Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Түменде бар туысың

2078
Түменде бар туысың - e-history.kz
«Қиырдағы қазақтар» жобасының аясында Ресейдің Түмен облысына сапар шектік.

Бұрын барыс-келіс қиын болған өлкеге «Эйр Астана» әуе рейсімен үшінші болып ұштық. Сондағы қашықтық Астанадан тоғыз жүз-ақ шақырым. Осы уақытқа дейін әуелі Петропавловск барып, сосын пойызбен Екатеринбург жетіп, сол жақтан тікелей Түменге жететін болған. Біз болсақ, тіке ұшып, бір сағатта жетіп бардық. Билет бағасы да қалта көтерерліктей. Шамамен барып-келуіңіз 70 мың теңгедей болып қалады.

Нұрсұлтан Назарбаев атындағы Халықаралық әуежайдан көтерілген ұшақ солтүстікті бетке алып қалықтай жөнелді. 80-ге жуық жолаушыны тасымалдауға әлеуеті бар ұшақ салоны лық толы. Ара-тұра Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтарын байқап қалдық. Жаз басталып келеді, Ресейге жұмыс істеуге бара жатқан болар деп жанымдағы жолсерігім болжам айтып қалды. Білмедік, деп иығымызды қиқаң еткізген сәтте ақ шарбы бұлттармен араласып келе жатқан ұшақ Түмен аспанынан төмендей бастады. Ресейдің бір қиырда жатқан губерниясы ғой деп қомсынып келе жатқан түсіру тобы орманды алқапқа тарыдай төгілген заманауи қаланың келбетін әуеден көргенде еріксіз таң қалды. Кеден бекетінде сәл бөгеліп қалдық. Себеп - төлқұжатымыздағы Иран визасы. Мән-жайды білген соң еркімізге қоя берді. Бұл виза мен Иран еліндегі қазақтарды түсіру үшін арнайы рұқсатын 3 айдай күтіп, ұшар сәтте билетті өткізіп, ол жақта фильм түсіріп жүрген Қанат Бейсекеевтің ұсталып, бүкіл елді шулататынын сол сәтте кеден қызметкері мен осы жолдардың авторы қайдан білсін?!

«Рощино» әуе жайынан шыға берісте бізді Түмен облыстық Қазақ мәдени-автономиялық орталығының президенті Есенғали Ыбраевтың өзі күтіп алды. Бұл өзі бөлек мақалаға татитын қазақ. 193 сантиметрлік бойы мен күркіреген даусы баяғының батырларын есіңе салады. Соның алдында ғана Астанаға екі рет келгенінде, екеуінде де e-history.kz порталының редакциясында қонақ болып, сұхбат берген. Соңғысында бірнеше порталдың басын қосып отырған «Қазконтент» АҚ Басқарма Төрағасы Е.Кочетовпен кездесіп, екі жақты ынтымақтастыққа уағдаласқан.

Әуежайдан шыға берісте қазақша киініп, алдымыздан нан мен қымыз алып шыққан қыздарды көргенде, шалқамыздан түсе жаздадық. Мәссаған бұндайды кім күткен? Сөйтсек, бұл қонақжай Түмен қазақтарының дәстүрі екен. Бұрын шет жағасын жаңалықтардан да оқығанбыз. Астана-Түмен рейсімен қонған ең алғашқы ұшақты су шашып қарсы алыпты. Бауырсақтан дәм татып, қымыздан ұрттаған соң, көлікке жайғастық. Күн деген шыжып тұр. Ыстықты Сіздер алып келдіңіздер күлген қазақтарға қосыла біз де күлдік. Орманды-сулы Түмен шынымен де көрікті. Қалаға дейін әлі 30 шақырым бар. Айналаны асықпай суретке түсіре бастадық.

 

Қаладағы «Тандыр» деп аталатын кавказ-шығыс асханасы мидай араласып кеткен дәмханадан жүрек жалғап алдық та, осындағы қазақтардың құрылтай алдындағы дайындық сәтін түсіріп алмаққа асықтық. Себебі, 13 шілде күні 10 мың қазақ қатысқалы отырған Түмен қазақтарының құрылтайы өтеді. Соған дайындықты пысықтағалы отырған ұйымдастыру комитетінің жұмысын түсіріп, қажетті сұхбаттарды жаза бастадық. Оқырманға ақпарат үшін айта кетейін, Түмен өлкесінде 1 млн 200 мыңдай халық тұрса, соның 18 мыңдайы - қазақ. Оның 5 мыңдай қалада тұрады.

