Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстанның БҰҰ-на мүшелікке қабылдануы тарихынан

5065
Қазақстанның БҰҰ-на мүшелікке қабылдануы тарихынан - e-history.kz

Биыл еліміздің Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне 25 жыл толғалы отыр. 2015 жылғы 30 қарашадағы халыққа арнаған Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз мемлекет атанғанымыздың 25 жылдығына аяқ басқалы тұрғанымызды айта келіп: «Бұл – тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сәт. Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын. Мемлекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді» – деп алдағы кезеңде кездесетін сын-қатерлерден мүдірмей өтуге шақырды. Мемлекетіміздің 1991 ж. тәуелсіздік алуына еліміздің жаңа тарихына қатысты бірқатар маңызды оқиғалар ықпал етті. Ресми түрде республика Кеңес Одағының құрамында болғанымен, іс жүзінде өзінің мемлекеттілігін құру жолында алғашқы қадамдарды жасай бастаған еді.

Қазақстанның тәуелсіз және дербес мемлекет болуға деген ұмтылысын растайтын және жаңа Қазақстанның құрылуын бекітетін алғашқы заңнамалық акт 1990 ж. 25 қазанда республиканың Жоғарғы Кеңесі қабылдаған Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы болды. Оның тарихи маңызы – Қазақстанды халықаралық құқық субъектісі ретінде анықтап, үш іргелі құқықтық ережелерді мағлұмдау арқылы егемендіктің нақты мазмұнын айқындап берді. Олар:

– республика аумағында Қазақстанның Конституциясы мен заңдарының үстемдік құру қағидасы және өз территориясында Кеңес Одағы деңгейінде қабылданған Қазақстанның Конституциясы мен егемендік құқықтарына қайшы келетін актілердің жүзеге асуын тоқтату құқығы;

– республика территориясына қол сұғылмаушылық және оның біртұтастығы, Қазақстан территориясындағы ұлттық байлықтарға республиканың айрықша меншік құқығы және оның жалпыодақтық мүліктегі өз үлесіне құқықтарының бекітілуі;

– Қазақстанның халықаралық қатынастардың дербес субъектісі ретінде танылуы және өз мүддесіне сай сыртқы саясатты айқындау құқығы.

Декларация мемлекеттік тәуелсіздігімізді паш ету жолындағы еліміздің мемлекеттік-құқықтық жүйесінің одан әрі дамуына негіз болған алғашқы заңеамалық акт болды [1, 8–9].

1991 ж. 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан өз территориясында өкімет билігін толық иеленеді, өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілеп, жүргізеді» деп нақты көрсетілген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңын қабылдады. Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның негізгі идеяларын дамыта келе, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңы республиканың экономикалық, құқықтық, әлеуметтік-мәдени және саяси дамуының негізгі бағыттарын нақты белгілеп берді. Еліміздің тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын қорғау мақсатында өзіміздің әлеуетті құрылымдар – Қарулы күштер, Республикалық гвардия, ішкі және шекаралық әскерлерді құру заңмен қарастырылды.

Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңында «Қазақстан Республикасы халықаралық құқық субъектісі болып табылады, дипломатиялық және консулдық өкілдіктер алмасады, халықаралық ұйымдарға, ұжымдық қауіпсіздік жүйесіне кіруіне және олардың қызметіне қатысуына болады» деп көрсетілген [2].

Қазақстанның бас халықаралық ұйымға мүшелікке кіруге деген ұмтылысын 1991 ж. БҰҰ-на Республиканың осы ұйымға кіруін дайындау, БҰҰ саяси, экономикалық, экологиялық, гуманитарлық-құқықтық және т. б. қызметтерінде елдің мүддесін жүзеге асыру жүктелген арнайы өкілін жолдауынан аңғаруға болады [3].

1991 ж. 31 желтоқсанда Қазақстанның өкілі А.Х. Арыстанбекова БҰҰ Бас хатшысына Қазақстан Республикасының БҰҰ-ға мүше болып қабылдануы туралы өтінішін жеткізді [4].

Қазақстанның өтініші рәсім ережелеріне сәйкес Бас хатшы тарапынан Қауіпсіздік Кеңесінің жіберіліп, ол 1992 ж. 16 қаңтарда өткен мәжілісте қаралды. Рәсім ережелері негізінде Қауіпсіздік Кеңесі өтінішті жаңа мүшелерді қабылдау Комитетіне қарауға жіберді.

Қазақстанның кандидатурасын қарастыру барысында Қауіпсіздік Кеңесінің мүше-мемлекеттері Қазақстанның ядролық қаруды таратпау мәселесіндегі ұстанымын, өтпелі кезеңдегі мемлекеттің стратегиляқ ядролық қарулану, оны таратпау туралы Шартқа қосылу мәселелерін талқылады.

Қазақстанның өкілі республиканың Ұйымға мүшелікке қабылдануына саяси қолдауды қамтамасыз ету және жаңа тәуелсіз мемлекеттің саясатымен таныстыру мақсатында, егеменді мемлекеттің ниетіне оң көзқарастарын білдірген АҚШ, Қытай, Франция, Ұлыбритания, Жапония, Германия, Үндістан, Бельгия, Египет, Нигерия, Бразилия елдерінің елшілерімен кездесті. Қазақстанның тарихы мен жаңа өміріне қызығушылық танытып, жаңа тәуелсіз мемлекеттің БҰҰ-ға мүшелікке қабылдануын қолдаған және болашақта нәтижелі ынтымақтастықта болатындарына үміт білдірген БҰҰ Бас хатшысы, Бас Ассамблея төрағасымен кездесті.

