлының халқы алдындағы өлшеусіз еңбегі ел есінен еш шықпақ емес. Барған сайын асқақтай, күн өткен сайын биіктей түспек. 

Гүлжамила ЗАЙЫРОВА.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?