Жергілікті қазақ мәдениет орталығының Президенті - Есенғали Ибраев

Біз түсірілім жұмыстарын жасап, жергілікті қазақтар бас қосып отырған кеңседегі «Жаннетта консалтинг» компаниясының егесі Сейілхан Мақаш есімді өзіміздің ағамыз екен. 1994 жылдан бері Ресей нарығында жұмыс істейтін компанияның тарихы тым әріде. Байқауымызша, Сібір аймағындағы біраз ірі құрылымдармен жұмыс істейтін көрінеді. Дәл осы жерде біз мұндағы қазақтардың ауыз бірлігін байқап қалдық. Қазақ тілі курстары да біз жазған компанияның кеңсесінде өтеді екен.  

Откочевники: летопись казахского колхоза имени Дальневосточной Красной Армии в Нижнетавдинском районе Тюменской области, 1938-1945 гг. еңбегінің авторы Қалил Қабдулуахитовпен сұхбат

Ақырын шығып, қалада ағып жатқан Тұра өзеніне беттедік. І. Есенберлиннің шығармаларында жиі айтылатын Тұра өзенін іздесеңіз, Түмен қаласынан табасыз. Ұзындығы 1000 шақырымнан сәл ғана асатын бұл өзен тарихтың тірі куәгері дерсіз. 1532-1585 жылдары өмір сүріп, Ресей мемлекеті үшін Сібірді жаулап алғанымен есімі тарихта қалған Ермак өз жорығын дәл осы Тұра өзенінен бастаған. Халық саны жағынан Ресейде 18-нші орын алатын Түменде тұрып, жоғарыдағы деректерді ойдан бір өткізіп, ақырын ғана бас шайқап, жолдың арғы бетіне жүгіріп өте шықтық. Себебі, жолдың арғы бетіндегі биік төбелерде бұрын хандар мекендепті. Қазір сәулетті үйлер салынып кеткен төбелердің талай тылсымды ішіне бүгін жатқаны хақ.  

Бұрын хандар мекен еткен деген биік қорғандардың орны бертініректе мазар болған деседі. Қазір парктер түсіп, тұрғын үйлер соғылыпты. Мазар екен деп, ақырын басқан халықты байқамадық. Төсеніштерін жайып, тамақтарын соғып, демалып жүрген жұрт қарасы қалың. Ескерткіш секілді үлкен тас көзге түсті. Жақын келіп «На этом месте 29 июля 1586 года был основан город Тюмень» деген жазуды оқыдым. Осылай тұрғанымызда бізге бекітілген көлік те жетті, бұл маңдағы түсірілімді аяқтап, орталыққа қарай беттедік.

Түмен негізінен Ресейдің мұнай өндірілетін солтүстік өңіріне жақын қала екен. Сондықтан болар соғылып жатқан құрылыс көп. Байқағанымыз, мұнай-газ саласында жұмыс істейтін «солтүстіктер» (түмендіктердің айтуы бұл) мың шақырымдай жердегі Түменнен келіп үй алып қоятын көрінеді. Зейнет жасына шыққан соң Мәскеу, Сочи демей, қарттықтарын осында келіп өткізеді. Масасы қалың, түні тым қысқа демесеңіз, өмір сүруге жайлы мекен секілді. Түні қысқа дейміз, Түменде Санкт-Петербург секілді түндері ағараңдап тұрады. Біздер үшін тым түсініксіз жайт. Тек түн ортасында ұйқыдан шырт оянып, далаға қарағанда не тең, не түн екенін ажырата алмай дал болып қаларыңыз даусыз.  

Никулин ескерткіші немесе Ленин неге «арықтады»?

Орталық алаңдары көрікті көрінді. Қалалық әкімшілік пен «Роснефть», «Газпром» секілді ірі компаниялардың кеңселері осында орналасыпты. Қарап тұрмай, цикртің алдындағы Никулин ескерткішін көріп, суретке түсіп алдық. Түмен секілді тарихи қалада Никулин неге тұр деп сұрап едік, мардымды жауап ести алмадық. Білуімізше, атақты әртіс Смоленсек қаласының тумасы. - Тарихи тұлғаларға талас жоқ қой – деп топшылады жанымыздағы жолсерігіміз. 