1992 ж. 23 қаңтарда Қауіпсіздік Кеңесі «Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылдануы туралы жаңа мүшелерді қабылдау Комитетінің баяндамасын» қарастырып, Қазақстан Республикасын БҰҰ-ға мүшелікке қабылдауды ұсынды.

1992 ж. 2 наурызында «Қазақстан Республикасын Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылдау» резолюциясында Бас Ассамблея Қауіпсіздік Кеңесінің 1992 ж. 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасын БҰҰ-ға мүшелікке қабылдау туралы ұсынысын және еліміздің өтінішін қарастырып, Қазақстан Республикасын БҰҰ-ға мүшелікке қабылдау туралы шешім шығарады [3, 62].

Осылайша еліміздің егемендігі мен мемлекетіміздің тәуелсіздігі халықаралық тұрғыдан танылды. Әлемнің картасында Ұйымның 168-ші мүшесі болып кірген жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасы пайда болды. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына кіруі халқымыздың ғасырлар бойғы тәуелсіздік пен еркіндікке ұмтылуының жүзеге асырылуы және әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесінің мойындалғанын дәлелдей түсті. Республика халықаралық қатынастардағы лайықты серіктес ретінде әлемдік қауымдастыққа етене араласуға мүмкіндік алды.

1992 ж. 15 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен БҰҰ-ғы Қазақстан Республикасының тұңғыш Тұрақты өкілі тағайындалды. Ол білікті қазақстандық диплоамт, Қазақстан тарихындағы алғашқы елші-әйел Арыстанбекова Ақмарал Хайдарқызы болды. 1992 ж. 5 маусымда БҰҰ-ғы Қазақстан Республикасының Тұрақты Өкілдігін құру туралы Президент Жарлығына қол қойылды. Осы сәттен бастап еліміз халықаралық деңгейде тек өзін жариялап қана қоймай, жалпы адамзаттық мәселелерді шешуге белсенді қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Осы орайда жас тәуелсіз мемлекеттің әлемдік қоғамдастықтағы өз орнын сезінуінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1992 ж. 5 қазанда өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 47 сессиясында алғаш сөз сөйлеуі маңызды орын алды.

Елбасы өз сөзінің басында Қазақстан халқының атынан БҰҰ Бас Ассамблеясының 46 сессиясында Қазақстанды мүшелікке қабылдауына орай шексіз алғысын білдірді. Ол «Қазақстан Республикасы бейбіт мемлекет ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында көрсетілген міндеттерді толықтай орындай алатынын, бұл беделді ұйым қызметінің барлық саласында белсенді түрде атсалысатынын» атап өтті [6, 14]. Сонымен қатар, өз сөзінде кез келген мемлекеттің мемлекеттік тұтастығын бұзуға жол бермсей, өзін-өзі анықтауда нақты критерийлерді белгілеудің қажеттілігі мен дау-жанжалдардың алдын алудың маңызы туралы атап өтті.

Қазақстан Президенті Азиядағы, немесе одан да кеңінен алғанда Евразиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке мәселелеріне ерекше назар аударды. Ұлт көшбасшысы азиялық континентте Еуропадағы ЕҚЫҰ баламасында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін (АӨСШК) құруды ұысынып, оның негізгі кезеңдерін белгілеп көрсетті.

Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылдануы жаһандану жағдайындағы халықаралық ынтымақтастық пен саяси, экономикалық, экологиялық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық сипаттағы халықаралық мәселелерді шешуге толыққанды қатыса алуына мүмкіндік берді. Қазіргі күнде елімізде көпшілігі аймақтық және субаймақтық мәртебеге ие БҰҰ жүйесінің арнайы мекемелері, қорлары мен бағдарламаларының 16 өкілдігі жұмыс істеуде.

Қазақстан мемлекеттердің халықаралық қауымдастығында өзіндік орнын алды. БҰҰ Бас Ассамблеясының Қазақстанның бастамасы бойынша Семей полигонының жабылу күні – 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялауы мұның маңызды айғағы бола алады. Бұл қарусыздану және ядролық қаруды таратпау ісіндегі қазақстанның үлесін әділетті және жоғары бағалау.

Қазақстан халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі болды. Бұл 1992 ж. 2 наурызында тарихи мағынаға ие болған Қазақстанның БҰҰ-на кіруімен тікелей байланысты. 25 жылға жуық Қазақстан осы беделді және әмбебап ұйымның белсенді мүшесі болып келеді.

Н.Ә. Назарбаев өзінің «Сындарлы он жыл» деген еңбегінде «халықаралық және ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сонымен алып державалардың саясаты мен әр түрлі халықаралық ұйымдардың қызметіне байланысты болып отыр, ал олардың ең бастылары – БҰҰ және және оның шешуші институттары ҚК, Бас Ассамблея, МАГАТЭ және басқалар» деп көрсеткен [7, 209].

Жылгелдинов Мұхаммед,

Қазақстан Республикасы

Президенті Архивінің

бас сарапшысы

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1. Казахстан: 20 лет Независимости. / Под. Ред. Б.К. Султанова. – Алматы: КИСИ при Президенте РК, 2011. – 408 с.

2. Конституционный Закон Республики Казахстан «О государственной независимости Республики Казахстан». // Казахстанская правда. – 18 декабря 1991 г.

3. ҚР ПА. Қ.5-Н. Т.1. І.290. Б.47.

4. ҚР ПА. Қ.7. Т.1. І.403. Б.106.

5. Арыстанбекова А.Х. Объединенные Нации и Казахстан. – Алматы: «Дайк-пресс», 2002. – 432 с.

6. Арыстанбекова А.Х. Казахстан и ООН: история и перспективы. – Алматы: «Дайк-пресс», 2004. – 434 с.

7. Назарбаев Н.Ә. Сындарлы он жыл. – Алматы: «Атамұра», 2003. – 240 б.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?