Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Егер Махмұт Керей бір апта аялдаса...»

2101
«Егер Махмұт Керей  бір апта аялдаса...» - e-history.kz
1521 жылы Қырым ханы Махмұт Керей қалың қолмен Московия еліне жорыққа шығады

«Татарлар қалың қолмен келе жатыр» дегенді естіп орыс патшасы Василий Мәскеуден қашып шығып, қала сыртындағы мая шөптің астына тығылып жан сақтаған екен. Мәскеу халқы зәре-құты қалмай, Мәскеудің ортасындағы үлкен шіркеу үйіне тығылыпты. Ол ғимарат қала ішіндегі ең берік қорғалған ғимарат болса керек. Сонша халық сығылысып жан сақтаған ғимаратта қол созар орын қалмапты. Сығылысып тұрған халық тұрған орындарында дәрет сындыруға мәжбүр болыпты. 

«Егер Махмұт Керейдің қолы Мәскеу түбінде бір апта аялдағанда шіркеуде тығылған халық дәрет иісінен тұншығып қырылатын еді» дейді осы тарихи оқиғаның куәгері болған неміс елшісі Херберштейн. 

Елші дерегінде құдай қағып Махмұт Керей әскері Мәскеу түбінде көп кідірмей, орыстың басқа қалаларын шауып, ол жақтан 800 мыңға жуық орыс халқын тізіп құлдыққа әкетіп, оларды Астрахан базарында, қалғанын Қырым бойындағы қалаларда сатып жіберді делінеді.

Ол заман осы қашып жүрген Василий патшаның әкесі Мәскеу князы Иван ІІІ татар хандарына бағынып, ханнан елші келсе, князь қала сыртына жаяу шығып, оларды қарсы алып, олардың атын жетектеп кіретін болған. Ал ана көшпенді басқақтар князьбен ат үстінде шіреніп отырып әңгімелесетін көрінеді. 

Бұл Алтын Орда әлі келмеген кез. Орда күйреп Шежірелі Жұрт пәлен хандықтарға бөлініп кеткен кезең. 

Күйеуінің татар хандарының алдында құрдай жорғалағанын көріп, Иван княздің әйелі грек князының қызы София Палеолог «мен татар хандарының құлына күйеуге тидім» деп қорланады екен. 

Ол кезде Мәскеудің қақ ортасында татар хандарының өкілі орналасқан ғимарат тұрыпты, олар хандарға Мәскеудің жайын хабарлап отыратын кісілер болса керек, Иван княздың қатыны татар ханының әйеліне хат жазып «сол ғимаратты алуға көмектесіңіз» деп өтініш жолдап, хан әйелі арқылы сол ғимаратты қайтарып алып, көшпенділерді қуып шығыпты.

Ал осы еуропалықтардың татар деп атайтын халқы мынадай кейіпте болыпты: түр пішіндері моңғолойд, пәлен ру-тайпаға бөлінеді, өздері көшпенді халық, мыңғырған малы бар, жылқы етін азық қылады, ат үстінде мығым отырады, мықты жауынгер халық. Олардың жауынгерлігі жөнінде небір аңыздар жазуға болады. Бұлар қымызсыз өмір сүре алмайды, әр бағытта адаспай ат үстінде оңай жол тауып, күн-түн демей жүре береді. Бағытты аспандағы жұлдызға қарап айыра береді екен, оны олар «Железный Кол» деп атайды, яғни Темірқазық (!). 

Өздері Еділ өзенінің бойын жайлап орыс жерлеріне шейін тіреліп отырады екен, ал ар жақтағы Астрахан, Ноғай, Қырым, Еділ, Қазақ ордасы деген ордаларының жайлаған жерлерінің шеті жоқ. Бұлардың араларындағы ең мықты, әрі ірі ордалары Ноғай мен Қазақ ордасы екен. Ал Қырым хандығы айтарлықтай қауқарлы бола қоймапты, соның өзінде олардан московиттер өлердей қорқады екен.

Московиттер 1520 жылдары бір семіз татарды тұтқынға ұстап «ой, оңбаған, не жеп семірдің сен?» деп төмпештеп жатса, әлгі татар «Сендер аз жерді мекендеп, сол жерлерің үшін қалтырап, қуысқа тығылып сорлы ғұмыр кешетін халықсыңдар. Ал біз иен даланы жайлаған жауынгер халықпыз, бізді ұланғайыр жеріміз асырайды, содан семізбін, ал сен сорлыға толу керек» деп гүр ете қалыпты даланың нар тұлғалы ұлы.

Жалпы, бергі XVI ғасырдың аяғына шейін ғұмыр кешкен Московия княздары, еуропалықтар татар деп атаған көшпенді халықтардың хандарына бағынышты болып келген екен. Орыстың империялық тарихы тек XVIII ғасырдан ғана басталады.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?