Тарих дегеннен шығады, II Дүниежүзілік соғыс басталған соң Мәскеудегі мавзолейде жатқан Лениннің мумиясы Түменге жеткізіліп, 4 жыл бойы осында сақталған. Оның алдындағы Түменге жасаған бір сапарында Сталин осында аялдап, немістер бұл қалаға әзір жетпес деп, «күн көсемнің» денесін осында жеткізуге бұйрық беріпті. Бірақ, неге екені белгісіз Мәскеуге «кетерінде» Лениннің денесі 2 келіге «арықтаған». Келіге тартып зерттегенде анықталған деседі жергілік жұрт. Міні, жұмбақ. Жауабын ешкім айтпады. Сырты көк сырмен боялған ғимаратқа барып, сыртынан қызықтадық да өз жөнімізге тарттық. Тарихтың қай құпиясын ашарсың? Бұл да бір өз заманынының тылсымы болар деп топшыладық та қойдық.

Кешкі тамақты ішпекке «Бесбармақ» қазақ ресторанына тарттық. Мұндағы қазақтар етті қайыңның түтініне ыстап жейді. Басында жылқы етінің күнге қақталған дәміне үйреніп қалған қыр қазағына ауыздың дәмін ала-алмай қалғаны жасырын емес. Түменге Ораза айында келгендіктен бе, ауызашарларға жиі барғыштап кеттік. Есесіне түрлі әңгімелерге қанығып, біршама деректерді жинастырдық. Фильмімізге қажетті фрагменттер мен мақалаға қажетті кейіпкерлерді таспаға бастық. Қасиетті айда жиі бас қосатын қандастарымыз алыс-жақын ауылдағы ағайындарды түгел шақырады екен. Әуелі ас қайырылады, сосын бас тартылады өмірден өткен әруақтарға Құран бағышталады. Сырттай қарап, тарыдай шашылған қазақтың Түмендегі түйіріне еріксіз сүйсінесің. Сүрленген ет пен майды араластырып әкеліп, алақанына салмақтай салған қариялардың ет асатқанының өзі неге тұрады? Асқазан қиналып, күшті еттен қан қысымымыз біразға дейін ойнап тұрды. Біздің ет асағанымызға көңілі толмаған бір қария: құдалыққа барып, үш кісі бір серкенің етін тауысып, бір өзі литр қолдың майын ішіп қойғанын айтқанда, еріксіз жағамызды ұстадық. Сенбеген сыңайымызды байқады ма, жанында малдас құрып отырған ақсақалдар бас изеп бұл әңгіменің шындығын растады. Сөйтсек, бұл өңірдің азаматтары бір-бірін осылай сынайды екен. - Жастау күнімде қатты ауырдым. Шамасы, жасым сол 20-21-дің ар жақ, бер жағы. Мұрнымнан қан кетіп, мазам қашты. Ешбір ем қонбады. Менің жағдайымды байқаған омарташы көрші орыс үйіне шақырып бал беріп емдемек болды. Үйіне барып, ұсынған балды сылқылдатып жұта беріппін. Не керек, сол күні 3 литрлік банкіде тұрған әселді тауысып кеттім. Әлгі көршімнің көзі тұздай болды. Мені үйіме жіберетін түрі жоқ. Сөйтсем, мені мынанша балды ішкен соң, өліп қалады – деп қорқып жүр, бәтшағар – деп ет жегіш ақсақал қолын сүртіп, қарқ-қарқ күледі. Ал керек болса? Моңғолия қазақтары ет жегіш пе деп жүрсем, Түмендегі туыстарымыз да ешкімге есе жібермейтін болып тұр ғой?! – Мұрныңыздан кете беретін қан не болды? – деп журналистік әуестікпен қайта сұрақ қойдым. – Сен көр, мен көр, содан кейін сол ауруым сап тиылды. Бірақ олай емделуге ешкімге кеңес бермеймін – деген ақсақал уысын толтырып, сүрленген жас жылқының етін маған ұсына берді...

Осында бізді күтіп алып, шапқылап жүрген Есенғали ағамыз бизнес саласының өкілі болғанымен, қоғамдық жұмыстарды да қатар алып жүр. Қазақ диаспорасын басқарғанымен қатар Юргинский аудандық думасының депутаты және Төраға орынбасары. Жергілікті қазақтардың тұрмыс-тіршілігі жақсы көрінді. Құр қол бос жүргенін байқамадық. Әрбірінің кәсібі мен соған сай нәсібі бар. «Бесбармақ» ресторанында отырып, ойымызға түйгеніміз осы болды. Өзі де ішкі құрылысын қазақтың киіз үйіне ұқсатып, келістіріп-ақ соққан екен. Ішіне кірсең, шыққысыз. Түмендік қазақтар өлім-жітім, той-томалағын осында өткізетін көрінеді. «– Бір қызығы, ондай жиын-тойға неше адам келетінін білмейміз, дастарханды мол етіп жаямыз да, келген қонақтардың санына қарамай күте береміз. Естіген қазақтар өздері келе береді» деп күлген қазақтарға біз де қосыла күлдік.

Ертесіне ертелетіп қайтадан Тұра өзеніне тарттық. Мақсатымыз – өмірінде Астанаға келмеген, бірақ әлемнің 15 елін аралаған Карина (қазақы есімі – Қарлығаш) есімді журналист қарындасымызды түсіру. Біздің фильмнің ең қызық тұсы да осында тұғын.

Күн жып-жылы. Тіпті ысып кетті десек те болады. Оператор мен режиссер түсіріп, сырттарынан бөгет болмайын деп қарап тұрсам, қазақша оюлы көйлек киген бір топ жас қыз бен ұстаздарын көріп қалып тұра жүгірдім. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» деп іштей мақалдатып қоям өзімше. Сөйтсем, ұлттық мерекелерін атап өткелі жүрген осындағы қырғыз ағайындардың жастар қанатының өкілдері екен. «Қап!» деп санды бір соғып, «қазақ-қырғыз бір туған» деп тағы бір мақалмен өзімді жұбатып өзен жағалап кете бардық.

Дәл оң жағымыздағы ескерткіш көзімізге қызық көрінді. Теңіз капитанының қалпағы басында, оң қолды алдыға тастап, сол қолымен қылышының балдағын мығымдай ұстаған қола мүсін өзеннен ары көз тастап тұрды. Ерінбей келіп оқыдық сосын. Әйгілі саяхатшы Витус Беринг! 1681 жылы Данияда дүниеге келіп, 1741 жылы Ресейдің Беринг аралында көз жұматын, Беринг бұғазына есімі берілген аңыз адам. Түменге не қатысы бар дерсіз? Әйгілі капитан-командордың Камчатка экспедициясы дәл осы Түмен қаласында жасақталыпты. Сондықтан болар, «ғашықтар көпірінің» дәл астындағы ескерткішке келіп суретке түсуші жастардың қарасы көп. Құйылғанына 8 жыл болған ескерткіштің қаржысына қала тұрғындары да көп үлес қосыпты.  Айрықша алып мүсінді монтаждау барысында шеберлерге келіп, әр адам өз мүмкіндіктерінше 100, 200, 500 рубль беріп, суретке түсуді дәстүрге айналдырған. Орал өңірінде бірінші кеме құрастыру зауыты ашылып, бірінші перзентхана соғылған және бірінші болып кәріз жүйесі жүргізілген қаланың тарихы тым тереңде екен деп Қарлығашпен түсірілім жұмыстарын бітіріп, еретңгі ұзақ сапар қаладан 200 шақырымдай қашықтықтағы Голышманово ауданындағы қазақтарды түсірмекке дайындала бастадық.

Түмен-Голышманово

Түмен қаласынан шығысқа қарай 200 шақырымдай қашықтықта жатқан Голышманово ауданына барар жол тақтайдай теп-тегіс. Айнала сыңсыған ну орман. Рөлде – осы мақаланың бас жағында жиі жазған Есенғали ағамыз. Қап-қара «Вольво» қара жолды қақ тіліп, ызғып келеміз. Көңіл көтеріңкі. Артымыздағы екінші көлікте Қарлығаш пен түмендік «Муслим Инфо» газетінің бас редакторы Қалил Қабдылуахитов ағамыз. 1911 жылы Түмен-Омбы теміржолы іске қосылғаннан кейін Голышмановоның негізі қаланған. Батпақты жер болғандықтан ауыл арасындағы жолдың түгелге дерлігі бетоннан құйылған. Сондықтан болар, әр жол шахматтың шаршысындай бөлек-бөлек қиюластырылған. Көлікпен жүргенде, тарс-тұрс етіп бірден сезіледі.

Бұл жердегі қазақтардың саны тым көп емес. Шамамен 50-60 шаңырақ. Осындағы мұсылман қауымына арналған мешітке бас сұқтық. Ақсақалдар мен жасы үлкен тұрғындардың дені жиналыпты. Жұма намазға әйелдер жағы да келіпті. Екі қабат мешіттің үстінгі қабатында әйелдер, біріншісінде ерлер отыр екен. Дұға-тілегімізді бағыштап, жер-жаһандағы қазақтардың бірлігін тілеп, аудан әкімшілігінде өтіп жатқан қазақтардың құрылтайға дайындық шарасының куәсі болдық. Қарлығаш үлкен ақсақалдардың батасын алды. «Тарихи туған жерімізге барасың, Түмен қазақтарынан дұғай сәлем айтарсың!» деген үлкен кісілер біраз кемсеңдеп қалды. Таспаға түсіріп жүрген оператор жігіттерде тыным жоқ. Қыруар жұмыс атқарып жатты. Құрамына 15 ауылдық округ кіретін бұл ауданды 27 мыңдай халық мекендейді екен.

Байқағанымыз: мұндағы қазақтар негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Жылқы өсіру – атакәсіп. Сосын тағы ойға түйгеніміз, Таулы Алтайдағы қазақтармен байланыс орнатып, сол жақтан да мал әкеліп, Түменнің базарына барып, пұл қылады.

«Түмендік қазақтар бұл жаққа қайдан келген?» деген сауалымызға олардың көпшілігінен «ұжымдастыру жылдары аштықтан ауып кеткен» деген деректі оқып қалдық. Ол кездері Омбы қазіргі Түмен облысына негізінен Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау өңірінің орта жүз қазақтары ауа көшкен. Жаңа орында кеңес билігі колхоздар құрып, қазақтар жаңа тұрмыс-тіршілікке бейімделе бастаған.

Бұл туралы Қалил Қабдулуахитов ағамыздың «Откочевники. Летопись казахского колхоза имени Дальневосточной Красной Армии в Нижнетавдинском районе Тюменско области. 1938-1945 гг.» еңбегінің кіріспе бетінде Дәметкен Смағұлованың:

«Бисмилла, сөз бастайын әуел бастан,

Емеспін өрен жүйрік топтан асқан.

Ерік деген үкіметтің заңыменен,

Отыз үй қоныс алып, колхоз ашқан» - деп бір шумақ өлеңімен әдемі өрілген.

Астанадан 900 шақырымдай қашықтықта жатқан Түмен сапарынан көп нәрсе түйдік. Уақытымыздың қысқалығына қарамастан, мүмкіндігінше молынан қамтуға тырыстық. Мысалы, түмендік қазақтардың «Дәуір шығару» дәстүрі осы мақаладан соң бөлек тақырыпқа жүк болмақ. Оны алдағы уақытта бөлек мақала етіп жазбақпыз.

Сапарымыздың соңында біздің бас кейіпкер – Қарлығашпен елге бірге оралдық. Бізді күтіп алған Есенғали ағамыз шығарып салмаққа Астанаға дейін бірге ұшып келді.

«Эйр Астана» компаниясы Қарлығаштың билетін, «Дипломат» қонақ үйі жатын орнын тегін қарастырып, қиыр жайлап, қыр қонған қазақтың бір қызына қолдау танытты. Бұл жерде біздікі танымал брендтерді жарнамалау емес, тек қазақтың «жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген тәмсілін ұстанғандық еді.

Қалил ағамыз жоғарыда айтқан кітаптың үш данасын сыйға тартты. Пышақтың қырындай кітапта көп нәрсе жазылыпты. Парақтап отырып, Ақыш ұлы Мырзағалидың елде ұалған туыстарға шығарған өлеңінің бастапқы және соңғы шумағы көзге оттай басылды.

Бізден сәлем елде қалған ағаға,

Біз кеткесін көрмей туған балаға.

Тұрмыс айдап толқынымен жүріпсіз,

Қайран елді көретұғын күн барма.

---

Ұйықтағанда туыс кіреді түсіме,

Боқай аға бізді ойласын несіне,

Қосылуға бауырларға күн бар ма?

Уақыт келіп ертеменен кешіне.

Жер-жаһанға тарыдай шашылған бауырлардың басы ата қоныста біріксе екен деген тілекпен «Қиырдағы қазақтар. Түмен» сериясын аяқтап елге аттандық. Қалған дерек пен дәйекті деректі фильмнен көре жатасыздар, құрметті оқырман!

Астана-Түмен-Астана

Суреттерді түсірген автор

 

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?